Кеген ауданындағы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 2018 жылғы 27 қарашадағы № 9-30 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 29 қарашада № 4905 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы № 14-68 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 25.12.2023 № 14-68 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 5-тармағына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына сәйкес, Кеген аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      Ескерту. Шешімнің кіріспесі жаңа редакцияда - Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 28.12.2021 № 22-79 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Кеген ауданындағы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Кеген аудандық мәслихатының "Әлеуметтік-мәдени даму, құқық, қоғамдық бірлестіктермен жұмыс, бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың
      сессия төрағасы С. Саниязов
      Аудандық мәслихаттың
      хатшысы Н. Советов

  Кеген аудандық мәслихатының "Кеген ауданындағы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" 2018 жылғы 13 қарашадағы № 9-30 шешіміне қосымша

Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі

      Ескерту. Қосымшаның кіріспесі алынып тасталды - Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 28.12.2021 № 22-79 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінің (бұдан әрі – Ереже) 1-тармағында көрсетілген негізгі ұғымдар пайдаланылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 28.12.2021 № 22-79 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Кеген ауданында тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 28.12.2021 № 22-79 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Тұрғын үй көмегi кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттiк төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшiн шығыстарды төлеуге арналған шығыстарға ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 28.12.2021 № 22-79 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 28.12.2021 № 22-79 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Белгіленген нормалар шегіндегі шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының жиынтық табысының он пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      Тұрғын үй көмегі:

      1) мүгедектерді және стационарлық емделуде бір айдан астам уақыт кезеңінде болатын адамдарды, күндізгі оқу нысанында оқитын оқушыларды, студенттерді, тыңдаушыларды, курсанттар мен магистранттарды, сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектерді, сексен жастан асқан адамдарды, үш жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын азаматтарды қоспағанда, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарда тіркелмеген жұмыссыздарға және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысудан жазбаша түрде бас тартқан Қазақстан Республикасының еңбекке жарамды азаматтарына;

      2) уәкілетті органдар ұсынған жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнына немесе қоғамдық жұмысқа орналастырудан, кәсіби даярлаудан, қайта даярлаудан, біліктілігін арттырудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, осындай жұмыстарға қатысуды және оқуды өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздарға тағайындалмайды.

2. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі

      6. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін есептеу мерзімі өтінішімен қоса барлық қажетті құжаттарды өткізген жылдың тоқсаны болып саналады.

      Жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (пәтерлер, тұрғын үйлер) бар немесе тұрғынжайды жалға немесе пайдалануға беруші аз қамтылған отбасылар (азаматтар) тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.

      7. Ескерту. 7-тармақ алынып тасталды - Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 28.12.2021 № 22-79 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Өтініштер Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген мерзімдерде қаралады.

      9. Тұрғын үй көмегін алушылар он жұмыс күні ішінде уәкілетті органды тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе оның мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы хабардар етеді.

      Өтініш беруші тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақытылы хабарламаған жағдайда, қайта есептеу келесі тоқсанда жүргізіледі (анықталған фактісі бойынша).

      Артық төленген сомалар ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда сот тәртібімен қайтарылуы тиіс.

      10. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептеледі.

      11. Өтемақы төлемдерiмен қамтамасыз етiлетiн тұрғын үйлер аумағының нормалары заңнамамен белгiленген отбасының әр мүшесiне тұрғын үй беру нормаларына баламалы.

      12. Коммуналдық қызметті тұтыну нормалары табиғи монополияларды (монополистік қызметті) реттеу бойынша аумақтық уәкілетті орган қолданатын, олармен көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды) белгілеген кездегі коммуналдық қызметтерді босату нормаларына баламалы.

      13. Коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемінің нормалары мен тарифтерін қызмет көрсету мекемелері ұсынады.

      14. Тұрғын үй көмегін тағайындағанда келесі нормалар ескеріледі, коммуналдық қызметтерді нормалардан төмен тұтыну кезінде нақты шығындар бойынша есептеледі:

      1) газ тұтыну – айына бір отбасына 10 килограмм (1 кішкене баллон);

      2) электр энергиясын тұтыну бір айға: 1 адамға - 70 киловатт, 2 адамға – 140 киловатт, 3 адамға – 210 киловатт, 4 және одан көп адамға - 250 киловатт;

      3) сумен қамтамасыз ету нормасы – әр отбасы мүшесіне, есептеу құралдары болған жағдайда – көрсеткіштері бойынша, бірақ қолданыстағы нормалардан аспауы керек;

      4) қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару – ай сайын әр отбасы мүшесіне;

      5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шотына сәйкес;

      6) қатты отынды тұтынушылар үшін: пешпен жылытатын тұрғын үйлерге- жылыту маусымына алты тонна көмір.

      15. Қатты отынның құнын есептегенде аймақта өткен тоқсанда қалыптасқан орташа баға ескеріледі.

3. Қаржыландыру және төлеу

      16. Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру аудан бюджетімен тиісті қаржылық жылға қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      17. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейлі банктера рқылы жүзеге асырады.

4. Қорытынды

      18. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібімен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады