"Қаржылық есептілік аудиті" рәсімдік стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 272 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 13 маусымдағы № 598 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 маусымда № 17134 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қаржылық есептілік аудиті" рәсімдік стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 272 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15209 тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 16 маусымда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Қаржылық есептілік аудиті" рәсімдік стандартына:

      2, 3, 4 және 5-тармақтарды мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қаржылық есептілік аудитінің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігінің анықтығын негізделген растауды алу болып табылады.

      Қаржылық есептілік аудитіне республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 1 тамыздағы № 468 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15594 тіркелген) бұйрығымен бекітілген Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларында белгіленген көлемде және нысандар бойынша қаржылық есептілігі және республикалық және жергілікті бюджет есебінен ұсталатын бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 640 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14624 тіркелген) бұйрығымен бекітілген Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi мен бюджеттi атқару жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi органдардың шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi жасау қағидаларында белгіленген көлемде және нысандар бойынша шоғырландырылған қаржылық есептiлiктері жатады.

      3. Аудиторлық іс-шараға жауапты тұлға және мемлекеттік аудит тобының жетекшісі аудит жүргізуге басшылық, оны бақылау мерзімі және оның сапасы үшін "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 36-бабының 3-тармағына сәйкес жауапты болады.

      Мемлекеттік аудитордың ассистенті аудит барысында өзі жасаған және қол қойған құжаттар үшін "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 36-1-бабына сәйкес дербес жауаптылықта болады.

      4. Осы Стандарт қаржылық есептілік аудитін жүргізу процесінде мемлекеттік аудитордың және мемлекеттік аудитордың ассистентінің іс-қимылдарының сабақтастығын айқындайды.

      5. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы № 392 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16689 тіркелген) бұйрығымен бекітілген Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау қағидаларының (бұдан әрі – Ішкі мемлекеттік аудит қағидалары) 2-тарауында белгіленген тәртіппен қалыптастырылады.";

      8- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Осы Стандарттың әрекеті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарына, сондай-ақ мемлекеттік аудитордың ассистентіне (-теріне), тартылған (-атын) ішкі аудит қызметінің қызметкеріне (-леріне) және сарапшысына (-ларына) қолданылады.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Аудит объектісінің қызметін алдын ала зерделеуді Ішкі мемлекеттік аудит қағидаларының 3-тарауының 2-параграфында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      Объектіні алдын ала зерделеу нәтижелері аудиторлық құжаттар бар сақтау папкаларында құжатталады (аудиторлық файылдар).";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Аудиторлық тәуекел – мемлекеттік аудитордың аудиторлық пікірін тиісінше білдірмеуі және аудиторлық тексеру тиімсіздігі туралы тәуекелі.

      Аудиторлық тәуекел өзіне үш құрауышты қамтиды:

      ажырамас тәуекел;

      бақылау құралдарының тәуекелі;

      анықталмау тәуекелі.

      Аудиторлық тәуекел жоспарланған аудиторлық іс-шараларының көлемінен 5 % мөлшерінде анықталады.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Мәнділік – мемлекеттік аудит объектісі қаржылық және шаруашылық операцияларын жасауы кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы нормаларының, оларды іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілері актілерінің талаптарынан ауытқу, сондай-ақ ең жоғары жол берілетін мөлшері мемлекеттік аудит объектісі қызметінің ерекшелігіне және көрсеткіштер санатына қарай Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын, қабылданатын шешімдерге ықпал ететін өзге де қателер.

      Мәнділік қаржылық есептілік деңгейінде және шоттардың сальдосына, операциялар сыныптарына және ашуларға қатысты қаралады.

      Мәнділік деңгейін айқындау кезінде мемлекеттік аудитор кәсіби пайымын қолданады.

      Аудиторлық тапсырманың мақсаты аудит объектілеріне келтірілген залалды бағалау болып табылған кезде, мемлекеттік аудитор мәнділік ұғымын қолданбайды.

      Бұл ретте мемлекеттік аудитор жиынтығында қаржылық есептілікте көрініс табатын нәтижелерге елеулі әсер ететін аз сомадан туындайтын елеусіз бұрмалауларды ескереді.

      Мәнділік деңгейін айқындау мынадай жағдайларда:

      аудиторлық тексеруді және аудиторлық рәсімдерді жүргізуді жоспарлау, аудитін жүргізу кезеңін, аудит объектілерін, оның ішінде тексеру жоспарына енгізілмейтін объектілерді айқындау кезінде;

      іріктеу көлемін жоспарлау және оны мәні бойынша тексеру процесінде түзету кезінде;

      тексеру нәтижелерін және қаржылық есептіліктің дұрыстығына, яғни аудиторлық пікір білдіру нысанына анықталған бұзушылықтардың әсерін бағалау кезінде қажет.

      Мәнділік деңгейі теңгерім валютасынан "Ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар" бабының соммасын шегергенде 2 % мөлшерінде анықталады.";

      43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Аудит жоспары мен бағдарламасын қалыптастыру жоспарлаудың аяқтаушы кезеңі болып табылады.

      Аудит жоспары мен бағдарламасын, аудиторлық тапсырманы жасау тәртібі Ішкі мемлекеттік аудит қағидаларының 3 тарауының 3 параграфымен сәйкес жүзеге асады.

      Аудит жоспары мен бағдарламасы Ішкі мемлекеттік аудит қағидаларының 2 және 3-қосымшаларына сәйкес жасалады. Қажет болған жағдайда нысандар қажетті ақпаратпен толықтырылады.";

      45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "45. Түзету және нақтылау үшін аудит жоспары мен бағдарламасына өзгерістер енгізу Ішкі мемлекеттік аудит қағидаларының 51-тармағында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.";

      48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "48. Мемлекеттік аудитор және мемлекеттік аудитордың ассистенті аудиторлық дәлелдемелерді жазбаша және ауызша сұрау салулар негізінде жинауы қажет.

      Аудиторлық дәлелдеме көздері мыналар болып табылады:

      бастапқы есепке алу құжаттары;

      бастапқы есепке алу жазбаларына негізделген бухгалтерлік есепке алу тіркелімдері;

      қағаз, сол сияқты электрондық түрдегі есеп айырысулар;

      есепті кезеңдегі қаржылық есептілік;

      аудит объектісі басшылығының отырыстарының, кеңестерінің хаттамалары.

      аудиторлық дәлелдемелерді жинау үшін қосымша көздер мыналар болып табылады:

      ресми статистика;

      бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған ақпарат;

      алдыңғы аудиттер барысында алынған ақпарат;

      ішкі аудит қызметінің есептері.

      Аудиторлық дәлелдемелердің бір бөлігі тестілеу жүргізу жолымен алынады, мысалы, дебиторлармен және кредиторлармен есеп айырысудың үшінші тараптардан алынған салыстырып тексеру актісі.

      Аудиторлық дәлелдемелердің саны қаржылық есептілігіктегі бұрмалаулардың тәуекеліне және олардың сапасына байланысты болады.";

      76-тармақтың екінші бөлігінің үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 1 тамыздағы № 468 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15594 тіркелген) бұйрығымен бекітілген Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларын.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы департаменті (А.Т. Бектұрова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Республикалық бюджеттің

      атқарылуын бақылау жөніндегі

      есеп комитетінің Төрайымы

      _____________ Н.Н. Годунова

      2018 жылғы 14 маусым

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады