Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының алынуға жататын кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістерге жатқызу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 60 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 24 сәуірде № 16803 болып тіркелді.

      2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының алынуға жататын кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістерге жатқызу қағидалары бекітілсін.

      2. Мына:

      1) "Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының алуы тиіс кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түскен кірістерге жатқызу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 100 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7606 болып тіркелген, 2012 жылғы 21 шілдеде "Егемен Қазақстан" газетінде № 405-409 (27483) жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 265 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14733 болып тіркелген, 2017 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі 7-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ________________ Б. Сұлтанов

      10.04.2018 ж.

  Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 наурыздағы
№ 60 қаулысымен бекітілді

Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының алынуға жататын кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістерге жатқызу қағидалары

      1. Осы Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының алынуға жататын кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістерге жатқызу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес әзірленді және бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының (бұдан әрі – еншілес ұйым) алынуға жататын кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістерге жатқызу тәртібін белгілейді.

      2. Еншілес ұйым күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту мақсатында "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 11-2-бабы 4-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерінен басқа, мынадай қызмет түрлерін:

      1) күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтары бойынша бас тарту төлемі ретінде бас банктің меншігіне өткен, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті және (немесе) аяқталмаған құрылыс объектілеріне меншік құқығын сатып алуды;

      2) меншікті мүлікті, сондай-ақ:

      кепіл немесе өзге қамтамасыз ету ретіндегі мүлікті өндіріп алу нәтижесінде меншікке өткен мүлікті;

      бас банктен сатып алынған күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтары бойынша бас тарту төлемі түрінде және (немесе) күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде сатып алынған мүлікті;

      Банктер туралы заңның 11-2-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында және осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мүлікті;

      күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту шеңберінде жаңадан құрылған және оның меншігіне қабылданған мүлікті жалға беру, қаржы лизингіне, сенімгерлік басқаруға немесе ақылы уақытша пайдаланудың өзге нысанын пайдалануға беруді;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды тұлғаларды құруды, оның ішінде акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сатып алуды, сондай-ақ заңды тұлғалардың осындай акцияларын және (немесе) жарғылық капиталына қатысу үлестерін өткізуді және басқаруды;

      4) меншікті мүлікті, сондай-ақ Банктер туралы заңның 11-2-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында көзделген күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) жүзеге асыру нәтижесінде сатып алынған не алынған мүлікті өткізуді;

      5) Іс-шаралар жоспарында көрсетілген іс-шараларды іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы бойынша қарыз беруді;

      6) "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы" 2006 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген күмәнді және үмітсіз активтерді секьюритилендіру және жобалық қаржыландыру бойынша мәмілелерді жүргізуді;

      7) үшінші тұлғалардан жер учаскелерін және (немесе) аяқталмаған құрылыс объектілерін, құрылысқа және аяқталмаған құрылыс объектілерінің құрылысын аяқтауға және (немесе) аяқталмаған құрылыс объектілерін пайдалануға беруге байланысты жобалау, мердігерлік және өзге ұйымдардың қызметтерін сатып алуды;

      8) кепілге салынған мүлікті өндіріп алу нәтижесінде бас банктің меншігіне өткен мүлікпен және (немесе) мүліктік кешенмен үздіксіз байланыстағы жылжымалы мүліктің сауда-саттығына (аукционына) қатысуды және сатып алуды;

      9) берешекті өтеу нәтижесінде алынған уақытша бос ақшаны салым ретінде жарғылық капиталға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына және өзге бағалы қағаздарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдарға (депозиттерге) орналастыруды;

      10) бас банк берген үмітсіз және күмәнді талап ету құқықтары бойынша кепіл шарттары бойынша, сондай-ақ еншілес ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді басқаруы барысында ол өздігінен жасасқан кепіл шарттары бойынша кепіл ұстаушының құқықтарын Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізуді;

      11) Қазақстан Республикасы екінші деңгейдегі банктерінің, басқа қаржы ұйымдарының, бағалаушылардың, кәсіби сарапшылардың және халықаралық аудиторлардың және аудиторлық ұйымдардың күмәнді және үмітсіз активтерді бағалау, сенімгерлік басқару, қайта құрылымдау және құнын қалпына келтіру (арттыру) бойынша қызметтерін сатып алуды;

      12) Банктер туралы заңның 11-2-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында және осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген заңды тұлғалардың акциялары бойынша дивидендтер және (немесе) еншілес ұйымның жарғылық капиталына қатысу үлесіне сәйкес келетін кірісті алуды;

      13) Іс-шаралар жоспарында көзделген күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту мақсатында еншілес ұйым сатып алған мүлікпен және (немесе) мүліктік кешенмен байланысты тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді (лицензияланған қызмет түрлерін қоса алғанда) өндіруді және өткізуді;

      14) бас банкке және (немесе) заңды тұлғаларға күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алуға және басқаруға байланысты қызметтерді (консультациялық, заң, сот органдарында, өзге уәкілетті органдар мен заңды тұлғаларда мүдделерін білдіру бойынша) ақылы негізде көрсетуді;

      15) өз қажеттілігі үшін үшінші тұлғалардан мүлікті және (немесе) талап ету құқықтарын, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) меншігіне немесе уақытша пайдалануға сатып алуды жүзеге асырады.

      3. Еншілес ұйым бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйымдардың алынуға жататын кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістерге жатқызуды мынадай тәртіппен жүзеге асырады:

      1) еншілес ұйым:

      еншілес ұйым активтерінің тізілімін жүргізуді;

      еншілес ұйымның қызметі бойынша активтердің сапасын жақсарту мақсатында жүргізілетін операциялардың түрлерін, сондай-ақ қойылатын талаптары Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында көзделген еншілес ұйымның бастапқы есепке алу құжаттарының (бұдан әрі – бастапқы құжаттар) тізбесі мен түрлерін;

      еншілес ұйым активтерінің сапасын жақсарту бойынша операцияларды жүргізуден еншілес ұйым алатын кірістердің түрлерін;

      олармен операциялар жүргізуден алынатын активтер мен кірістерді еншілес ұйымның бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінде көрсету талаптарын көздейтін ішкі құжатты бекітеді;

      2) еншілес ұйым активтер тізілімінде көрсетілген еншілес ұйымның активтерін қалыптастыруды және олардың сатып алынатын (сатып алынған) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарға сәйкес келуін ай сайын тексеруді қамтамасыз етеді;

      3) еншілес ұйым бастапқы құжаттардың негізінде бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінде Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген еншілес ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асырудан болған активтер бойынша алынған кірістерді еншілес ұйымның өзге операциялардан алатын кірістерінен бөлек есепке алады.

      4. Еншілес ұйым өз қызметінің бүкіл кезеңінде еншілес ұйымның активтерінің тізілімін, көрсетілген активтермен операциялар жүргізуге негіз болған бастапқы құжаттарды, сондай-ақ Қағидалардың 2-тармағында көзделген және еншілес ұйымның бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесіндегі еншілес ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асырудан активтер бойынша алынған кірістер туралы мәліметтерді сақтауды жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады