Тау-кен жұмыстарының жоспарын жасау бойынша нұсқаулықты бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 18 мамырдағы № 351 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 4 маусымда № 16978 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 216-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тау-кен жұмыстарының жоспарын жасау бойынша нұсқаулық бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ________________ Қ. Бозымбаев

      2018 жылғы "____" _________

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің 2018 жылғы
18 мамырдағы № 351
бұйрығымен бекітілген

Тау-кен жұмыстарының жоспарын жасау бойынша нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тау-кен жұмыстарының жоспарын жасау бойынша нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 216-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 02.07.2024 № 240 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Нұсқаулықтың 4-тармағының 5) тармақшасында көзделген кен орнын игерудің техникалық жобасын қоспағанда, тау-кен жұмыстарының жоспарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді, оны жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 02.07.2024 № 240 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Тау-кен жұмыстары жоспарының мазмұнын жер қойнауын пайдаланушы экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, дербес айқындайды.

2-тарау. Тау-кен жұмыстарының жоспарының әзірлену тәртібі

      4. Тау-кен жұмыстарының жоспары мыналарды:

      1) мыналарды:

      жер үсті және жер асты құрылыстарының орналастыру әдістерін;

      қорларды өңдеу кезектілігін көздейтін пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстардың түрлері мен әдістерін;

      2) мыналарды:

      пайдалы қазбалардың кен орнын аршу тәсілдері мен игеру жүйесін;

      күрделі тау-кендік, тау-кен-даярлық, кесу, пайдалану-барлау және толтыру жұмыстарын жүргізу тәсілдерін;

      пайдалы қазбалар қорларының аршылған, дайындалған және алуға дайын нормативтерінің негіздемесін;

      құнарсыздану мен нормаланған ысыраптың техникалық-экономикалық негіздемесі мен есептерін;

      уақытша белсенді емес қорлары, олардың түзілу себептері және олардың белгіленген жою мерзімдері туралы мәліметтерін;

      жер қойнауынан пайдалы қазбаларды алудың деңгейі алыну бірліктерінің қолайлы параметрлерінің негіздемесін көздейтін пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізу тәсілдерін;

      3) мыналарды:

      келісімшарттық аумақ (жер қойнауы учаскесі) шеңберінде келісімшарттың (лицензия) қолдану мерзімі шегінде пайдалы қазбалардың өндіру көлемдері мен сапа көрсеткіштері бар тау-кен жұмыстарының күнтізбелік кестесін;

      күрделі тау-кендік, тау-кен-даярлық, кесу, пайдалану-барлау және толтыру жұмыстарының көлемін;

      аршу көлемдері мен коэффициентін көздейтін жұмыстардың болжамды көлемі мен жүргізу мерзімдерін;

      4) мыналарды:

      өндірістік процестерді механикаландыру және автоматтандыру құралдарын қолдануды;

      пайдалы қазбалар нормаланған ысыраптарды сақтау бойынша іс-шараларды;

      жер қойнауындағы немесе кейіннен оларды өнеркәсіптік игеру үшін теңгерімнен шектелген қорларды сақтау немесе қоймалау бойынша іс-шараларды;

      қажет болған жағдайда егжей-тегжейлі және пайдаланымдық барлауды;

      геологиялық және маркшейдерлік жұмыспен қамтамасыз етуді;

      дренаждық суларды, аршылған және жанасқан жыныстарды тиімді пайдалануды;

      жер қойнауын пайдалануға байланысты жұмыстардың зиян келтіруінен, өндірістік персоналдың және тұрғындардың, ғимараттардың және құрылыстардың, қоршаған орта объектілерінің қауіпсіздігі шараларын;

      өндірілген минералдық шикізат көлемі мен сапасының дұрыс есебі бойынша техникалық құралдар мен іс-шараларды, сондай-ақ олардың шығындары мен өндіріс қалдықтарын;

      мынадай негізгі көрсеткіштерді:

      қамтитын, техникалық-экономикалық негіздемені көздейтін:

      кен орнын игеру үшін қажетті инвестициялардың есептерін;

      кен орындарын пайдаланудың шығындарын;

      салықтар және басқа да төлемдерін;

      өнеркәсіптік пайдаланудың кірістері мен шығындарының есептерін пайдаланатын технологиялық шешімдерді қамтиды;

      5) Кодекстің 72-бабы 8-тармағына сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қатты пайдалы қазбаларды өндіру кезіндегі жер қойнауындағы ысыраптарды есепке алу бөлігіндегі кен орнын игерудің техникалық жобасы.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 02.07.2024 № 240 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Тау-кен жұмыстарының жоспары алаң есептері (көлемдері) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар жер қойнауы учаскесі аумағының сипаттамасын қамтиды.

      Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруді көздейтін тау-кен жұмыстарының жоспары жер қойнауы учаскесінің жер бетінің ең төменгі нүктесі отыз метрден төмен емес тереңдікте орналасқан кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру учаскесінің төменгі шекарасын есепке ала отырып әзірленеді.

      Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге тау-кен жұмыстарының жоспары келесі жиырма бес жылдан артық емес мерзімге әзірленеді. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге Тау-кен жұмыстарының жоспары келесі он жылдан артық емес мерзімге әзірленеді.

      6. Тау-кен жұмыстарының жоспарын дайындағанда: қатты пайдалы қазбалар қорлары мен ресурстарының контурлары, қадағалау гидрогеологиялық ұңғымалары, кеніштің орналасқан жері және оның шекараларын дамыту перспективасы, кеніштің қосалқы объектілері және инфрақұрылым объектілері, аршылымның (жанасқан жыныс) және селдір (кондициялы емес) кеннің орналасу объектілері ескеріледі.

      7. Тау-кен жұмыстарының жоспарында тау-кен қайта өңдеу өндірісінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру, өндіру учаскесінің шекараларын айқындау кезінде орналастырылуы және есепке алынуы мүмкін. Тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру объектілері жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияға сәйкес жер қойнауының жеке учаскесінде орналастырылуы мүмкін.

      8. Тау-кен жұмыстарының жоспарымен қабылданатын техникалық шешімдер тиісті графикалық құжаттамамен қолдау жүргізіледі.

      9. Тау-кен жұмыстарының жоспарымен, нормаланған ысыраптарды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушыға лицензияның немесе келісімшарттың талаптарымен ұсынылған пайдалы қазбалар қорларын жер қойнауында қалдыруға жол берілмейді.

      Егер бұл экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына қайшы келмесе, пайдалы қазбаларды өндіру барысындағы тау-кен массасының және (немесе) орын ауыстырылатын топырақтың көлемі шектелмейді.

      Өндіру бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ жұмыстарды жүргізу технологиялары, болжамды көлемдері мен мерзімдері өзгертілген, өндірістік объектілердің және инфрақұрылым объектілерінің құрамы өзгертілген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы тау-кен жұмыстарының жоспарына тиісті өзгерістер енгізеді.

      Тау-кен жұмыстарының жоспарына өзгерістер:

      1) тау-кен жұмыстарының жоспарында көзделген өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу тәуекелдері ұлғайған;

      2) бұған дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдармен келісілген тау-кен жұмыстарының жоспарында көзделмеген, қосымша тәуекелдерге алып келетін өндіру жөніндегі операцияларға жоспарланған өзгерістер;

      3) жүзеге асырылуы тау-кен жұмыстарының жоспарында көрсетілген экологиялық көрсеткіштерге қол жеткізбеуге алып келетін өндіру жөніндегі операцияларға жоспарланған өзгерістер;

      4) жер жабынының тұтастығын қосымша бұзуды болжайтын өндіру жөніндегі операцияларда жоспарланған өзгерістер;

      5) кеніштің негізгі объектілері параметрлеріндегі жоспарланған өзгерістер;

      6) кеніштің негізгі объектілері санындағы жоспарланған өзгерістер болған жағдайларда қоршаған ортаны қорғау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдармен келісуді талап етеді.

3-тарау. Тау-кен жұмыстары жоспарының экологиялық қауіпсіздігі

      10. Тау-кен жұмыстарының жоспары Қазақстан Республикасы экологиялық қауіпсіздік заңнамасының талаптарын ескере отырып әзірленеді.

      11. Жер қойнауының экологиялық жай-күйі шекті жол берілетін эмиссияларды нормалаумен, жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті немесе оның жекелеген түрлерін шектеумен немесе оларға тыйым салумен қамтамасыз етіледі.

      12. Тау-кен жұмыстарының жоспары жоспарланатын қызметтiң қоршаған ортаға тигiзетiн әсерiне баға беруді қамтиды және мыналарды көздейтін "Қоршаған ортаны қорғау" бөлiмiнен тұрады:

      1) техникалық, технологиялық, экологиялық және экономикалық орындылық есебімен жердің тұтастығын сақтау мақсатында кен орнын игеруде арнайы тәсілді қолдану;

      2) жердiң техногендiк шөлейттенуiне жол бермеу;

      3) қауiптi техногендiк процестердiң пайда болуынан сақтандыру шараларын қолдану;

      4) жер қойнауын су басудан, өрттен және кен орындарын пайдалану мен қазуды қиындататын басқа да дүлей факторлардан қорғау;

      5) жер қойнауының, әсiресе заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезiнде ластануын болғызбау;

      6) қалдықтарды жинап қою мен орналастыру кезiнде экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету;

      7) автомобиль жолдарын салу жұмыстары басталмас бұрын ұтымды схема бойынша, сондай-ақ ұңғымаларды бұрғылауда тармақты тәсiлдi қоса алғанда басқа да әдiстердi пайдалану, iшкi үйiндiлер жасау технологиясын қолдану, минералдық шикiзатты өндiру мен өңдеудiң қалдықтарын пайдалану арқылы бұзылатын және бүлiнетiн жердiң аумағын азайту;

      8) топырақтың жел эрозиясына ұшырауын, аршу жыныстары және өндiрiс қалдықтарының құлауын, олардың тотықтануы мен өздiгiнен жануын болғызбау;

      9) сiңiрме және тұщы су қабаттарының ластануын болғызбау үшiн оларды оқшаулау;

      10) жер асты суларының сарқылуын және ластануын болғызбау, оның iшiнде жуғыш сұйықтарды дайындағанда уытсыз реагенттердi қолдану;

      11) бұрғылау ерiтiндiлерiн тазалау және қайталап пайдалану;

      12) бұрғылау және жанар-жағармай материалдарының қалдықтарын экологиялық қауiпсiз тәсiлмен жою.

4-тарау. Тау-кен жұмыстарының жоспарының өнеркәсіптік қауіпсіздігі

      13. Тау-кен жұмыстарының жоспары өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын ескере отырып әзірленеді.

      14. Тау-кен жұмыстарының жоспары апаттардың, жазатайым оқиғалардың алдын алу мен оларды жою және кәсіптік аурулардың профилактикасы бойынша мыналарды қамтиды:

      1) аварияларды жою және алдын алу шараларын жоспарлау және өткізу;

      2) жұмыскерлердің өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтата тұру, адамдарды қауіпсіз жерге шығару және қауіпті анықтау үшін қажетті іс-шараларды жүзеге асыру;

      3) қауіпсіздік қағидалары мен нормаларының және санитариялық нормалардың талаптарына сай келетін күйде машиналарды, жабдықтар мен материалдарды пайдалану, ғимараттар мен құрылыстарды күтіп ұстау;

      4) жарылғыш материалдар мен қауіпті химиялық заттарды есепке алу, тиісті сақтау және тасымалдау, сондай-ақ оларды дұрыс және қауіпсіз пайдалану;

      5) судың кенеттен бұзып өтуін, газдың ауаға шығуын, пайдалы қазбалар мен жыныстардың атқылауын, сондай-ақ тау-кен соққысын болжау және олардың алдын алу жөніндегі арнайы іс-шараларды жүзеге асыру;

      6) техникалық құжаттаманы және авариялар салдарын жою жоспарларын жұмыстарды қауіпсіз жүргізу аймақтарының шекараларын нақтылайтын деректермен уақтылы толықтыру;

      7) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасында көзделген өзге де талаптарды орындау.

      15. Тау-кен жұмыстарының жобасы кеніштік атмосфераның құрамын жақсартуды, тау-кен жұмыстарын жүргізу және кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдалану технологиясын жетілдіруді көздейтін арнайы кешенді ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды жүзеге асырудың озық практикасын есепке ала отырып әзірленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады