Жол дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 6 наурыздағы № 117 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 12 наурызда № 18384 болып тіркелді

      "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 2-тармағының 42) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жол дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
Р. Скляр

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
2019 жылғы 6 наурыздағы
№ 117 бұйрығымен
бекітілді

Жол дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жол дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабы 2-тармағының 42) тармақшасына сәйкес әзірленді және жол дерекқорын қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) автомобиль жолын диагностикалау – автомобиль жолдары мен жол құрылыстарының құрылымдық элементтерінің параметрлері мен жай-күйі, көлік ағындарының сипаттамалары туралы ақпаратты, ал қажет болған жағдайда жөндеу іс-шараларына мұқтаждығын айқындауға арналған өзге де ақпаратты зерттеп-қарау, жинау және талдау, сондай-ақ автомобиль жолын одан әрі пайдалану процесінде оның жай-күйін бағалау және болжау;

      2) автомобиль жолының көліктік-пайдалану жай-күйі – жолдың техникалық деңгейін және пайдалану жай-күйін сипаттайтын және зерттеу сәтіне оның тұтыну қасиеттерін анықтайтын көрсеткіштер кешені;

      3) автомобиль жолдарын паспорттау – техникалық паспортын жасай отырып және жол дерекқорын қалыптастырумен бірге автомобиль жолдарын және жасанды жол құрылыстарын есепке алу;

      4) жол дерекқоры – автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның автомобиль жолдарын пайдаланушылар үшін ашық, автомобиль жолдарының көлік-пайдалану жай-күйі туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйесі.

      3. Жол дерекқорындағы ақпарат жол пайдаланушылар үшін ашық болып табылады және жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының желісін дамытуды жоспарлау, Қазақстан Республикасы автомобиль жолдарының схемаларын, карталарын, атластарын жасау және басқа да мақсаттарда пайдаланылады.

2-тарау. Жол дерекқорын қалыптастыру тәртібі

      4. Жол дерекқорын қалыптастыру мыналарды қамтиды:

      1) автомобиль жолдарын паспорттау;

      2) автомобиль жолдарын диагностикалау;

      3) автомобиль жолдарының техникалық параметрлері мен көліктік-пайдалану жай-күйі туралы ақпаратты жүктеу.

      5. Жол дерекқоры электрондық түрде қалыптастырылады және автомобиль жолы туралы мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) автомобиль жолына арналған жалпы мәліметті;

      2) жолдың көлденең және бойлық бейіні элементтерінің геометриялық параметрлері:

      жамылғы типі бойынша учаскелер туралы;

      жүру бөлігінің ені бойынша;

      жер төсемесінің ені бойынша;

      бөлу жолағының ені бойынша;

      жер төсемесі жиегі және еңістер тіктігінің биіктігі бойынша;

      жол жиектері бойынша;

      бойлық еңістер бойынша;

      жоспардағы қисықтар мен бұрылыстар бойынша;

      көрінуі жеткіліксіз учаскелер бойынша;

      3) жол жабынының конструкциялары бойынша;

      4) қиылысулар, жанасулар және шығу (кіру) бойынша;

      5) теміржолмен қиылысулардың болуы бойынша;

      6) тіреу қабырғалары бойынша;

      7) қорғау құрылыстары бойынша;

      8) сутартқыш арнашықтары бойынша;

      9) жол сервисінің қызметі бойынша;

      10) көгалдандыру бойынша;

      11) жол қызметінің объектілері бойынша;

      12) жаяу жүргіншілер өтпелері бойынша;

      13) тротуарлар бойынша;

      14) демалыс алаңдары, автотұрақтар бойынша;

      15) автобус аялдамалары мен автопавильондар бойынша;

      16) өтпелі-жылдамдықты және қосымша жолақтар бойынша;

      17) жарықтандыру бойынша;

      18) қоршаулар бойынша;

      19) сигнал бағандары бойынша;

      20) жол белгілері бойынша;

      21) бағдаршамдар бойынша;

      22) бағыттаушы қондырғылыр бойынша;

      23) жол таңбалары бойынша;

      24) бөлінген белдеудегі коммуникациялар бойынша;

      25) ақпаратты көрсеткіштер және жарнама қалқандары бойынша;

      26) километрлік бағандар бойынша;

      27) паром өткелдері бойынша;

      28) көпірлер мен өтпежолдар бойынша;

      29) су өткізгіш құбырлар бойынша;

      30) туннельдер бойынша;

      31) елді мекендер бойынша;

      32) координаттар бойынша;

      33) көпір (өтпежол) карточкасы;

      34) су өткізгіш құбыр карточкасы;

      35) жол-көлік оқиғалары шоғырланған жерлер бойынша;

      36) қозғалыс қарқындылығын өлшеу бойынша;

      37) жер жамылғысы мен сутартқыштың жай-күйін бағалау бойынша;

      38) жол жамылғыларының тегістігін бағалау бойынша;

      39) жол жабындарының беріктігін бағалау бойынша;

      40) жол жамылғысымен ілінісуін бағалау;

      41) жол жамылғысының ақаулары бойынша;

      42) жол жамылғысының сораптылығын бағалау бойынша;

      43) су өткізгіш құбырдағы ақаулар бойынша;

      44) көпірлер ақаулары бойынша;

      45) көпірдің техникалық күйі бойынша.

3-тарау. Жол дерекқорын жүргізу тәртібі

      6. Жол дерекқорын жүргізуді өкілетті орган мынадай тәртіпте жүзеге асырады:

      1) автомобиль жолдарын диагностикалау және паспорттауды ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ алынған деректерді өңдеу есептік жылда есептік жылдың 1 қазанынан кешіктірмей;

      2) автомобиль жолдарын диагностикалау және паспорттау қорытындылары бойынша жол дерекқорына өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды есептік жылдың 1 желтоқсанына дейін енгізу.

      3) автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп-ұстауға арналған бюджеттік шығындарын есептік жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей жоспарлау.

      7. Жол дерекқоры үшін деректерді жинау жұмыстарын жүргізу кезеңділігі мынадай тәртіпте жүзеге асырылады:

      1) Автомобиль жолын паспорттау – кемінде 5 жылда бір рет немесе салудан, реконструкциялаудан, сондай-ақ күрделі жөндеуден кейін;

      2) Автомобиль жолын диагностикалау кемінде 3 жылда бір рет немесе салудан, реконструкциялаудан, сондай-ақ күрделі жөндеуден кейін оны пайдалануға қабылдап алғанға дейін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады