БҰЙЫРАМЫН:
1. "Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген, "Заң газеті" газетінің 2008 жылғы 30 мамырдағы № 81 (1307) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгілік қағидаларында:
13-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"13-2. Формативті бағалау нәтижелері басып шығару мен одан әрі сақтауды талап етпейді.
Формативті бағалаудың нәтижелерін ұсыну білім алушылармен орындалған жұмыстарда жүзеге асырылады.";
14-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14-2. БЖБ үшін максималды балды, БЖБ өткізу нысаны (бақылау, практикалық немесе шығармашылық жұмыс, жоба, ауызша сұрау, эссе) мен сабағын және БЖБ орындау уақыты реттелмейді.
БЖБ үшін максималды балл 1-4 сыныптарда кемінде 7 және 15 балдан артық емес, 5-11 (12) сыныптарда кемінде 7 және 20 балдан артық емес болуы керек.";
14-6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14-6. Пәндердің күрделілік деңгейін есепке ала отырып, бір күнде үштен артық емес тоқсандық жиынтық бағалау жүргізуге болады. Олар тоқсан аяқталатын соңғы күні жүргізілмейді.";
24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"24. Жиынтық бағалау қорытындысы бойынша ақпарат білім алушыларға және ата-аналарға немесе баланың заңды өкілдеріне қағаз түрінде немесе электронды нұсқада беріледі.";
27, 28 және 29-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"27. 2-11 (12) сынып білім алушыларының пәндер бойынша жылдық бағалары жақын бүтіндікке дөңгелектеу арқылы тоқсандық бағалар жиынтығының орташа арифметикалық мәні ретінде қойылады және қорытынды баға болып табылады.
Оқу жылының қорытындысы бойынша аралық аттестаттау жүргізілмейді.
28. Бір немесе екі пәннен "2" бағасын алған 2-8 (9) және 10 (11) сынып білім алушылары үшін мектеп жасаған кестеге сәйкес жүргізілетін оқу жылындағы материал мазмұнын қамтитын жиынтық бағалау оқу жылына ұйымдастырылады.
Қорытынды баға жақын бүтіндікке дөңгелектеу арқылы жылдық баға мен қосымша жиынтық бағаның орташа арифметикалық мәні арқалы қойылады.
Үш немесе одан да көп пәннен "2" бағасын алған 2-8 (9) және 10 (11) сынып білім алушылары қайта оқуға орнында қалдырылады.
"3", "4", "5" бағаларын алған 2-8 (9) және 10 (11) сынып білім алушылары келесі сыныпқа көшіріледі.
29. Бір немесе екі оқу пәнінен қайта "2" бағасын алған 2-8 (9) және 10 (11) сыныптардың білім алушылары, осы пәндерден қосымша жиынтық бағалаудан өткізіледі.
Қорытынды баға жақын бүтіндікке дөңгелектеу арқылы жылдық баға мен қосымша жиынтық бағаның орташа арифметикалық мәні арқалы қойылады.
Қосымша жиынтық бағалау жаңа оқу жылының басына дейін өткізіледі.
Қосымша жиынтық бағалаудан "2" деген баға алған жағдайда, білім алушы сол сыныпта оқуға орнында қалдырылады.";
57-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"57. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларға және жеке оқу бағдарламасы бойынша оқитын білім алушыларға қорытынды аттесттау өткізу қажеттілігі туралы мәселені білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес педагогикалық кеңес шешеді.
Арнайы білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарындағы ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларға арналған қорытынды аттестаттаудың емтихан материалдарын аудандық, қалалық білім бөлімдері немесе білім басқармасы әзірлейді.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Техникалық және кәсіптік, орта оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгілік қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары оқу орындарында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгілік қағидаларында:
38-тармақ алып тасталсын;
3-қосымша алып тасталсын.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті (Н.Ж. Оспанова) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электронды түрдегі көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды;
5) осы бұйрықты облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А.Қ. Аймағамбетовке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі |
Е. Сағадиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
______________Ө. Шөкеев
2018 жылғы "____" _________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрі
______________А. Мұхамедиұлы
2018 жылғы "____" _________
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 14 маусымдағы № 272 бұйрығына қосымша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген |
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгі қағидалары
1. Негізгі ережелер
1. Осы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгі қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 19) тармақшасына сәйкес әзірленген және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай анықтаулар пайдаланылған:
1) білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау – бұл оқытушының пәнді және (немесе) модульді оқыту бағдарламасына сәйкес ағымдағы сабақ барысында өткізген білім алушылардың білімін жүйелі тексеруі;
2) білім алушыларды аралық аттестаттау - білім алушының бір оқу пәнін оны зерделеп бітіргеннен кейін бір бөлігінің немесе бүкіл көлемінің мазмұнын меңгеруінің сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім;
3) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндерінің көлемін олардың меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;
4) қорытынды аттестаттау комиссиясы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілеріне қорытынды аттестаттау өткізу үшін құрылатын алқалы орган;
5) біліктілік комиссиясы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушыларына бір біліктілік шеңберінде кәсіптік модульді игеру қорытындысы бойынша жұмысты біліктілігін беру рәсімін өткізу үшін құрылатын алқалы орган.
2. Білім алушыларды ағымдағы бақылаудан және аралық аттестаттаудан өткізу
3. Ағымдағы бақылау пәндер және (немесе) модульдер бойынша практикалық және семинарлық сабақтар жоқ болған жағдайда оқытушының оқу бағдарламасында көзделген міндетті бақылау жұмыстарын (жазбаша тапсырмалар, рефераттар) тексеруі арқылы жүзеге асырылады.
Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғалардың пәндер және (немесе) модульдер бойынша үлгеріміне ағымдағы бақылау психофизикалық даму ерекшеліктері ескеріле отырып жеке тапсырмалар бойынша өткізіледі.
4. Оқу жоспарына сәйкес оқыту дәрістік курспен шектелетін пәндер және (немесе) модульдер бойынша міндетті бақылау жұмыстары болмаған жағдайда, үлгерімді ағымдағы бақылау жүзеге асырылмайды. Пәндердің және (немесе) модульдердің тізбесін білім беру ұйымдарының алқалы органы айқындайды.
5. Білім алушыларды аралық аттестаттаудан өткізу пәндерінің және (немесе) модульдерінің тізбесі мен нысанын жұмыс оқу жоспарларына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары белгілейді және оқу жылының басында оқу-тәрбие процесінің кестесіне енгізіледі.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша аралық аттестаттау: тіл бойынша, әдебиет бойынша, Қазақстан тарихы бойынша, математика бойынша (физика және химия бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының таңдауы бойынша) емтихандар өткізуді көздейді.
Білім алушыларға жұмыс біліктілігін беру бойынша аралық аттестаттау өткізу үшін білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен біліктілік комиссиясы құрылады.
6. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды аралық аттестаттау оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес курстық жобаларды (жұмыстарды) қорғау, практика бойынша есептер, сынақтар және емтихандар нысанында жүзеге асырылады, бұл ретте сынақтар мен курстық жобаларды (жұмыстарды) қорғау емтихандар басталғанға дейін өткізіледі.
Курстық жобалар (жұмыстар) аталған пән және (немесе) модуль бойынша курстық жобаны (жұмысты) орындау үшін жеткілікті білімді меңгеруді қамтамасыз ететін пәннің және (немесе) модульдің теориялық бөлімі немесе тарауы аяқталғаннан кейін орындалады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғаларды аралық аттестаттау емтихандар және/немесе сынақтар нысанында өткізіледі.
7. Егер ағымдағы семестрдің оқу жоспарында аталған пән және (немесе) модуль бойынша емтихан немесе қорытынды сынақ түрінде аралық аттестаттау қарастырылмаса, сынақтар келесі семестрге ауысқан пәндер және (немесе) модульдер бойынша өткізіледі.
Сараланған бағалармен ("үздік", "жақсы", "қанағаттанарлық" және "қанағаттанарлықсыз") өткізілетін сынақтар курстық жобалар (жұмыстар), кәсіптік практика бойынша, сондай-ақ тізбесі оқу жұмыс жоспарына сәйкес айқындалатын арнайы пәндер және (немесе) модульдер бойынша жүргізіледі.
8. Білім алушыларды аралық аттестаттау материалдары әрбір оқу пәнінің және (немесе) модульдің оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларының негізінде жасалады.
9. Білім алушыларды аралық аттестаттауға даярлау кезеңінде консультацияға бөлінген жалпы бюджет уақыты есебінен консультация өткізіледі.
10. Білім алушыларды емтихан нысанында аралық аттестаттаудан өткізу үшін:
1) емтихан билеттері (емтихандық бақылау тапсырмалары), тест тапсырмалары, ситуациялық тапсырмалар;
2) емтихан кезінде пайдалануға рұқсат берілген көрнекі құралдар, анықтама сипатындағы материалдар, нормативтік құжаттар мен техника үлгілері;
3) оқу және технологогиялық карталар;
4) спорт залдары, жабдықтар, мүкәммалдар;
5) емтихан ведомосы дайын болуы қажет.
11. Аралық аттестаттауды (емтихандар мен сынақтарды қабылдау) оқытушы және (немесе) аталған пән және (немесе) модуль бойынша семестр бойы сабақ берген оқытушылар не білім беру ұйымы басшысының тапсырмасы бойынша осы пәннің және (немесе) модульдің бейініне сәйкес келетін біліктілігі бар оқытушы жүзеге асырады.
12. Аралық аттестаттауға әрбір пән және (немесе) модуль бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес барлық практикалық, зертханалық, есептік-графикалық және курстық жұмыстарды (жобаларды), сынақтарды толық орындаған және ағымдағы білім есебінің қорытындысы бойынша қанағаттанарлықсыз бағасы жоқ білім алушылар жіберіледі.
Емтиханға 1-2 пәннен және (немесе) модульден қанағаттанарлықсыз бағасы бар білім алушы білім беру ұйымы басшысының рұқсатымен, ал екеуден көп қанағаттанарлықсыз бағасы болса, педагогикалық кеңестің шешімімен жіберіледі.
13. Аралық аттестаттауды өткізу кезінде емтихан билеттері бойынша тапсырмаларды орындау үшін:
әрбір білім алушыға ауызша емтиханға 25 (жиырма бес) минуттан көп емес;
жазбаша емтиханды өткізуге:
1) әдебиет (шығарма) бойынша 6 астрономиялық сағаттан;
2) математика және арнайы пәндер және (немесе) модульдер бойынша 4 академиялық сағаттан;
3) мемлекеттік тіл және орыс тілі (мазмұндама) бойынша 3 астрономиялық сағаттан;
4) мемлекеттік тіл және орыс тілі бойынша (диктант) 2 астрономиялық сағаттан көп емес уақыт бөлінеді.
Жазбаша емтихан жұмыстары (тест тапсырмалары) білім беру ұйымының мөртабаны қойылған қағаздарда орындалады.
14. Тыңдауға, оқу жұмыстарын қарауға, спорт көріністеріне байланысты арнайы пәндер, модульдер бойынша емтихандарды тиісті әдістемелік пәндік және циклдық комиссиялардың, кафедралардың, бөлімдердің оқытушылары қабылдайды. Оларды өткізу үшін нақты жұмсалатын, бірақ бір оқушыға бір академиялық сағаттан аспайтын уақыт қарастырылады.
15. Аралық аттестаттауды (емтихандар мен сынақтарды) өткізу кезінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы басшысының рұқсатынсыз (оқу ісі, әдістемелік жұмыстар жөніндегі басшының орынбасарынан, бөлім меңгерушісі мен пәндік-циклдік комиссияның төрағасынан (төрайымынан) басқа) бөгде адамдардың қатысуына болмайды.
16. Сырқаттануына байланысты немесе басқа да дәлелді себептермен аралық аттестаттаудан өтпеген білім алушыларға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім білім беретін оқу орнының басшысы оны тапсыруға жеке мерзімді білім беру ұйымдарының бекітілген бұйрығымен белгілейді.
17. Емтихан тапсыру, сондай-ақ курстық жобаларды қорғау кезіндегі білім алушылардың білімін бағалау цифрлық бес балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады: (5 - "өте жақсы", 4 - "жақсы", 3 - "қанағаттанарлық", 2 - "қанағаттанарлықсыз").
18. "Қанағаттанарлықсыз" (сынақтан өткен жоқ) деген баға алған жағдайда емтиханды қайта тапсыруға бір пән және (немесе) модуль бойынша бір реттен артық рұқсат етілмейді.
Емтиханды (сынақты) қайта тапсыруға пәнді жүргізетін оқытушыға, модуль щеңберінде оқытушыларға белгіленген мерзімде бөлім меңгерушісі жазбаша түрде рұқсат берген жағдайда жіберіледі (немесе сабақ беретін оқытушы болмаған жағдайда, осы пәннің (модульдің) бейініне сәйкес біліктілігі бар басқа оқытушыға тапсыруға болады).
19. Аралық аттестаттау нәтижелері бойынша үшеуден артық қанағаттанарлықсыз деген баға алған білім алушылар педагогикалық кеңестің шешімі бойынша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен оған белгіленген үлгіде анықтама беріліп, білім беру ұйымынан шығарылады.
20. Белгіленген курстағы оқу жоспарының талаптарын толықтай орындаған, аралық аттестаттаудың барлық сынақтары мен емтихандарын табысты тапсырған білім алушылар келесі курсқа техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен көшіріледі.
21. Аралық аттестаттауға шығарылмайтын пәндер, модульдер бойынша қорытынды бағаларды оқытушылар курс аяқталған соң үлгерімді ағымдағы бақылау бағаларының негізінде қояды.
22. Ағымдағы семестрдің пәндері және (немесе) модульдері бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес зертханалық, практикалық, есептік-графикалық және курстық жұмыстарды (жобаларды), сынақтарды "өте жақсы" деген бағаға тапсырған үздік білім алушыларға ағымдағы оқу сабақтарынан қол үзбей, мерзімінен бұрын аралық аттестаттаудың емтихандарын тапсыруға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен рұқсат беріледі.
3. Білім алушыларға қорытынды аттестаттауды өткізу
23. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттау жалпы кәсіби және арнайы пәндер және (немесе) модульдер бойынша қорытынды емтихандар тапсыруды немесе арнайы пәндердің және (немесе) модульдердің бірінде қорытынды емтихан тапсыру арқылы диплом жобасын (жұмысын) орындау мен қорғауды қамтиды.
24. Білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттауды өткізу үшін білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен қорытынды аттестаттау комиссиясы құрылады.
Қорытынды аттестаттау комиссиясының құрамы дауыс беру құқығынсыз хатшыны қоса алғанда кәсіпорындардың білікті мамандарынан, арнайы пәндер оқытушыларынан, өндiрiстiк оқыту шеберлерiнен және оқу орнын басқарудың алқалы органдары өкілдерінен, яғни жұмыс берушілер өкілдерінен 65% және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының өкілдерінен 35% арақатынасында құрылады.
25. Комиссия қорытынды аттестаттауды өткізу кезеңінде қорытынды аттестаттауды өткізуге бір ай қалғанда құрылады.
26. Комиссия:
1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларында белгіленген білім алушылардың теориялық және практикалық даярлық деңгейінің сәйкестігін;
2) білім алушылардың өндірістік оқыту, жалпы кәсіптік және арнайы пәндер және (немесе) кәсіптік модульдер бойынша нақты білім, іскерлік деңгейін және практикалық дағдыларын, кәсіптер (мамандықтар) бойынша оқу бағдарламалары мен біліктілік сипаттамаларының талаптарына сәйкестігін айқындайды.
27. Комиссия отырыстарының ұзақтығы күніне 6 сағаттан аспауы қажет.
28. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қорытынды аттестаттау оқу процесінің кестесінде көрсетілген мерзімде және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарымен белгіленген оқу жұмыс жоспарларының нысандары бойынша өткізіледі.
29. Комиссияға мынадай материалдар мен құжаттар ұсынылады:
1) мамандық бойынша оқу жұмыс жоспары;
2) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы басшысының білім алушыларды қорытынды аттестаттауға жіберу туралы бұйрығы;
3) білім алушылардың қорытынды бағаларының жиынтық ведомосы;
4) оқу бағдарламасына сәйкес қорытынды емтиханға енгізілген емтихан билеттерінің жиынтығы мен сұрақтар тізбесі;
5) білім алушының денсаулық жағдайына байланысты қорытынды аттестаттау мерзімін жылжытуға құқығын растайтын құжаттар.
30. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттау жалпы кәсіби және арнайы пәндер және (немесе) модульдер бойынша қорытынды емтихандар тапсыру немесе арнайы пәндердің және (немесе) модульдердің бірінде қорытынды емтихан тапсыру арқылы диплом жобасын (жұмысын) орындау мен қорғау нысанында өткізіледі.
Пәндер және (немесе) модульдер бойынша қорытынды емтихандар оқу бағдарламаларына сәйкес: бірнеше арнайы пәндер және (немесе) кәсіптік модульдер бойынша сұрақтарды қамтитын ауызша, жазбаша, кешенді емтихан нысандарында өткізіледі.
Диплом жобасын (жұмысын) қорғау қорытынды аттестаттау өткізу жөніндегі комиссияның ашық отырысында кемінде 2/3 мүшелерінің қатысуымен өткізіледі. Бір диплом жобасын (жұмысын) қорғау ұзақтығы бір білім алушыға 30 (отыз) минуттан аспауы тиіс. Диплом жобасын қорғау үшін білім алушы ұзақтығы 10 (он) минуттан аспайтын баяндама жасайды. Диплом жобасын (жұмысын) қорғаудың нәтижесі өткізілген күні жарияланады.
Ауызша қорытынды емтиханның ұзақтығы бір білім алушыға 15 (он бес) минуттан аспауы тиіс.
Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғаларды қорытынды аттестаттау өндірістік оқыту бойынша практикалық жұмысты тапсыру нысанында орындалатын іс-әрекеттерді түсіндіре отырып, басшының міндетті түрде қатысуымен өткізіледі. Практикалық жұмысты қорғау үшін білім алушы жұмыстың орындалу кезеңдері туралы ұзақтығы 15 (он бес) минуттан аспайтын баяндама жасайды.
31. Диплом жобасын қорғау немесе қорытынды емтихан тапсыру кезінде "қанағаттанарлықсыз" деген баға алған тұлғаларға қорытынды аттестаттау комиссиясы қорытынды аттестаттауды қайта тапсыруға рұқсат беру туралы шешім шығарады және оның мерзімін белгілейді. Қорытынды емтиханды қайта тапсыру "қанағаттанарлықсыз" деген баға алған пән және (немесе) модуль бойынша ғана жүргізіледі.
Комиссия білім алушыға комиссия белгілеген бұрынғы жұмысын қайта қорғауға немесе жаңа тақырып әзірлеуді ұсынады.
32. Диплом жобасын қайта қорғаудан немесе қорытынды емтихан тапсыру кезінде "қанағаттанарлықсыз" деген баға алған білім алушыға мамандығы (кәсібі) бойынша оқу курсын толық аяқтағандығы туралы белгіленген үлгідегі анықтама беріледі.
33. Тиісті құжаттармен дәлелденген, себепті жағдайлармен дипломдық жобаны (жұмысты) қорғауға және қорытынды емтиханды тапсыруға келмеген білім алушылар белгіленген мерзімде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары басшысының бұйрығы бойынша қорытынды аттестаттаудан өтуге жіберіледі.
34. Қорытынды аттестаттау комиссиясының отырысы тиісті хаттамамен ресімделеді, оған комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды.
35. Емтиханды оқу жоспарындағы барлық пәндердің және (немесе) модульдердің кемінде 75 пайызын "өте жақсы" деген бағамен, ал қалған пәндерді бойынша – "жақсы" деген бағамен тапсырған және дипломдық жобаны (жұмысты) "өте жақсы" деген бағамен қорғаған білім алушыға үздік диплом беріледі.
36. Біліктілік деңгейін көрсете отырып диплом беру туралы шешім пәндер және (немесе) модульдер бойынша қорытынды емтихандар және (немесе) дипломдық жобаларды (жұмыстарды) қорғау нәтижелері негізінде қабылданады.
37. Комиссияның төрағасы екі апталық мерзімде аттестаттау аяқталысымен аттестаттау қорытындысы туралы есеп дайындайды.
38. Комиссия төрағасының есебінде: білім алушылардың аталған мамандық (кәсіп) бойынша даярлық деңгейі; білім алушылардың емтиханда анықталған біліміне сипаттама; пәндердің және (немесе) модульдердің жекелеген сұрақтары бойынша білім алушылардың даярлығында кездесетін кемшіліктер; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру кәсіптері (мамандықтары) бойынша білікті кадрлар даярлауды одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар көрсетіледі.
39. Комиссия төрағасы педагогикалық кеңеске комиссия жұмысының қорытындылары туралы баяндайды.