Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Аягөз аудандық мәслихатының 08.12.2020 № 54/505-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа еңгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 50-бабының 2-тармағына сәйкес Аягөз аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы Қағиданы бекіту туралы" Аягөз аудандық мәслихатының 2015 жылғы 27 қаңтардағы № 32/223-V шешіміне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 3688 нөмірімен тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылдың 13 наурызында, "Аягөз жаңалықтары" газетінің 2015 жылдың 7 наурызында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе келесі редакцияда жазылсын:
"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабының 1 тармағының 15) тармақшасына, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына сәйкес, Аягөз аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:";
аталған шешіммен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындаудың Қағидасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | Д. Жакенбаев |
Аягөз аудандық мәслихат хатшысының м.а. |
Л. Молдашева |
Аягөз аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 23 шілдедегі № 26/182-VI шешіміне қосымша |
Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы Қағида
Осы Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы Қағида "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабының 1 тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 (бұдан әрі - Ереже) қаулыларына сәйкес әзiрлендi және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Қағидада мынандай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегiн алуға құқығы бар адамдар;
2) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар - кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;
3) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегiн тағайындауға өтiнiш бiлдiрiлген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кiрiстерiнiң жалпы сомасы;
4) уәкiлеттi орган - жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен қаржыландыратын, тұрғын үй көмегiн тағайындауды жүзеге асыратын "Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
5) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған заңды тұлға.
2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен осы елдi мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.
3. Тұрғын үй көмегі тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерін айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеуге жеткiзушiлер ұсынған шоттар бойынша, бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Аягөз аудандық мәслихаты тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерiн және тәртiбiн айқындайды.
Коммуналдық қызметтерді жеткізушілер уәкілетті органға табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі уәкілетті органмен келісілген коммуналдық қызметтерге тарифтерді, олардың өзгерістерін ұсынады. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде қызмет көрсетушілер ұсынған жылудың шығындалуы тұрғын үй алаңының әлеуметтік нормалары шегінде есепке алынады.
Тас көмірдің құнын есептеу үшін тұрғын үй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ұсынған аудан бойынша орташа баға қолданылады.
3-1. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.
3-2. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.
2. Тұрғын үй көмегiн көрсету тәртiбi
4. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін уәкілетті орган көрсетеді.
5. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы (бүдан әрі - портал) арқылы өтініш береді және Ереженің 4-тармағына сәйкес құжаттар тізбесін ұсынады.
5-1. Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.
5-2. Ереженің 4-тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
5-3. Портал арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.
5-4. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.
5-5. Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге портал не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.
5-6. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.
6. Алғаш өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі қажетті құжаттар тізбесімен бірге өтініш берген айдан бастап тағайындалады.
7. Өтініш беруші тұрғын үй көмегін тағайындауға тоқсан сайын өтініш жасаған кезде, тұрғын үй көмегі өтініш жасаған тоқсанда құжаттарды ұсыну мерзімінен тәуелсіз тоқсанға тағайындалады. Егер алдыңғы тоқсанда құжаттар ұсынылмаған жағдайда тұрғын үй көмегін есептеу өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.
8. Жергiлiктi жылумен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегi өтiнiш берген айдан тәуелсiз жылына бiр рет тоқсанға тағайындалады.
9. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжаттар ағымдағы тоқсанның соңғы айының 25-не дейін қабылданады.
10. Тұрғын үй көмегі:
1) жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (үйі, пәтері) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға берген;
2) құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда тіркелмеген тұлғалары бар, келесі тұлғаларды қоспағанда:
бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды, сексен жастан асқан тұлғаларды күтетін тұлғаларды, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатын аналарды;
3) құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жоқ жұбайының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жасамаған тұлғалары бар;
4) егер ата-аналары ажырасқан және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап бермеген отбасыларға көрсетілмейді.
11. Отбасының жұмыссыз мүшелері ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, өз еркімен қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуды немесе қайта оқуды тоқтатқан отбасылар жұмысқа орналасуды, оқуды және қайта оқуды қайта бастағанға дейін тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.
12. Тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға, электр жүйесiмен, газбен қамтамасыз етуге, лифттерге қызмет көрсетуге арналған шығыстар өтiнiш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға орта есеппен ескерiледi. Сумен қамтамасыз ету, су бұру, жылу энергиясы, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, телекоммуникация қызметтерi үшiн шығыстар қызмет көрсету-шiлердiң тарифтерi бойынша ескерiледi.
13. Жылу энергиясын тұтынуды үйге ортақ есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары шегінде анықталады.
14. Суық және ыстық сумен қамтамасыз етуді, газбен қамтамасыз етуді тұтынуды есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша белгіленген тарифтер шегінде анықталады.
15. Үйлерде орталықтандырылған жылыту болмаған жағдайда жылытуға және ыстық сумен қамтамасыз етуге төлем мөлшері электр энергиясына есептелген сомадан үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары және ыстық сумен қамтамасыз етуге белгіленген тарифтер шегінде есептеледі.
16. Құрамында зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, жетімдер, қамқорлықтағылар, төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін есептегенде кіріс Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен уақыттың сәйкес кезеңіне белгіленген екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (кемітіледі).
17. Тұрғын үй көмегін тағайындаған кезде келесі шарттар қолданылады:
1) өтініш беруші заңды некеде тұрса, бірақ зайыбы сол мекен - жай бойынша тіркелмеген болса – ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыстары есептеледі және тұрғын үй көмегі туралы өтініш берген зайыбының мекен-жайы бойынша тұрғын үй көмегі тағайындалады;
2) өтініш берушінің үйінде ата - ана құқығынан айырылмаған және басқа жерде тіркелген ата-анасы бар 18 жасқа дейінгі бала тіркелген жағдайда, баланың ата - анасының табыстары есептеледі.
18. Тұрғын үй көмегін алушылар 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органды өз тұрғын үйінің меншік нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесінің кез келген өзгерістері туралы хабардар етеді.
Өтініш берушілер ұсынылған мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн заңнамамен белгіленген тәртіпте жауапты болады.
19. Негізсіз алынған тұрғын үй көмегiнің сомалары алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамамен белгіленген тәртіпте қайтарылуға жатады.
3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері, тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтердi тұтыну нормативтерi
20. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
21. Шектi жол берiлетiн шығыстар деңгейі отбасының (азаматтың) жиынтық табыстарына 15 пайызы мөлшерiнде белгiленедi.
Тұрғын үй көмегін есептеген кезде, иелері өздері жылытатын тұрғын үйде (ғимаратта) отынның тас көмірден басқа түрлерін қолданса, олардың құны мен шығын нормасы тас көмірдің құнына балама есептеледі.
22. Тұрғын үй көмегiн есептеу кезiнде келесi нормалар есепке алынады:
1) алаң нормалары:
жалғыз өзі тұратын азаматтар үшiн - 30 шаршы метр;
екi адамнан тұратын отбасы үшiн - 36 шаршы метр;
үш адамнан тұратын отбасы үшiн - 54 шаршы метр;
төрт немесе одан да көп адамнан тұратын отбасы үшiн - әр отбасы мүшесіне 18 шаршы метрден, бiрақ 90 шаршы метрден аспау керек;
2) кондоминиумның ортақ мүлігін пайдалануға шығыстар – 1 шаршы метрге 30 теңге;
3) бір айда электр қуатын тұтыну нормасы:
жалғыз өзі тұратын азаматтар үшін - 90 кВт;
екі адамнан тұратын отбасы үшін - 150 кВт;
үш адамнан тұратын отбасы үшін - 180 кВт;
төрт және одан көп адамнан тұратын отбасы үшін - әрқайсысына 54 кВт, бiрақ 270 кВт аспауы керек.
23. Тұрғынжайдың жалпы алаңының 1 шаршы метріне көмiрдiң шығыны – 129,8 кг, бiрақ бiр үйге 5000 кг артық емес.
4. Тұрғын үй көмегін төлеу
24. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.
5. Қорытынды ережелер
25. Осы Қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.