Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш беру және оны қарау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 317 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 4 маусымда № 16986 болып тіркелді.

      РҚАО-ның!
      Осы бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 87-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш беру және оны қарау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ________________ Қ. Бозымбаев

      2018 жылғы "___" ___________

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және
даму министрінің
2018 жылғы 11 мамырдағы
№ 317 бұйрығымен
бекітілген

Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш беру және оны қарау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш беру және оны қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 87-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны (бұдан әрі – лицензия) беруге өтініш беру және оны қарау тәртібін айқындайды.

2-тарау. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш беру тәртібі

      2. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия алуға мүдделі тұлға (бұдан әрі - өтініш иесі) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) Кодекстің 29-бабының 4-тармағына сәйкес бекітілетін тиісті нысанда жазбаша түрде өтініш береді.

      3. Өтінішке Кодекстің 86-бабының 4-тармағында көрсетілген талаптарын ескере отырып жасалған, Кодекстің 86-бабының 3-тармағында көзделген құжаттар қоса беріледі.

      4. Өтініштің уәкілетті органға түскен күні мен уақыты өтініш беру кезі деп айқындалады және уәкілетті органның кеңсесінде сақталатын, тұлғалардың өтініштерін есепке алу журналында (бұдан әрі – журнал) есепке алынады.

      5. Уәкілетті органының кеңсесі өтінішті қабылдау кезінде журналында тіркеу күні мен уақытын (сағатын, минутын) көрсете отырып өтінішті тіркеп және бірегей есептік нөмірін береді.

      Келіп түскен өтініш алынған сәтте тіркеледі.

      6. Журнал мыналарды қамтиды:

      1) өтініштің бірегей есептік нөмірін;

      2) өтініш иесінің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) немесе атауы;

      3) өтiнiшті тiркеу күнi мен уақытын (сағат, минут).

3-тарау. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш қарау тәртібі

      7. Уәкілетті орган өтінішті келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және лицензия береді не оны беруден бас тартады.

      8. Егер өтініш немесе оған қоса берілген құжаттар Кодекстің 86-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмесе, уәкілетті орган лицензия беруден бас тартады, ол туралы өтініш иесіне уәжді жазбаша жауап жіберіледі.

      9. Лицензия беруден бас тартылған жағдайда өтініш иесі осы Қағидалармен белгіленген тәртіппен уәкілетті органға өтінішті қайта береді.

      10. Алып тасталды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 19.04.2019 № 235 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Лицензияны беруден бас тартуға өтініш иесі бұл туралы хабарлама алған күннен бастап оған он жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады