Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттардың, ресми басылымдардың көшірмелерін тарату қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 944 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 желтоқсанда № 18090 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 11.04.2019 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Стандарттау туралы" 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 9-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттардың, ресми басылымдардың көшірмелерін тарату қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2019 жылғы 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2018 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 944 бұйрығымен
бекiтiлген

Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттардың, ресми басылымдардың көшірмелерін тарату қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттардың, ресми басылымдардың көшірмелерін тарату қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Стандарттау туралы" 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 9) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Стандарттау жөніндегі ұлттық орган нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын (бұдан әрі – Бірыңғай қоры) қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыруды және нормативтік техникалық құжаттардың көшірмелерін, ресми басылымдарын таратуды жүзеге асырады.

      3. Бірыңғай қор Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылатын, басқа нормативтік техникалық құжаттарды, стандарттау жөніндегі құжаттарды (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда), сондай-ақ бұлар туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, жалпыға қолжетімді мемлекеттік ақпараттық ресурс болып табылады.

      4. Бірыңғай қорды құрудағы мақсат пайданушыларды толық, сенімді және уақтылы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың нормативтік техникалық құжаттарын және стандарттау жөніндегі құжаттарды жүйелеу болып табылады.

      5. Бірыңғай қор стандарттау саласындағы басқа қорлармен, шетел мемлекеттерінің ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

2-тарау. Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру және жүргізу

      6. Бірыңғай қорды қалыптастыру және жүргізу мыналарды:

      1) нормативтік техникалық құжаттарды жиынтықтауды және сақтауды;

      2) стандарттау жөніндегі құжаттарды (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда) жиынтықтауды, сақтауды және жаңартып отыруды қамтиды.

      7. Бірыңғай қордың құрамына:

      1) нормативтік техникалық құжаттар:

      техникалық регламенттер;

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік құжаттар;

      мемлекеттік органдар және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары бекіткен техникалық және технологиялық нормаларды белгілейтін өзге де құжаттар.

      2) стандарттау жөніндегі құжаттарға:

      халықаралық стандарттар, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары (бұдан әрі – стандарттау жөніндегі халықаралық құжаттар);

      өңірлік стандарттар, стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі қағидалары мен ұсынымдары (бұдан әрі – стандарттау жөніндегі өңірлік құжаттар);

      ұлттық стандарттар мен ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары;

      стандарттау жөніндегі ұсынымдар;

      шет мемлекеттердің стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі қағидалары, нормалары мен ұсынымдары (бұдан әрі – шет мемлекеттердің стандарттау жөніндегі құжаттары) кіреді.

      8. Мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары өздері бекіткен нормативтік техникалық құжаттың бір данасын, сондай-ақ әрбір нормативтік техникалық құжатты қабылдау, өзгерістер енгізу, күшін жою туралы мәліметтерді Стандарттау жөніндегі ұлттық органға осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша нормативтік техникалық құжаттың қабылданғаны, өзгерістер енгізілгені, күшінің жойылғаны туралы анықтаманы қоса бере отырып, олар бекітілгеннен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде ұсынады.

      9. Мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары Стандарттау жөніндегі ұлттық органға нормативтік техникалық құжаттарды тапсыру кезінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша нормативтік техникалық құжаттарды қабылдау-тапсыру актісін жасайды.

      10. Стандарттау жөніндегі ұлттық орган нормативтік техникалық құжаттарды алғаннан кейін, 10 жұмыс күн ішінде нормативтік техникалық құжаттар мәтіндерін Бірыңғай қордың интернет-ресурсында орналастырады.

      11. Стандарттау жөніндегі ұлттық орган нормативтік техникалық құжаттың мәтінін оқу қиынға түссе, суреттер мен кестелер айқын болмаса, мемлекеттік органнан немесе олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарынан нормативтік техникалық құжатты сұрата алады.

      12. Ұлттық, мемлекетаралық стандарттар мен ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының істерін қалыптастыру, сақтау, өзектендіру және Бірыңғай қорға өткізу ҚР СТ 1.22 "Стандарт ісі. Қалыптастыру, сақтау, жаңғырту жəне мұрағатқа тапсыру тəртібі" сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Стандарттау жөніндегі құжаттың болуы және қолданылу мерзімі туралы, енгізілген өзгерістер, стандарттау жөніндегі құжатты ауыстыру және жою туралы, стандарттау жөніндегі құжат әзірлеушілері туралы және оларды бекіту туралы ақпарат, стандарттау жөніндегі құжаттар туралы библиографиялық ақпарат Стандарттау жөніндегі ұлттық органның ресми баспа басылымында және Бірыңғай қордың интернет-ресурсында жарияланады.

3-тарау. Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қолдап отыру

      14. Бірыңғай қорды қолдап отыру:

      1) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қорындағы нормативтік техникалық құжаттардың көшірмелерін, сондай-ақ олар туралы мәліметтерді ұсынуды;

      2) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорының ақпараттық жүйелерін, стандарттау жөніндегі құжаттарды каталогтау жүйесін қолдап отыруды және кеңейтуді жолымен жүзеге асырылады.

4-тарау. Нормативтік техникалық құжаттардың ресми басылымдарының көшірмелерін тарату

      15. Стандарттау жөніндегі ұлттық орган нормативтік құқықтық актімен бекітілген нормативтік техникалық құжаттардың ресми жарияланымдарына сілтемелерді электрондық түрде жариялайды.

      16. Нормативтік емес құқықтық актімен бекітілген нормативтік техникалық құжаттардың көшірмелерін тарату Бірыңғай қор арқылы электрондық түрде, өтеусіз жүзеге асырылады.

      17. Стандарттау жөніндегі құжаттардың ресми басылымдарын тарату (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда) Бірыңғай қор арқылы жүзеге асырылады.

      18. Стандарттау жөніндегі құжаттарды және олардың көшірмелерін тарату авторлық құқықтар сақталған жағдайда жүзеге асырылады.

      19. Әскери ұлттық стандарттарды, Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық стандарттар ретінде қабылданған мемлекетаралық стандарттарды және халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары негізінде қабылданған ұлттық стандарттарды қоспағанда, ұлттық стандарттардың ресми басылымдары өтеусіз негізде таратылады..

      20. Жеке және заңды тұлғалар стандарттау жөніндегі құжаттарды және нормативтік техникалық құжаттар, сондай-ақ олар туралы ақпарат беруге Стандарттау жөніндегі ұлттық органға өтінім жібереді.

      21. Өтінім сұратылып отырған құжаттардың қажетті мәліметтер құрамын анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратты (құжаттың атауы мен белгіленуі, қажетті көшірмелер саны, байланыс деректері) қамтиды.

      22. Стандарттау жөніндегі құжаттар және олар туралы ақпарат қағаз тасығышта немесе электрондық түрде ұсынылады.

  Нормативтік техникалық
құжаттардың бірыңғай
мемлекеттік
қорын қалыптастыру, жүргізу
және қолдап отыру, сондай-ақ
нормативтік техникалық
құжаттардың, ресми
басылымдардың көшірмелерін
тарату қағидаларына
1-қосымша
  нысан

Нормативтік техникалық құжатты қабылдау, өзгерістер енгізу, жою туралы анықтама

Белгіленуі

Атауы

Қолданысқа енгізілген күні

Әзірлеуші туралы деректер
(Ұйымның атауы, мекенжайы, байланыс телефоны, электрондық поштасы)
















  Нормативтік техникалық
құжаттардың бірыңғай
мемлекеттік
қорын қалыптастыру, жүргізу
және қолдап отыру, сондай-ақ
нормативтік техникалық
құжаттардың, ресми
басылымдардың көшірмелерін
тарату қағидаларына
2-қосымша
  нысан

Нормативтік-техникалық құжаттарды қабылдау-тапсыру акті

      _____мемлекеттік орган/ведомстволық бағынысты ұйым ____тұлғасында

      және_____Стандарттау жөніндегі ұлттық орган ______ тұлғасында мынадай

      нормативтік техникалық құжаттарды қабылдап-тапсыруды жүзеге асырды.

Р/с

Атауы

Ескертпе
(электрондық/қағаз түріндегі нұсқасы)

Саны





      Тапсырды_____________

      (мемлекеттік органның/

      ведомстволық бағынысты ұйымның өкілі)

      Қабылдады______________

      (Стандарттау жөніндегі ұлттық

      органның өкілі)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады