Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 09.01.2024 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 38-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Формальды емес білім беретін ұйымдарды тану және формальды емес білім беретін, танылған ұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А.Қ. Аймағамбетовке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі |
Е. Сағадиев |
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 4 қазандағы № 537 бұйрығымен бекітілген |
Формальды емес білім беретін ұйымдарды тану және формальды емес білім беретін, танылған ұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 38-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және формальды емес білім беретін ұйымдарды тану және формальды емес білім беретін, танылған ұйымдардың тізбесін қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) ересектерге формальды емес білім беру – оқыту орны, мерзімі және нысаны ескерілмей білім беру қызметтерін көрсететін білім беру ұйымдары жүзеге асыратын білім беру түрі және ол оқыту нәтижелерін растайтын құжат берумен бірге жүргізіледі;
2) формальды емес білім беретін, танылған ұйымдардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) – білім беру саласындағы уәкілетті орган қалыптастырған меншік нысанына қарамастан формальды емес білім беретін қазақстандық және шетелдік ұйымдардың тізбесі;
3) формальды емес білім беретін ұйымдарды тану – формальды емес білім бойынша білім беру қызметтерін көрсететін ұйымдардың өкілеттіктерін растау рәсімі.
2-тарау. Формальды емес білім беретін ұйымдарды тану және формальды емес білім беретін, танылған ұйымдардың тізбесін қалыптастыру тәртібі
3. Формальды емес білім беретін ұйымдарды тану және Тізбесін қалыптастыру үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган Комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
4. Комиссия құрамы уәкілетті органдардың құрылымдылық бөлімшелерінің басшылары және тәуелсіз сарапшылар кіретін тақ саннан тұрады.
5. Комиссия мүшелерінің ішінен көпшілік дауыс беру арқылы комиссияның қызметін басқаратын комиссия төрағасы сайланады, ол болмаған жағдайда оның міндетін төрағаның орынбасары атқарады.
Комиссия хатшысының функцияларын комиссияның мүшесі болып табылмайтын білім беру саласындағы уәкілетті органның маманы орындайды.
6. Комиссияның шешімі комиссия отырысына қатысушылардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.
7. Комиссияның шешімі еркін нысандағы хаттамамен ресімделеді.
8. Формальды емес білім беретін ұйымдарды тану кезінде олар мынадай өлшемшарттарға сәйкес келеді:
1) білім беру қызметтерін көрсету;
2) білім беру қызметтерін ұсыну бойынша міндеттемелерді орындау үшін қажетті материалдық-техникалық ресурстардың болуы;
3) білім беру қызметтерін ұсыну бойынша міндеттемелерді орындау үшін қажетті білікті мамандардың болуы.
9. Формальды емес білім беретін ұйымдардың тізбесін қалыптастыру үшін ұйымдар мынадай құжаттарды ұсынады:
1) еркін нысандағы өтініш;
2) құрылтай құжаттарының нотариалды куәландырылған көшірмелері. Шет тілдерінде құжаттарды ұсынған кезде олардың нотариалды куәландырылған қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы;
3) меншікті немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі оқу аудиторияларының, сондай-ақ интернет желісіне қосылған компьютерлермен жабдықталған аудиториялардың болуын растайтын нотариалды куәландырылған құжаттар;
4) білім беру қызметтерін ұсыну туралы жеке тұлғалармен шарттардың болуы.
10. Осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес ұсынылатын құжаттарға ұйымның басшы не ұйымның заңды өкілі қол қояды.
11. Тану үшін ұйым ұсынған құжаттарды қараудың мерзімі осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген құжаттарды қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күнін құрайды.
12. Құжаттарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия:
ұйымды тану және Тізбеге енгізу;
бас тарту туралы шешім қабылдайды.
13. Уәкілетті орган ұйымды тану және комиссия хаттамасына сәйкес бес жыл мерзімге Тізбеге енгізу туралы шешім қабылдайды.
14. Тізбеде ұйымды тану әрбір бес жылда бір рет расталады.
15. Ұйым өкілеттіктерін растау үшін осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген құжаттарды білім беру саласындағы уәкілетті органға тану мерзімінің аяқталуына дейін күнтізбелік отыз күн бұрын ұсынады.
16. Ұйымды тану мерзімін ұзарту туралы не тану мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.
17. Формальды емес білім беретін ұйым қайта құрылу (қайта тіркелу) кезінде отыз жұмыс күні ішінде Қағидалардың 9-тармағында көзделген құжаттарды ұсына отырып, уәкілетті органды хабардар етеді.
18. Ұйым қызметін ерікті түрде тоқтату туралы еркін нысанда өтініш берген кезде Тізбеден шығарылады.
19. Ұйымды Тізбеден шығару білім беру саласындағы уәкілетті органның шешімімен жүзеге асады.
20. Тізбе ұйымның онлайн ресурсының реквизиттері, байланыс деректері және мекенжайы туралы ақпаратты қамтиды.
21. Тізбе білім беру саласындағы уәкілетті органның сайтында жарияланады және үнемі жаңартылып отырады.