Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгертулер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 қазандағы № 939 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 14 қарашада № 17738 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның электрондық түрде қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынына жолдауды;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 23 қарашадағы
№ 939 бұйрығымен
бекітілді

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 14 ақпандағы № 188 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16464 болып тіркелген, 2018 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкінде жарияланған) бұйрығында:

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу қағидаларында:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеру) жүргізу туралы шешімді кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізуге уәкілетті құрылымдық бөлімшенің не мемлекеттік кірістер органдарының басшысы (ол болмаған жағдайда алмастыратын адам) кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізуге уәкілетті лауазымды адамның (бұдан әрі - уәкілетті лауазымды адам) қызметтік жазбасы негізінде қабылдайды, кедендік жете тексеруді (карап-тексеру) жүргізу үшін негіздеме болып табылатын тәуекелдермен басқару автоматтандырылған жүйесінің іске қосылған тәуекел бейіні, не жөнелтуші кеден органы инспекциялық тексеріп қарау кешенін (бұдан әрі - ИТК) қолдануымен жүргізген кедендік бақылаудың нәтижесі бойынша басып шығарылған рентген суреттерінің оң жақ бетіне қойылған "ИТК бақылауы күдікті" деген мөртаңбасы болғанда, және/немесе мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріне кедендік жете тексеруді жүргізуді қажет ететін мәліметтерді енгізетін жағдайларды қоспағанда.

      Кедендік жете тексеруді (қарап тексеру) жүргізу үшін:

      1) кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде:

      кедендік жете тексеру жүргізуді көздейтін автоматтандырылған тәуекелді басқару жүйесінде кездейсоқ іріктеу әдісі немесе тәуекел бейінінің іске қосылуы;

      жөнелтуші кеден органы ИТК қолдануымен жүргізген кедендік бақылаудың нәтиже бойынша басып шығарылған рентген суреттерінің оң жақ бетіне қойылған "ИТК бақылауы күдікті" деген мөртаңбасының болуы, және/немесе мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріне кедендік жете тексеруді жүргізуді қажет ететін мәліметтердің болуы;

      Еуразиялық экономикалық одағының (бұдан әрі - ЕАЭО) немесе кедендік мақсаттарда ақпаратпен алмасу туралы халықаралық келісімдер бар шетелдердің, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарынан ықтималды тәуекел (бағдарлар) туралы ақпараттардың болуы;

      "Еркін кедендік аймақ" және "Еркін қойма" кедендік рәсімдерін қоспағанда, ЕАЭО мен Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген мәлімделген кедендік рәсімдер шарттарына сәйкес кедендік тазарту кезінде тауарларды сәйкестендіру қажеттілігі;

      Кодекспен қарастырылған, уәкілетті лауазымды тұлғаға белгілі болған, ЕАЭО және Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасы талаптарының сақталмауы белгілерінің болуы;

      2) кедендік қарап тексеруді жүргізу кезінде:

      кедендік қарап тексеруді жүргізуді көздейтін автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесінде тәуекел бейінінің іске қосылуы немесе кездейсоқ іріктеу әдісі негіздеме болып табылады.".

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Кедендік тексеріп қарау жүргізу алдында уәкілетті лауазымды тұлға, егер бұл тұлғалар белгілі болса, декларантқа немесе тауарға қатысы өкілеттігі бар өзге тұлғаға кедендік тексеріп қарау жүргізілетін орны және уақыты туралы, хабарламаны алу фактісін растауға мүмкіндік беретін кез-келген тәсілмен хабардар етеді.

      Тәуекелді басқару жүйесінің тиісті ұсынымдар болған жағдайда, тәуекелдің алдын алу және (немесе) азайту бойынша шараларды (кедендік бақылауды) қолдану туралы хабарламаны басып шығарылады және беріледі..";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары кедендік тексеріп қарауды, оны толық аяқтау үшін жеткілікті, бірақ Кодекстің 193-бабына сәйкес тауарларды шығару мерзімін ұзарту және Кодекстің 231-бабына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтау үшін көзделген мерзімнен аспайтын мерзімде жүзеге асырады.";

      20-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      2) біркелкі таңбалармен, біркелкі орамдағы біртекті тауарларға (10 белгі дейіндегі Сыртқы экономикалық қызметінің тауарлар номенклатурасының (бұдан әрі - СЭҚТН) бір кодының тауарларына) қатысты кедендік тексеріп қарау барлық жүк орындарын санау жолымен жүргізіледі, бұл ретте кейін есептеу жолымен тауардың барлық партиясының санын және салмағын анықтай отырып, тауар орамының әрбір түрінің тек 1 (бір) данасын ашу, қайта санау және өлшеу жүргізіледі;";

      37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "37. ЕАЭО кедендік аумағына келетін орындарда тауарларға қатысты мемлекеттік кірістер органдары кедендік текресіп қарау жүргізілген, не оларға қатысты кедендік тексеріп қарауды ЕАЭО мүше мемлекетерінің кеден қызметтері жүргізген, бұл ретте кедендік тексеріп қарау актінде кедендік тексеріп қарауды жүргізудің көлемі және дәрежесі көрсетілмеген жағдайда, кедендік тексеріп қарау тек қана тәуекелдерді басқару жүйесінің тәуекел бейіні іске қосылған кезде осы Ереженің 20-тармағының 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларына сәйкес жүргізіледі.".

      2. "Тауарларды уақытша сақтау орындарына орналастыруды растау, мемлекеттік кірістер органдарының тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды тіркеуге және олардың тіркелгені туралы растаманы беруге байланысты кедендік операцияларды жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 215 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16473 болып тіркелген, 2018 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкінде жарияланған) бұйрығында:

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тауарларды уақытша сақтау орындарына орналастыруды растау қағидаларында:

      7-тармақтың 2-бөлігінің 5-абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "тауарларды және көлік құралдарын Кодекстің 170-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген өзге де уақытша сақтау орындарына орналастырған кезде, өзге де уақытша сақтау орны орналасқан теміржол учаскесі тауарға қатысты өкілеттіктерге ие адамның меншігі болып табылатындығын не көрсетілген адам жалға алу құқығында пайдаланатындығын растайтын құжаттың көшірмесі ұсынылады.".

      3. "Тауарлар мен көлік құралдарының келуі және кедендік транзитінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 216 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16535 болып тіркелген, 2018 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкінде жарияланған) бұйрығында:

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтамай тауарларды жеткізу орнын өзгерту қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Өтінішті және осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей межелі кеден органы Жеткізілу орнын өзгерту туралы шешімді қабылдайды.

      Шешім келіп түскен өтінішке мемлекеттік кірістер органы басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның тиісті қарарын қою арқылы ресімделеді.";

      Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін табыс етілетін құжаттарды беруді тіркеу қағидаларында көрсетілген бұйрықпен бекітілген:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Межелі кеден органының уәкілетті лауазымды тұлғасы (бұдан әрі - уәкілетті лауазымды тұлға) осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылған сәттен бастап бір сағат ішінде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін межелі кеден органына ұсынылатын Құжаттарды беруді тіркеу журналына (бұдан әрі - Тіркеу журналы) құжаттарды беруді тіркейді.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Егер осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттар межелі кеден органында тіркеу үшін қағаз тасымалдағышында ұсынылған жағдайда Тіркеу журналы бойынша тіркеу нөмірі, құжаттарды тіркеу күні мен уақытын уәкілетті лауазымды тұлға ұсынылған құжаттардың бірінші бетінде көрсетеді, уәкілетті лауазымды тұлғаның қолымен және жеке нөмірлі мөрінің бедерімен куәландырылады.

      Егер осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттар межелі кеден органында тіркеу үшін электронды құжат түрінде ұсынылған жағдайда Тіркеу журналы бойынша тіркеу нөмірі, құжаттарды тіркеу күні мен уақыты осындай құжаттарды ұсынған тұлғаның ақпараттық жүйесіне жолданады.";

      Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтаумен байланысты кедендік операцияларды жасау қағидаларында көрсетілген бұйрықпен бекітілген:

      4-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда межелі кеден органының уәкілетті лауазымды тұлғасы (бұдан әрі - уәкілетті лауазымды тұлға) жазбаша еркін нысанда не электронды құжатты қалыптастыру арқылы:";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды тексергеннен кейін уәкілетті лауазымды тұлға ЕЭК № 170 шешімінде белгіленген тәртіппен кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтайды.".

      3. "Кідіртілген тауарларды өткізу, пайдалану және жою, оларды тасымалдау (тасу), қайта тиеу (тиеу, түсіру), сақтау бойынша шығыстарды, кідіртілген тауарларды өткізуге дайындалуға және өткізумен байланысты өзге де шығыстарды өтеу, сондай-ақ оларды өткізуден алынған сомаларды қайтару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы № 248 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16529 болып тіркелген, 2018 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкінде жарияланған) бұйрығында:

      Кідіртілген тауарларды өткізу, пайдалану және жою, оларды тасымалдау (тасу), қайта тиеу (тиеу, түсіру), сақтау бойынша шығыстарды, кідіртілген тауарларды өткізуге дайындалуға және өткізумен байланысты өзге де шығыстарды өтеу, сондай-ақ оларды өткізуден алынған сомаларды қайтару қағидаларында көрсетілген бұйрықпен бекітілген:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Уәкілетті заңды тұлғаға кідіртілген тауарларды өткізу үшін мынадай құжаттар:

      мемлекеттік кірістер органының жазбаша өтінішінің түпнұсқасы;

      осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кідіртілген тауарларға арналған құжаттарды қабылдап алу-тапсыру актісі;

      осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кідіртілген тауарлар туралы мәліметтер;

      "Кедендік құжаттардың нысандары туралы" Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 260 шешімімен бекітілген нысан бойынша тауарлар және оларға арналған құжаттарды кідірту хаттамасының көшірмесі;

      кедендік баждарды, салықтарды төлеуге тиісті сомасының есебі және республикалық бюджетке аудару үшін деректемелер;

      кідіртілген тауарлар оның сақтауында тұрған тұлға ұсынған құжаттарды уәкілетті заңды тұлғаға берген күніне кідіртілген тауарларды тасымалдау (тасу), қайта тиеу (тиеу, түсіру), сақтау бойынша шығыстар сомасының есебі;

      кідіртілген тауарларға қатысы бар мемлекеттік кірістер органының қарауындағы техникалық құжаттар, фото және бейне материалдар жолданады.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады