"Ұлттық архив қорының құжаттарын басып шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрінің 2011 жылғы 16 қарашадағы № 349 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 13 желтоқсандағы № 356 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 20 желтоқсанда № 17975 болып тіркелді

      "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ұлттық архив қорының құжаттарын басып шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрінің 2011 жылғы 16 қарашадағы № 349 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7342 болып тіркелген, 2012 жылғы 20 қазандағы № 689-693 (27765) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Ұлттық архив қорының құжаттарын басып шығару қағидаларында:

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Әрбiр айқындалған құжатқа тақырыптық немесе атаулы карточка жасалады.

      Құжаттарды айқындаған кезде, әсіресе басылым тақырыбы бойынша жарияланған деректер мен әдебиеттерді зерттеуге байланысты алдын-ала жұмыс жүргізу кезінде жарияланған құжаттар картотекасын (1-қосымша) және тақырып бойынша әдебиеттерде атап өтілетін фактілердің картотекасын (2-қосымша) жүргізген мақсатқа сай келеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Архив ісі және құжаттама департаменті заңнамада белгiленген тәртiпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады