Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 16 мамырдағы № 334 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 мамырда № 16958 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертуі!
      Осы бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 252-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасын жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2018 жылғы 16 мамырдағы
№ 334 бұйрығымен
бекітілген

Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасын жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасын жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 252-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және геологиялық есептің мемлекеттік сараптама жүргізу тәртібін айқындайды.

2-тарау. Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасын жүргізу тәртібі

      2. Геологиялық есеп (бұдан әрі – есеп) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) берілген жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру туралы өтінішке (бұдан әрі – өтініш) қоса беріледі. Есеп қағаз және электрондық тасығыштарда бір данада ұсынылады.

      3. Уәкілетті орган өтінішті қарау процесінде геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасын (бұдан әрі – сараптама) жүргізуді ұйымдастырады.

      4. Есептің сараптамасын жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) жүргізеді. Жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ережені және оның құрамын уәкілетті орган Кодекстің 89-бабының сәйкес айқындайды.

      5. Есепті Комиссияның хатшысы тіркейді және олар сараптамаға қабылданды деп есептеледі, бұл туралы өтініш иесі есеп келіп түскен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде еркін түрде жазбаша хабардар етеді.

      6. Есептің сараптамасы оны тіркеген сәтінен бастап екі ай ішінде жүргізіледі.

      7. 6-тармақта көрсетілген мерзімді Комиссияның төрағасы қосымша зерттеулер жүргізуге, қажетті материалдар ұсыну мен Комиссияның пленарлық отырысының нәтижелері бойынша комиссия мүшелерінің алдын ала ескертулері мен ұсыныстарын жоюға қажетті, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады.

      8. Комиссияның жауапты мүшелері материалдарды зерттегеннен кейін, есеп келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 40 (қырық) күн ішінде Комиссияның жұмыс отырысы өтеді. Жұмыс отырысынан кейін күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде Комиссияның пленарлық отырысы өтеді.

      9. Өтініш иесі өкілдерінің, есеп орындаушыларының және шақырылған мамандардың қатысуымен Комиссияның жұмыс және пленарлық отырысы өтеді. Жұмыс және пленарлық отырыстарды өткізу күні туралы күнтізбелік 5 (бес) күн бұрын еркін түрде жазбаша хабардар етіледі.

      10. Комиссияның жұмыс отырысы Комиссия төрағасы орынбасарының төрағалығымен, ол болмаған кезде сараптаманы өткізуге Комиссияның жауапты мүшесімен өткізіледі. Жұмыс отырысының нәтижесі оң немесе теріс ұсынымдарды қамтитын Комиссия шешімінің жобасы болып табылады.

      11. Комиссияның пленарлық отырысы Комиссия төрағасының төрағалығымен өтеді. Төраға болмаған жағдайда отырысты оның орынбасары өткізеді. Пленарлық отырыстың нәтижесі Комиссияның хаттамасы болып табылады.

      12. Комиссияның пленарлық отырысы, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, заңды деп есептеледі. Комиссия мүшелері отырысқа басқа адамдардың қатысуы бойынша өз өкiлеттiктерiн ұсынбайды.

      13. Комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      14. Комиссияның пленарлық отырысының хаттамасы отырыс өткізілген күннен бастап күнтізбелік 16 (он алты) күн ішінде жасалады.

      15. Комиссияның пленарлық отырысының қорытындысы бойынша оң немесе теріс шешім қабылданады.

      16. Есептің сараптамасының теріс қорытындысы жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия беруден бас тартуға негіз болып табылады.

      17. Есепке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы пленарлық отырыста шешім қабылдаған жағдайда есептің орындаушылары тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізеді.

      18. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың сәйкестігін ұсынылған есептің сараптамадан өтуіне жауапты Комиссия мүшесі тексереді.

      19. Өзгерістер мен толықтырулар енгізгеннен кейін сараптамадан өткен есепке, сондай-ақ өзгерістерсіз және толықтыруларсыз оларды қабылдаған жағдайда, сараптамадан өткендігін куәландыратын мөртабан қойылады.

      20. Мөртабанда пленарлық отырыс хаттамасының нөмірі, оны өткізу күні, сондай-ақ Комиссия хатшысының қолы көрсетіледі. Мөртабан титул парағында және графикалық қосымшалардың әр парағында қойылады.

      21. Комиссияның пленарлық отырысының хаттамасы жасалғаннан кейін күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде тиісті аумақтық бөлімшенің, геологиялық қордың және өтініш иесінің атына жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады