Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2018 жылғы 12 қазандағы № 568 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 15 қазанда № 17550 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 14.04.2021 № 164 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 2-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 14.04.2021 № 164 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Ә.Ж. Тойбаев) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электронды көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялау үшін оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Респуликасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделеген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А. Аймағамбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушы
Б. Асылова

  Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 12 қазандағы
№ 568 бұйрығымен
бекітілген

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидалары

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 14.04.2021 № 164 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы қағидалар "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 2-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу тәртібін реттейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғым пайдаланылады:

      Мемлекеттік білім беру тапсырысы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім беру, экономиканың қажеттілігін қамтамасыз ету, білікті жұмыс күші мен қоғамның зияткерлік әлеуетін толықтыру үшін кадрларды даярлау, білікті қызметкерлер мен мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бойынша, сондай-ақ білім беру жүйесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша мемлекет қаржыландыратын қызмет көрсетулер көлемі.

2-тарау. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу тәртібі

      3. Жоғарғы және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 28 маусымдағы № 562 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14123 болып тіркелген) бекітілген Жұмыс күшіне болжамды қажеттіліктерді айқындау әдістемесінің негізінде жасалған ел экономикасының салалары үшін кадрларға деген қажеттілікті келесі үш жылға арналған қысқа мерзімді болжамды ұсынады.

      4. Білім беру саласындағы уәкілетті орган жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ұсынған кадрларға деген қажеттіліктің қысқа мерзімді болжамының негізінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының жобасын қалыптастырады.

      Жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы дайындық бағыты бойынша, ал жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау дайындық деңгейлері бойынша қалыптастырылады.

      5. Мемлекеттік білім беру тапсырмасын бөлу үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) қалыптастырады.

      Комиссия құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жұмыс берушілер қауымдастығы, азаматтық қоғам институттары кіреді. Комиссия мүшелерінің саны тақ болады.

      Комиссия мүшелері арасынан көпшілік дауыспен Комиссия төрағасы, оның орынбасары және хатшы тағайындалады.

      6. Білім беру саласындағы уәкілетті орган Комиссияның шешіміне сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын білім беру бағдарламаларының тиісті топтары бойынша бөлуді жүзеге асырады.

      7. Мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 264 қаулысымен бекітілген азаматтардың жекелеген санаттары үшін жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың әрбір бағыты бойынша квоталар қарастырылады.

      8. Халықаралық келісімдерді іске асыру үшін білім беру гранттарын және мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу көзделеді.

3-тарау. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу тәртібі.

      Ескерту. Қағида 3-тараумен толықтырылды - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 14.04.2021 № 164 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беруді басқару органдары техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) құрады.

      Комиссия мүшелері тақ саннан, кемінде жеті адамнан тұрады.

      Комиссияның құрамы өкілді және жергілікті атқарушы органдардың, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлік субъектілерінің, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұрады.

      Комиссияның құрамы облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімінің өкімімен бекітіледі.

      Комиссияның қызметін Комиссия төрағасы басқарады, ол болмаған жағдайда оның міндетін төрағаның орынбасары атқарады.

      Комиссия хатшысының функцияларын Комиссияның мүшесі болып табылмайтын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беруді басқару органының маманы орындайды.

      10. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган күнтізбелік жылдың 20 сәуіріне дейін Комиссияның қарауына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 154 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18445 болып тіркелген) бекітілген Еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру және оның нәтижелерін пайдалану қағидаларының негізінде жасалған ел экономикасының салалары үшін кадрларға деген қажеттіліктің, кәсіптер бөлінісінде еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен құзыреттіліктерді ескере отырып, өңірлік еңбек нарығы қажеттілігінің бес жылға арналған орта мерзімді болжамын ұсынады.

      11. Жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері, өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беруді басқару органының сұрауы бойынша күнтізбелік жылдың 20 сәуіріне дейін Комиссияның қарауына экономика салаларының еңбек нарығындағы қажеттіліктеріне сәйкес кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу үшін ұсыныстар жолдайды.

      12. Комиссия халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган ұсынған кадрларға деген қажеттілік болжамы, жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінің, өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары негізінде күнтізбелік 14 күн ішінде сұранысқа ие кәсіптер бөлінісінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының жобасын қалыптастырады.

      13. Комиссияның шешімі Комиссия отырысына қатысушылардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

      Комиссияның отырысы Комиссия басшысын қоса алғанда, Комиссия мүшелерінің жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болып есептеледі.

      Комиссияның шешімі еркін нысандағы хаттамамен ресімделеді.

      14. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға қалыптастырылған мемлекеттік білім беру тапсырысы сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 500 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17564 болып тіркелген) бекітілген Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына сәйкес мамандықтар мен орындар саны бойынша бөлінеді.

      15. Қалыптастырылған және бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысы күнтізбелік жылдың 30 мамырынан кешіктірілмей жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес мамандықтар тізбесін, орындар санын және бір маманды даярлау құнын көрсете отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына жіберіледі.

      16. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім беруді басқару органдары орта білім беру ұйымдарының 9,11-сыныптарының білім алушыларын, оқумен қамтылмаған өткен жылдардың түлектерін мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының көзделген орындарының саны туралы ақпараттан хабардар етеді, оның ішінде ақпараттық жүйелер және/немесе білім беру порталдары арқылы хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады