Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының кедендік декларацияларды толтыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 13 ақпандағы № 175 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 ақпанда № 16445 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 191-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының кедендік декларацияларды толтыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 13 ақпандағы
№ 175 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының кедендік декларацияларды толтыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының кедендік декларацияларды толтыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2018 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 191-бабына сәйкес әзірленген және мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының кедендік декларацияларды толтыру тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамы (бұдан әрі – уәкілітті лауазымды адам) тауарларға арналған декларацияны, транзиттік декларацияны, жолаушылар кедендік декларациясын немесе көлік құралына арналған кедендік декларацияны толтыруды декларанттың немесе декларанттың атынан немесе тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлғаның (бұдан әрі – декларант) жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырады.

      Өтінішті мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып беруге жол беріледі.

      3. Декларант өтінішті декларацияланатын тауарлар мен көлік құралдары нақты ұсынылатын мемлекеттік кірістер органына береді. Өтінішті декларант тегін, аты-жөнін және берген күнін көрсете отырып, еркін нысанда толтырады, өзінің қолын қойып куәландырады.

      Тауарларға арналған декларацияны толтыруға өтініш берген кезде, декларант тауарларға арналған декларацияға екі дана құжаттардың тізімдемесін қосымша ұсынады.

      4. Өтінішті қарау мерзімі оны ұсынған сәттен бастап, жолаушылар кедендік декларациясын толтыру үшін ұсынған жеке тұлғалардың өтініштерін қоспағанда төрт сағаттан аспауы керек.

2-тарау. Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының кедендік декларацияларды толтыру тәртібі 1-параграф. Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының тауарларға арналған декларацияны толтыруы

      5. Кодекстің 191-бабына сәйкес мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамы мынадай:

      1) тауарларды кедендік декларациялау декларациялау ерекшеліктерін қолданумен жүзеге асырылған (алдын ала кедендік декларациялау, мерзімдік кедендік декларациялау, уақытша кедендік декларациялау, толық емес кедендік декларациялау және Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарды кедендік декларациялау ерекшеліктері);

      2) мынадай:

      ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметі Тауарлық номенклатурасының 27-тобының;

      кедендік әкету баждары салынатын;

      тыйым салулар мен шектеулер қолданылатын;

      бұрын өзге кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарлар санаттарына қатысты жағдайларда экспорт кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарларға арналған декларацияны толтырумен байланысты кедендік операцияларды жасауды жүзеге асыра алмайды.

      6. Экспорт кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру кезінде тауарларға арналған декларацияны толтырумен байланысты кедендік операцияларды жасау үшін уәкілетті лауазымды адам Кодекстің 177-бабында көрсетілген мәліметтерді және Кодекстің 179-бабында айқындалған құжаттарды қабылдайды.

      7. Уәкілетті лауазымды адам ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді Кодекстің 177 және 179-баптарында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.

      Егер ұсынылған құжаттар мен мәліметтер белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті лауазымды адам декларантқа құжаттар мен мәліметтерді қайтару себебін және оларды түзету (жою) бойынша ұсынымдарды көрсете отырып, оларды ұсынған сәттен бастап бір сағаттан аспайтын мерзімде қайтарады.

      Егер ұсынылған құжаттар мен мәліметтер белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, уәкілетті лауазымды адам оларды тауарларға арналған декларацияны толтыруға қабылдайды.

      Тауарларға арналған декларацияны толтыру мерзімі құжаттар мен мәліметтерді ұсынған сәттен бастап төрт сағаттан аспауы керек.

      Уәкілетті лауазымды адам тауарларға арналған декларацияны толтыруды декларанттың логины және паролі арқылы жүзеге асырады.

      8. Уәкілетті лауазымды адам, мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйесі арқылы Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 шешімімен бекітілген, Кедендік декларацияларды толтыру тәртібі туралы нұсқаулықтың III бөлімінде белгіленген тәртіппен тауарларға арналған декларацияны толтырады.

      9. Тауарларға арналған декларацияны толтырғаннан кейін уәкілетті лауазымды адам тауарларға арналған декларацияны екі данада басып шығарады және тауарларға арналған декларацияға құжаттар тізімдемесімен оның біреуін танысу үшін декларантқа береді.

      Тауарларға арналған декларацияны толтыру бойынша ескертулер болған жағдайда уәкілетті лауазымды адам декларанттың ескертулерін ескере отырып өзгерістер енгізеді.

      10. Декларант тауарларға арналған декларацияға енгізілген мәліметтерді тексереді және тексеру аяқталғаннан кейін, ескерту болмаған жағдайда тауарларға арналған декларацияның 54-бағанына қолын қойып оны куәландырады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 05.02.2020 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Декларант тауарларға арналған декларацияны куәландырғаннан кейін декларанттың таңдауы бойынша Кодекстің 180-бабына сәйкес кедендік декларацияны беруге байланысты кедендік операцияларды уәкілетті лауазымды адам не декларант дербес жасауы мүмкін.

2-параграф. Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының транзиттік декларацияны толтыруы

      12. Жөнелтуші кеден органының уәкілетті лауазымды адамы жеке тұлғалар өткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларды, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін қажетті ізгілік көмек жүктерін және жүктерді кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру кезінде осындай толтыруға декларант жазбаша өтініш берген жағдайда транзиттік декларацияны толтырады.

      13. Декларант транзиттік декларацияны толтыру үшін тікелей жөнелтуші кеден органының уәкілетті лауазымды адамына өтінішті, мәліметтер мен құжаттарды береді.

      14. Транзиттік декларацияны толтырумен байланысты кедендік операцияларды жасау үшін жөнелтуші кеден органының уәкілетті лауазымды адамы Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 17 тамыздағы № 438 шешімімен бекітілген (бұдан әрі – КОК № 438 шешімі), Транзиттік декларацияны берумен, тіркеумен және кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтаумен байланысты кеден органының кедендік операцияларды жасау тәртібінің 3-тармағында айқындалған құжаттарды және Кодекстің 178-бабында көрсетілген мәліметтерді қабылдайды.

      15. Өтінішті жөнелтуші кеден органының уәкілетті лауазымды адамы оған кіріс нөмірін, тіркеу күнін қоя отырып тіркейді және ұсынылған құжаттар топтамасына қоса тігіледі.

      16. Уәкілетті лауазымды адам ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің КОК № 438 шешімінің 3-тармағында және Кодекстің 178-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.

      Егер ұсынылған құжаттар мен мәліметтер белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті лауазымды адам декларантқа қосымша талап етілетін құжаттарды және/немесе мәліметтерді беру қажеттігін және құжаттарды қайтарып берудің себебін түсіндіре отырып құжаттар мен мәліметтерді оларды ұсынған сәттен бастап бір сағаттан аспайтын мерзімде қайтарады.

      Егер ұсынылған құжаттар мен мәліметтер белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда уәкілетті лауазымды адам оларды транзиттік декларацияны толтыруға қабылдайды.

      Транзиттік декларацияны толтыру мерзімі құжаттар мен мәліметтерді ұсынған сәттен бастап төрт сағаттан аспауы керек.

      17. Уәкілетті лауазымды адам, мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйесі арқылы Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 289 шешімімен бекітілген, Транзиттік декларацияның толтыру тәртібі туралы нұсқаулықтың II және III бөлімінде белгіленген тәртіппен транзиттік декларацияны толтырады.

      Бұл ретте, уәкілетті лауазымды адам транзиттік декларацияның 44-бағанында өтініштің тіркеу нөмірін көрсетеді.

      18. Уәкілетті лауазымды адам транзиттік декларацияны толтырғаннан кейін, транзиттік декларацияны қағазға басып шығарып оны танысу үшін декларантқа береді.

      Транзиттік декларацияны толтыру бойынша ескертулер болған жағдайда уәкілетті лауазымды адам декларанттың ескертулерін ескере отырып өзгерістер енгізеді.

      19. Декларант транзиттік декларацияға енгізілген мәліметтерді тексереді және тексеру аяқталғаннан кейін, ескерту болмаған жағдайда транзиттік декларацияның 50-бағанына қолын қойып оны куәландырады.

      Транзиттік декларацияны куәландыру электрондық цифрлық қолтаңба арқылы декларантқа жол беріледі. Бұл жағдайда транзиттік декларацияның қағаз данасы басып шығарылмайды.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 05.02.2020 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Декларант транзиттік декларацияны куәландырғаннан кейін уәкілетті лауазымды адам Кодекстің 182-бабының 3-тармағына сәйкес кедендік операцияларды жасайды.

3-параграф. Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының жолаушылар кедендік декларациясын толтыруы

      21. Жолаушылар кедендік декларациясын өздігінен толтыру мүмкін болмағанда, декларант жазбаша өтініш берген жағдайда жолаушылар кедендік декларациясын уәкілетті лауазымды адам толтырады.

      22. Декларант жолаушылар кедендік декларациясын толтыру үшін уәкілетті лауазымды адамға еркін нысандағы өтінішті және құжаттарды береді.

      23.Жолаушылар кедендік декларациясын толтырумен байланысты кедендік операцияларды жасау үшін уәкілетті лауазымды адам декларанттан Кодекстің 344-бабының 1-тармағында айқындалған өтінішті және құжаттарды қабылдайды, олардың Қазақстан Республикасы және ЕАЭО кеден заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.

      24. Өтінішті уәкілетті лауазымды адам оған кіріс нөмірін, тіркеу күнін қоя отырып өтінішті ұсынған сәттен бастап он минуттан аспайтын мерзімде тіркейді және ұсынылған құжаттар топтамасына қоса тігеді.

      Егер ұсынылған құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті лауазымды адам декларантқа қосымша талап етілетін құжаттарды ұсыну қажеттігін және құжаттарды қайтару себебін түсіндіре отырып, құжаттарды оларды ұсынған сәттен бастап он минуттан аспайтын мерзімде қайтарады.

      Егер ұсынылған құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, уәкілетті лауазымды адам оларды жолаушылар кедендік декларациясын толтыруға қабылдайды.

      Жолаушылар кедендік декларациясын толтыру мерзімі құжаттарды ұсынған сәттен бастап бір сағаттан аспауы керек.

      25. Уәкілетті лауазымды адам "Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2019 жылғы 23 шілдедегі № 124 шешімімен бекітілген, Жолаушылар кедендік декларациясын толтыру және жолаушылар кедендік декларациясында мәлімделген мәліметтерді өзгертуге (толықтыруға) байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібіне сәйкес декларанттың атына қағаз тасымалдағышында жолаушылар кедендік декларациясын толтырады. Бұл ретте, жолаушылар кедендік декларациясының "Қызметтік белгілер үшін" деген бағанда "Толтыруға арналған өтініш" деген жазба жасайды және декларант өтінішінің тіркеу нөмірін және күнін көрсетеді.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 19.08.2020 № 767 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Уәкілетті лауазымды адам жолаушылар кедендік декларациясын толтырғаннан кейін, оны танысу үшін декларантқа береді.

      Жолаушылар кедендік декларациясын толтыру бойынша ескертулер болған жағдайда уәкілетті лауазымды адам декларанттың ескертулерін ескере отырып өзгерістер енгізеді.

      27. Декларант жолаушылар кедендік декларациясына енгізілген мәліметтерді тексереді және тексеру аяқталғаннан кейін және ескертулер болмаса жолаушылар кедендік декларациясының артқы жағындағы тиісті бағанға өзінің қолын және күнін қойып оны куәландырады.

      28. Декларант жолаушылар кедендік декларациясын куәландырғаннан кейін, уәкілетті лауазымды адам Кодекстің 182-бабының 4-тармағына сәйкес кедендік операцияларды жасайды.

4-параграф. Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамының көлік құралына арналған кедендік декларацияны толтыруы

      29. Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 14 қазандағы № 422 шешімімен (бұдан әрі – КОК № 422 шешімі) бекітілген нысан бойынша көлік құралына арналған кедендік декларацияны (бұдан әрі – КҚКД) уәкілетті лауазымды адам:

      теміржол халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына (бұдан әрі – ХТКҚ және (немесе) теміржол көлік құралдары арқылы тасымалданатын контейнерлерге;

      әуе ХТКҚ;

      теңіз ХТКҚ қатысты толтырмайды.

      30. Декларант КҚКД өздігінен толтыру мүмкін болмағанда, декларант жазбаша өтініш берген жағдайда, уақытша әкелу/уақытша әкету ХТКҚ декларациялау үшін уәкілетті лауазымды адам қолданады.

      31. Декларант КҚКД толтыру үшін Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 қарашадағы № 511 шешімімен бекітілген, Уақытша әкелінген және уақытша әкетілген халықаралық тасымалдаудың теміржол көлік құралдарына қатысты жекелеген кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы нұсқаулықтың 7-тармағында айқындалған құжаттар мен жазбаша өтінішті тікелей уәкілетті лауазымды адамға береді.

      32. КҚКД толтырумен байланысты кедендік операцияларды жасау үшін уәкілетті лауазымды адам декларант ұсынған құжаттар мен өтінішті қабылдайды.

      33. Өтінішті уәкілетті лауазымды адам оған кіріс нөмірін, тіркеу күнін қоя отырып тіркейді және ұсынылған құжаттар топтамасына қоса тігеді.

      Егер ұсынылған құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті лауазымды адам декларантқа қосымша талап етілетін құжаттарды беру қажеттігін және құжаттарды қайтару себебін түсіндіре отырып құжаттарды оларды ұсынған сәттен бастап бір сағаттан аспайтын мерзімде қайтарады.

      Егер ұсынылған құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда уәкілетті лауазымды адам оларды КҚКД толтыруға қабылдайды.

      КҚКД толтыру мерзімі құжаттар мен мәліметтерді ұсынған сәттен бастап төрт сағаттан аспауы керек.

      34. Уәкілетті лауазымды адам мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесі арқылы КОК № 422 шешімімен бекітілген нысан бойынша КҚКД толтырады, бұл ретте, "Қосымша мәліміттер" деген 12-бағанда "Толтыруға арналған өтініш" деген жазба жазады және өтініштің тіркеу нөмірі мен күнін көрсетеді және "Мәліметтерді мәлімдеген тұлғаның қолы" 13-бағанда декларанттың тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) және КҚКД толтыру күнін көрсетеді.

      35. КҚКД толтырғаннан кейін, уәкілетті лауазымды адам екі данада қағазға басып шығарады және декларантқа оны танысу үшін береді.

      КҚКД толтыру бойынша ескертулер болған жағдайда уәкілетті лауазымды адам декларанттың ескертулерін ескере отырып өзгерістер енгізеді.

      36. Декларант КҚКД енгізілген мәліметтерді тексереді және тексеруді аяқтағаннан кейін ескертулер болмаса КҚКД 13-бағанында өзінің қолын және мөрін қойып куәландырады (жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаларды қоспағанда).

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 05.02.2020 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      37. Декларант КҚКД куәландырғаннан кейін, уәкілетті лауазымды адам Кодекстің 182-бабының 3-тармағына сәйкес кедендік операцияларды жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады