"Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 1621 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 желтоқсанда № 18112 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы №171 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №16376 болып тіркелген, эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 26 ақпанда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      Осы бұйрықпен бекітілген Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      аумақтық орган – облыстардың және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының Әділет департаменттері;

      жоспарлы бақылау – жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылаудың бекітілген кестесіне сәйкес жүргізілетін жеке сот орындаушысының қызметін, әлеуметтік маңызды іс санаттары бойынша және мемлекет кірісіне өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу материалдарын зерделеу және тексеру;

      жоспардан тыс бақылау – шағымдар, өтініштер түскен не жеке сот орындаушысының Қазақстан Республикасының атқарушылық құжаттарды орындауды қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын бұзғандығы туралы мәліметі бар басқа да ақпарат (бұдан әрі – басқа да ақпарат) болған кезде жүргізілетін жеке сот орындаушысының қызметін, атқарушылық іс жүргізу материалдарын зерделеу және тексеру;

      уәкілетті орган – атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Жеке сот орындаушыларының қызметін жоспарлы бақылаудың нысанасы:

      әлеуметтік маңызды іс санаттары бойынша және мемлекет кірісіне өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу материалдарын зерделеу және тексеру;

      жеке сот орындаушысының Жеке сот орындаушысының кәсіптік ар-намыс кодексін (бұдан әрі - Кодекс) сақтауын және оның Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы жарғысының (бұдан әрі - Жарғы) талаптарын орындауын зерделеу және тексеру;

      жеке сот орындаушысының іс жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауын зерделеу және тексеру;

      жеке сот орындаушысы архивінің жағдайын зерделеу және тексеру;

      жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды сақтауын зерделеу және тексеру болып табылады.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Жоспардан тыс бақылау тиісті әділет органының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалған кезде комиссия аумақтық органның қызметкерлерінен және жеке сот орындаушыларының тиісті палатасының өкілінен құрылады.

      Жоспардан тыс бақылау жеке сот орындаушыларының тиісті палатасының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалған кезде комиссия палата қызметкерлерінен және тиісті аумақтық органның өкілінен құрылады.

      Бақылау жүргізу үшін комиссия кемінде үш адамнан құрылады.";

      20- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Қорытынды кіріспе, сипаттама-уәждеме және қорытынды бөліктерінен тұрады.

      Қорытындының кіріспе бөлімінде бақылаудың түрі туралы мәліметтер, бақылауды жүзеге асырған адамның және бақылауға жататын жеке сот орындаушысының тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), бақылауды жүргізу мерзімі, жеке сот орындаушысының бақылауды тағайындау туралы бұйрықтың нөмірі және күні көрсетіледі.

      Қорытындының сипаттама-уәждеме бөлігінде жеке сот орындаушысының қызметі туралы және атқарушылық іс жүргізу туралы мәліметтер, оның ішінде атқарушылық әрекеттер хронологиялық тәртіппен баяндалады.

      Қорытынды бөлікте Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың болуы немесе болмауы туралы қорытынды, бір айға дейін мерзім белгілене отырып оларды жою жөніндегі ұсынымдар баяндалады және жеке сот орындаушысының бұзушылықтарды жойғаны туралы ақпаратты аумақтық органға беру міндеті көрсетіледі.

      Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық жойылған және (немесе) келтірілген залал қалпына келтірілген жағдайда, қорытынды жеке сот орындаушыларының өңірлік (республикалық) палатасының тиісті тәртіптік комиссиясына қарауға жолданады.";

      22- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Жеке сот орындаушысы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоймаған және (немесе) келтірілген залалды қалпына келтірмеген жағдайда, сондай-ақ Заңның 143, 144-баптарында көзделген жағдайларда уәкілетті органға жеке сот орындаушысының лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ұсыныс енгізіледі.

      Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру (тоқтату) туралы ұсынысқа осы Қағидалардың 21-тармағында көзделген құжаттар тіркеледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау департаменті:

      1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлкеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік етуші орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады