"Жер комиссиясы туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 27 тамыздағы № 359 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 6 желтоқсандағы № 360 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 9 желтоқсанда № 25682 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жер комиссиясы туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 27 тамыздағы № 359 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17400 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 2-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жер комиссиясы туралы үлгі ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Жер комиссиясы туралы үлгі ереже (бұдан әрі – Үлгі ереже) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 14-бабы 1-тармағының 2-3) тармақшасына сәйкес әзірленді.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Комиссия отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Бұл ретте қатысатын қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны қатысып отырған жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының кемінде елу пайызын құрауы тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысады.

      Комиссия мүшесі, егер шешім қабылданған адам оның жұбайы (зайыбы), жақын туысы (ата-анасы, баласы, бала асырап алушы, асырап алынған баласы, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інісі мен апа-сіңлісі (қарындасы), атасы, әжесі, немересі) немесе жекжаты (жұбайының (зайыбының) асырап алған баласы, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інісі мен апа-сіңлісі (қарындасы), ата-анасы және баласы) болса, Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселені қарау кезінде өздігінен бас тартатынын мәлімдейді.

      Өздігінен бас тарту Комиссия отырысы басталғанға дейін жазбаша түрде мәлімденуі тиіс.";

      19, 20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Комиссияның қорытындысы Жұмыс органы Комиссияға сұралған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуді немесе жер учаскесін алдын ала таңдауды қамтамасыз етуге сәйкес (елді мекен шекарасында объектілер құрылысын қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде) мәлімделген нысаналы мақсатқа сәйкес пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс енгізген сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде үш данада хаттамалық шешім түрінде ресімделеді.

      Жұмыс органы ай сайын Комиссияның хаттамалық шешімдерін өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

      20. Комиссия қорытындысының бір данасы қол қойылған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге (оның өкіліне) мына тәсілдердің бірі арқылы беріледі (жіберіледі):

      қолма-қол;

      табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтілімі нысанында;

      электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған электрондық құжатпен;

      өтініш берушінің электрондық почта мекенжайы бойынша табыс етіледі (жіберіледі).

      21. Өтінім беруші Комиссияның хаттамалық шешімін алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануы мүмкін.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
Е. Карашукеев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады