Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Оңтүстiк Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы әкiмдiгiнiң 2017 жылғы 18 мамырдағы № 176 қаулысы. Оңтүстiк Қазақстан облысының Әдiлет департаментiнде 2017 жылғы 9 маусымда № 4120 болып тiркелдi

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31 бабының 2 тармағына, "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 3 бабының 2 тармағының 3) тармақшасына сәйкес, Қазығұрт ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазығұрт ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Қазығұрт ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарға ақшалай сыйақының мөлшері осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары С.А.Тұрсынқұловқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі Т.Т. Телғараев
      "КЕЛІСІЛДІ"
      "Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі
      істер департаменті Қазығұрт аудандық
      ішкі істер бөлімі" мемлекеттік мекемесінің
      бастығы
      ________________Б.Б. Зиятаев
      "22" 05 2017 жыл

  Қазығұрт ауданы әкiмдiгiнiң
2017 жылғы 18 мамырдағы
№ 176 қаулысына 1-қосымша

Қазығұрт ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі

      1. Осы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің тәртібі Қазығұрт ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін айқындайды.

      2. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға азаматтарды тарту Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2004 жылғы 27 қарашадағы № 641 бұйрығымен бекітілген Бақылау және қадағалау функцияларына байланысты емес, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға азаматтарды тарту ережесі, олардың нысандары мен түрлерiне сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3326 тіркелген) жүзеге асырылады.

      3. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерiн аудан әкімдігі құратын Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөнiндегi аудандық комиссия (бұдан әрi – Комиссия) қарайды.

      4. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге белсендi қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы ұсынымды Комиссияға қарауға "Оңтүстік Қазақстан облысының iшкi iстер департаментi Қазығұрт ауданының ішкі істер бөлімі" мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi – ішкі істер бөлімі) енгiзедi.

      5. Комиссия қабылдайтын шешiм көтермелеу үшiн негiз болып табылады.

      6. Көтермелеу түрлерiн, соның iшiнде ақшалай сыйақы мөлшерiн, көтермеленушiнiң қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қосқан үлесiн ескере отыра, Комиссия белгiлейдi.

      7. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері:

      1) Қазығұрт ауданының Құрмет грамотасы;

      2) ақшалай сыйақы;

      3) құнды сыйлық.

      8. Ақшалай сыйақыны төлеу және құнды сыйлықты алу үшiн Комиссия қабылдайтын шешiмге сәйкес, қосымша ішкі істер бөлімі бастығының бұйрығы шығарылады.

      9. Ішкі істер бөлімі ақшалай сыйақыны төлеудi және бағалы сыйлықты алуды облыстық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзедi.

      10. Көтермелеулердi төлеуге қаражат облыстық бюджетте, Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті 252 003 "Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу" бюджеттiк бағдарламасымен көзделедi.

      11. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қосқан үлесi үшiн азаматтарға Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Құрмет грамотасын, ақшалай сыйақы, бағалы сыйлықтар берудi ішкі істер бөлімі салтанатты жағдайда жүзеге асырады.

  Қазығұрт ауданы әкiмдiгiнiң
2017 жылғы 18 мамырдағы
№ 176 қаулысына 2-қосымша

Қазығұрт ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарға ақшалай сыйақының мөлшері

      1. 10 есептiк айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын мөлшердегi ақшалай сыйақы.

      2. Бағасы 10 есептiк айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын құнды сыйлық.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады