"Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 5 қыркүйектегі № 689 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 677 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 24 қазанда № 17594 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 5 қыркүйектегі № 689 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8788 болып тіркелген, 2013 жылғы 5 желтоқсандағы "Егемен Қазақстан" газетінде № 268 (28207) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидаларында:

      4-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары арқылы дұрыс өтпеу – арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары арқылы автокөлік құралдарының тұтас таңбалау сызығын басып немесе қиып өтуі, қарсы қозғалыс жолағына шығып өтуі, жылдамдық режимін бұзып, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері оқылмайтын немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тіркеу нөмірлік белгілері жоқ көлік құралдарының жүріп өтуі, өлшеу аумағында тежеумен, үдеумен немесе тоқтап жүріп өтуі;";

      6-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-1. Автокөлік құралдарының салмақтық параметрлерін айқындаған кезде көліктік дерекқор мен тасымалдау қауіпсіздігі динамикасының мониторингі ақпараттық талдау жүйесі (бұдан әрі – КДҚ АТЖ) автокөлік құралы салмағының өлшенген мәнінен автоматты түрде шегеретін жол қаптауы конструкциясының типіне қарай өлшеу ауытқуы ескеріледі.

      Өлшеу ауытқуы қатты жол қаптауы болған кезде: автокөлік құралдарының салмағынан – 5%, автокөлік құралдарының дара білікке түскен жүктемесінен – 10%, жүк, мамандандырылған және арнаулы автомобильдің, өзі аударғыштың, автобустың, тіркемелердің немесе жартылай тіркемелердің біліктер саны үштен асатын сабақтас білікке, қосарланған және үштік біліктерге түскен жүктемесінен – 10% құрайды;

      Өлшеу ауытқуы қатты емес жол қаптауы болған кезде: автокөлік құралдарының салмағынан – 10%, автокөлік құралдарының дара білікке түскен жүктемесінен – 15%, жүк, мамандандырылған және арнаулы автомобильдің, өзі аударғыштың, автобустың, тіркемелердің немесе жартылай тіркемелердің біліктер саны үштен асатын сабақтас білікке, қосарланған және үштік біліктерге түскен жүктемесінен – 13% құрайды.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы мынадай функцияларды орындайды:

      1) жүріп өтетін автокөлік құралдарын тіркеу, кейін тиісті мәліметтерді КДҚ АТЖ-ге жіберу;

      2) автокөлік құралдарды түрі бойынша жіктеу;

      3) автокөлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін айырып тану;

      4) рұқсат етілген салмақтық немесе габариттік параметрлердің асуын анықтау;

      5) есептік деректерді қалыптастыру;

      6) деректерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің Ахуал орталығының (бұдан әрі – Ахуал орталығы) КДҚ АТЖ-ге жіберу;

      7) автокөлік құралдарының дұрыс өтпеуін айқындау.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралымен автомобиль жолдарында автокөліктік құралдарының қозғалысын бақылау және мониторинг мынадай тәртіппен жүзеге асады:

      1) автокөлік құралы арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы арқылы жүріп өтеді;

      2) нақты уақыт режимінде автокөлік құралының түрі анықталады, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі оқылады, салмақтық және (немесе) көлемдік өлшемдері анықталады, жүріп өтудің 4 данада сурет тіркелуі жүргізіледі (алдынан көрініс, бүйірден көрініс, алдынан және артынан мемлекеттік тіркеу нөмірі);

      3) аппараттық-бағдарламалық кешен қабылданған деректерді (сурет, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі, біліктер арасындағы қашықтық, доңғалақтардың еңкулігі, жалпы салмағы, білікке түсетін жүктемелер, көлемдік өлшемдері және т.б.) тіркеп, өңдейді;

      4) автокөлік құралдарының салмақтық габариттік параметрлерінің асуы анықталған кезде автокөлік құралы туралы фотобейне мен ақпарат бұзушылықтар туралы есепті қалыптастыру үшін КДҚ АТЖ-де сақталады;

      5) өлшеу нәтижелері бойынша жүргізушіні немесе тасымалдаушыны хабардар ету мақсатында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы орнатылған жерде визуалды шолу үшін қолжетімді жерде орналасқан ауыспалы ақпарат тақтасында (тақта болған жағдайда) автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі, біліктер бойынша асыру және жалпы салмағы туралы ақпарат көрсетіледі.

      Электронды тақтада көрсетілген рұқсат етілген салмақтық габариттік параметрлерінің асқандығы туралы ақпаратпен келіспеген жағдайда автокөлік құралын жүргізуші немесе тасымалдаушы жүру бағыты бойынша жақын көлік бақылау бекетінде ерікті түрде автокөлік құралын қайта өлшеуден өтеді;

      6) алыстан бақылаудың барлық функциялары Ахуал орталығына арнайы автоматтандырылған өлшеу құралының байланыс арналары арқылы түседі.".

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады