Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облыстық мәслихатының 10.12.2021 № 13/142-VIІ шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-6-тармағына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Оңтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихат | |
сессиясының төрағасы | Қ.Абасов |
Облыстық мәслихат | |
хатшысы | Қ.Балабиев |
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы "23" қазандағы № 15/194-VI шешімімен бекітілген |
Оңтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Оңтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі заңдарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 25 мамырдағы № 296 қаулысымен бекітілген Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және келісімдерге сәйкес әзірленді және Оңтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеудің тәртібін айқындайды.
2. Көші-қон процестерін реттеу:
адамның тұрғылықты жерді еркін таңдау, еңбек ету еркіндігін және қызмет түрі мен кәсібін өз қалауынша таңдауға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге;
кету және орын ауыстыру бостандығына;
шығу тегі, әлеуметтік және мүліктік жағдайы немесе өзге де мән-жайлар бойынша кемсітушілікке жол бермеуге негізделеді.
3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушы;
2) оралмандарды және қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін оралмандар және қоныс аударушылар отбасыларының шекті саны.
2-тарау. Оңтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу тәртібі
4. Оңтүстік Қазақстан облысында көші-қон процестерін мониторингтеу, олардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының жай-күйіне, экологиялық ахуалына әсері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерінің ерекшеліктеріне халықтың тығыздығы, көшіп келу, эмиграция, еңбек көші-қоны, ішкі көші-қон ағыны, урбандалу процесі, өңірдің экологиялық және діни жағдайы, халықтың ұлттық құрамы, өңірлік еңбек нарығының теңгерімділігі жатады.
5. Өңірдегі көші-қон процестерін реттеу үшін Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:
оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірдің тиісті аумағын белгілеуге (алып тастауға);
шетелдік жұмыс күшін, оның ішінде этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға);
оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған өңірлік квоталарын ұлғайтуға (қысқартуға) қатысты ұсыныстар енгізеді.
6. Оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квоталарына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Халықтың кетуі халықтың көбею қарқынына қарағанда көп болған кезде көші-қон процестерін реттеу, оның ішінде білікті жұмыс күшін тартуға және оларға жедел әлеуметтік бейімделуге жәрдем көрсетуге, оралмандарды, әсіресе жастарды кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға бағытталған іс-шаралар әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.
8. Мониторингті қамтамасыз ету және көші-қон жағдайының дамуын болжау, жұмыспен қамту, мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салу мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық дамытуды жоспарлау мақсатында халықты тіркеу есебі жүзеге асырылады.
9. Қазақстан Республикасының азаматтарын, Қазақстан Республикасында уақытша болатын немесе тұрғылықты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты және (немесе) уақытша болатын (тұратын) жеріне тіркеу және есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
10. Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен өздеріне жүктелетін көші-қон процестерін реттеу саласында өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.