"Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 12 қазандағы № 568 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2021 жылғы 14 сәуірдегі № 164 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 15 сәуірде № 22545 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 12 қазандағы № 568 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17550 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 26 қазанда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидаларында:

      тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу қағидалары";

      мынадай мазмұндағы 3-тараумен толықтырылсын:

      "3-тарау. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу тәртібі.";

      9. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беруді басқару органдары техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) құрады.

      Комиссия мүшелері тақ саннан, кемінде жеті адамнан тұрады.

      Комиссияның құрамы өкілді және жергілікті атқарушы органдардың, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлік субъектілерінің, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұрады.

      Комиссияның құрамы облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімінің өкімімен бекітіледі.

      Комиссияның қызметін Комиссия төрағасы басқарады, ол болмаған жағдайда оның міндетін төрағаның орынбасары атқарады.

      Комиссия хатшысының функцияларын Комиссияның мүшесі болып табылмайтын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беруді басқару органының маманы орындайды.

      10. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган күнтізбелік жылдың 20 сәуіріне дейін Комиссияның қарауына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 154 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18445 болып тіркелген) бекітілген Еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру және оның нәтижелерін пайдалану қағидаларының негізінде жасалған ел экономикасының салалары үшін кадрларға деген қажеттіліктің, кәсіптер бөлінісінде еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен құзыреттіліктерді ескере отырып, өңірлік еңбек нарығы қажеттілігінің бес жылға арналған орта мерзімді болжамын ұсынады.

      11. Жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері, өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беруді басқару органының сұрауы бойынша күнтізбелік жылдың 20 сәуіріне дейін Комиссияның қарауына экономика салаларының еңбек нарығындағы қажеттіліктеріне сәйкес кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу үшін ұсыныстар жолдайды.

      12. Комиссия халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган ұсынған кадрларға деген қажеттілік болжамы, жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінің, өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары негізінде күнтізбелік 14 күн ішінде сұранысқа ие кәсіптер бөлінісінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының жобасын қалыптастырады.

      13. Комиссияның шешімі Комиссия отырысына қатысушылардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

      Комиссияның отырысы Комиссия басшысын қоса алғанда, Комиссия мүшелерінің жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болып есептеледі.

      Комиссияның шешімі еркін нысандағы хаттамамен ресімделеді.

      14. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға қалыптастырылған мемлекеттік білім беру тапсырысы сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 500 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17564 болып тіркелген) бекітілген Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына сәйкес мамандықтар мен орындар саны бойынша бөлінеді.

      15. Қалыптастырылған және бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысы күнтізбелік жылдың 30 мамырынан кешіктірілмей жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес мамандықтар тізбесін, орындар санын және бір маманды даярлау құнын көрсете отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына жіберіледі.

      16. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім беруді басқару органдары орта білім беру ұйымдарының 9,11-сыныптарының білім алушыларын, оқумен қамтылмаған өткен жылдардың түлектерін мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының көзделген орындарының саны туралы ақпараттан хабардар етеді, оның ішінде ақпараттық жүйелер және/немесе білім беру порталдары арқылы хабардар етеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің м.а.
Ш. Каринова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады