Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
5) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
Ө. Шөкеев |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы № 490 бұйрығына 1-қосымша |
Жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау тәртібін айқындайды.
2-тарау. Жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану тәртібі
2. Жер комиссиясының әрбір отырысы барысында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының (бұдан әрі - ЖАО) ресми интернет-ресурстарында онлайн трансляциялау режимінде жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізіледі.
3. Жер комиссиясы отырысының залдарында жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасын жүзеге асыру үшін қажетті жабдық орналастыруға арналған аппараттық үй-жай болады.
4. Бейнежазба жер комиссиясы отырысын өткізудің бүкіл процесін қамтуы тиіс және онда жер комиссиясы отырысына қатысушы адамдардың, жер комиссиясы отырысына басқа да қатысушылардың, сондай-ақ жер учаскесіне құқық беру туралы өтініш берген адамдар мен олардың өкілдерінің анық көрінуі, дауысының естілуі тиіс.
5. Жер комиссиясы отырысы барысының аудио-, бейнежазбасы үздіксіз жүзеге асырылады. Жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасын санкцияланбаған тоқтатуға немесе түзетуге жол берілмейді.
6. Жер комиссиясы отырыстарының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын қолдануды ЖАО-ның ақпараттық технологиялар жөніндегі маманы (бұдан әрі - ЖАО-ның АТ жөніндегі маманы) жүзеге асырады.
7. Жер комиссиясының отырысы басталар алдында ЖАО-ның АТ жөніндегі маманы жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарының жұмысқа қабілеттілігін тексереді.
Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда, ЖАО-ның АТ жөніндегі маманы бұл туралы жер комиссиясының төрағасына баяндайды, ал ол жер комиссиясы отырысын кейінге ауыстырады.
8. Жер комиссиясының отырысы аяқталғаннан кейін жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасы ЖАО серверінде, сондай-ақ материалдық тасығышта бір данада сақталады, ол қапталған күйде (конвертте) жер комиссиясы отырысының өткізілген күнін конвертте көрсете отырып, жер комиссиясы отырысының іс материалдарына қоса беріледі.
3-тарау. Жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасын сақтау тәртібі
9. Жер комиссиясы отырыстарының аудио-, бейнежазбалары тұрақты негізде ЖАО серверінде сақталады.
10. Жер комиссиясы отырыстарының материалдық тасығыштағы аудио-, бейнежазбаларының сақталуын комиссия отырыстарының материалдары мұрағатқа тапсырылғанға дейін ЖАО-ның жауапты қызметкері қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы № 490 бұйрығына 2-қосымша |
Аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары
1. Осы Аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары (бұдан әрі -Қағидалар) 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 43-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасына қол жеткізу тәртібін айқындайды.
2. Серверге қол жеткізуді қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасының талаптары сақталады.
3. Жер комиссиясы отырысына қатысушы адамдарды, жер комиссиясы отырысының басқа да қатысушыларын, сондай-ақ жер учаскесіне құқық беру туралы өтініш берген адамдар мен олардың өкілдерін жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасымен таныстыру, егер, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, олардың еркін нысандағы жазбаша өтінішхаты бойынша жүзеге асырылады.
4. Таныстыру аяқталғаннан кейін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының жауапты қызметкері (бұдан әрі - ЖАО-ның жауапты қызметкері) жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасын қамтитын материалдық тасығыштың сақталуын оны визуалды қарау арқылы тексереді.
5. Аудио-, бейнежазбаның көшірмесін осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген адамдарға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасы көшірмелерін беру туралы өтініші (бұдан әрі - өтініш) негізінде ЖАО-ның жауапты қызметкері өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде береді.
6. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ЖАО-ның жауапты қызметкері аудио-, бейнежазбаның көшірмесін жазар алдында материалдық тасығышты форматтайды.
7. Жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасымен танысқан не оның материалдық тасығыштағы көшірмесін алған адам өтінішхатта не өтініште тиісті белгі қояды.
Жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасы көшірмесін беру туралы өтініш
Маған 20___жылғы "_____" ____________ жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасы көшірмесін (материалдық тасығышта) беруді сұраймын. Өтініш берушіге: 1) жер комиссиясы отырысының ұсынылып отырған аудио-, бейнежазбасы көшірмесін басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбай, өз құқықтарын қорғау үшін ғана пайдалану; 2) "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 79-бабында және 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабында белгіленген азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзғаны үшін, сондай-ақ "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертілді. 20____ жылғы "____" ______________. Материалдық тасығыш қандай да бір жазбасыз қоса беріледі. Қоса беріліп отырған материалдық тасығыш форматталатыны және ондағы ақпарат жойылатыны туралы хабардармын және келісемін. ___________ _____________ (күні) (қолы)