Шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 28 сәуірдегі № 154 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 мамырда № 16960 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 02.11.2022 № 343 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 144-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2022 № 122 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 02.11.2022 № 343 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Мұнайды есепке алу ақпараттық жүйесінің қалыптасуы және жұмыс істеу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 18 наурыздағы № 211 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10828 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 19 мамырда жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және қосу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және коммуникациялар министрі

      ________________ Д. Абаев

      2018 жылғы 14 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ______________ Б. Сұлтанов

      2018 жылғы 10 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ____________ Т. Сүлейменов

      2018 жылғы 4 мамыр

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 28 сәуірдегі
№ 154 бұйрығымен
бекітілген

Шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 02.11.2022 № 343 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 144-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алудың ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – Жүйе) қалыптастыру және оның жұмыс істеуі тәртібін айқындайды.

      2. Кодекстің 144-бабының 1-тармағына сәйкес Жүйе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтынушыға жеткізуге дайындалған шикі мұнай мен газ конденсатының айналымдағы мөлшері туралы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтынушыға өңдеуге және жеткізуге дайындалған, сондай-ақ өз мұқтаждарына пайдаланылатын, қабат қысымын сақтау және (немесе) ұстап тұру мақсатында қабатқа айдау арқылы кәдеге жаратуға жататын, Кодекстің 146-бабында белгіленген жағдайларда және шарттарда жағылатын шикі газдың айналымдағы мөлшері туралы деректерді автоматтандырылған жинауға, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға арналады.

      3. Осы Қағидаларда қолданылатын ұғымдардың Кодексте айқындалған мәндері болады.

2-тарау. Жүйені қалыптастыру қағидалары

      4. Шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерінің (тауарлық газдың) айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілер (бұдан әрі – Субъектілер) көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтынушыға жеткізуге дайындалған шикі мұнай мен газ конденсатының айналымдағы мөлшері туралы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтынушыға өңдеуге және жеткізуге дайындалған, сондай-ақ өз мұқтаждарына пайдаланылатын, қабат қысымын сақтау және (немесе) ұстап тұру мақсатында қабатқа айдау арқылы кәдеге жаратуға жататын, Кодекстің 146-бабында белгіленген жағдайларда және шарттарда жағылатын шикі газдың айналымдағы мөлшері туралы деректерді есепке алудың өздерінде бар жүйелеріне қолжетімділік береді.

      Жүйені қалыптастыру кезінде субъектілермен ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде шикі мұнай және газ конденсаты, шикі газ және оны қайта өңдеу өнімдері (тауарлық газ) айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілерде орнатылған есепке алу аспаптарынан алынған деректер пайдаланылады.

      5. Жүйені қалыптастыру және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін уәкілетті орган құрамына уәкілетті органның өкілдері және өзге де мүдделі тұлғалар кіретін жұмыс тобын құрады.

      6. Жұмыс тобы дербес не консультанттар және (немесе) сарапшылар ретінде өзге де ұйымдарды тарта отырып:

      1) Субъектілердің бар жүйелеріне талдау жүргізу графигін әзірлейді;

      2) Субъектілердің бар жүйелеріне талдау жүргізеді;

      3) Субъектілердің жүйелерін интеграциялау және Жүйені қалыптастыру алгоритмдерін әзірлейді;

      4) әрбір субъект үшін Жүйеге интеграциялау мақсаттары үшін жүйелерді жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлейді;

      5) Субъектілердің жүйелерін Жүйеге интеграциялау графигін әзірлейді;

      6) жүйелері тәжірибелік пайдалану сатысында Жүйеге интеграцияланатын субъектілердің тізбесін айқындайды.

      7. Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізгенге дейін жұмыс тобы мынадай іс-шараларды:

      1) Жүйе мен Субъектілердің интеграцияланған жүйелерінің ақпараттық өзара іс-қимылын сынау;

      2) тәжірибелік пайдалану нәтижелеріне талдау жүргізу, қажет болған кезде – ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде әзірленген сервистерді пысықтау;

      3) қосылатын сервиске ақпараттық сұраныстардың қарқындылығын бағалау, жүктемелік тестілеу;

      4) Жүйеге алдын ала сынақтар жүргізеді.

      8. Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға беру "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізгеннен кейін уәкілетті орган тәжірибелік пайдалану сатысында интеграцияланбаған Субъектілер жүйелерін интеграциялауды жүзеге асырады.

      10. Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізгеннен кейін Субъектілер өз жүйелерінің Жүйемен ақпараттық өзара іс-қимылының жұмыс істеу шарттарының өзгермейтіндігін қамтамасыз етеді.

3-тарау. Жүйенің жұмыс істеуі қағидалары

      11. Жүйеге жаңа ақпаратты енгізу Жүйенің деректер базасында жаңа ақпараттық жазбаларды құру арқылы жүзеге асырылады.

      12. Ақпараттық өзара іс-қимыл процесінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтынушыға жеткізуге дайындалған шикі мұнай мен газ конденсатының айналымдағы мөлшері туралы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтынушыға өңдеуге және жеткізуге дайындалған, сондай-ақ өз мұқтаждарына пайдаланылатын, қабат қысымын сақтау және (немесе) ұстап тұру мақсатында қабатқа айдау арқылы кәдеге жаратуға жататын, Кодекстің 146-бабында белгіленген жағдайларда және шарттарда жағылатын шикі газдың айналымдағы мөлшері туралы деректер Жүйеге беруге жатады.

      13. Мемлекеттік құпияларға, коммерциялық құпияға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын өзге де құпияға жататын ақпаратты қоспағанда, Жүйеде қамтылған ақпарат жалпыға бірдей қолжетімді (бұдан әрі – жалпыға бірдей қолжетімді ақпарат) болып табылады.

      14. Уәкілетті орган жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратты қалыптастыру және тарату мақсатында, сондай-ақ таратылуы шектелген ақпарат бөлігінде Жүйеде қамтылған ақпаратты өңдеуді және талдауды жүзеге асырады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады