Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі қылқан жапырақты екпелерде санитариялық мақсатта ағаш кесуді жүргізуге тыйым салу туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 287 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. 2018 жылғы 28 сәуірдегі № 17-5-6/119 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 18 мамырда № 16908 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегі қылқан жапырақты екпелерде санитариялық мақсатта ағаш кесуді жүргізуге тыйым салу туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 287 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14690 болып тіркелген, 2013 жылғы 17 тамызда "Егемен Қазақстан" газетінің № 157 (29138) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі майқарағай екпелерінде санитариялық мақсатта ағаш кесуді жүргізуге тыйым салу туралы";

      1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі майқарағай екпелерінде санитариялық мақсатта ағаш кесуді жүргізуге тыйым салынсын.";

      2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ведомстволық бағыныстағы мекемелері:

      1) сүректі түбірімен босатудың жыл сайынғы мөлшеріне өтінімдер қалыптастыру кезінде қылқан жапырақты екпелерде санитариялық мақсатта ағаш кесуді жүргізуге тыйым салынғанын ескерсін;

      2) осы бұйрықтың 1-тармағын iске асыру жөнiнде өзге де шараларды қолдансын.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасы заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағазға басылған және электрондық нұсқадағы көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Орман шаруашылығы және
      жануарлар дүниесі комитеті
      төрағасының міндетін атқарушы Н. Жүнісов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады