Ұстап тұру мәртебесі бойынша жұмыстар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 23 сәуірдегі № 268 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 11 мамырда № 16884 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Кодексінің 225-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұстап тұру мәртебесі бойынша жұмыстар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2018 жылғы 23 сәуірдегі
№ 268 бұйрығымен
бекітілген

Ұстап тұру мәртебесі бойынша жұмыстар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұстап тұру мәртебесі бойынша жұмыстар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 225-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және ұстап тұру мәртебесі бойынша жұмыстар бағдарламасының әзірленуін нақтылайды.

      2. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) қатты пайдалы қазбаларды өндіру учаскесін консервациялау – пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау кезінде өндірістік құрылысжайларды және өзге де объектілерді болашақта пайдалану үшін оларды жарамды жай-күйге келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерін азайту және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жер қойнауы учаскесінде пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстарды уақытша тоқтату кезінде жүргізілетін іс-шаралар кешені;

      2) Ұстап тұру мәртебесі – Кодексте көзделген шарттарда және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының көрсетілген учаскеде (немесе оның бір бөлігінде) кендік қатты пайдалы қазбаларды өндіруді бастамау немесе тоқтата тұру құқығын көздейтін, қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің айрықша құқықтық режимі;

      3) Ұстап тұру мәртебесі бойынша жұмыстар бағдарламасы (бұдан әрі – жұмыстар бағдарламасы) – жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесін (оның бір бөлігін) ұстап тұру мәртебесінен шығару және онда өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау мақсатында әзірлейтін және бекітетін құжат.

2-тарау. Жұмыстар бағдарламасының әзірленуін ұйымдастыру

      3. Жұмыстар бағдарламасының әзірленуін жер қойнауын пайдаланушы жүзеге асырады.

      4. Жұмыстар бағдарламасында:

      1) ұстап тұру мәртебесі берілетін өндіру учаскесіндегі (оның бір бөлігіндегі) консервациялау жөніндегі іс-шаралардың;

      2) жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесін (оның бір бөлігін) ұстап тұру мәртебесінен шығару және өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау үшін қолданатын іс-шаралардың;

      3) жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесі берілетін өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) жұмыспен айналысатын жұмыскерлерге қатысты қолдануға міндеттенетін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы қолдау шараларының (басқа жұмысқа (басқа жұмыс учаскесіне) ауыстыру, жаңа мамандықтарға (кәсіптерге) оқыту мақсатында қайта даярлау, біліктілікті арттыру және басқалары) сипаттамасы мен мерзімдері қамтылады.

      5. Жұмыстар бағдарламасы мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) кіріспе;

      2) ағымдағы жағдай;

      3) ұстап тұру мәртебесін беруге арналған негіздер;

      4) ұстап тұру мәртебесі кезеңіндегі іс-шаралар;

      5) жер қойнауын пайдаланушының деректемелері;

      6) пайдаланылған дереккөздер тізімі;

      6. Осы Нұсқаулықтың 5-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген бөлімдер қажет болған жағдайда кіші бөлімдерден, ал кіші бөлімдер мазмұны жағынан жақын біріктіретін мәліметтер мен мағыналық жағынан тұтастығы бар тармақтардан тұрады. Кіші бөлімдерді бөлген жағдайда әрбір кіші бөлімде тақырып болуы қажет.

      7. Әрбір бөлім, кіші бөлім және тармақ араб сандарымен нөмірленеді. Бөлімдердің нөмірленуі өтпелі. Әрбір бөлімде кіші бөлімдердің нөмірленуі мен әрбір кіші бөлімде тармақтардың нөмірленуі дербес болып табылады.

      8. Жұмыстар бағдарламасының парақтарының нөмірленуі өтпелі және титул парағынан және тақырыптан кейін парақтың төменгі бөлігінде ортасында араб сандарымен көрсетілуі тиіс.

      9. Жұмыстар бағдарламасы қазақ және орыс тілдерінде жасалады.

      10. Жұмыстар бағдарламасының мәтінінде атауларды қысқартуға, аббревиатуралар және олардың тиісті парақтың төменгі бөлігіндегі сілтемелерде мағынасын ашып жаза отырып, қолдануға жол беріледі.

      11. Жұмыстар бағдарламасында қолданылатын көлем бірлігі Халықаралық бірлік жүйесінің көлем бірлігімен көрсетілуі тиіс.

      12. Жұмыстар бағдарламасының негізгі мәтіні "doc" немесе "docx" кеңейтілімі бар мәтіндік редакторын қолдану арқылы бірыңғай қаріппен басылады. Бөлімдер мен кіші бөлімдердің тақырыптары қалың және көлбеу қаріппен жазылады. Қолданылатын қаріп өлшемі 12 (Times New Roman), бір жолдық жоларалық интервал. Сілтемелер мен кестелердің қарпі кіші өлшемде, қарапайым сызбада басылады.

      13. Жұмыстар бағдарламасында келтірілген экономикалық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер тиісті есептермен расталады. Есептер жұмыстар бағдарламасында немесе жеке қосымшада келтіріледі.

      14. "Кіріспе" бөлімінде:

      1) қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия туралы (берілген күні, қолданылу мерзімі);

      2) егер ұстап тұру мәртебесі өндіру учаскесіне немесе оның бір бөлігіне бұрын берілген жағдайда (егер өндіру учаскесіне жер қойнауын пайдалану құқығы 2018 жылдан бұрын берілген жағдайда, уақытша консервациялау туралы мәліметтер) ұстап тұру мәртебесі туралы, ұстап тұру мәртебесінің бұрын берілген мерзімі, беруге негіздер және жер қойнауы учаскесінің (оның бір бөлігінің) ұстап тұру мәртебесінен (консервациялаудан) шығару себептері туралы мәліметтер қамтылады.

      15. "Ағымдағы жағдай" бөлімінде:

      1) оның орналасқан жеріндегі географиялық ерекшіліктер мен жер қойнауы учаскесіне едәуір жақын орналасқан елді мекендер көрсетілген ұстап тұру мәртебесі берілетін өндіру учаскесі (оның бір бөлігі) туралы;

      2) жер қойнауы учаскесінде болжамдық (перспективалық) ресурстар, негізгі және олармен тұтасып жатқан қатты пайдалы қазбалардың сапасы мен саны, олардың құрамындағы құрауыштар, тау-кен геологиялық және тау-кен техникалық кен орындарының сипаттамасы, өнеркәсіптік игеру деңгейі, қатты пайдалы қазбалардың ресурстары және (немесе) қорларын соңғы бағалаудың күні туралы деректерді қоса алғанда қатты пайдалы қазбалар ресурстары және (немесе) қорлары туралы;

      3) өндіру учаскесінде қатты пайдалы қазбаларды өндірудің өндірістік-технологиялық құрылымы, олардың жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оны аффилирленген тұлғалардың өндірістік кешендерінде байыту (бар болған жағдайда) және кейіннен қайта жасау (бар болған жағдайда) туралы;

      4) өндіру учаскесінде (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруге өтініш берген күннің алдындағы соңғы үш толық күнтізбелік жылда өндіру нәтижесінде бюджетке төленген салықтар және басқа міндетті төлемдер туралы мәліметтер, таза дисконтталған кіріс есебі мен пайданың ішкі нормасының есебін қоса алғанда, өндіру учаскесінен қатты пайдалы қазбаларды өндірудің (егер ол жүзеге асырылса) экономикалық көрсеткіштері туралы;

      5) жер қойнауын пайдаланушының ұстап тұру мәртебесін беруге өтініш берген күннің алдындағы соңғы үш толық күнтізбелік жылдар және айларындағы ұстап тұру мәртебесі сұранатын өндіру учаскесінен (оның бір бөлігінен) өндірілетін негізгі және ілеспе өнімінің өткізу көлемі және бағасы(егер сату жүзеге асырылса), сату нарығы, номенклатура туралы. Берілген мәліметтер жер қойнауын пайдаланушының осы өнімдерді сатып алатын аффилирленген тұлғаларға қатысты ұсынылады;

      6) өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) жұмыс жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, жер қойнауын пайдаланушының жұмысшылары, сондай-ақ көрсетілген жер қойнауы учаскесіндегі өндіру операциясымен тікелей және толығымен байланысты жұмысшылардың саны мен санаттары туралы мәліметтерді қамтиды. Осы мәліметтер жер қойнауын пайдаланушының мердігерлер мен ұстап тұру мәртебесі сұралатын өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) қызметті жүзеге асыратын операторына (бар болған жағдайда) қатысты ұсынылады.

      16. "Ұстап тұру мәртебесін беруге арналған негіздер" бөлімі:

      1) Кодекстің 222-бабының 5-тармағына сәйкес ұстап тұру мәртебесін өндіру учаскесіне (оның бір бөлігінің) беру үшін жер қойнауын пайдаланушының өтініш жасауға негіз болып табылатын мән-жайлардың толық сипаттамасын;

      2) жер қойнауы учаскесінде өндіру бойынша операцияларды өткізуге объективті мүмкін еместігі және пайдасыздық мән-жайларының себеп-салдар байланысын талдауы мен негіздемесін;

      3) ұстап тұру мәртебесін өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) салық және әлеуметтік-экономикалық салдарының, оның ішінде осы Нұсқаулықтың 15-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген жұмысшыларға әсері туралы есептері және сипаттамаларын қамтиды.

      17. "Ұстап тұру мәртебесі кезеңіндегі іс-шаралар" бөлімі мыналарды қамтиды:

      1) өндіру учаскесіне (учаскенің бөлігіне) ұстап тұру мәртебесі берілген жағдайда талап етілетін консервациялаумен байланысты негізгі іс-шаралардың сипаттамалары мен мерзімдерін:

      консервация жобасын іске асыру кезеңдерінің шамамен алғандағы мерзімі және әзірлеу мерзімін;

      негізгі техникалық шешімдер таңдалған тәсілдер және консервациялау түрін, олардың негіздерін;

      консервациялау жобасын іске асыру үшін консервациялау бойынша жұмыс сметасының ірілетілген көрсеткіштерімен жер қойнауын пайдаланушының бөлген сомасын;

      консервациялау учаскесіндегі экологиялық жағдайды, консервациялауды өткізудің оған әлеуетті әсері және экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бағалауды;

      2) жер қойнауын пайдаланушы өндіру бойынша операцияларды қайта жаңғырту және ұстап тұру мәртебесінен өндіру учаскесін (учаске бөлігін) шығару үшін өткізетін нақты іс-шаралар сипаттамасын:

      геологиялық барлау жұмыстартарының тізбесі және көлемі, оның ішінде алынатын тау-кен массасының және ұстап тұру учаскесіндегі сынамалардың көлемін;

      басқарушылық процестердің жақсаруына бағытталған зертханалық, маркетингтік және басқа да зерттеулерді;

      жаңа техникалық, ұйымдастырушылық, қаржы-экономикалық және (немесе) құқықтық шешімдерді табуға жер қойнауын пайдаланушының өндіру бойынша операциялардың қайта жаңғыртуға логистиканың арзандауын;

      осы зерттеулердің нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдаланушының қабылдаған іс-шараларын.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген сипаттама, олар үшін болжанатын шығындар мөлшері, таңдалған іс-шараның негіздемесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, күтілетін нәтижелер Кодекстің 227-бабының 4-тармағына сәйкес құзыретті органға ұсынылған жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігінде нәтижелерді ұсыну мерзімдері көрсетілуі тиіс.

      3) жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесі берілетін жер қойнауын өндіру учаскесiнде жұмыспен айналысатын жұмыскерлерге қатысты (учаскенiң бiр бөлiгi) қолдануға міндеттенетін әлеуметтiк-экономикалық қолдау шараларының сипаттамасы және мерзімдері қамтылады:

      басқа жұмысқа ауыстыру (басқа жұмыс учаскесіне);

      жаңа мамандықтарға (кәсіптерге) оқыту мақсатында қайта даярлау;

      біліктілікті арттыру және басқалары.

      Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген сипаттама өзіне жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын ұйымдастырушылық шараларды, оларға кеткен шығындардың көлемін, жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оның мердігерлерінің жұмыстаркерлер санын (өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) жұмыстар жасайтын, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, еңбек шарты бойынша сәйкес жұмыстар атқаратын жұмыскерлер) қамтиды.

      18. "Жер қойнауын пайдаланушының деректемелері" бөлімінде:

      1) заңды тұлғаның атауы немесе жер қойнауын пайдаланушының аты, тегі, әкесінің аты (бар болған жағдайда);

      2) жұмыстар бағдарламасының бекітілген күні;

      3) жер қойнауын пайдаланушының немесе жұмыстар бағдарламасына қол қоя алатын уәкілетті адамның қолы;

      4) жер қойнауын пайдаланушының мөрі (бар болған жағдайда);

      5) құзыретті органның мөрі және құзыретті органның уәкілетті өкілінің қолы қойылатын орын қамтылады.

      19. "Пайдаланылған дереккөздер тізімі" бөлімі жер қойнауын пайдаланушы жұмыстар бағдарламасында сілтейтін ақпараттардың дереккөздер тізімінен тұрады.

      Пайдаланылған дереккөздерге Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілері, мемлекеттік органдардың ресми статистикалық деректері, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң ақпараттық анықтамалықтары, ақпараттары, оның ішінде ғылыми және зертханалық зерттеулердің нәтижесінде дайындалған, сонымен бірге электрондық мекенжайды көрсете отырып мемлекеттік органдардың және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ресми интернет-ресурстары мен интернет-порталдарында орналасқан монографиялар, жинақтар, көптомдық басылымдар, шолулар, есептер жатады.

      Пайдаланылған дереккөздер тізімі алфавиттік тәртіппен орналасуы қажет.

      20. Жұмыстар бағдарламасына жер қойнауын пайдаланушымен немесе оларға уәкілетті адам қол қояды және бекітеді.

      21. Жұмыстар бағдарламасына өзгерістер және толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы оларды құзыретті органмен келіседі.

      22. Құзыретті орган жұмыстар бағдарламасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды осындай ұсыныс келіп түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде келіседі немесе бас тартуға себептерді көрсетіп, осы тармақпен көзделген мерзімде жазбаша дәлелді бас тартуды жібереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады