Теміртау қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Теміртау қаласының әкімдігінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 8/2 қаулысы. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2018 жылғы 1 наурызда № 4631 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегі "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес, Теміртау қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Теміртау қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидалары бекітілсін.

      2. "Теміртау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі" мемлекеттік мекемесіне Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулының Қарағанды облысы Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) әкімдіктің осы қаулысы мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмесін күнтізбелік он күн ішінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялауға және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) әкімдіктің осы қаулысы мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның көшірмесін күнтізбелік он күн ішінде Теміртау қаласы аумағында таратылатын баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Теміртау қаласы әкімдігінің интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Владислав Моисеевич Цайға жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Теміртау қаласының әкімі Ғ. Әшімов

  Қарағанды облысы
Теміртау қаласы әкімдігінің
2018 жылғы "19" ақпандағы
№ 8/2 қаулысымен бекітілген

Теміртау қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар Теміртау қаласының қалалық рельсті көлігімен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау тәртібін айқындайды (бұдан әрі – Қағидалар).

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жергілікті уәкілетті орган – Теміртау қаласының жолаушылар көлігі саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      2) жолаушы – жол жүру құжаты (билеті) бар және қалалық рельсті көлікте жүретін жеке тұлға;

      3) қалалық рельсті көлік – қала шекарасындағы және қала маңы аймағындағы жолдармен жолаушыларды тасымалдауға арналған көлік түрі (метрополитен, трамвай, жеңіл рельсті, монорельсті көлік);

      4) маршрут – көлік құралының бастапқы және соңғы пункті арасындағы жүру жолы;

      5) тасымалдаушы – ақыға немесе жалданып жолаушыларды, багажды, жүктердi және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн және осыған белгiленген тәртiппен берiлген тиісті рұқсаты бар, меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде көлiк құралын иеленушi жеке немесе заңды тұлға.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген.

      3. Субсидиялауға тасымалдаушының қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты шығындары жатады.

      4. Қалалық рельсті көлікпен жолаушыларды тасымалдауды субсидиялау жергілікті бюджеттен жүргізіледі.

2. Қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау тәртібі

      5. Жергілікті уәкілетті орган мен жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушы арасындағы шығындарды субсидиялау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалалық рельсті көлікпен жолаушыларды тасымалдауға шарт жасалады.

      6. Тасымалдаушы Шарт жасасқаннан кейін күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде жергілікті уәкілетті органға кірістер мен шығыстардың ай бойынша бөлінген жылдық жоспарының жобасын бекіту үшін қажетті құжаттарды ұсынады, оны жергілікті атқарушы орган түскен күнінен бастап 30 (отыз) күн ішінде бекітеді.

      7. Ай сайын, есептік айдан кейiнгi айдың 20 дейiнгі мерзiмде, тасымалдаушы тапсырыс берушіге мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) орындалған жұмыстар актiсi;

      2) кірістер туралы есеп;

      3) шығыстар туралы есеп.

      8. Жергілікті уәкілетті орган ұсынылған құжаттардың анықтығын тексереді, тасымалдаушының шығындарын субсидиялау сомасын анықтайды және төлем ведомості қалыптастырады.

      9. Жергілікті уәкілетті орган тасымалдаушының ағымдағы шотына тиесілі соманы аудару үшін төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына және бюджеттік бағдарламаға сәйкес аумақтық қазынашылық бөлімшеге төлеуге екі данада шот ұсынады.

      10. Тасымалдаушы есептік тарифін қалыптастыру кезінде ескерілетін кірістер мен шығыстардың бөлек есебін жүргізеді. Тасымалдаушының шығындарын субсидиялауға жіберілетін соманың көлемін айқындау келесі көрсеткіштердің негізінде жүргізіледі:

      1) жолаушылар тасымалын орындауға кірістер;

      2) жолаушылар тасымалын орындауға кететін шығыстар.

      11. Жолаушылар тасымалының шығыстарына мыналар кіреді:

      1) жұмыскерлердің еңбекақы қоры;

      2) салықтар және бюджетке төленетін басқа да мiндеттi төлемдер;

      3) электр қуатына жұмсалатын шығындар;

      4) жанар-жағар май материалдарына және өндірістік циклде тұрған техникаға жұмсалатын шығындар;

      5) электр жылжымалы құрамның қосалқы бөлшектеріне жұмсалатын пайдалану шығындары;

      6) жылжымалы құрамға және қосалқы техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүргізуге жұмсалатын шығындар;

      7) пошта-телеграф шығыстары, телефон станцияларын, диспетчерлік, радиобайланыс, бейнебайланыс қондырғыларын күтіп-ұстау және пайдалану шығыстары;

      8) баспахана жұмыстарына шығыстар.

      12. Жылдың соңғы күнтізбелік айына бюджеттік субсидиялар төлеу 20 желтоқсаннан кешіктірілмей нақты деректер бойынша жасалған есепті кейіннен беру арқылы болжамды деректер бойынша келесі айдың 20 дейін кешіктірілмей жасалып, ұсынылған тасымалдау жөніндегі есеп негізінде жүзеге асырылады. Мәлімделген болжамды деректер нақты деректерден асқан жағдайда айырмасы тиісті бюджетке қайтарылу тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады