Акционерлік қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығын іске асыру қағидаларын бекіту туралы және одан бас тарту

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 253 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 20 желтоқсанда № 17971 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Акционерлік қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығын іске асыру қағидалары және одан бас тарту бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Акционерлік қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқықтарын іске асыру және одан бас тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 31 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7460 болып тіркелген, 2012 жылғы 16 маусымда "Егемен Қазақстан" газетінде № 324-329 (27403) жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 250 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13001 болып тіркелген, 2016 жылғы 12 ақпанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі 11-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 29 қазандағы
№ 253 қаулысымен
бекітілді

Акционерлік қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығын іске асыру қағидалары және одан бас тарту

      1. Осы Акционерлік қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығын іске асыру қағидалары және одан бас тарту (бұдан әрі – Қағидалар) "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзiрлендi және акционерлік қоғам (бұдан әрі – қоғам) акционерлерiнiң қоғамның жарияланған акцияларын немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа бағалы қағаздарды, сондай-ақ қоғам бұрын сатып алған және сататын көрсетілген бағалы қағаздарды (бұдан әрi – орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздар) басымдықпен иелену құқығын іске асыру тәртiбiн және одан бас тартуды айқындайды.

      2. Қоғамның бағалы қағаздарын басымдықпен иелену құқығына сәйкес қоғамның акционерлеріне орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды иелену ұсынысын қоғам өз акционерлерiнің назарына мынадай әдiстердiң бiрiмен:

      1) Қағидалардың 5-тармағына сәйкес орталық депозитарийдің қоғамға ұсынған орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығына ие акционерлер тiзiмiне сәйкес қоғамның әрбiр акционерiне көрсетiлген ұсыныстан тұратын жазбаша хабарламаны (бұдан әрi – жазбаша хабарлама) жіберу арқылы;

      2) көрсетілген ұсынысты Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасына сәйкес айқындалған қаржылық есептiлiк депозитариінің (бұдан әрi – қаржылық есептiлiк депозитариі) интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялау арқылы жеткізеді.

      Егер қоғамның акционері орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ол туралы мәліметтер жоқ номиналды ұстаушының клиенті болса, қоғам акционерлеріне олардың бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығына сәйкес орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды иелену ұсынысын өз акционерлеріне қаржылық есептiлiк депозитариінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялау арқылы жеткiзедi.

      3. Жазбаша хабарламада немесе қаржылық есептiлiк депозитариінің интернет-ресурсындағы жарияланымда мынадай ақпарат көрсетiледi:

      1) орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздардың саны мен түрi;

      2) олардың түрлерi бойынша орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздардың санына орналастырылған акциялар (қоғам сатып алғандарды шегергенде) санының арақатынасы;

      3) Заңның 16-бабының талаптарын есепке ала отырып бағалы қағаздарды төлеу мерзімі көрсетілген орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды иелену шарттары;

      4) осындай шешiмдi қабылдауға уәкiлеттi қоғам органы белгілеген орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды орналастыру (сату) бағасы;

      5) мыналарды көрсете отырып, басымдықпен иелену құқығына сәйкес акционер орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды иеленуге өтiнiм (бұдан әрі – өтінім) беретін почталық мекен-жайы:

      қоғамның бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығына сәйкес орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды иелену мәселелері бойынша қоғам акционерлерімен осындай әрбір почта мекен-жайлары арқылы қарым-қатынас жасайтын тұлғалардың тегі, аты әкесiнiң аты (ол бар болса) байланыс деректемелері;

      андеррайтер (эмиссиялық консорциум) арқылы қоғамның орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарын орналастыру (сату) кезiндегi андеррайтердiң (эмиссиялық консорциумның) атауы.

      4. Заңның 16-бабында белгіленген иелену шарттарына сәйкес қоғамның орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарын иеленуге қажеттi жеткiлiктi мөлшердегі акциялары жоқ акционер орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды басқа акционерлік қоғамдармен жалпы меншiк құқығында сатып алуына болады.

      5. Орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығына ие акционерлердiң тiзiмiн қоғамның уәкiлеттi органының қоғамның бағалы қағаздарын орналастыру (сату) туралы шешiм қабылдау күнiнің басында (00 сағат 00 минут) қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылар тiзiлiмдерi жүйесiнiң деректерi негiзiнде қоғамның жазбаша өкiмiне сәйкес орталық депозитарий жасайды.

      6. Акционер өтiнiм беретін мерзім акционердiң қоғамның жазбаша хабарламасын алған немесе қаржылық есептiлiк депозитариінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде бағалы қағаздарды орналастыру (сату) туралы ақпарат жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк 30 (отыз) күнді құрайды.

      Жарияланған акцияларды орналастыруға, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органының талабы бойынша Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасында белгіленген пруденциалдық және өзге нормалар мен лимиттерді орындау мақсатында бұрын сатып алынған акцияларды сатуға ниеті бар қаржы ұйымының акционері өтінім беретін мерзім қаржы ұйымының акцияларды орналастыратыны (сататыны) туралы жазбаша хабарлама немесе қаржылық есептiлiк депозитариінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде қаржы ұйымының бағалы қағаздарды орналастыратыны (сататыны) туралы ақпаратты жариялау арқылы хабардар еткен күннен кейін 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.

      7. Қағидалардың 5-тармағына сәйкес орталық депозитарий орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығына ие акционерлер тiзiмiн жасаған күннен бастап және осы акционерге өтiнiм беру үшiн берiлген Қағидалардың 6-тармағында белгіленген мерзім аяқталғанға дейінгі кезеңде қоғамның акционері акцияларды иеліктен шығарған кезде егер акциялардың бұрынғы иесi мұндай өтiнiмдi бермеген болса, осы құқық акцияның жаңа меншік иесіне көшеді.

      Акциялардың жаңа иесi өтiнiмiне қоғамның акцияларына меншік құқығын растай отырып, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесiнен алынған үзiндi-көшiрменi қоса береді және өтiнiмде акциялардың бұрынғы иелерi болған жеке тұлғаның тегін, атын, әкесiнiң атын (ол бар болса) не заңды тұлғаның атауын көрсетедi.

      Егер акциялардың бұрынғы меншiк иесi орталық депозитарийдің есепке алу жүйесiнде ол туралы мәлiметтер жоқ номиналды ұстаушының клиентi болса, акциялардың жаңа меншiк иесi өтiнiмiне қоғам акцияларына меншік құқығын растай отырып, орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiнен алынған үзiндi-көшiрменi, сондай-ақ акциялардың бұрынғы иесiнiң мұндай өтiнiмдi бермегенiн растап, орталық депозитарийден хабарламаны қоса береді.

      Орталық депозитарий (номиналды ұстаушы) Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мерзім iшiнде қоғамның бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерiн тіркеу кезiнде акциялардың жаңа меншік иесін қоғамның акцияларын орналастыру (сату) туралы хабардар етеді. Қоғам осы мерзiмдi есептеу туралы ақпаратты орталық депозитарийге бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесін жүргізу жөніндегі шартпен белгіленген мерзімде ұсынады.

      8. Қоғам акционерiнiң өтiнiмiнде мынадай мәлiметтер көрсетiледi:

      1) қоғам акционері иеленуге ниет бiлдiрген бағалы қағаздардың саны және түрі;

      2) егер қоғам акционері жеке тұлға болса, акционердің не оның уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері, тұрғылықты жері, қолы;

      3) егер қоғам акционері заңды тұлға болса, заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері, оның бірінші басшысының не Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасына сәйкес оның мүдделерін білдіруге уәкілетті өзге де тұлғаның қолы.

      9. Егер қоғамның акционерi ол туралы мәлiметтер орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiнде жоқ номиналды ұстаушының клиентi болса, орталық депозитарий өтiнiмдi акционердiң жазбаша өтiнiмi негiзiнде жасалған номиналды ұстаушының жазбаша тапсырмасына сәйкес Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мерзімде ұсынады.

      Орталық депозитарий ұсынған өтiнiмде мынадай мәліметтер көрсетiледi:

      орталық депозитарийдің клиенттеріне тиесілі бағалы қағаздардың саны және түрі;

      орталық депозитарийдің клиенттері иеленуге ниет білдірген бағалы қағаздардың саны және түрі;

      орталық депозитарийдің атауы мен орналасқан жері, оның бiрiншi басшысының не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның мүдделерін бiлдiруге уәкiлеттi өзге де тұлғаның қолы.

      10. Қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайда қоғам акционерiнiң не орталық депозитарийдің жазбаша нысанда жасалған өтiнiмi оның тапсырылғаны туралы хабарламамен бiрге тапсырыс-хатпен жiберiледi не жазбаша хабарламада немесе қаржылық есептiлiк депозитариінің интернет-ресурсындағы жарияланымда көрсетілген мекенжай бойынша акционер немесе оның уәкiлеттi өкiлi өз қолына бередi. Акционер немесе оның уәкiлеттi өкiлi өз қолына берген жағдайда өтiнiм 2 (екі) данада жасалады және өтiнiмнiң екiншi данасына алған күні мен уақыты, оны алған адамның тегі, аты, әкесiнiң аты (ол бар болса) және қойған қолы көрсетiле отырып оның алынғаны туралы белгi қойылады.

      Егер қоғам акционері не орталық депозитарий берген өтiнiм Қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайда Қағидалардың талаптарын бұза отырып жасалған болса, қоғам (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) мұндай өтiнiмдi анықталған бұзушылықтарды жою және Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мерзім шегінде өтiнiмдi қайтадан беру үшін қоғам акционеріне не орталық депозитарийге қайтарады.

      11. Қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайда қоғамның акционерлерi мен орталық депозитарийден Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін өтiнiмдер түскеннен кейiн қоғам (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) осы өтiнiмдердi орындайды.

      12. Қоғамның акционерлері, сондай-ақ орталық депозитарий Қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайда, өтiнiмдерiн Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мерзімде ұсынбаса, онда қоғам (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) көрсетілген мерзім өткен соң бағалы қағаздарды орналастырады (сатады).

      13. Қоғамның акционері орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығынан бас тарту жөнінде шешім қабылдаса, қоғамның акционері немесе орталық депозитарий Қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайда қоғамға орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды иеленуден жазбаша бас тарту (бұдан әрі – жазбаша бас тарту) береді.

      Акционердің қоғамға жазбаша бас тартуды беруі Қағидалардың 6-тармағында көзделген мерзімде жүзеге асырылады.

      Қоғам акционерінің не орталық депозитарийдің жазбаша бас тартуы оның тапсырылғаны туралы хабарламамен бiрге тапсырыс-хатпен жiберiледi не жазбаша хабарламада немесе қаржылық есептiлiк депозитариінің интернет-ресурсындағы жарияланымда көрсетілген мекенжай бойынша акционер немесе оның уәкiлеттi өкiлi өз қолына бередi. Акционер немесе оның уәкiлеттi өкiлi өз қолына берген жағдайда жазбаша бас тарту 2 (екі) данада жасалады және жазбаша бас тартудың екiншi данасына алған күні мен уақыты, оны алған адамның тегі, аты, әкесiнiң аты (ол бар болса) және қойған қолы көрсетiле отырып оның алынғаны туралы белгi қойылады.

      Егер қоғам акционері не орталық депозитарий берген жазбаша бас тарту Қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайда Қағидалардың талаптарын бұза отырып жасалған болса, қоғам (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) мұндай жазбаша бас тартуды анықталған бұзушылықтарды жою және Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мерзім шегінде жазбаша бас тартуды қайтадан беру үшін қоғам акционеріне не орталық депозитарийге қайтарады.

      Қоғам акционерінің ұсынған жазбаша бас тартуында мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      қоғам акционері басымдықпен иеленуге құқылы бағалы қағаздардың саны және түрі;

      қоғам акционері басымдықпен иелену құқығын іске асырудан бас тартатын бағалы қағаздардың саны және түрі;

      егер қоғам акционері жеке тұлға болса – акционердің не оның уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері, тұрғылықты жері, қолы;

      егер қоғам акционері заңды тұлға болса – заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері, оның бірінші басшысының не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес оның мүдделерін білдіруге уәкілетті өзге де тұлғаның қолы.

      Егер қоғамның акционерi ол туралы мәлiметтер орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiнде жоқ номиналды ұстаушының клиентi болса, орталық депозитарий жазбаша бас тартуды акционердiң жазбаша өтiнiмi негiзiнде жасалған номиналды ұстаушының жазбаша тапсырмасына сәйкес Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мерзімде ұсынады.

      Орталық депозитарийдің ұсынған жазбаша бас тартуында мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      номиналды ұстаушының клиенттеріне тиесілі бағалы қағаздардың саны және түрі;

      басымдықпен иелену құқығына сәйкес номиналды ұстаушының клиенттері иеленуге тиіс болған бағалы қағаздардың саны және түрі;

      номиналды ұстаушының клиенттері басымдықпен иелену құқығын іске асырудан бас тартқан бағалы қағаздардың саны және түрі;

      орталық депозитарийдің атауы мен орналасқан жері, оның бiрiншi басшысының не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес оның мүдделерін бiлдiруге уәкiлеттi өзге де тұлғаның қолы.

      14. Егер қоғамның жарғысында қоғамның бағалы қағаздары орналастырыла (сатыла) бастаған күннен кейін күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын төлеудің өзге мерзімі көзделмеген болса, акционер басымдықпен иелену құқығы бойынша орналастырылатын (сатып алынатын) бағалы қағаздардың ақысын төлеуді оларды иеленуге өтінім берген күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүзеге асырады.

      Қаржы ұйымының басымдықпен иелену құқығы бойынша иеленетін акцияларына ақы төлеуді акционер оларды иеленуге өтінім берген күннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген басымдықпен иелену құқығы бойынша иеленетін акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеу мерзімдері бойынша талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік органның акцияларды иелену жағдайларына қолданылмайды. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік орган басымдықпен иелену құқығы бойынша иеленетін акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеуді оларды иеленуге өтінім берген күннен кейін 12 (он екі) ай ішінде жүзеге асырады.

      15. Акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың Қағидалардың 14-тармағында белгіленген мерзім өткен соң ақысын төлемеген жағдайда өтінім жарамсыз болып саналады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады