Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 9 сәуірдегі № 95 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 12 сәуірде № 18507 болып тіркелді.

      "Кинематография туралы" 2019 жылғы 3 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы тармақпен көзделген іс-шара орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шараның орындалуы туралы мәлімет ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, қорғаныс және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2019 жылғы 9 сәуірдегі
№ 95 бұйрығымен
бекітілген

Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізу қағидалары "Кинематография туралы" 2019 жылғы 3 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (бұдан әрі - ақпараттық жүйе) жүргізу тәртібін айқындайды.

2-тарау. Ақпараттық жүйені жүргізу тәртібі

      2. Ақпараттық жүйе Қазақстан Республикасының аумағында фильмдерді жүйеге келтіру және есепке алу мақсатында кинематография саласындағы уәкілетті органмен жүргізіледі.

      3. Фильмдерді жүйелеу электронды түрде автоматты режимде жүзеге асырылады және фильмдерді хронологиялық тәртіппен көрсету күніне сәйкес ақпараттық жүйеге түсетін мәліметтерді реттеу мен орналастыруды қамтиды.

      4. Фильмдерді көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – фильмнің демонстраторы) фильмдерді есепке алуды жүргізеді және ақпараттық жүйеге олар бойынша ақпарат береді.

      5. Фильмдерді есепке алуды жүргізу мақсатында фильмнің демонстраторы мынадай деректемелерді көрсете отырып, ақпараттық жүйеде тіркеуді жүзеге асырады:

      1) фильм демонстраторының атауы;

      2) фильм демонстраторының ұйымдық-құқықтық нысаны;

      3) фильм демонстраторының бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      4) фильмнің демонстраторы орналасқан жерінің мекен-жайы;

      5) фильм демонстраторының байланыс деректері (телефон/факс, электрондық мекен-жайы).

      6. Фильмнің демонстраторы әрбір фильмді көрсетер алдында ақпараттық жүйемен интеграцияланған бағдарламалық қамтамасыз етуге (бұдан әрі – бағдарламалық қамтамасыз ету) фильмнің атауын, көрсетілімнің басталу және аяқталу күнін қамтитын фильм туралы ақпаратты орналастырады.

      7. Кейіннен әрбір сатылған билетке қатысты ақпарат нақты уақыт режимінде бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы, фильм демонстраторының бақылау-кассалық машиналарынан деректерді беру және онлайн режимде сату жолымен ақпараттық жүйеге беріледі.

      8. Ақпараттық жүйеге берілетін ақпарат мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) фильм демонстраторының атауы;

      2) фильмнің атауы;

      3) сеанстың басталу күні мен уақыты;

      4) кинозал атауы немесе нөмірі (бір кинозалдан артық болған жағдайда);

      5) кинозалдағы қатардың және орынның нөмірі;

      6) фильм билетінің құны;

      7) билетке жеңілдіктер (болған жағдайда);

      8) фильмнің прокаттау куәлігінің нөмірі;

      9. Фильмнің демонстраторы ақпараттық жүйеге оған байланысты емес мән-жайлар бойынша ақпарат беру мүмкін болмаған кезде ақпаратты ұсынбау себептерін көрсете отырып, уәкілетті органды жазбаша хабардар етеді.

      Бұрын ұсынылмаған ақпарат оны беруге кедергі келтірген мән-жайлар жойылған сәттен бастап таяудағы сағат ішінде оны беруге кідіртілген себептерді көрсете отырып, ақпараттық жүйеге жіберіледі.

      10. Фильм демонстраторынан ақпараттық жүйеге түсетін фильмдер бойынша ақпарат "Кинематография туралы" 2019 жылғы 3 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын ұлттық фильмдерді прокаттау мен көрсетуден аударымдарды жасау көлемін анықтау кезінде пайдаланылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады