Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 2 қарашадағы № 446 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 24 желтоқсанда № 18010 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бұйрықтарының тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      5) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің орынбасары –
      Қазақстан Республикасының
      Ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Білім және ғылым министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрiнiң
орынбасары – Қазақстан
Республикасы Ауыл
шаруашылығы министрiнің
2018 жылы 2 қарашадағы
№ 446 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бұйрықтарының тізбесі

      1. "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жануарлар дүниесін тікелей қорғауды жүзеге асыратын, айырым белгілері бар (погондарсыз) нысанды киімді киюге құқығы бар жұмыскерлерінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 ақпандағы № 18-04/128 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10546 болып тіркелген, 2015 жылғы 1 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған):

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жануарлар дүниесін тікелей қорғауды жүзеге асыратын айырым белгілері бар (погондарсыз) нысанды киім киіп жүруге құқығы бар, жұмыскерлерінің тізбесін бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жануарлар дүниесін тікелей қорғауды жүзеге асыратын айырым белгілері бар (погондарсыз) нысанды киім киіп жүруге құқығы бар, жұмыскерлерінің тізбесі бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жануарлар дүниесін тікелей қорғауды жүзеге асыратын, айырым белгілері бар (погондарсыз) нысанды киімді киюге құқығы бар, жұмыскерлерінің тізбесінде:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жануарлар дүниесін тікелей қорғауды жүзеге асыратын, айырым белгілері бар (погондарсыз) нысанды киім киіп жүруге құқығы бар, жұмыскерлерінің тізбесі".

      2. "Аң аулау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/157 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11091 болып тіркелген, 2015 жылғы 12 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Аң аулау қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Заңның 33-бабына сәйкес аң аулау құқығына:

      1) егер аң аулау атыс қаруын қолданыла отырып жүргізілетін болса, он сегіз жасқа толған;

      2) егер аң аулау осы Қағидаларда рұқсат етілген басқа да аңшылық құралдарының түрлері, аңшылық иттер мен аушы жыртқыш құстар қолданыла отырып жүргізілетін болса, он төрт жасқа толған;

      3) "Аңшы, балықшы және қорықшы куәліктерінің нысанын және оларды беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары − Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 2 ақпандағы № 60 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16463 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша аңшы куәлігі (бұдан әрі – аңшы куәлігі) болған;

      4) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 18-04/675 бұйрығымен бекітілген Жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттар беру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10168 болып тіркелген) 1-қосымшада көзделген нысан бойынша жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат (бұдан әрі - жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат) немесе "Жолдаманың үлгілік нысанын, сондай-ақ оны беру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/145 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10702 болып тіркелген) 1-қосымшада көзделген нысан бойынша аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасын алған жағдайрда жеке тұлғалар ие болады.

      Шетелдіктер үшін Қазақстан Республикасының аумағында аң аулау құқығы аңшылық шаруашылығы субъектісімен жасасқан аң аулауды ұйымдастыру шарты, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, жолдама алу, сондай-ақ ішкі істер органдары аңшылық атыс қаруы мен оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге берген қорытынды негізінде туындайды.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Аң аулауды жүргізу тәртібі";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Кәсiпшiлiк аң аулау аңшыда мынадай құжаттар:

      1) аңшы куәлігі;

      2) жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсат немесе аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы;

      3) аңшылық атыс қаруын қолданып аң аулаған кезде – жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оның патрондарын сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсат;

      4) аушы жыртқыш құстармен аң аулаған кезде – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/144 бұйрығымен бекітілген Аңшылықта пайдаланылатын аңшы жыртқыш құстарды есепке алуды жүргізу және тіркеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10651 болып тіркелген) 2-қосымшада көзделген нысан бойынша аңшы жыртқыш құстың паспорты (бұдан әрі – аңшы жыртқыш құстың папорты);

      5) аңшылық шаруашылығы субъектісімен жануарлар дүниесін пайдалануға жасалған шарт;

      6) осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ауланған жануарларды есепке алу журналы (кәсіпшілік журналы) болған кезде жүзеге асырылады.

      Ұжымдық (топтық) кәсіпшілік аң аулау кезінде аңшылық шаруашылығының субъектісі жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсатты пайдалану үшін жауапты адамды тағайындайды.";

      12, 13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Шибөрiлердi, қарғаларды, сауысқандарды, тағандарды, қаңғыбас иттерді аулау:

      1) жануарлар дүниесін қорғауды жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган ведомствосының (бұдан әрі – ведомство) және оның мамандандырылған ұйымдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ аңшылық шаруашылығы субъектісінің қорықшылық қызметi қызметтік қаруды пайдалана және авиа-, автомото-, көлік құралдарын, оның ішінде қарда жүретін техниканы қолдана отырып жүзеге асырған;

      2) жануарлардың басқа түрлерiн аулау (авиа-, автомото-, көлік құралдарын, оның ішінде қарда жүретін техниканы қолданбай) аң аулауға берілген жануарлар дүниесін пайдалану рұқсаты қолданылатын аңшылық шаруашылығы субъектісінің аумағында жүргізілген кезде жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсат талап етiлмейдi.

      13. Аң аулау:

      1) ойық ұңғылы атыс қаруын (құстардан басқа);

      2) тегiс ұңғылы, оның ішінде ойық бөлігінің ұзындығы 140 мм аспайтын атыс қаруын;

      3) аралас (ойық және тегіс ұңғылы), оның ішінде алмалы-салмалы және жиналмалы ойық ұңғылы атыс қаруын;

      4) өзі аулайтын құралдарды (қапқандарды, тұзақтарды, салмақты қысқышты, қаусырманы);

      5) аңшылық иттер мен аушы жыртқыш құстарды қолдана отырып, жүргiзiледi.

      14. Аңшылық иттерді жолдаманың қолданылу аумағынан тыс жерде iздеу және шақыру кезінде аңшы оғы алынған және қапталған аңшылық атыс қарумен болады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Аң аулау аяқталғаннан кейiн, аң аулау аралығындағы үзiлiстерде, бiр жерден екiншi жерге көшкен кезде, аңшы аңшылық атыс қаруын оғы алынған күйге келтiріледi.

      Мылтық қарудың оқ ұясында және оқшантайында оқ болмаған кезде оғы алынып тасталған болып есептеледi.";

      18, 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Заңның 38-бабының 5-тармағына сәйкес мына жағдайларда:

      1) аңшы куәлiгiнсiз;

      2) атыс қаруын сақтау мен пайдалану құқығын беретiн iшкi iстер органдары рұқсатынсыз атыс қаруын қолданып;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркеуден өткiзiлмеген аушы жыртқыш құстарды қолданып;

      4) қолданылуы осы қағидаларда көзделмеген аулау құралдарын пайдаланып;

      5) аңшылық шаруашылығы субъектісімен шарт жасаспай кәсiпшiлiк мақсатта;

      6) егер уәкiлеттi орган өзгеше белгiлемесе, аңшылық алқаптардың резервтiк қорында;

      7) елдi мекендердің жерлерiнде, сондай-ақ олармен іргелес аумақтарда олардың айналасындағы үш шақырым радиуста тегіс ұңғылы және ойық ұңғылы аңшылық қаруды қолдана отырып, аңшылық жүргізілмейді;

      8) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерiнде;

      9) күйзелiстi және дәрменсiз жағдайдағы жануарларды (дауылдан, су тасқынынан, өрттен бас сауғалағандарды, су тоғандарынан өту кезiнде, көктайғақ кезiнде, аштықтан әлсiрегендердi, жусанды паналаған суда жүзетiн құстарды);

      10) қозғағышын iске қосып, авиа-, авто-, мотокөлiк құралдарын, қарда жүретiн техниканы (қасқыр аулауды қоспағанда), шағын көлемдi кемелердi, түнде көру құралдарын, лазерлiк нысана көрсеткiштерiн, жарық беру және дыбыс шығару құралдарын қолдана отырып, әуесқойлық (спорттық) мақсатта;

      11) алкогольден немесе есiрткiден масаң болу немесе өзге түрде улану жағдайларында;

      12) егін орағы аяқталғанға дейін ауыл шаруашылығы дақылдары егілген жерлерде;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен табиғатты пайдаланудың жекелеген түрлеріне жол берілетін аумақты қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда;

      14) өзен құндызына, кәмшатқа, күзенге, ондатраға атыс қаруын қолданып;

      15) аңшылық иттердi құтқару үшiн iндердi қазуды қоспағанда, жануарлардың тұрағын бұзып және зақымдап;

      16) өзен құндызы тұрғызған бөгетті бұзып;

      17) пневматикалық, лақтыратын қаруды қолданып (жануарлар дүниесi объектілерін қозғалтпауға және егуге байланысты ғылыми-зерттеу және профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін садақтар мен арбалеттерді пайдаланудан басқа);

      18) сауыт бұзатын, өртегіш немесе жарғыш қуаты, ауыртпалық орталығы ауыстырылған оқтары бар патрондарды қолданып;

      19) тегiс ұңғылы аңшылық мылтығына қолдан жасалған ойық жиналмалы (қосалқыларды) ұңғыны қолданып;

      20) бос жерлерді, су бетiндегі өсiмдiктердi жағумен, басқа да өсімдiктерді түбiрiмен қопарып және жойып;

      21) өздiгiнен атылатын қаруларды, қысқыштарды, қаусырмаларды, қапсырмаларды, кескiштердi қолданып; тұзақтар құрып, аулау орларын қазып; адам байқамайтын айқындаушы белгілерінсіз ірі қақпандарды, шатырларды, бастырмаларды, iлмектердi, найзаларды, құс желiмін орнату жолымен, түтін салып, жылтыр мұзға, қатқыл мұзға, терең қарға және топырағы жабысқақ сортаңға, шабылған қамысқа айдап шығарып, қоңыр аюды, тұяқты жануарларды және құстарды аулау кезiнде қақпанды қолданып, қоршауға алып, тағамен аулап;

      22) торларды қолданып; су құю арқылы iннен шығарып (уәкiлеттi органмен келісiм бойынша жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау, будандастыру немесе еріксіз ұстау үшін оларды аулауды қоспағанда);

      23) жарылғыш құрылғыларды, химиялық және улы заттарды қолданып, уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келiсім бойынша тышқан тектес кемiргiштердi (саршұнақтарды, сұр егеуқұйрықтарды, аламандарды) жойған кезде, сондай-ақ жануарлардың құтыру эпизоотиясы және басқа аурулары жағдайында улы химикаттарды қолдануды қоспағанда;

      24) жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсатта немесе жолдамада көрсетілген жануарлар санынан асырып;

      25) жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсатта немесе жолдамада көрсетілмеген жануарлардың басқа түрлерін;

      26) аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасынсыз;

      27) аулап алу объектісі болып табылатын жануарлар түрлеріне, басқа елдерден әкелінген жыртқыш қыран құстарды пайдалана отырып;

      28) еркекүйрекке көктемгі аң аулау кезінде еліктіруші үйрексіз немесе тұлыпсыз;

      29) тұяқты жануарларды және қоңыр аюды аулау кезінде қорықшының немесе жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспектордың еріп жүруінсіз;

      30) әуесқойлық (спорттық) мақсатта суырға калибрі бес бүтін оннан алты миллиметрлік бүйірден (сақиналы) тұтандырғыш патронды ойықты қару қолданып;

      31) тыныштық сақтау аймақтарында және өсiмiн молайту учаскелерінде аң аулауға тыйым салынады.

      19. Жануарлардың популяцияларын сақтау, олардың өсiмiн молайтуға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету және шаруашылық пайда табу мақсатында Қазақстан Республикасында осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес аң аулауды жүргізу мерзiмдерi (бұдан әрі – аң аулауды жүргізу мерзімдері) белгiленедi.

      Ведомствоның аумақтық бөлімшелері аң аулауды ашу туралы және оны осы Қағидаларға 11-қосымшада көрсетілген аң аулауды жүргізудің белгіленген мерзімдерінен күнтізбелік 15 күнге дейін неғұрлым ерте немесе неғұрлым кеш мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдайды".

      3. "Жануарларды интродукциялау және реинтродукциялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 13 мамырдағы № 18-2/434 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11346 болып тіркелген, 2015 жылғы 24 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған):

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру қағидалары осы Тізбеге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      4. "Аңшылық шаруашылығын жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 мамырдағы № 18-2/501 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11551 болып тіркелген, 2015 жылғы 15 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Аңшылық шаруашылығын жүргізу қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Аңшылық шаруашылығын жүргізуге арналған шарт:

      1) аңшылық шаруашылығын жүргізуден өз еркімен бас тартқан;

      2) аңшылық шаруашылығын жүргізуге арналған шарттың қолданылу мерзімі аяқталған;

      3) аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қызметі тоқтатылған;

      4) аңшылық шаруашылығын жүргізуге арналған шарт талаптары жүйелі түрде бұзылған;

      5) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнама талаптары жүйелі түрде бұзылған;

      6) аңшылық алқаптарын бекітіп беру жүргізілген жер учаскелері 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгілі тәртіппен мемлекеттік мұқтаж үшін алып қойылған жағдайларда тоқтатылады.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Жануарлар дүниесі объектiлерiнiң мониторингі үшін санын есепке алуды, мәліметтерді жинауды ұйымдастыру";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн қорғау";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн қорғау:

      1) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi қағидаларды, нормалар мен нормативтерді белгiлеу және сақтау;

      2) жануарлар дүниесiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салуды белгiлеу;

      3) жануарлардың бағалы, сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау;

      4) жануарлар дүниесiн пайдаланудың белгiленген қағидаларын бұзуды болдырмау;

      5) жануарлар мекендейтiн ортаны қорғауды, олардың көбею жағдайларын, өріс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын ұйымдастыру;

      6) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүктей отырып, аумақтарды, акваторияларды бекiтiп беру;

      7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру;

      8) жануарлар түрлерін жасанды түрде өсiру;

      9) жануарлар ауырған жағдайда, дүлей зiлзала кезiнде және басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген жағдайларда оларға көмек көрсету;

      10) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру;

      11) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау және орнықты пайдалану идеяларын насихаттау;

      12) жеке және заңды тұлғалардың жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi қызметiн ынталандыру;

      13) азаматтарды жануарлар дүниесiне жанашырлықпен және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу жолымен жүзеге асырылады.";

      4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Аңшылық шаруашылықтарының қорықшылық қызметi";

      5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Бекітіп берілген аңшылық шаруашылықтарында жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту";

      6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-тарау. Жануарлар дүниесiн пайдалану".

  Қазақстан Республикасы Ауыл
шаруашылығы министрлігінің
өзгерістер мен толықтырулар
енгізілетін кейбір
бұйрықтарының тізбесіне
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2015 жылғы 13 мамырдағы
№ 18-2/434 бұйрығымен
бекітілген

Жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 71) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жануарларды будандастыру – шаруашылықта пайдалы озық белгілері немесе қасиеттері бар дара нұсқаларды алу мақсатында жануарлардың алуан түрлерінің немесе тұқымдарының дара нұсқаларын шағылыстыру;

      2) жануарларды интродукциялау – жануарлар түрлерi дарақтарын таралу ареалынан (таралу аясынан) тысқары, бұл түрлер бұрын мекендемеген, олар үшiн жаңа мекендеу орындарына әдейi немесе кездейсоқ тарату;

      3) жануарларды реинтродукциялау – жануарлар түрлерi дарақтарын бұрынғы мекендеу орталарына әдейi ауыстыру.

      4) аумақтық бөлімше – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері.

2-тарау. Жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру тәртібі

      3. Жануарлар түрлері дарақтарын:

      1) санын көбейту;

      2) жергілікті фаунаға жануардың жаңа түрін енгізу;

      3) жануардың пайдалы қасиеттерін пайдалану мақсатында таралу ареалынан тысқары, олар үшін жаңа мекендеу орындарына әдейі тарату қажеттігі интродукция үшін негіз болып табылады.

      4. Жануарлар түрлерінің дарақтарын:

      1) бұрын мекендеген түрлерді қайтару;

      2) санын қалпына келтіру;

      3) репродуктивтігін жақсарту мақсатында оларды бұрынғы мекендеу орындарына әдейі ауыстыру қажеттігі реинтродукция үшін негіз болып табылады.

      5. Жануарлардың алуан түрлерінің немесе тұқымдарының дара нұсқаларын шағылыстыру арқылы шаруашылықта пайдалы озық белгілері немесе қасиеттері бар дара нұсқаларды алу қажеттігі будандастыру үшін негіз болып табылады.

      6. Жануарлар түрлерін интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру, жануарларды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету 2007 жылғы 9 қантардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Жануарларды интродукциялау және реинтродукциялау жануарлардың саулығына барынша қамқорлық жасалып, арнайы торларда, контейнерлерде және резервуарларда көлік құралымен тасымалдау арқылы жүзеге асырылады.

      8. Жануарларды тасымалдау, тиеу және түсіру кезінде:

      1) жануарларға зиян келтіруге және қақпақтардың өздігінен ашылып кетуіне жол бермейтін қауіпсіздік шаралары;

      2) ветеринариялық іс-шаралар;

      3) желдету, азық және ішетін су;

      4) жануарларды тасымалдау кезінде ауру немесе жаралы жануарларды оқшаулау, қажет болған жағдайда алғашқы көмек көрсету қамтамасыз етіледі.

      9. Аумақтық бөлімшенің бұйрығымен құрамына аумақтық бөлімшенің, ветеринариялық қызметтің қызметкерлері және өтініш беруші енгізілетін жануарларды қабылдап алу және табиғи ортаға жіберу жөніндегі комиссия құрылады.

      10. Жануарлар межелі орынға әкелінген соң комиссия осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жануарларды қабылдап алу (жіберу) актісін жасайды.

      11. Бейімделу және карантин мақсатында өтініш беруші жіберілетін жерге келген соң биологиялық негіздемеге сәйкес түріне, жасына және табиғи физиологиялық жай-күйіне байланысты жануарларды күтіп-бағу талаптарына сай келетін торларда, қоршауларда және басқа үй-жайларда жануарларды ұстай тұруды жүзеге асырады. Бейімдегеннен кейін комиссия олардың табиғи жай-күйі көрсетілген осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жануарларды жіберу актісін жасайды.

      12. Аумақтық бөлімшелер жануарлардың жай-күйіне және интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру мақсаттарына қол жеткізуді есепке алу мен мониторингілеуді жүзеге асырады.

  Жануарларды интродукциялау,
реинтродукциялау және
будандастыру қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Жануарларды қабылдап алу (жіберу) АКТІСІ

      20 жылы "_____" ___________________________________________________________

      (жасалған орны)

      Мына құрамдағы комиссия:

      Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің, ветеринариялық қызметтің өкілдері және өтініш беруші:

      __________________________________________________________________________

      __________________________________________________________________________

      (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі лауазымы)

      Жануарларды қабылдап алуды (жіберуді) жүргізді:

Жануар түрі

Саны

Жынысы

Жануардың табиғи жай-күйі



еркегі

ұрғашысы

төлі














      Қосымша мәліметтер: _______________________________________________________

      __________________________________________________________________________

      Акт үш данада жасалды.

      Қолдары:

      1. ________________________________________________________________________

      2. ________________________________________________________________________

      3. ________________________________________________________________________

  Жануарларды интродукциялау,
реинтродукциялау және
будандастыру қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Жануарды қолда ұстағаннан кейін жіберу АКТІСІ

      20 жылы "_____" ________ __________________________________________________

      (жасалған орны)

      Мына құрамдағы комиссия:

      Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің, ветеринариялық қызметтің өкілдері және өтініш беруші:

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі лауазымы)

      Жануарларды жіберуді жүргізді:

Жануар түрі

Саны

Жынысы

Жануардың табиғи жай-күйі



еркегі

ұрғашысы

төлі














      Қосымша мәліметтер: _______________________________________________________

      __________________________________________________________________________

      Акт үш данада жасалды.

      Қолдары:

      1. ________________________________________________________________________

      2. ________________________________________________________________________

      3. ________________________________________________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады