Жас санаты белгісіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 551 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 желтоқсанда № 18097 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 11.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Жас санаты белгісіне қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жариялануға тиіс және 2019 жылғы 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр Д. Абаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және спорт министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің
2018 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 551 бұйрығымен
бекітілген

Жас санаты белгісіне қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы жас санаты белгісіне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және жас санаты белгісіне қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Ақпараттық өнімнің жас санаты белгісі Заңның 6-бабының 4) тармақшасына сәйкес бекітілетін ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру қағидалары мен әдістемесі негізінде балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттың болуына немесе болмауына ақпараттық өнімді бағалау нәтижелері бойынша беріледі.

      3. Жас санаты туралы мәтіндік ескерту ақпараттық өнім таратылатын тілге сәйкес келеді.

2-тарау. Баспа өнімдерінің жас санаты белгісіне қойылатын талаптар

      4. Баспа (кітап) басылымдары үшін жас санаты белгісі ромбта және (немесе) мәтіндік ескерту түрінде белгіленеді, баспа өнімдерінің шығару деректерін қамтитын бетінде орналастырылады, қарпі осы бетте пайдаланылатын қаріптерден кем болмайды.

      Жас санаты белгісінің түсі басылым тақырыбының үйлесімді түсіне сәйкес келеді.

      5. Мерзімді баспа басылымдары үшін жас санаты белгісі ромбта белгіленеді, басылымның бірінші бетінде көрсетіледі және мерзімді баспа басылымының аталған шығарылымында таратылатын, жас санаты барынша үлкен ақпараттық өнімге сәйкес келеді.

      Жас санатының белгісі өлшемі бойынша басылымның логотипінен немесе баспа бетінде пайдаланылатын қаріптен кем болмайды, бұл ретте жас санаты белгісінің қарпі кескіні мен түсі бойынша мерзімді баспа басылымының бірінші бетінде пайдаланылатын негізгі қаріптен және түрлі-түсті төсемнен айырмашылығы болады.

      6. Егер басылым "18 жастан бастап" жас санатындағы иллюстрацияны қамтитын болса, ақпараттық өнімнің аталған санатына жататын кітап басылымдары үшін мөлдір пленкалы қаптама талап етіледі. Мұқабасында осындай санаттағы иллюстрация болған кезде мөлдір емес пленкадағы қаптама талап етіледі.

3-тарау. Аудио-бейне өнімдердің жас санаты белгісіне қойылатын талаптар

      7. Аудио-бейне өнімдердің жас санаты белгісі берілген жағдайда, жас санаты белгісі ромбта және (немесе) мәтіндік ескерту түрінде белгіленеді.

4-тарау. Желілік басылымдардың жас санаты белгісіне қойылатын талаптар

      8. Ақпараттық өнімді ақпараттық ресурс арқылы тарату кезінде жас санаты белгісі ромбта және (немесе) мәтіндік ескерту түрінде белгіленеді, ақпараттық ресурстың басты бетіне орналастырылады және осы ақпараттық ресурста (оның компоненті) таратылатын ақпараттық материалдың жас санаты барынша үлкен балаларға арналған ақпараттық өнімге сәйкес келеді.

      9. Ақпараттық ресурстың басты бетінде жас санаты белгісін орналастырған кезде, ол өлшемі бойынша негізгі мәтіннің қаріп өлшемінен кем болмайды. Жас санаты белгісінің түсі басылым тақырыбының үйлесімді түсіне сәйкес келеді.

5-тарау. Телеарналар өнімдерінің жас санаты белгісіне қойылатын талаптар

      10. Ақпараттық өнімді телерадио хабарлары арқылы тарату кезінде әрбір телебағдарламаны және фильмді трансляциялау басталғанда, сондай-ақ оларды трансляциялау жарнамамен және (немесе) өзге де ақпаратпен бөлгеннен кейін әрбір қайта басталған кезде жас санаты белгісі көрсетіледі.

      11. Жас санаты белгісі телеарнаның, телебағдарламаның, телехабардың логотипіне немесе өзге де белгілерге, сондай-ақ субтитрлерге, түсіндірме сипатындағы жазбаға қойылмайды.

      Жас санаты белгісі ромбта және (немесе) мәтіндік ескерту түрінде цифрлармен белгіленеді. Белгінің контурын кескіндей отырып, белгі айқын болады.

      Жас санаты белгісінің мөлшері телеарна логотипінің мөлшерінен кем болмайды.

      12. Жас санаты белгісін көрсету ұзақтығы кемінде 5 секундты құрауы тиіс.

6-тарау. Кинозалдарда және осы мақсаттарға арналған өзге де жерлерде көрсетілетін фильмдердің жас санаты белгісіне қойылатын талаптар

      13. Фильмдердің жас санаты белгісі ромбта және (немесе) мәтіндік ескерту түрінде белгіленеді және кинозалдарда және осы мақсаттарға арналған өзге де жерлерде көрсетілген фильмнің басталуы алдында экранның ортасында көрсетіледі.

      Жас санаты белгісі трансляциялау басталғанда оның жас санаты туралы хабарлаумен сүйемелденеді.

      Жас санаты белгісін көрсету ұзақтығы кемінде 5 секундты құрайды. Жас санаты белгісінің қарпі негізгі титрлер қарпіне сәйкес келеді.

      14. Кинозалдарда және осы мақсаттарға арналған өзге де жерлерде көрсетілетін фильмдердің жас санаты белгісі сыртқы (көрнекi) жарнамада көрсетіледі.

      Сыртқы (көрнекi) жарнамада жас санаты белгісі ромбта белгіленеді және оң жақ бетінің сол жақ төменгі бұрышында көрсетіледі. Ауданы сыртқы (көрнекi) жарнаманың оң жақ бетінің барлық ауданының кемінде жеті пайызын құрайды. Түсі инверсия (қара фонда – ашық қаріппен, ашық фонда – қара қаріппен). Жас санаты белгісінің қарпі негізгі мәтіннің қарпіне сәйкес келеді.

      15. Кинозалдарда және осы мақсаттарға арналған өзге де жерлерде көрсетілетін фильмдердің жас санаты белгісі туралы ақпарат фойеде және кассаның маңында орналастырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады