РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 11.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі
"Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2019 жылғы 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі |
Д. Абаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрлігі
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 553 бұйрығына 1-қосымша |
Ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру қағидалары "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық өнім – бұқаралық ақпарат құралдарының өнімі, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобына арналған өзге де аудио-бейне және (немесе) баспа өнімі;
2) ақпараттық өнімді тарату – ақпараттық өнімді сату, оған жазылу, жеткізу, үлестіру, көрсету, прокаттау және (немесе) жалға беру жөніндегі қызмет;
3) ақпараттық өнімді таратушы (бұдан әрі – таратушы) – ақпараттық өнімді оның меншік иесімен, ақпараттық өнімді шығарушымен жасалған шарт бойынша немесе өзге де заңды негіздерде таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
4) ақпараттық өнімді шығарушы – ақпараттық өнім жасауды және (немесе) дайындауды материалдық-техникалық және (немесе) ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
5) жас санаты – осы Заңда айқындалған тәртіппен ақпараттық өнімге берілетін санат;
6) жас сыныптамасы – ақпараттық өнімге жас санатын беру процесі.
2-тарау. Ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру тәртібі
3. Жас сыныптамасын беруді:
1) Қазақстан Республикасында жасалған және (немесе) дайындалған ақпараттық өнімге – меншік иесі;
2) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (жеткізілген) ақпараттық өнімге меншік иесі немесе таратушы Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттық өнімнің таратылуы басталғанға дейін жүзеге асырады.
Осы тармақтың нормалары фильмдердің жас сыныптамасын жүзеге асыруға қолданылмайды.
4. Жас сыныптамасы ақпараттық өнімге мынадай жас санаттары беріле отырып жүзеге асырылады:
1) "6 жасқа дейін" – алты жасқа толмаған балаларға арналған ақпараттық өнім;
2) "6 жастан бастап" – алты жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
3) "12 жастан бастап" – он екі жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
4) "14 жастан бастап" – он төрт жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
5) "16 жастан бастап" – он алты жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
6) "18 жастан бастап" – балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнім.
Әртүрлі жас санаттарына жатқызылатын бірнеше бөліктен тұратын ақпараттық өнім таратылған жағдайда, жас санаты белгісі жас санаты үлкен балаларға арналған ақпараттық өнімге сәйкес келуге тиіс.
5. Жас сыныптамасын беру Заңның 6-бабының 5) тармақшасына сәйкес бекітілетін жас санаты белгісіне қойылатын талаптарға сәйкес жас санаты белгісін түсіру және (немесе) мәтіндік ескертуді белгілеу арқылы жүзеге асырылады.
Шығарушылар мен таратушылар ақпараттық өнімге жас сыныптамасын осы бұйрықпен бекітілген ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру әдістемесіне сәйкес береді.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 553 бұйрығына 2-қосымша |
Ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру әдістемесі
1. Осы Ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Әдістеме Қазақстан Республикасында жасалған және (немесе) дайындалған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (жеткізілген) ақпараттық өнімдерге қолданылады.
3. Осы Әдістемеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) авария – құрылыстардың және (немесе) қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың қирауы, бақылауға болмайтын жарылыс және (немесе) қауіпті заттардың шығарындысы;
2) апат – қайғылы салдарларға әкеп соқтыратын ірі қолайсыз оқиға (қирау, адамдардың, жануарлардың, өсімдіктер әлемінің қырылуы);
3) ақпараттық өнім – бұқаралық ақпарат құралдарының өнімі, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобына арналған өзге де аудио-бейне және (немесе) баспа өнімі;
4) ақпараттық өнімді тарату – ақпараттық өнімді сату, оған жазылу, жеткізу, үлестіру, көрсету, прокаттау және (немесе) жалға беру жөніндегі қызмет;
5) ақпараттық өнімді таратушы (бұдан әрі – таратушы) – ақпараттық өнімді оның меншік иесімен, ақпараттық өнімді шығарушымен жасалған шарт бойынша немесе өзге де заңды негіздерде таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
6) ақпараттық өнімді шығарушы – ақпараттық өнім жасауды және (немесе) дайындауды материалдық-техникалық және (немесе) ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
7) дүрбелең – нақты немесе ықтиал қатер алдындағы қарқынды үрейдің жай-күйі;
8) жазатайым оқиға – күтпеген оқиға, дене жарақатына немесе өлімге әкеп соққан мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы;
9) жас санаты – осы Заңда айқындалған тәртіппен ақпараттық өнімге берілетін санат;
10) жас сыныптамасы – ақпараттық өнімге жас санатын беру процесі;
11) зорлық-зомбылық – адамның арасындағы физикалық, моральдық-имандылық қатынастарды шектейтін және біреулердің артықшылық жағдайы күш қолдану, зардап шегу, қорлау, бас бостандығын, ерік-жігерін, мүмкіндіктерін шектеу және біреулерді ықтимал өмірінен айыру есебінен тікелей мәжбүрлеу арқылы қол жеткізілетін қатынастардың белгілі бір типін көрсететін кез келген көрініс;
12) жан түршігушілік – жабығумен (естен айырылумен), кейде қорқыныштан қалтыраумен сүйемелденетін қатты қорқыныштың әсерінен, қорқыныштың көзін жою бойынша белсенді реакцияның болмауынан болатын адамның жай-күйі;
13) қатыгездік – асқан қатыгездікті, рақымсыздықты, ырыққа көнбеу ниеттерін, адамзатқа қарсы қандай да бір әрекетті жасауға нақты қайраттылықты танытуға негізделген адами қарым-қатынастардың жиынтығы;
14) қорқыныш – нақты немесе болжамды зілзаланың болуынан сескенуге негізделген теріс боямалы эмоциялық реакция, ішкі жай-күйі;
15) натуралистік бейнелеу (сипаттау) – ақпараттық өнімді тұтынушылардың назарын бейнелеу объектісінің бөлшектеріне, анатомиялық ерекшеліктеріне физиологиялық не техникалық процестеріне аударатын адамды, жануарды, затты, оқиғаны, құбылысты, әрекетті (әрекетсіздікті) және олардың салдарын егжей-тегжейлі бейнелеу.
4. Жас сыныптамасын Қазақстан Республикасында жасалған және (немесе) дайындалған ақпараттық өнімге меншік иесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (жеткізілген) ақпараттық өнімге меншік иесі немесе таратушы Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттық өнімнің таратылуы басталғанға дейін жүзеге асырады.
5. Ақпараттық өнімді шығарушылар немесе таратушылар ақпараттық өнімнің сыныптамасын жүзеге асыру кезінде:
1) ақпараттық өнімнің тақырыбын, жанрын, мазмұнын және көркемдік безендірілуін;
2) белгілі бір жас санатындағы балалардың ақпараттық өнімде қамтылған ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін;
3) баланың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізу ықтималдығын бағалайды.
6. Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратқа:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен тыйым салынған;
2) осы Заңмен балаларға тыйым салынған;
3) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгілі бір жас топтарындағы балаларға шектеу қойылған ақпарат жатқызылады.
7. "6 жасқа дейін" жас санаты балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізбейтін ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімге, оның ішінде ақпараттық өнімде жақсылықтың зұлымдықты жеңіп, салтанат құру идеясы, зорлық-зомбылық құрбанына аяушылық білдіру және (немесе) зорлық-зомбылықты айыптау қамтылады деген шартпен, жанр және (немесе) сюжет тұрғысынан ақталған, физикалық және (немесе) психикалық және (немесе) психологиялық күш көрсетудің натуралистік сипаттауларсыз және (немесе) бейнелеулерсіз эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын ақпараттық өнімге беріледі.
8. "6 жастан бастап" жас санаты балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізбейтін ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімге және осы Әдістеменің 7-тармағында көзделген ақпаратқа, оның ішінде балаларда қорқыныш, үрей туғызатын немесе олардың жанын түршіктіретін, сондай-ақ адами қадір-қасиетті қорлайтын жазатайым оқиғалардың, авариялардың, апаттардың, өлімнің және олардың зардаптарының сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтымайтын ақпараттық өнімге беріледі.
9. "12 жастан бастап" жас санаты балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізбейтін ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімге және осы Әдістеменің 8-тармағында көзделген ақпаратқа, оның ішінде балаларда қорқыныш, үрей туғызуы немесе жанын түршіктіруі мүмкін, зардаптары сипатталмай және (немесе) бейнеленбей, жазатайым оқиғалардың, авариялардың, апаттардың, зорлықсыз өлімнің сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын ақпараттық өнімге беріледі.
10. "14 жастан бастап" жас санаты балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізбейтін ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімге және осы Әдістеменің 9-тармағында көзделген ақпаратқа, оның ішінде жанр және (немесе) сюжет тұрғысынан ақталған, мыналарды:
1) есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың, темекі өнімдерінің, алкоголь өнімінің оларды тұтыну қауіптілігі туралы ескерте отырып, оларға әуестенуді қоғамға жат және құқыққа қайшы әрекеттерге арандату ретінде жазғыратын эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін;
2) адамның құқықтарын және қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау жолында күш қолдану салдарынан болған адам өлімінің натуралистік сипаттаусыз және (немесе) бейнелеусіз эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын ақпараттық өнімге беріледі.
11. "16 жастан бастап" жас санаты балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізбейтін ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімге және осы Әдістеменің 10-тармағында көзделген ақпаратқа, оның ішінде жанр және (немесе) сюжет тұрғысынан ақталған, мыналарды:
1) қатыгездік пен зорлық-зомбылық құрбандарына аяушылық сезімді және қатыгездік пен зорлық-зомбылықты айыптауды туғызатын, суицид және (немесе) адам өлтіру сюжеттерінің эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін;
2) сексуалдық сипаттағы әрекеттердің сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қоспағанда, адамдардың сексуалдық қарым-қатынастарының эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын ақпараттық өнімге беріледі.
12. "18 жастан бастап" жас санаты балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімдерге беріледі.