Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы мәслихатының 11.12.2020 № 52-7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде тұпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексіне және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қантардағы Заңының 6 бабының 2-2 тармағына сәйкес Жамбыл облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Тараз қаласының аумағында жануарларды асырау Қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешімінің орындалуын бақылау облыстық мәслихаттың агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихаттың | Облыстық мәслихаттың |
сессия төрағасы | хатшысы |
Қ.Терлікбаев | Б. Қарашолақов |
Жамбыл облыстық мәслихатының 2017 жылғы "27" маусымдағы
"Тараз қаласының аумағында жануарларды асырау
Қағидаларын бекіту туралы" №12-17 шешіміне келісім парағы
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы Ауыл
шаруашылығы министрлігі
Ветеринариялық бақылау және
қадағалау комитетінің Жамбыл
облыстық аумақтық инспекциясының басшысы
С.Н.Солтанбеков
27 маусым 2017 жыл
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы Денсаулық
сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық
сақтау комитетінің Жамбыл облысы
қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің
басшысы
Б.К.Жаркынбеков
27 маусым 2017 жыл
Жамбыл облысы мәслихатының 2017 жылғы "27" маусымдағы № 12-17 шешімімен бекітілген |
Тараз қаласының аумағында жануарларды асырау Қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Тараз қаласының аумағында жануарларды асыраудың осы Қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексiне, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және Тараз қаласының аумағында жануарларды асырау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағиданың талаптары меншік түріне және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, Тараз қаласындағы жеке және басқада меншігінде жануары бар жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі - жануарлар иелері) таралады.
3. Қағидаларда төмендегі түсініктер қолданылды:
1) аймақ – жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша эпизоотия жағдайымен сипатталатын, әкімшілік-аумақтық бөлінісіне қарамастан шартты түрде шектелген аумақ;
2) ауыл шаруашылығы жануарлары – адам өсiретiн, ауыл шаруашылығы өндiрiсiне тiкелей қатысы бар малдардың, құстардың, балықтардың және бал араларының барлық түрi;
3) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi;
4) биостерилизациялау – жануарларды тұқымдану қабілетінен (репродуктивті қабілетінен) хирургиялық жолмен айыру;
5) ветеринариялық құжаттар – уәкілетті орган бекіткен тәртіппен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары беретін ветеринариялық сертификат; мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер беретін ветеринариялық-санитариялық қорытынды; тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы эпизоотиялық ахуал туралы, жануарға, жануарлардан алынатын өнімге және шикізатқа жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманы, сондай-ақ жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімнің және шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін айқындау жөнінде өндірістік бақылау бөлімшесінің аттестатталған ветеринариялық дәрігері беретін ветеринариялық анықтама;
6) ветеринариялық паспорт – уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда: жануарларды есепке алу мақсатында жануарлардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы көрсетіледі;
7) ветеринариялық іс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;
8) дезинфекция, дезинсекция және дератизация - жұқпалы және паразиттік ауруларды қоздырғыштарды, тұрмыстық жәндіктерді және кеміргіштерді өндірістік, тұрғын үй ғимараттарында, көлікте, қоғамдық орындардың жайларында жоюға арналған алдын алу шаралары;
9) жабайы жануарлар – табиғи тіршілік ету ортасы жабайы табиғат болып табылатын, сонымен қатар еріксіз немесе жартылай бостандықта мекендейтін жануарлар;
10) жануарлар – фаунаға жататын биологиялық объектілер: ауыл шаруашылығы және үй, жабайы жануарлар;
11) жануарларға арналған пана – қараусыз жануарларды уақытша асырауға арналған арнайы жабдықталған нысан;
12) жануарлар иелері –жеке және басқадай меншігінде жануарлары бар жеке және заңды тұлға;
13) жануарларды асырау - жануар иелерінің жануарлардың өмірін, оның жеке саулығын сақтау үшін, ветеринарлық-санитарлық талаптарды ұстана отырып толыққанды тұқым алу, сондай-ақ адамдардың және жануарлар әлемінің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі іс әрекеттері;
14) инсектицидті препараттар - зиянды жәндіктермен күресудің химиялық құралдары;
15) қараусыз жануарлар – меншік иесі бар және оның иелігінен (қарауынан) уақытша босап кеткен, иесі болмаған немесе иесі белгісіз жануарлар, сонымен қатар иесі меншік құқығынан бас тартқан жануарлар;
16) қоғамдық орындар - адамдардың көп жиналатын немесе адамдардың жиналуы мүмкін орындар, оның ішінде көшелер, скверлер, саябақтар және азаматтардың демалатын өзге орындары, шомылатын жерлер, стадиондар, сауық шаралары жүргізілетін орындар;
17) үй жануарлары – иттер, мысықтар және ұзақ тарихи кезең бойы дәстүрлі түрде адам көмегімен өсірілетін және бағылатын, сонымен қатар адамның эстетикалық мұқтажын қанағаттандыру үшін жасанды жолмен өсіріп шығарған және жабайы популяциясы жоқ өмірге қабілетті, жеке морфологиялық белгілері ұқсас өзгешеліктері бар және ұзақ уақыт бойы табиғи ареалда өмір сүретін жануарлардың түрлері мен тұқымдары.
2. Жануарларды асырау
4. Жануарларды асыраудың міндетті шарты болып аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау, паразитарлық ауруларға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу, тұрғылықты мекен-жайға қарасты ветеринариялық емханаларда диагностикалық зерттеуден өткізу болып табылады.
5. Ветеринариялық және бірдейлендіру есебіне алу эпизоотиялық жағдайды, нысандардың ветеринариялық-санитариялық ахуалын бағалау, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалаудың және ветеринариялық қағидаларды сақталуын, сондай-ақ жүргiзiлген диагностикалық, эпизоотияға қарсы, емдiк, ветеринариялық-санитариялық және жою iс-шараларының көлемін және тиімділігін анықтау үшін жүргізіледі.
6. Асыл тұқымды жануарларды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы, үй және жабайы жануарларын өсірумен, асыраумен, бағумен, көбейтумен айналысатын жануарлар иелері, келесіні қамтамасыз ету қажет:
1) асыл тұқымды жануарларды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы, үй жануарлары малдарын уақытылы бірдейлендіруді;
2) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы және үй жануарларын уақытылы диагностикалаудан және вакцинациялаудан өткізуді;
3) жануардың түріне, жасына және физиологиясына сәйкес саулығы, ауқаттылығы жөніндегі күтімді және оларды пайдалануды;
4) жануарлар және адамдар ортасының қауіпсіздігін, сонымен қатар мүліктің жануарлардан зиян келтіруінен, жануарларды қараусыз қалдырмауды;
5) көлік жолында жануарлармен өткен кезде жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтау және оның жолдан өтіп бара жатқандағы тәртібін тікелей қадағалау арқылы жолдан өткен кезде жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауы;
6) санитариялық-гигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) нормалар мен қағидалардың талаптарын сақтауды, уақытылы дезинфекция, дезинсекция және дератизация шараларын өткізу;
7) жануарларда керексіз тұқымның пайда болуын болдырмау бойынша уақытша оқшаулау және биостерилизациялау жолдары арқылы шаралар қолдануды .
7. Жануарлар иелері жануарларды асырауды, көбейтуді, пайдалануды осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
8. Жануарлар иелері, "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңының 25-бабына сәйкес жаңадан алынған жануар (жануарлар), алынған төлдері, сойылғаны, сатылғаны, өлгені, ауырғаны немесе оғаш қылықтары туралы ветеринария саласындағы қызметтерді жүзеге асырушы жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелеріне, ветеринарлық ұйымдарға хабарлайды.
9. Ауыл шаруашылығы және үй жануарларын сату, әкелу және әкету ветеринариялық паспорт негізінде ветеринариялық құжатты рәсімдеген жағдайда ғана рұқсат етіледі.
10. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарларды Тараз қаласының аумағынан тыс жерге орнын ауыстыру (тасымалдау), (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 11845 болып тіркелген), "Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 29 мамырдағы № 7-1/496 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүргізіледі, сонымен қатар (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 11898 болып тіркелген), "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығымен бекітілген ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарға сәйкес ветеринариялық құжаттар арқылы сүйемелденеді. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарларды ветеринариялық құжатсыз тасымалдауға (орнын ауыстыру) жол берілмейді.
11. Жануарларды әуе, су, теміржол көліктерімен тасымалдау осындай көлік түрлерінің тасымалдау Ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
12. Ауыл шаруашылығы жануарларын көршілерге ыңғайсыздық туғызатын жағдайларды болдырмай, қолданыстағы ветеринарлық-санитарлық нормалары сақталған жағдайда ғана тұрғын үйлерден, пәтерлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, бақтардан, хайуанаттар бағынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарынан, сауда, тамақ өнеркәсібі, жалпы демалатын орындардан, балаларды сауықтыру орындарынан, демалыс үйлерінен, шипажайлардан, жасанды су қоймаларынан, артезиан құдықтарынан және өзен жағалауы мен оның сағасынан санитарлық нормаларға сәйкес қашықтықта орналасқан арнаулы жабдықталған (жабық) орындарда асырау керек.
13. Қаланың тұрғын үй қорының пәтерлерінде (көп пәтерлі, ортақ үлестік тұрғын үйлер) ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға жол берілмейді, сонымен қатар жабайы жануарларды асырау ұсынылмайды.
14. Жануарларды асырайтын орын күнделікті механикалы түрде тазалануы және апта сайын дезинфекциялануы тиіс. Жануарларды асырау қызметі процесінде пайда болатын биологиялық қалдықтар, (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 11003 болып тіркелген), "Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 16-07/307 бұйрығымен бекітілген биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларына сәйкес жойылуға жатады.
15. Жылдың жылы мезгілдерінде (наурыздан қараша айына дейін) жануарлар тұратын орындарды жәндіктерге, сонымен қатар кеміргіштерге (тышқандар, егеуқұйрықтар) қарсы күрес мақсатында ай сайын инсектицидтер мен дератизациялық препараттарымен зарарсыздандыру керек.
16. Экзотикалық жануарларды қаланың ішіне кіргізу, асырау мен көбейту Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Жануарлардың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес арнайы асырайтын орыны жоқ жағдайда, осы салада арнаулы білімі, осы жануарларды асырауға машықтанбаған және тәжірибесі жоқ болса жабайы, жыртқыш және улы жануарларды асырауға болмайды.
17. Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес белгіленген санитарлық аймақтың шекарасы аумағында жануарларды асырауға, өсіруге, жаюға, айдап өтуге тыйым салынады.
18. Ауыл шаруашылығы жануарларын айдап өткенде тұрғындардың қауіпсіздігіне жануарлардың иелері жауапты. Көшелерде, алаңдарда, саябақтарда, темір жол мен автокөлік жолдарына тиесілі аймақтарда және басқа да қоғамдық орындарда жануарларды жаюға, сондай-ақ, қараушысыз бос жіберуге рұқсат етілмейді.
19. Жануарлардың және адамдардың денсаулығына аса қауіп туғызатын жануарларды алу және жою Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүргізіледі. Егер жануар клиникалық сау деп танылған жағдайда ол иесіне қайтарылады. Елді мекендердің аумақтарында жануарлардың өліктерін тастау, сондай-ақ оны өз бетінше көму ұсынылмайды. Жануарлардың өлекселері арнайы белгіленген орындарда жойылуға жатады.
20. Елді мекендердің санитариялық аймақтарында, көшелерде, алаңдарда, саябақтарда және көпшілік жиналатын қоғамдық орындарда қараушысыз бос жүрген жануарлар қараусыз жануарлар деп есептеледі. Қараусыз жануарларды бағу, пайдалану және иесіне қайтару Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық Кодексінің 246-бабына сәйкес жүргізіледі.
21. Қараусыз қалған жануарларды жеткізу, тасымалдау, күзету, асырау (жемдеу, сумен қамтамасыз ету, ветеринариялық қызмет көрсету) шығындарын қараусыз жануарларды асырауға жауапты кәсіпорын берген шоттарға сәйкес жануарлар иелері өтейді.
22. Жануарларға арналған панада бақылаусыз ауыл шаруашылығы жануарлары алты ай бойы - ірі қара мал, жылқылар, түйелер және екі ай бойы - мүйізді ұсақ мал ұсталып, егер олардың иелері табылмаса, мұнан былай мемлекет меншігіне беріледі.
3. Қағидалардың талаптарының сақталуын бақылау
23. Қағидалардың талаптарының сақталуын бақылауды осыған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттігі бар мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
4. Қорытынды ережелер
24. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін жануарлар иелері "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.