Жер комиссиясы туралы үлгі ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 27 тамыздағы № 359 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 21 қыркүйекте № 17400 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 2-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.12.2021 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Жер комиссиясы туралы үлгі ереже осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заннамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
Ө. Шөкеев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің 2018 жылғы
27 тамыздағы № 359 бұйрығымен бекітілген

Жер комиссиясы туралы үлгі ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер комиссиясы туралы үлгі ереже (бұдан әрі – Үлгі ереже) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 14-бабы 1-тармағының 2-3) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.12.2021 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Жер комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың аумағында құзыреті шегінде тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Комиссия өзінің жұмысын ашықтық, жариялылық, алқалылық және әділдік қағидаттарында ұйымдастырады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттейтін нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

2-тарау. Комиссияның функциялары мен құқықтары

      4. Комиссияның функциялары жер учаскелеріне құқықтар беру туралы (шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурс жеңімпазын айқындау туралы), жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы өтініштерді (өтінімдерді) қарау және қорытындылар дайындау болып табылады.

      5. Комиссия өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан жер учаскесінің бары немесе жоғы туралы, жер учаскесіне ауыртпалық туралы, заңды тұлғалардың жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі бары немесе жоғы туралы, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің пайдаланылу режимі туралы мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы.

3-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.

      7. Комиссия құрамы Кодекстің 43-бабына сәйкес айқындалады.

      8. Комиссия төрағасы облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан, облыстық маңызы бар қала әкімінің жер мәселеріне жетекшілік ететін орынбасары болып табылады.

      9. Төраға Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және осы Үлгі ережеде Комиссияға жүктелген міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

      10. Комиссия төрағасы:

      1) отырысты шақырады;

      2) Комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      3) Комиссияның жұмысын жоспарлайды;

      4) Комиссия отырыстарына төрағалық етеді.

      11. Комиссия мүшелері:

      1) ұсынылған материалдармен танысады;

      2) Комиссия отырысында қаралуы тиіс мәселелерді қарайды және тиісті шешім шығаруға қатысады;

      3) отырыстарға қатысу жөніндегі өз өкілеттігін басқа адамға бермейді.

      12. Комиссия хатшысы:

      1) Комиссия отырысының күн тәртібін жасайды;

      2) Комиссия мүшелеріне Комисия отырысының өтетін күні мен орны туралы хабарлайды;

      3) отырысты өткізуге қажетті материалдарды дайындауды жүзеге асырады, комиссия отырысының хаттамасын және комиссия отырысының қорытындысын ресімдейді;

      4) Комиссия мүшесі болып табылмайды.

      13. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары саласындағы тиісті уәкілетті органы Комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады.

      Комиссия хатшысының міндеттері Жұмыс органының маманына жүктеледі.

      14. Отырыстың күн тәртібін, сондай-ақ өткізілетін күнін, уақыты мен орнын Комиссия төрағасы айқындайды.

      15. Комиссияның кезекті отырысының күн тәртібін қалыптастыруды, Комиссия мүшелерін шақыруды, Комиссия қорытындыларының жобаларын және басқа да қажетті іс-шараларды Жұмыс орган қамтамасыз етеді.

      16. Комиссия отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Бұл ретте қатысатын қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны қатысып отырған жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының кемінде елу пайызын құрауы тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысады.

      Комиссия мүшесі, егер шешім қабылданған адам оның жұбайы (зайыбы), жақын туысы (ата-анасы, баласы, бала асырап алушы, асырап алынған баласы, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інісі мен апа-сіңлісі (қарындасы), атасы, әжесі, немересі) немесе жекжаты (жұбайының (зайыбының) асырап алған баласы, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інісі мен апа-сіңлісі (қарындасы), ата-анасы және баласы) болса, Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселені қарау кезінде өздігінен бас тартатынын мәлімдейді.

      Өздігінен бас тарту Комиссия отырысы басталғанға дейін жазбаша түрде мәлімденуі тиіс.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.12.2021 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысушы жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе шешім қабылданды деп саналады.

      18. Комиссия отырысы міндетті түрде аудио, бейнежазба құралдарының көмегімен жазылады. Жер комиссиясының отырысын аудио, бейнежазба құралдарының көмегімен жазуды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.

      19. Комиссияның қорытындысы Жұмыс органы Комиссияға сұралған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуді немесе жер учаскесін алдын ала таңдауды қамтамасыз етуге сәйкес (елді мекен шекарасында объектілер құрылысын қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде) мәлімделген нысаналы мақсатқа сәйкес пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс енгізген сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде үш данада хаттамалық шешім түрінде ресімделеді.

      Жұмыс органы ай сайын Комиссияның хаттамалық шешімдерін өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.12.2021 № 360 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.

      20. Комиссия қорытындысының бір данасы қол қойылған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге (оның өкіліне) мына тәсілдердің бірі арқылы беріледі (жіберіледі):

      қолма-қол;

      табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтілімі нысанында;

      электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған электрондық құжатпен;

      өтініш берушінің электрондық почта мекенжайы бойынша табыс етіледі (жіберіледі).

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.12.2021 № 360 (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      21. Өтінім беруші Комиссияның хаттамалық шешімін алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануы мүмкін.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.12.2021 № 360 (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Сотқа арыз берілгенде Комиссияның хаттамалық шешімінің орындалуы тоқтатылады.

      22. Комиссия қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету тиісті әкімнің аппаратына жүктеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады