"Ағаштарды кесуге рұқсат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту туралы және "Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 21 мамырдағы № 318 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 22 мамырда № 18712 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Алып тасталды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 31.03.2020 № 173 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10886 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2016 жылғы 9 шілдедегі № 130 (28858) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларында:

      3-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) ағаштарды кесу – "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Рұқсаттар туралы Заң) 2 - қосымшаның 159 - тармағына сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылатын ағаштарды кесу бойынша жұмыс;";

      3-тармақ мынадай мазмұндағы 27) тармақшамен толықтырылсын:

      "27) ағаштар мен жасыл екпелерді қайта отырғызу – уәкілетті орган белгілеген учаскелерде жүзеге асырылатын, ағаштар мен жасыл екпелерді қайта отырғызу бойынша жұмыс.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Құрылыс салуға немесе басқа да жұмыстар жүргізуге бөлінетін учаскелерде жасыл екпелерді сақтау мүмкін болмаған жағдайда, ағаштарды кесу Рұқсаттар туралы Заңға сәйкес уәкілетті органның келісімі бойынша жүргізіледі.";

      2-параграфтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-параграф. Ағаштарды кесу, санитариялық кесу";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Ағаштарды кесу мынадай:

      1) бекітілген және келісілген қала құрылысы құжаттамасында көзделген құрылыс қызметін, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру үшін жағдайлар жасалуын қамтамасыз ету;

      2) инженерлік абаттандыру объектілеріне, инженерлік желілерді реконструкциялау және салу, жерасты және жерүсті коммуникацияларына қызмет көрсету;

      3) авариялық және төтенше жағдайларды жою, оның ішінде инженерлік абаттандыру объектілерінде жою;

      4) бұрыннан бар объектілердің аумағын абаттандыру және эстетикалық түрге келтіру, жасыл екпелердің сапалық және түрлік құрамын жақсарту қажеттігі;

      5) адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатер төндіретін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне залал келтіретін ағаштарды санитариялық кесу жағдайларында жүзеге асырылады;

      6) ағаштар мен бұталар жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде өсіп тұрған кезде.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Жалпыға ортақ жерлердегі ағаштарды кесуді уәкілетті органның рұқсатымен осы жер учаскесінде қызмет көрсететін ұйымдар жүргізеді.".

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Ағаштарды кесу кесілген ағаштардың орнына жеке және заңды тұлғалардан өтемдік отырғызу туралы кепілхат ұсынылған жағдайда уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

      Бұл ретте, жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу материалдарына сәйкес қайта отырғызуға жататын ағаштар уәкілетті орган ағаштарды кесуге рұқсат беру құжаттарында көрсеткен учаскілерге кайта отырғызылады.".

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
Р. Скляр

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, қорғаныс және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі


      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі


      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика

      министрлігі

  Қазақстан Республикасы
  Индустрия және инфрақұрылымдық
  даму министрінің
  2019 жылғы 21 мамырдағы
  № 318 бұйрығымен
  бекітілген

"Ағаштарды кесуге рұқсат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

      Ескерту. Стандарт алып тасталды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 31.03.2020 № 173 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады