Мемлекеттік қарыздар тарту есебінен іске асырылатын институционалдық жобаларды жоспарлау және іске асыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 287 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 13 наурызда № 16568 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi 206-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қарыз тарту есебінен іске асырылатын институционалдық жобаларды жоспарлау және іске асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті (Р.Т. Мейрханов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және осы бұйрық қолданысқа енгізілгенге дейін күшіне енген қарыз шарттарына және олар тоқтатылғанға дейін оларды іске асыру жөніндегі құқықтық қатынастарға қолданылмайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 15.10.2018 № 999 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрінің м.а.

      Р. Дәленов _______________

      2018 жылғы 23 ақпан

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 23 ақпандағы
№ 287 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік қарыздар тарту есебінен іске асырылатын институционалдық жобаларды
жоспарлау және іске асыру қағидалары
1-Тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік қарыздар тарту есебінен іске асырылатын институционалдық жобаларды жоспарлау және іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 206-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік қарыз тарту есебінен іске асырылатын институционалдық жобаларды жоспарлау және іске асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі – бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;

      2) институционалдық жоба – саланы (аяны) институционалдық дамытуға бағытталған, бюджеттік бағдарлама әкімшісі белгілі бір уақыт кезеңі ішінде тікелей іске асыратын, аяқталған сипаттағы және қарыз шартын жасасу жолымен мемлекеттік қарыз алу арқылы қаржыландырылатын іс-шаралар жиынтығы;

      3) институционалдық жобаның қаржылық-экономикалық құжаттамасы (бұдан әрі – ҚЭҚ) – институционалдық жобаның орындылығы, негізділігі жөніндегі мәліметтерді, тиімділігінің қаржылық есептемелерін, сондай-ақ нәтижесін бағалауды және институционалдық жобаны іске асырудан күтілетін пайданы қамтитын құжат;

      4) нәтижелерді бағалау – орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің ел немесе өңір экономикасының, экономиканың жекелеген саласының (аясының), қоғамның дамуына әсер етуін объективті бағалау, мемлекеттік орган қызметі нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізуді талдау.

2-Тарау. Институционалдық жобаларды жоспарлау
1-параграф. Институционалдық жобаларды жоспарлау

      3. Институционалдық жобаларды жоспарлау мынадай екі кезеңмен жүзеге асырылады:

      1) институционалдық жобалардың ҚЭҚ-ын әзірлеу;

      2) бюджеттi әзiрлеу сатысында институционалдық жобаларды iрiктеу.

2-параграф. Институционалдық жобалар бойынша талаптар

      4. Институционалдық жобаларға мынадай талаптар қойылады:

      1) ұлттық жобаларда және (немесе) үкіметтік бағдарламаларда институционалдық жобалардың болуы;

      2) қысқа мерзімді және орта мерзімді кезеңдерде институционалдық жобаны іске асыру нәтижесінің нақты және анық көрсеткіштерінің және пайдасының болуы;

      3) тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамту үлесі тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарттың тиісті құнынан кемінде 65%-ды құрайды;

      4) семинарларға, сапарларға, дөңгелек үстелдерге арналған шығыстар институционалдық жобаның құнынан 10%-дан асуы мүмкін емес;

      5) институционалдық жобаны іске асырумен байланысты жабдықтарды сатып алу жобаның құнынан 30%-дан аспауы тиіс;

      6) консультанттардың сыйақысын, үй-жай жалдауды, көліктік қызметтер мен байланыс қызметтерін төлеуді, сондай-ақ өзге де операциялық шығыстарды қамтитын институционалдық жобаны іске асыру тобын ұстауға арналған шығыстар институционалдық жоба құнының 3%-нан асуы мүмкін емес.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-параграф. Институционалдық жобалар бойынша шектеулер

      5. Институционалдық жобалар бойынша мынадай шектеулер қолданылады:

      1) құқықтық актілерді әзірлеу бойынша іс-шараларды қаржыландыруға жол берілмейді;

      2) институционалдық жоба консультанттары мен мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды қаржыландыруға жол берілмейді;

      3) мемлекеттік органның тұрақты сипаттағы мемлекеттік функциялармен өкілеттіктерді орындау жөніндегі қызметін қамтамасыз етуге бағытталған шығыстарды және мемлекеттік органның олармен байланысты барлық ағымдағы шығыстарын қаржыландыруға жол берілмейді.

4-параграф. Институционалдық жобаның қаржылық-экономикалық құжаттамасын әзірлеу

      6. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі Қағидаларда айқындалған тәртіппен институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын дайындау бойынша іс-шараларды жүргізеді.

      7. Институционалдық жобаның ҚЭҚ мынадай құрылымға сәйкес келеді:

      1) Институционалдық жобаның ҚЭҚ-ның түйіндемесі;

      2) "Жобаның әлеуметтік-экономикалық қажеттілігінің негіздемесі" бөлімі;

      3) "Экологиялық" бөлім;

      4) "Институционалдық" бөлім;

      5) "Қаржылық-экономикалық" бөлім;

      6) "Кадрлармен қамтамасыз етілу" бөлімі;

      7) "Тәуекелдерді талдау" бөлімі;

      8) жалпы тұжырымдар.

      8. Институционалды жобаның ҚЭҚ-ның түйіндемесінде:

      1) институционалдық жобаның қысқаша сипаттамасы көрсетіледі;

      2) институционалдық жобаның қазіргі бар саяси (хаттамалық және өзге де тапсырмаларды, нормативтік құқықтық актілерді көрсете отырып), әлеуметтік-экономикалық және басқа да шарттары сипатталады;

      3) институционалдық жобаның мақсаттары мен нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізудің ықтимал нұсқалары көрсетіледі.

      9. "Жобаның әлеуметтік-экономикалық қажеттілігінің негіздемесі" бөлімі:

      1) институционалдық жобаның әлеуметтік-экономикалық орындылығы мен тиімділігін талдауды;

      2) институционалдық жобамен және институционалдық жобасыз әлеуметтік-экономикалық жағдайды талдауды;

      3) тиісті саланы институционалдық дамытуға арналған институционалдық жобаны іске асырудан күтілетін әсерді қамтиды.

      10. "Экологиялық" бөлімі жобаның қоршаған ортаға әсері болған жағдайда талап етіледі.

      11. "Институционалдық" бөлімі жобаның институционалдық схемасын, оның ішінде:

      1) институционалдық жобаның институционалдық схемасын;

      2) құқықтық негізін көрсете отырып, институционалдық жобаны басқару схемасын қамтиды.

      Қажет болған жағдайда, институционалдық жобаға қатысушылар бойынша толық заңды атауы, шыққан елі, ұйымдық-құқықтық нысаны, құрылған жылы, негізгі қызмет түрлері, осы саладағы жобаларды іске асыру тәжірибесі көрсетіледі.

      12. "Қаржы-экономикалық" бөлімі мыналарды қамтиды:

      1) институционалдық жобаны қаржыландыру көздерін көрсете отырып, құрауыштар, кіші құрауыштар, іс-шаралар бойынша қаржыландыру есебі;

      2) қаржыландыру көздерін, шарттары мен көлемдерін (оның ішінде қаржыландыруды жылдарға бөле отырып) көрсете отырып, қаржыландыру схемасының негіздемесі;

      3) институционалдық жобаның мыналарды қамтитын қаржылық-экономикалық талдауы:

      қаржылық есеп;

      ең аз шығындардың талдауы немесе шығындар тиімділігінің талдауы немесе институционалдық жобаның экономикалық тиімділігі көрсеткіштерінің есебі, оның ішінде экономикалық пайдалар мен шығындарды бағалау.

      13. "Кадрлармен қамтамасыз етілу" бөлімі институционалдық жобаның білікті мамандармен қамтамасыз етілуін талдауды қамтиды, оның ішінде:

      1) қажетті консультанттар саны мен талап етілетін оларды мамандандыру негіздемесі;

      2) жергілікті (отандық) және халықаралық (шетелдік) консультанттардың нарығын салыстырмалы талдау;

      3) тиісті халықаралық сертификаттардың талаптары мен жұмыс тәжірибесі;

      4) консультанттардың белгіленген сыйақы мөлшерлемелерінің негіздемесі, оның ішінде әрбір консультанттың жылдар бойынша қаржыландыруын бөле отырып.

      14. "Тәуекелдерді талдау" бөлімі:

      1) тәуекелдерді сәйкестендіру мен бағалаудың пайдаланылған әдістері туралы ақпаратты;

      2) тәуекелдердің басталу ықтималдығын және тәуекелдердің басталуынан келетін залалды айқындау нәтижелерін, сондай–ақ тәуекелдерді азайту бойынша болжанатын іс-шараларды ұсына отырып, институционалдық жобаны іске асыру кезеңінде басталуы ықтимал сәйкестендірілген тәуекелдердің (экологиялық, институционалдық, қаржылық, әлеуметтік) тізбесін қамтиды.

      15. Жалпы тұжырымдар:

      1) институционалдық жобаны іске асырудың неғұрлым оңтайлы нұсқасын таңдаудың негіздемесін;

      2) институционалдық жобаны іске асырудың таңдалған нұсқасының негізгі кемшіліктері мен артықшылықтарын;

      3) таңдалған нұсқа бойынша негізгі көрсеткіштерді:

      институционалдық жобаның іске асырылатын орнын;

      нәтиженің (тікелей, аралық және түпкілікті) көрсеткіштерін;

      институционалдық жобаның құрауыштарын;

      қаржыландырылуы жылдар және құрамдауыштар бойынша бөлінген институционалдық жобаның жалпы құнын қамтиды.

      ҚЭҚ-ға қосымшалар қосымша ақпаратты: диаграммаларды, суреттерді, жергілікті жердің карталарын және ҚЭҚ-да келтірілген ақпаратты растайтын және ашатын басқа да материалдар мен құжаттарды қамтуы мүмкін.

      16. Егер институционалдық жобаның ҚЭҚ-ы бекітілгеннен кейін екі жыл ішінде институционалдық жоба іске асырылмаса,институционалдық жобаға ҚЭҚ ескірген болып есептеледі.

      17. Институционалдық жобаны әзірлеу қажет болған жағдайда бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі осы Қағидалардың 6-параграфында көзделген рәсімдерді жүргізе отырып, институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын өзектендіру бойынша рәсімдерді жүргізеді.

      18. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері институционалдық жобаның ҚЭҚ-ның негізділігін қамтамасыз етеді.

5-параграф. Салалық қорытынды

      19. Институционалдық жобаның ҚЭҚ-на бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің салалық қорытындысы мыналардың:

      1) институционалдық жобаны іске асыру орындылығын;

      2) саланың одан әрі дамуына ықпал ететін оның ағымдағы жай-күйінің проблемаларын;

      3) институционалдық жобаны іске асыру болжанатын қолданыстағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да жағдайларды;

      4) іс-шараларға бар және болжанатын сұраныстың және әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктің (институционалдық жобаның өмірлік циклының кезеңіне) көрсеткіштерін;

      5) институционалдық жобаны іске асырудан болатын пайдалар мен шығындарды бөлуді;

      6) институционалдық жобаны іске асыру кестесін;

      7) баға шешімдерін, оның ішінде институционалдық жобаның ҚЭҚ-ында келтірілген институционалдық және пайдалану шығындарының барлық құрауыштары бойынша баға-сапа ара қатынасын, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жоспарланып отырған бағаларды тиісті нарықтық бағалармен салыстыруды;

      8) институционалдық жобаны таңдаудың негіздемесімен қоса, проблеманы шешу нұсқасын таңдау кезінде оны шешудің оңтайлы жолы ретінде қаралған баламалы нұсқаларды;

      9) институционалдық жобаны іске асырған және іске асырмаған жағдайдағы экономика саласындағы (аясындағы) ахуалдың ықтимал нұсқаларын;

      10) институционалдық жобаны іске асырған жағдайда болжанатын тәуекелдерді және оларды азайту жөніндегі іс-шараларды бағалауды қамтиды.

      20. Институционалдық жобаға салалық қорытындыны тиісті саладағы орталық уәкілетті орган ұсынады, бюджеттік бағдарламалардың әкімшісін қандай да бір салаға жатқызу мүмкін болмаған жағдайда салалық қорытындыны бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің өзі ұсынады.

      Егер институционалдық жобаны іске асыру бірнеше салалық орталық мемлекеттік органдардың қызмет аясын қозғайтын болса, көрсетілген салалық орталық мемлекеттік органдар институционалдық жобаға тиісті салалық қорытындыларын қосымша ұсынады.

      Бұл ретте, қосымша салалық қорытындыларды тиісті салалық орталық мемлекеттік органдар институционалдық жобаны іске асырудың жетекшілік ететін салаға ықпалын бағалау және саланың басымдықтарына сәйкестігі бөлігінде ғана ұсынады.

6-параграф. Институционалдық жобаның қаржылық-экономикалық құжаттамасын қарау тәртібі

      21. Институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бекітеді.

      22. Институционалдық жобаның ҚЭҚ-на салалық қорытынды және институционалдық жобаның ерекшелігіне байланысты қажетті басқа да қорытындылар талап етіледі.

      23. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі салалық қорытындысы бар институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.

      24. Институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын қарау үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) институционалдық жобаның құрылымы мен мақсаттары көрсетілген өтінім-хат;

      2) институционалдық жобаны іске асырудың орындылығын растайтын бюджеттік бағдарламалардың әкімшісінің салалық қорытындысы;

      3) институционалдық жобаны іске асырудың орындылығын растайтын ресми хат нысанында ұсынылған жобаның ерекшелігіне байланысты тиісті уәкілетті мемлекеттік органның қосымша салалық қорытындысы;

      4) институционалдық жобаның ерекшелігіне байланысты қажетті басқа да қорытындылар және құжаттар.

      25. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын институционалдық жобаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі тұрғысынан 30 (отыз) жұмыс күні ішінде қарайды.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын оң қарау нәтижелері бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.

      27. Институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын қарау үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) институционалдық жобаның құрылымы мен мақсаттары көрсетілген өтінім-хат;

      2) институционалдық жобаны іске асырудың орындылығын растайтын бюджеттік бағдарламалардың әкімшісінің салалық қорытындысы;

      3) институционалдық жобаны іске асырудың орындылығын растайтын ресми хат нысанында ұсынылған жобаның ерекшелігіне байланысты тиісті уәкілетті мемлекеттік органның қосымша салалық қорытындысы;

      4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның институционалдық жобаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі тұрғысынан келісу-хаты;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да қорытындылар және институционалдық жобаның ерекшелігіне байланысты қажетті құжаттар.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын 30 (отыз) жұмыс күні ішінде қарайды және ол бойынша есептер мен қаржыландыру көлемінің негізділігі тұрғысынан келісу-хатты бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне жібереді.

7-параграф. Институционалдық жобаларды іріктеу тәртібі

      29. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі институционалдық жобаның бекітілген ҚЭҚ-ын барлық қорытындылармен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.

      30. Институционалдық жобаларды іріктеуді және республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығаруды бюджеттік бағдарламалар әкімшісі Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 66-бабында көрсетілген құжаттарды, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның есептер мен қаржыландыру көлемінің негізділігі тұрғысынан келісу-хатын және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның институционалдық жобаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі тұрғысынан келісу-хатын ұсынған кезде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31. Институционалдық жобаларды республикалық бюджет жобасына енгізу үшін негіздеме:

      1) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның институционалдық жобаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі тұрғысынан келісу-хаты;

      2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның есептер мен қаржыландыру көлемінің негізділігі тұрғысынан келісу-хаты;

      3) республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысы болып табылады.

      Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-Тарау. Институционалдық жобаларды іске асыру
1-параграф. Институционалдық жобаның қаржылық-экономикалық құжаттамасын түзету тәртібі

      32. Институционалдық жоба құрылымының және (немесе) мақсатының елеулі өзгеруіне және (немесе) қосымша шығындарға әкелетін институционалдық жобаның белгіленген қаржылық-экономикалық параметрлері өзгерген жағдайда институционалдық жобаның ҚЭҚ-ын түзету жүргізіледі.

      33. Институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ын бюджеттік бағдарлама әкімшісі бекітеді.

      34. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі институционалдық жобаның бекітілген түзетілген ҚЭҚ-ын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.

      35. Осы Қағидалардың 38-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ын қарау үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) тиісті салыстырма кестені қоса бере отырып, өзгеруі болжанатын институционалдық жобаның құрылымы мен (немесе) мақсаты және (немесе) қосымша шығыстар көрсетілген өтінім-хат;

      2) институционалдық жобаның құрылымы мен (немесе) мақсатының өзгеруінің және (немесе) қосымша шығыстардың орындылығын растайтын, бюджеттік бағдарламалардың әкімшісінің салалық қорытындысы;

      3) жобаның ерекшелігіне байланысты ресми хат нысанында тиісті уәкілетті мемлекеттік органның институционалдық жобаның құрылымы мен (немесе) мақсатының өзгеруінің және (немесе) қосымша шығыстардың орындылығын растайтын қосымша салалық қорытынды;

      4) институционалдық жобаның ерекшелігіне байланысты қажетті басқа да қорытындылар және құжаттар;

      5) қорытындыларды және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның келісу-хаттарын қоса институционалдық жобаның бастапқы бекітілген ҚЭҚ;

      6) қосымша шығыстарға әкеп соқтыратын институционалдық жобаның белгіленген қаржы-экономикалық өлшемдері өзгерген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органның бюджет қаражатының нысаналы пайдаланылуы тұрғысынан, сондай-ақ, құжаттар берілген күннен бастап 6 (алты) айдан кешіктірмей белгіленген, институционалдық жоба бойынша қаржыландыру басталған болса, бұзушылықтардың болмауы туралы актісін ұсыну қажет.

      36. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ын 30 (отыз) жұмыс күні ішінде қарайды.

      37. Институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісуі нәтижесі бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісі институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ын тиісті қорытындылармен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.

      38. Институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қарауы мынадай жағдайларда талап етілмейді:

      1) институционалдық жобаның құрылымы мен (немесе) мақсатын өзгертпей, және қосымша шығындарға әкелмейтін іс-шараларды іске асыру реттілігінің өзгеруі;

      2) өткізілген сатып алу және (немесе) валюта бағамының өзгеруі нәтижесінде институционалдық жоба құнының азаюы.

      39. Осы Қағидалардың 38-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ын қарау үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) тиісті салыстырма кестені қоса бере отырып, өзгеруі болжанатын институционалдық жобаның құрылымы мен (немесе) мақсаты және (немесе) қосымша шығыстар көрсетілген өтінім-хат;

      2) институционалдық жобаның құрылымы мен (немесе) мақсатының өзгеруінің және (немесе) қосымша шығыстардың орындылығын растайтын, бюджеттік бағдарламалардың әкімшісінің салалық қорытындысы;

      3) жобаның ерекшелігіне байланысты ресми хат нысанында тиісті уәкілетті мемлекеттік органның институционалдық жобаның құрылымы мен (немесе) мақсатының өзгеруінің және (немесе) қосымша шығыстардың орындылығын растайтын қосымша салалық қорытынды;

      4) институционалдық жобаның ерекшелігіне байланысты қажетті басқа да қорытындылар және құжаттар;

      5) қорытындыларды және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның келісу-хаттарын қоса институционалдық жобаның бастапқы бекітілген ҚЭҚ;

      6) қосымша шығыстарға әкеп соқтыратын институционалдық жобаның белгіленген қаржы-экономикалық өлшемдері өзгерген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органның бюджет қаражатының нысаналы пайдаланылуы тұрғысынан, сондай-ақ, құжаттар берілген күннен бастап 6 (алты) айдан кешіктірмей белгіленген, институционалдық жоба бойынша қаржыландыру басталған болса, бұзушылықтардың болмауы туралы актісін ұсыну қажет.

      40. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ын 30 (отыз) жұмыс күні ішінде қарайды.

      41. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қарауының нәтижесінде институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ын бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бекітеді.

      42. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі институционалдық жобаның түзетілген бекітілген ҚЭҚ-ын тиісті қорытындылармен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.

      43. Қосымша шығыстарға әкеп соқтыратын институционалдық жобаның ҚЭҚ-ның белгіленген қаржы-экономикалық өлшемдері өзгерген жағдайда институционалдық жобаның түзетілген ҚЭҚ-ы республикалық бюджет комиссияның қарауына шығарылады, қалған жағдайларда республикалық бюджет комиссияның қарауына шығару талап етілмейді.

2-параграф. Институционалдық жобаларды іске асыру

      44. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі:

      1) белгiленген штат саны шегiнде институционалдық жобаны iске асыруға жауапты құрылымдық бөлiмшенi анықтайды;

      2) кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет институционалдық жобасын қалыптастыру кезiнде институционалдық жобаны қаржыландыру көлемiн белгiленген тәртiппен жоспарлайды;

      3) қарыз шартында көзделген рәсiмдерге сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүргізу жолымен институционалдық жобаны iске асыруды жүзеге асырады;

      4) қарыз берушiмен келiсiлген конкурстық комиссияның шешiмi негiзiнде тауарларды және көрсетілетін қызметтердi сатып алуға келiсiмшарттар жасасады;

      5) жасасқан келiсiмшарттардың мониторингiн, сондай-ақ сыртқы қарыз қаражатының және республикалық бюджеттен бiрлесiп қаржыландыру қаражатының нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз етедi;

      6) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен негізделген себептері мен қажетті растайтын құжаттарды ұсына отырып, қарыз шартына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi, оның iшiнде қарыз санаттары бойынша қаражатты қайта бөлу, қарыз қаражатына қол жеткiзу және қарыз қаражатын жою мерзiмiн ұзартуды келiседi.

      45. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурстар өткізу кезінде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі:

      1) қарыз берушімен сатып алынатын тауарлардың техникалық ерекшеліктерін, консультанттар үшін техникалық тапсырмаларды әзірлейді және келіседі;

      2) конкурсқа қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын бағалау үшін конкурстық комиссия құрады. Төрағаны қоса алғанда, конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауы және кемі үш адам болуы тиіс;

      3) егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады;

      4) жоба шеңберінде жасалған келісімшарттардың орындалуын бақылайды.

      46. Конкурсқа қатысушылардың біліктілігіне қойылатын талаптарды, тауарлардың техникалық ерекшеліктерін, сондай-ақ консультанттар үшін техникалық тапсырмаларды әзірлеу кезінде қарыз берушімен алдын-ала келісе отырып, консультанттардың жергілікті қамтуын жасалатын келісімшарттардың жалпы құнынан кемінде 65% шектеуді есепке алу.

      47. Белгіленетін біліктілік талаптарының дәрежесі келісімшарттардың уақытылы және сапалы атқарылуы үшін талаптарға сәйкес келеді, сондай-ақ өз кезегінде отандық компаниялардың конкурсқа қатыспай қалуына себеп болуы мүмкін негізсіз жоғары талаптардың орын алуын болдырмайды.

      48. Қарыз берушінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі қағидаларында отандық тауарлар өндірушілерге (өнім берушілерге) және консультанттарға көзделген жеңілдіктер орын алған жағдайда бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі конкурстық құжаттарда көзделген жеңілдіктерді ескере отырып түскен конкурстық ұсыныстарды бағалау және салыстыру рәсімдері сипатталған тиісті баптарды көздейді.

      49. Егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, үкіметтік сыртқы қарыз шеңберінде қаржыландырылатын жобаны іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының бірлесіп қаржыландыру қаражатынан тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      50. Мемлекеттік сыртқы қарыздар мен республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру бойынша есептілікті ұсыну Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 206-бабы 2-1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      51. Мемлекеттік қарыздар қаражаты есебінен қаржыландырылатын институционалдық жобаларды іске асыру нәтижелерін бағалау орталық мемлекеттік органдар қызметі нәтижелерін бағалау шегінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 113-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      52. Институционалдық жобаларды қаржыландыруға бағытталған бюджеттік бағдарламаның тікелей және түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштері, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органның мемлекеттік органның даму жоспарында көрсетілген мақсатты индикаторлары институционалдық жобаның ҚЭҚ-да көрсетілген нәтижелерге және жобаны дамытудың мақсаттарына қол жеткізу индикаторларына сәйкес болуы тиіс.

      Ескерту. 52-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      53. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы бюджеттік бағдарлама нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізбеуге әкеп соққан бюджет қаражатын игермегені үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 104-бабының 6-тармағына сәйкес белгіленген жауаптылықта болады.

      54. Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 113-бабының 4-тармағына сәйкес бюджеттік бағдарламаларда айқындалған тікелей және түпкілікті нәтижелерге, оның ішінде бюджет қаражатын толық игеру кезінде қол жеткізбегені үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы және бюджеттік бағдарламаның басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады