БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік қызметшілерін көтермелеуді қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 25 мамырдағы № 127-нқ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 13829 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық - құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 7 шілдеде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік қызметшілерін көтермелеуді қолдану қағидаларында:
11 және 12 - тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Қызметтік мiндеттерiн үлгілі атқарғаны, шығармашылық белсенділігі, мінсіз мемлекеттік қызметі, жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін еңбегін көтермелеу және ынталандыру мақсатында Министрліктің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері және басқа да адамдар ведомстволық наградаларға ұсынылуы мүмкін.
"Еңбек ардагері" медалі, "Статистика үздігі", "Монополияға қарсы қызметтің үздігі", "Заң саласының үздігі" төс белгілері ведомстволық наградалар болып табылады.
12. Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен:
1) "Еңбек ардагері" медалімен (нақты салаға байланыстырмай) жалпы 40 жылдан астам, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер және зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар марапатталады;
2) "Статистика үздігі" төсбелгісімен жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, статистика саласында заң жобаларын және заңға тәуелді актілерді әзірлеуге қатысқаны, жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені, статистикалық қызметті жетілдіру бойынша теориялық білімдерді тәжірибеге енгізгені және осы саладағы басқа да жетістіктері үшін статистика саласының жұмыскерлері марапатталады;
3) "Монополияға қарсы қызметтің үздігі" төсбелгісімен монополияға қарсы органды басқарған Қазақстан Республикасының азаматтары, монополияға қарсы ведомствода кемінде 5 жыл жұмыс істеген, республикадағы монополияға қарсы қызметті дамытуға зор үлес қосқан монополияға қарсы органның қызметкерлері лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, жемісті еңбек қызметі және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының монополияға қарсы қызметі жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан шетелдік адамдар марапатталады;
4) "Заң саласының үздігі" төсбелгісімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің қызметі бойынша оң мінездемесі бар, өздеріне жүктелген міндеттерді адал және кәсіби орындайтын,мемлекеттік органдардың заң қызметтерінде жалпы еңбек өтілі 5 жылдан кем емес қызметкерлері марапатталады.".
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Адами ресурстармен жұмыс департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдеріндегі оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі |
Т. Сүлейменов |