Бағалау қызметі саласындағы оқытудың, кәсіптік қайта даярлаудың үлгілік бағдарламасын және сағаттар көлемін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 518 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 мамырда № 16935 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертуі!
      Осы бұйрық 2018 жылғы 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабы 5-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бағалау қызметі саласындағы оқытудың, кәсіптік қайта даярлаудың үлгілік бағдарламасы және сағаттар көлемі бекітілсін.

      2. "Бағалау қызметі саласында мамандарды кәсіптік қайта даярлау бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 9 сәуірдегі № 111 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6170 болып тіркелген, 2010 жылғы 29 сәуірде "Заң газеті" газетінде № 61 (1683) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы департаменті (А.Т. Бектұрова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық 2018 жылғы 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 5 мамырдағы
№ 518 бұйрығымен
бекітілген

Бағалау қызметі саласындағы оқытудың, кәсіптік қайта даярлаудың үлгілік бағдарламасы және сағаттар көлемі

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бағалау қызметі саласындағы оқытудың, кәсіптік қайта даярлаудың үлгілік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) және сағаттар көлемі "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 30-бабы 5) тармақшасына сәйкес әзірленген және бағалау қызметі саласындағы оқытудың, кәсіптік қайта даярлаудың үлгілік бағдарламасы және сағаттар көлемін айқындайды.

      2. Бағдарлама мынадай модульдерден тұрады:

      1) "Жалпы пәндер" (мамандықтардың барлық түрлері бойынша кәсіптік қайта даярлау үшін міндетті);

      2) "Бағалаушыларға арналған мамандандықтар блогы";

      3) "Сарапшыға арналған мамандық".

2-тарау. Оқу, кәсіптік қайта даярлау бағдарламаларының мазмұны мен сағат көлемі

      3. Бағдарламаның "Жалпы пәндер" модулі мынадай пәндерден тұрады – 30 сағат:

      1) бағалау қызметін құқықтық реттеу, бағалау стандарттары.

      Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметін нормативтік құқықтық қамтамасыз етудің қолданыстағы жүйесі. Заң, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен бағалау стандарттары. Бағалаушылардың әдеп кодексі. Бағалаушылар палаталарының стандарттары мен қағидалары;

      2) Нарықтық баға белгілеудің микро - және макроэкономикалық негіздері.

      Нарықтық экономика және өндіріс факторларының сипаттамалары. Сұраныс пен ұсыныс теориясы, сұраныс пен ұсыныстың детерминанттары. Нарықтық экономиканың негізгі сипаттамалары. Өндіріс факторлары нарығы: ұғымы, мақсаты. Нарықтық экономикадағы сұраныс пен ұсыныс теориясы. Нарықтық құрылымдардағы баға белгілеу. Тәуекел факторлары мен тәуекелдерді талдау әдістері. Баға белгілеудің макроэкономикалық факторлары. Нарықтық құрылымдарда баға белгілеу негіздері. Баға белгілеудің макроэкономикалық факторлары. Нарықтық экономикадағы тәуекел факторларының әртүрлілігі. Тәуекелдерді талдау әдістері. Маркетингтік зерттеу және нарықтық баға белгілеуді талдау әдістері. Нарықты маркетингтік зерттеу әдісі, нарықтық баға белгілеудің өзара тәуелділігі. Нарықтық баға белгілеуді талдау;

      3) Бухгалтерлік есеп және аудит негіздері, салық және салық салу.

      Бухгалтерлік есептің мақсаты, міндеттері және функциялары. Бухгалтерлік есептің әдістемелік негіздері. Бухгалтерлік теңгерім. Бухгалтерлік есептілік. Бухгалтерлік есептіліктің мәні мен маңызы. Қалдық құн. Активтердің амортизациясы. Жалпы ұғымдар: аудит, аудиторлық тексеру. Талдау элементі ретіндегі аудиторлық қорытынды. Елдің экономикалық жүйесіндегі салықтар. Салық және алым ұғымы. Салықтар мен алымдардың жіктелуі. Пайдаға салынатын салық. Пайдаға салынатын салықтардың экономикалық мазмұны, оның салық жүйесіндегі орны мен рөлі. Қосылған құн салығы: салықтың экономикалық мазмұны. Кәсіпорындар мен ұйымдардың мүлкіне салынатын салық: мүлік салығын төлеушілер. Салық салу объектілері;

      4) Бағалау қызметінде математикалық талдау әдістері.

      Экономикалық міндеттерді шешудегі математикалық талдау және оның мүмкіндіктері. Күрделі процент функциялары және ақша құнының уақыт бойынша өзгеруі. Мүлік құнын бағалаудағы математикалық статистика әдістері. Бағалау объектісін ең үздік және тиімді пайдалануды таңдау үшін сызықты және сызықты емес бағдарламалау міндеттерін шешу. Дербес компьютер көмегімен бағалау міндеттерін шешудің сандық әдістері. Шешімдер қабылдаудың математикалық әдістері.

      4. Бағдарламаның "Бағалаушыларға арналған мамандандықтар блогы" модулі мынадай пәндерді қамтиды:

      1) Жылжымайтын мүлікті бағалау – 40 сағат.

      Бағалау объектісі ретінде жылжымайтын мүлік ұғымы және ерекшеліктері. Баға, шығын, өзіндік құн, құнды бағалау ұғымы. Бағалау қағидаттары. Әртүрлі жылжымайтын мүлік объектілерін қарап тексеруді жүргізу технологиясы. Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар. Жылжымайтын мүлікті бағалау үшін қажетті нарықтық ақпаратты жинау және өңдеу. Үш тәсіл шеңберінде жылжымайтын мүлік құнын есептеу әдіснамасы мен техникасы: шығынды, салыстырмалы және табысты. Жер учаскелерін бағалау негіздері мен әдістері.

      Үш тәсілдің артықшылықтары мен кемшіліктері, жылжымайтын мүлікті бағалауда оларды қолдану бойынша шектеулер. Бағалау нәтижелерін келісу жүргізу және жылжымайтын мүлік құнының қорытынды шамасын таңдау әдіснамасы. Жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есептерді жасауға қойылатын жалпы талаптар;

      2) Жылжымалы мүлікті бағалау – 50 сағат.

      Жылжымалы меншік объектілерінің жіктелуі. Машиналар мен жабдықтар нарығының ерекшеліктері, бастапқы және қайталама нарықтағы баға белгілеу. Баға, шығындар, құн, құнды бағалау ұғымы. Жылжымалы мүлік құнының түрлері. Әртүрлі жылжымалы мүлік объектілерін қарап тексеруді жүргізу технологиясы. Машиналар мен жабдықтарға құқық белгілейтін құжаттар. Объектілерді техникалық куәландыру және сәйкестендіру, меншік құқықтары мен ауыртпалықтарды талдау, өтімділікті талдау. Бағалау қағидаттары. Жылжымалы мүлікті бағалау үшін қажетті нарықтық ақпаратты жинау және өңдеу. Үш тәсіл шеңберінде жылжымайтын мүлік құнын есептеу әдіснамасы мен техникасы: шығынды, салыстырмалы және табысты.

      Үш тәсілдің артықшылықтары мен кемшіліктері, жылжымайтын мүлікті бағалауда оларды қолдану бойынша шектеулер. Бағалау нәтижелерін келісу жүргізу және жылжымалы мүлік құнының қорытынды шамасын таңдау әдіснамасы. Жылжымалы мүлікті бағалау туралы есептерді жасауға қойылатын жалпы талаптар.

      Автомобиль көлігі. Жол өозғалысы қауіпсіздігі. Көлік құралдарын техникалық пайдалану. Көлік құралдарын техникалық пайдалану экономикасы. Көлік құралдары иелерінің азаматтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру. Көлік құралдарын бағалауды ақпараттық қамтамасыз ету. Бағалау объектісі ретінде көлік құралының сәйкестендіру параметрлерін тексерудің әдістемелік негіздері мен ережелері. Көлік құралының техникалық ақаулықтарын анықтау бойынша әдіснемелік негіздері мен ережелері және сипаттамасы. Техникалық ақаулықтардың болуы мен сипаттамасын ескере отырып, көлік құралын жөндеу әдістерін, технологиясын, көлемі мен құнын белгілеудің әдістемелік негіздері мен ережелері. Көлік құралын бағалауды ұйымдастыру және жүргізу;

      3) Зияткерлік меншікті бағалау, материалдық емес активтердің құны – 40 сағат.

      Зияткерлік меншік, бағалау объектісі ретінде материалдық емес активтер, зияткерлік меншік объектілерін жіктеу. Зияткерлік меншік объектілеріне, материалдық емес активтерге ықпал ететін факторлар. Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтық белгілейтін құжаттар. Зияткерлік меншік, материалдық емес активтердің құнын есептеу әдістемесі үш тәсілдің шеңберінде: құны, салыстырмалы және тиімді. Үш тәсіл шеңберінде зияткерлік меншік объектілерінің, материалдық емес активтердің құнын есептеу техникасы: шығынды, салыстырмалы және табысты. Үш тәсілдің артықшылықтары мен кемшіліктері, оларды зияткерлік меншік объектілерін бағалау кезінде қолдану бойынша шектеулер. Бағалау нәтижелерін келісу жүргізу және зияткерлік меншік объектілері құнының қорытынды шамасын таңдау әдіснамасы;

      4) Бизнесті және бизнеске қатысу құқықтарын бағалау – 40 сағат.

      Бизнесті бағалау және мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды бағалау ұғымы. Бағалау қағидаттары. Бағалауға жататын активтер мен міндеттемелердің құрамы. Активтер мен міндеттемелер құнының түрлері. Бағалау объектісіне, кәсіпорынның (бизнес) активтері мен міндеттемелеріне құқық белгілейтін құжаттар. Кәсіпорынға (бизнеске) бағалау жүргізу үшін база ретінде компанияның қаржылық, бухгалтерлік және басқарушылық есептілігі. Кәсіпорынды (бизнесті) бағалау кезінде қаржылық талдау жүргізу әдістері.

      Кәсіпорынды (бизнесті) бағалауда шығынды тәсілді қолдану: баланстық және нарықтық құн (айырмашылықтар, айқындау тәртібі және есептеу шарттары). Кәсіпорынды (бизнесті) бағалауда салыстырмалы тәсілді қолдану: аналогтар объектілерін таңдау, салыстыру бірліктерін таңдау, салыстырмалы объектілерді салыстырмалы талдау, түзетулерді есептеу және алынған нәтижені келісу тәсілдері.

      Кәсіпорынды (бизнесті) бағалауда табысты тәсілді қолдану: кәсіпорынның (бизнестің) қызметін талдау; кәсіпорын (бизнес) шығыстарының түрлері; таңдау, түрін негіздеу, ақша ағынын құру; болжау кезеңін белгілеу; капиталдандыру мөлшерлемесі мен дисконттау мөлшерлемесін есептеу әдістемелері; бағалау күніне күтілетін кірістердің ағындарына келтіру.

      Кәсіпорынның (бизнестің) құнын бағалау туралы жиынтық қорытынды; акциялардың бақылау және бақыланбайтын пакеттерін бағалау; бағалау нәтижелерін келісу.

      Нақты мақсаттар үшін кәсіпорынды (бизнесті) бағалау ерекшеліктері. Бизнесті, бизнеске қатысу құқықтарын бағалау туралы есептерді жасауға қойылатын жалпы талаптар.

      5. Бағдарламаның "Сарапшы үшін мамандық" модулі мынадай пәндерді қамтиды:

      Қазақстан Республикасының бағалау қызметі саласындағы заңнамасы, бағалау стандарттары – 20 сағат.

      Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметін нормативтік құқықтық қамтамасыз етудің қолданыстағы жүйесі. Заң, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен бағалау стандарттары. Бағалаушылардың әдеп кодексі. Халықаралық бағалау стандарттарының жүйесі: мазмұны, негізгі ережелер, талаптар.

      Сараптама ұғымы. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сараптамаларды жіктеу. Сот процесіндегі бағалаушы. Бағалау қызметі туралы заңнамадағы сараптама. Сарапшыларға қойылатын негізгі талаптар. Бағалау туралы есептердің сараптамасын жүргізу әдіснамасы. Сараптама мақсаты мен нәтижесі. Бұзушылықтарды анықтау әдістері. Сараптамалық қорытынды, құрылымы мен талаптары. Сарапшы қорытындыларының түрлері. Жылжымалы, жылжымайтын мүлікті, зияткерлік меншікті және материалдық емес активтерді, бизнесті және бизнеске қатысу құқықтарын бағалау жүргізу кезіндегі бағалаушылардың әдеттегі қателері. Ескертулерді тұжырымдау, сараптама нәтижелері бойынша қорытынды. Бағалау туралы есептің сараптамасы кезіндегі қателіктер.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады