Жақсы ауданында тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібін және мөлшерін айқындау туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Жақсы аудандық мәслихатының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 6ВС-36-2 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2018 жылғы 27 желтоқсанда № 6985 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Жақсы аудандық мәслихатының 2020 жылғы 15 мамырдағы № 6С-55-3 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Жақсы аудандық мәслихатының 15.05.2020 № 6С-55-3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қантардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабына сәйкес, Жақсы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Жақсы ауданында тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері қосымша сәйкес айқындалсын.

      2. Күші жойылды деп танылсын:

      1) Жақсы аудандық мәслихатының "Жақсы ауданында тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібін және мөлшерін анықтау туралы" 2016 жылғы 6 қазандағы № 6ВС-7-5 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5576 тіркелген, 2016 жылғы 24 қазанында "Жақсы жаршысы" аудандық газетінде жарияланған) шешімі;

      2) Жақсы аудандық мәслихатының "Жақсы аудандық мәслихатының 2016 жылғы 6 қазандағы № 6ВС-7-5 "Жақсы ауданында тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібін және мөлшерін анықтау туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2017 жылғы 31 наурыздағы № 6ВС-11-1 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5888 тіркелген, 2017 жылғы 24 сәуірде "Жақсы жаршысы" аудандық газетінде жарияланған) шешімі.

      3. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Жақсы аудандық мәслихатының
сессия төрайымы
С.Әбішева
      Жақсы аудандық мәслихатының хатшысы Б.Жанәділов

      "Келісілді"

      Жақсы ауданының
әкімі
Б.Малғаждаров

      2018.26.12

  Жақсы аудандық мәслихатының
2018 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 6ВС-36-2 шешіміне
қосымша

Жақсы ауданында тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері

1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі.

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Жақсы ауданы аумағында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) беріледі.

      2. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      3. "Жақсы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-уәкілетті орган) "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген, Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне (бұдан әрі - Ереже) сәйкес, тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асырады.

      4. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Ереженің 4-тармағына сәйкес құжаттарды береді.

      Тұрғын үй көмегі құжаттарды берген айдан бастап толық ағымдағы тоқсанға тағайындалады, бұл ретте отбасының (азаматтың) өткен тоқсандағы табыстары мен коммуналдық қызметтерінің шығындары есепке алынады, мыналарды қоспағанда:

      жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (пәтер, үй) бар немесе тұрғын үйін жалға (қосымша жалға) беретін отбасыларды (азаматтарды);

      еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істемейтін, күндізгі оқу нысанында оқымайтын, әскерде мерзімді қызмет өтпейтін және уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелмеген (медициналық - әлеуметтік сараптау комиссиясының қорытындысына сәйкес күтімге мұқтаж тұлғаларға күтімді жүзеге асыратын азаматтардан басқалары) отбасыларды (азаматтарды).

      Аса көтерілген немесе заңсыз тұрғын үй көмегін тағайындауға апарып соқтыратын көрінеу күмәнді мәлімет ұсынған кезде, меншік иесі (жалдаушы) заңсыз алынған соманы ерікті түрде, бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарады.

      5. Уәкілетті орган аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.

      6. Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру тиісті қаржы жылына аудан бюджетінде көзделген қаржы шегінде жүргізіледі.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері

      7. Отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган қолданыстағы заңнамамен анықталған тәртіпте тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсан бойынша есептейді.

      8. Тұрғын үй көмегінің мөлшері осы мақсаттарға отбасының (азаматтың) коммуналдық қызметтерге жұмсаған шығыстарының нормалары мен шекті жол берілетін сомасы арасындағы айырма ретінде анықталады.

      9. Отбасының (азаматтың) шекті жол берілетін шығыстарының үлесі отбасының (азаматтың) жиынтық кірісінің 15 % мөлшерінде:

      1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;

      2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

      3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін.

      10. Жекешелендiрiлген тұрғын жайларда тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтыну белгіленген көлемнің нормасынан жоғары болса, төлем жалпыға бірдей негізде жүргізіледі.

      11. Өтемақы шараларына жататын тұрғын үй көлемнің нормасы бір адамға 18 шаршы метр болып қабылданады. Жалғыз тұратын азаматтар үшін өтемақы шараларына жататын тұрғын үй көлемінің нормасы 30 шаршы метр болып қабылданады.

      12. Жылумен қамтамасыз ету, кәріз, қоқысты шығару және сумен қамтамасыз ету қызметтерін тұтыну жөніндегі шығыстар үшін өтемақы коммуналдық қызмет жеткізушілері ұсынған төлем құжаттарының негізінде алдынғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша төленеді.

      13. Өтемақы шараларына жататын, электр қуатының шығысы нормасына айына бір адамға 100 киловатт/сағат және отбасыға 150 киловатт/сағат болып қабылданады.

      14. Қатты отын шығыны айына бір шаршы метрге 49,75 килограмм мөлшерінде есепке алынады, алайда, отбасына жылына төрт тонна көмірден аспауы керек. Отынның құнын есептеу үшін статистикалық деректерге сәйкес алдыңғы тоқсанда Жақсы ауданы бойынша қалыптасқан орташа бағасы есепке алынады.

      15. Өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін, су шығынының нормасы бір адамға айына 1,5 текше метр болып қабылданады.

      16. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады