"Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 241 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 наурыздағы № 383 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 30 наурызда № 16686 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      "Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 241 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10954 тіркелген, 2015 жылғы 8 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларында:

      2-тармақтың 2)-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін реттеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен белгіленетін мемлекеттік мекемелерге қолданылмайды.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Түзету жазбаларын жүргізу кезінде операцияның мазмұны мен түзету себептері ашылады.

      Түзету және басқа есеп жазбалары растайтын құжаттарды қоса бере отырып, субъекті басшысының және бас бухгалтерінің (немесе ұйымның банктік және қаржы құжаттарына бірінші және екінші қол қою құқығына ие лауазымды адамдарының) қолы қойылған бухгалтерлік анықтамамен ресімделеді және осы ұйымның мөрімен бекемделеді (ол бар болса).";

      мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:

      "22-1. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасымен бекітілген бастапқы құжаттардың нысандары қолданылады.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Активтерді алу кезінде субъектінің атынан әрекет ететін адамның құқығын ресімдеу үшін нысаны Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8265 болып тіркелген "Бастапқы есеп құжаттарының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен (бұдан әрі – 562-бұйрық) бекітілген сенімхат қолданылады. Сенімхат олармен ақшаларды және активтерді сақтау үшін толық материалдық жауапкершілік туралы жазбаша шарт жасасқан тұлғаларға беріледі.

      Сенімхатқа субъектінің басшысы қол қояды және осы ұйымның мөрімен бекемделеді (ол бар болса).

      Нысаны 562-бұйрықпен бекітілген, берілген сенімхаттарды есепке алу журналы берілген сенімхаттарды тіркеу, оларды алғанын және тапсырманың орындалғанын белгілеу үшін қолданылады және сенімхаттарды беруге және тіркеуге жауапты тұлғада сақталады. Барлық беттері нөмірленеді, тігіледі және осы ұйымның мөрі мөрімен бекемделеді (ол бар болса).";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Активтерді беруді, сатуды ресімдеу үшін нысандары 562-бұйрықпен бекітілген қабылдап алу-беру актілері қолданылады. Акті екі данада жасалады және әрбір жеке объектіге немесе объектінің құрауышына екі тараптың да қолы қойылады. Құжаттамасы қоса берілген ресімделген акті бухгалтерлік қызметке беріледі, оған бас бухгалтер қол қояды және субъектінің басшысы бекітеді.";

      37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "37. Субъектінің кассасына қолма-қол ақшаны қабылдап алу нысаны

      562-бұйрықпен бекітілген, субъектінің бас бухгалтері немесе осыған уәкілеттік берілген адамы қол қойған кіріс касса ордері (бұдан әрі - кіріс ордері) бойынша жүргізіледі.

      Қолма-қол ақшаны қабылдау кезінде субъектінің бас бухгалтері немесе осыған уәкілеттік берілген адамы және кассир қол қойған түбіртек беріледі осы ұйымның мөрі мөрімен бекемделеді (ол бар болса).";

      50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "50.Қолма-қол ақшамен есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін субъектілер нысаны 562-бұйрықпен бекітілген касса кітабын жүргізеді. Касса кітабы нөмірленеді, тігіледі және осы ұйымның мөрі мөрімен бекемделеді (ол бар болса). Касса кітабындағы парақтар саны субъекті басшылығының, бас бухгалтерінің қолдарымен расталады.";

      мынадай мазмұндағы 81-тармақпен толықтырылсын:

      "81. Құжаттамалық расталған қылмыстық және (немесе) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар, сондай-ақ нәтижесінде бастапқы құжаттың түпнұсқасы жоғалған (жойылған) дүлей апаттар, өрт, авариялар немесе экстремалдық жағдайлардан туындаған басқа да төтенше жағдайларда мүліктің бүлінуі фактілері анықталған кезде құжаттың тұпнұсқасы сақталған контрагент куәландырған бастапқы құжаттың көшірмесі дайындалады.

      Құжаттың түпнұсқамен сәйкестігін куәландыру үшін құжаттың көшермесінде "Қолы" деген деректеменің төменгі жағына "Көшірмесі дұрыс" (тырнақшасыз) деген куәландыру жазбасы, көшірмені куәландырған тұлға лауазымының атауы, оның жеке қолы және толық жазылуы, ұйым мөрінің бедері (ол бар болса), куәландырылған күні қойылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы департаменті (А.Т. Бектұрова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ресми жариялау және эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      ________________Қ. Қасымов

      2018 жылғы 19 наурыз

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады