Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31 бабына, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" Заңының 3 бабының 2 тармағының 3) тармақшасына сәйкес, Байғанин аудандық әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Байғанин ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшері айқындалсын.
2. "Байғанин аудандық әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыны Байғанин аудандық әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны мерзімді баспа басылымдарында және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Ж. Жаңабайға жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі | А. Шериязданов |
Байғанин ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 37 қаулысына қосымша |
Байғанин ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі және оларға ақшалай сыйақының мөлшері
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – Ақтөбе облысы Байғанин ауданы әкімдігінің 18.09.2020 № 186 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Көтермелеудің түрлері
1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері:
1) алғыс жариялау;
2) грамотамен марапаттау;
3) ақшалай сыйақы беру болып табылады.
2. Көтермелеудің тәртібі
2. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерiн Байғанин аудандық әкімдігімен құрылған қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын, қылмыстардың алдын алуға және ашуға ықпал еткен азаматтарды көтермелеу жөніндегі комиссия (бұдан әрi – Комиссия) қарайды.
3. Қоғамдық тәртіпті қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмыстың алдын алуға және жолын кесуге белсенді қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі ұсыныстарды комиссияның қарауына Байғанин ауданының полиция бөлімінің бастығы енгізеді.
4. Комиссия қабылдаған шешім – көтермелеу үшін, ал комиссия қабылдаған шешімге сәйкес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысының полиция департаменті бастығының бұйрығы – көтермелеуге ақы төлеу үшін негіз болып табылады.
5. Көтермелеу түрiн, соның iшiнде ақшалай сыйақы мөлшерiн, көтермеленушінің қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қосқан үлесiн ескере отыра, Комиссия белгiлейдi.
3. Ақшалай сыйақының мөлшері
6. Ақшалай сыйақының мөлшерi комиссиямен белгiленеді және он еселік айлық есептiк көрсеткiштен аспайды.
7. Ақшалай сыйақы төлеу облыстық бюджет қаражаты есебiнен Байғанин ауданының полиция бөлімімен жүргiзіледі.
8. Көтермелеуге ақы төлеуге арналған қаражат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысының полиция департаменті шығыстарының құрамында жеке бағдарламамен көзделедi.