"Бағалы қағаздар нарығында қызметтi жүзеге асыруға қажеттi бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге жабдықтарға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 165 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 261 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 20 желтоқсанда № 17980 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескетпесі!
      Осы қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге жабдықтарға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 165 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7734 болып тіркелген, 2012 жылғы 29 тамызда "Егемен Қазақстан" газетінде № 562-569 (27642) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге жабдықтарға қойылатын талаптарда:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Бағдарламалық қамтамасыз ету:

      1) кез келген уақытта жабдықтың кез келген учаскесінде электр қореккөзі толық немесе ішінара ажыратылған кезде ақпараттың сенімді сақталуын, санкцияланбаған қол жеткізуден қорғауды, дерекқорларының тұтастығын және электрондық мұрағаттар мен дерекқорлардағы ақпараттың сенімді сақталуын;

      2) ең кем дегенде қол жеткізудің екі деңгейін: әкімшіні және пайдаланушының көздейтін бағдарламалық қамтамасыз етуде іске асырылған кіру деректеріне, функцияларға, операцияларға, есептерге көп деңгейлі қол жеткізуді;

      3) операцияларды жүргізу және тіркеу үшін қажетті, толтырылуы міндетті жолдардың енгізілетін деректерінің толықтығын бақылауды (функцияларды немесе операцияларды барлық жолдарды толығымен толтырмай орындаған жағдайда, бағдарлама тиісті хабарламаны беруді қамтамасыз етеді);

      4) сұратуды сақтай отырып, осы ақпараттық жүйе үшін айқындалған өлшемшарттар мен өлшемдер бойынша ақпарат іздеуді, сондай-ақ кез келген өлшемдер (осы ақпараттық жүйе үшін айқындалған) бойынша ақпаратты сұрыптауды және егер осындай ақпарат ақпараттық жүйеде сақталуға тиіс болса, өткен күндердегі ақпаратты қарау мүмкіндігін;

      5) ақпаратты өңдеуді және оны күні мен уақыты бойынша сақтауды;

      6) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген есептердің, сондай-ақ жеке шоттан үзінді-көшірмелердің, жүргізілген операциялар туралы есептердің нысандарын автоматты түрде қалыптастыруды;

      7) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында көзделген бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының ішкі есепке алу жүйесінің журналдарын жүргізуді және автоматты қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бағдарламалық қамтамасыз ету журналды толық, сондай-ақ ішінара (күндердің аталған диапазонына, белгілі бір күніне, нақты тіркелген тұлғаға, келіп түсетін құжаттың нақты мәртебесіне) қалыптастырады;

      8) бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды есепке алу жүйелерінде сақталатын деректерді резервтеу және қалпына келтіру мүмкіндігін;

      9) жіберілетін құжаттарды экранға, принтерге немесе файлға шығару мүмкіндігін;

      10) осы ақпаратты енгізуде (қаржы құралдарын сатып алуға және сатуға өтінімдерді қор биржасының сауда жүйесіне енгізуді және орталық депозитарийдің бағдарламалық қамтамасыз етуі арқылы орталық депозитарийі клиенттерінің бұйрықтарды енгізуін қоспағанда) қателерді болдырмау мақсатында түрлі пайдаланушылардың бұйрықтарды екі рет енгізу жүйесін ("бірінші енгізу" және "екінші енгізу") немесе түрлі пайдаланушылардың бұйрықтарды енгізуді растау жүйесін (валидация немесе верификация) қолдануды қамтамасыз етеді.

      Ақпаратты енгізу кезінде "екінші енгізуді" пайдаланушылар "бірінші енгізудің" пайдаланушылары енгізген ақпаратқа қол жеткізе алмайды. "Екінші енгізудің" деректері "бірінші енгізудің" деректеріне сәйкес келмеген жағдайда, бағдарлама тиісті хабарламаны көрсетеді.

      Түрлі пайдаланушылардың бұйрықтарды енгізуін растау жүйесін (валидация немесе верификация) пайдалану кезінде бірінші пайдаланушы енгізген ақпаратты екінші пайдаланушы растайды.

      Пайдаланылатын тәсіл (екі рет енгізу, валидация немесе верификация) және көрсетілген тәсілдерді қолдана отырып енгізілуге тиіс бұйрықтар тізбесі бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысының ішкі құжаттарында айқындалады;

      11) электрондық құжаттармен алмасу мүмкіндігін;

      12) бағдарламалық қамтамасыз етуде іркіліс басталған кезде қызметін 2 (екі) сағат ішінде қалпына келтіруді;

      13) мына атрибуттарды сақтай отырып, ақпараттық жүйеде болып жатқан оқиғаларды тіркеуді және сәйкестендіруді қамтамасыз етеді: оқиғаның басталған күні және уақыты, оқиғаның атауы, іс-әрекет жасаған пайдаланушы, жазбаны сәйкестендіруші, оқиғаның аяқталған күні мен уақыты, оқиғаны орындау нәтижесі.";

      2-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде не "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Бағалы қағаздар рыногы туралы заң) сәйкес номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті, кастодиандық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін Талаптардың 1-тармағында көзделген талаптарға қоса бағдарламалық қамтамасыз ету:";

      1) тармақшаның он үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "белгілі күнгі және уақыттағы жеке шоттан (қосалқы шоттан) үзінді-көшірмелерді, жүргізілген операциялар туралы есептерді және бағалы қағаздарды ұстаушылардың, орталық депозитарийдің, эмитенттердің және уәкілетті органның сұратулары бойынша есептерді жасауды және беруді;";

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) тіркелген тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болса) немесе толық атауы өзгерген кезде өзгеретін деректердің сақталуын және бұрынғы деректер бойынша тіркелген тұлғаны іздеуді;";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) эмиссиялық бағалы қағаздармен операцияларды тіркеу процесінде орталық депозитарийдің бағдарламалық қамтамасыз етуімен өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді.";

      3-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) мына ақпаратты қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, клиент активтерін, оның шоттары бойынша барлық операцияларды дербес есепке алуды, шоттар бойынша операциялардың тарихын талдау мүмкіндігін, оның ішінде кез келген күнгі және операциялық күн ішіндегі уақыттағы жағдай бойынша ақша қалдықтары туралы, сондай-ақ әрбір клиент және клиенттің ақшасын есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын ұйым бойынша ақша қозғалысы туралы мәліметтерді автоматтандырылған түрде қалыптастыруды:

      ақшамен операция жүргізу күні мен уақыты;

      операцияның атауы;

      растайтын құжаттың деректемелері мен атауы;

      клиенттің тегі, аты, әкесінің аты (ол болса) немесе атауы;

      қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысулар жүзеге асырылатын есептеу-депозитарлық жүйесінің атауы;

      брокердің және (немесе) дилердің және оның клиенттерінің ақшасын есепке алу және сақтау жүзеге асырылатын ұйымның атауы;

      клиенттің шоты бойынша ақша бойынша әрбір операцияның сомасы;

      көрсетілгені (өткізілгені) үшін осы сыйақы есептелген және (немесе) есептен шығарылған қызметті және (немесе) мәмілені (операцияны) көрсете отырып, брокер және (немесе) дилер, кастодиан, қор биржасы және өзге де ұйымдар сыйақысының сомасы;

      төлем мақсаты;

      ақшамен операция бойынша контрагенттің атауы және оның шотының деректемелері;

      ақшамен операция бойынша контрагент тарапынан іс-әрекет жасайтын екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның атауы және оның шотының деректемелері.";

      3-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-1. Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар ұйымдардың бағдарламалық қамтамасыз етуі Талаптардың 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген талаптарға қосымша мыналарды:

      Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8796 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 214 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларында белгіленген тәуекелдерді жабу коэффициентінің және бір клиентке тәуекелдердің мәндерін автоматтандырылған есептеуді;

      Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17005 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 80 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар сақтауға тиісті пруденциялық нормативтердің мәндерін есеп айырысу қағидаларына сәйкес брокер және (немесе) дилер үшін пруденциялық нормативтердің мәндерін автоматтандырылған есептеуді;

      брокерге және (немесе) бірінші санаттағы дилерге тиесілі қаржы құралдарын және ақшаны олардың клиенттерінің қаржы құралдары мен ақшасынан бөлек есепке алуды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

      Инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың бағдарламалық қамтамасыз етуі Талаптардың 1-тармағында көзделген талаптарға қосымша мыналарды:

      Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17008 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 79 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар сақтауға тиісті пруденциялық нормативтердің мәндерін есеп айырысу қағидаларына сәйкес инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйым үшін пруденциялық нормативтердің мәндерін автоматтандырылған есептеуді;

      инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымға тиесілі қаржы құралдарын және ақшаны олардың клиенттерінің қаржы құралдары мен ақшасынан бөлек есепке алуды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде не Бағалы қағаздар рыногы туралы заңға сәйкес номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті, кастодиандық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар алмасатын электрондық құжаттардың үлгі нысандары орталық депозитарийдің ішкі құжатында айқындалады және орталық депозитарийдің қағидалар жинағында айқындалған талаптарға сәйкес келеді.";

      6-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) Бағалы қағаздар рыногы туралы заңның 56-бабының 5 және 6-тармақтарында айқындалған талаптарға, сондай-ақ Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5406 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 29 қазандағы № 170 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда ұйымдастыру қызметін жүзеге асыру қағидаларының 9-тарауында белгіленген жағдайларға сәйкес келетін бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді анықтау тұрғысынан қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелер өлшемдеріне мониторинг жүргізуді;";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Орталық депозитарийдің бағдарламалық қамтамасыз етуі Талаптардың 1-тармағында, 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген талаптарға қосымша мыналарды:

      1) тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операцияларды жасағанға дейін:

      Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасының және орталық депозитарийдің қағидалар жиынтығының талаптарын ескере отырып, осындай операция жасау мүмкіндігін;

      тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасауға негіз болатын құжаттар деректемелерінің болуы және орталық депозитарийдің қағидалар жиынтығының талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан тексеруді;

      2) тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасауға негіз болатын құжаттарды беретін тұлғалардың, осы іс-әрекеттерді жасауға өкілеттіктерін, сондай-ақ жеке шот (қосалқы шот) бойынша операцияны тіркеуге немесе ақпараттық операция жүргізуге негіз болатын бұйрықтарға қол қойған тұлғалардың өкілеттіктерін растайтын құжаттарды сәйкестендіруді;

      3) егер осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес жүргізілген тексерудің қорытындысы бойынша:

      Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасының және орталық депозитарийдің қағидалар жиынтығының талаптарына жасауға болжанған операцияның сәйкес келмеуі анықталса;

      тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасауға негіз болатын құжаттардағы деректемелердің болмауы немесе орталық депозитарийдің қағидалар жиынтығының талаптарына сәйкес келмеуі анықталса;

      тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасауға негіз болатын құжаттарды беретін тұлғалардың осы іс-әрекеттерді жасауға өкілеттіктері расталмаса, тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операциялар жасаудан бас тартуды;

      4) операциялық күн жабылғаннан кейін, егер келесі операциялық күн ашылмаса, тіркелген тұлғаның жеке шоттары (қосалқы шоттары) бойынша операциялар жүргізу үшін мүмкіндіктерді шектеуді;

      5) бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмыс істеуі барысында аудит журналын жүргізуді.

      Талаптардың мақсаттары үшін аудит журналы деп бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмыс етуі процесінде штаттық және маңызды іс-қимылдарды көрсету мақсатында әзірленген мамандандырылған құрал түсініледі;

      6) ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықтарда жасалған туынды қаржы құралдарымен мәмілелер тізілімін жүргізуді қамтамасыз етеді.";

      11-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) ұзақ уақыт сақталатын деректердің сыртқы тасымалдағыштарында және (немесе) деректерді өңдеудің резервтік орталықтарында мұрағаттық және резервтік көшірмелерді жасау.";

      12-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) бағдарламалық қамтамасыз етуде меншікті және клиенттің активтеріне қатысты қаржы құралдарымен, сондай-ақ басқарудағы өзге мүлікпен белгілі бір операцияларды жүргізу;";

      14-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) қалыптастырылған шығыс нысандарының деректеріне өзгерістер енгізуге мүмкіндік беретін функцияларға ие болуға;";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Пайдаланушының операцияларды жүргізу үшін пайдаланылатын дербес компьютерінде оның лауазымдық міндеттерімен байланысты міндеттерді шешуге арналмаған бағдарламалық құрал-жабдықтар орнатылмайды.

      Пайдаланушының дербес компьютерінде орнату үшін рұқсат етілген бағдарламалық құрал-жабдықтар тізбесі бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысының ішкі құжаттарында айқындалады, ол осы бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысының ақпараттық қауіпсіздік қызметімен және (немесе) тәуекелдерді басқаруды жүзеге асыратын бөлімшесімен келісіледі.".

      2. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және коммуникациялар министрлігі

      2018 жылғы "____" __________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      2018 жылғы "____" __________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады