"Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 7 маусымдағы № 375 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 7 маусымда № 18814 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген, 2015 жылғы 21 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларында:

      2-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "2. Қағидалар:

      қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге), сондай-ақ аумақтарды инженерлік дайындау, оларды абаттандыру мен көгалдандыруға арналған ТЭН және ЖСҚ "бір терезе" қағидаты бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу тәртібін;

      ТЭН және ЖСҚ-ға ведомстводан тыс кешенді сараптама құрамында Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі - Экологиялық кодекс) 40-бабымен белгіленген қоршаған ортаға әсерді бағалау объектілерін жіктеуге сәйкес шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама, шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері бойынша жобаларға экологиялық сараптама жүргізу, сондай-ақ Экологиялық кодексінің 71-бабымен белгіленген қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуды талап ететін объектілер санатын жіктеуге сәйкес І, ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілер бойынша қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру тәртібін;

      ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететін арнайы объектілерді салуға арналған ЖСҚ кезең-кезеңмен әзірлеудің және келісудің жеке жоспарын бекіту тәртібін анықтайды;

      Түркістан облысының Түркістан қаласында кезең-кезеңімен жобалау және салу көзделген объектілер мен кешендер бойынша сараптамалық сүйемелдеу режимінде жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыру тәртібі.";

      35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың шекті рұқсат етілген ұзақтығы 60 (алпыс) жұмыс күні болған кезде:

      1) графикалық материалдарды, конструкциялық, инженерлік және сметалық есептерді, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігі бөлігінде жобаның бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама қорытындыларын дайындай отырып, жобалау шешімдерінің экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық бөлігін қоса алғанда, ТЭН-нің немесе ЖСҚ-ның барлық бөлімдері мен бөліктерін қатар қарау үшін 50 (елу) жұмыс күні беріледі;

      2) 5 (бес) жұмыс күні бір мезгілде:

      жиынтық сметалық құжаттаманы қарауды аяқтауға;

      жиынтық сараптамалық қорытындыны дайындау мен ресімдеуді аяқтауға;

      сараптамалық қорытындыны дайындау мен ресімдеуді аяқтау;

      3) 5 (бес) жұмыс күні ведомстводан тыс кешенді сараптаманы толық аяқтауға бөлінеді.";

      45-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "45. Сараптама қорытындысының түсіндірме бөлігіне қорытындының нөмірі мен күні, сондай-ақ орындаушы-ұйымды көрсете отырып, техникалық зерттеп-қарау қорытындыларының тұжырымдары міндетті түрде енгізіледі.

      Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының тұжырымдарында объектінің жалпы құны, оның ішінде жұмыстың қалған көлемі көрсетіледі.";

      55-4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "55-4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоса алғанда, мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымы жүзеге асыратын ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге арналған шарттың күшіне енген күні сараптама жұмысының басталу күні болып табылады.";

      55-15-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 60 (алпыс) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 55 (елу бес) жұмыс күнінен;";

      66 және 67-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "66. Жобалаудың әрбір кезеңінде сметалық құн объектілік сметалық есептеулерді кезең құрылысы құнының сметалық есебін, сондай-ақ жұмыстарға және осы кезеңнің шығындарына жиынтық сметалық есебін жасай отырып, жергілікті сметалық есеп (жергілікті смета) бойынша айқындалады және жергілікті сараптамалық қорытындыларда көрсетіледі.

      Жергілікті сараптамалық қорытынды беру кезінде жиынтық сметалық есепте Жиынтық сметалық есептің "Инжинирингтік көрсетілетін қызметтер" деген III бөлімінің шығындары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының 2017 жылғы 14 қарашадағы № 249-нқ бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы құрылыстың сметалық құнын айқындау жөніндегі нормативтік құжаттың (Нормативтік құқықтық актілердін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16073 болып тіркелген) (бұдан әрі – Нормативтік құжат) 5-қосымшасына сәйкес белгіленеді, шығыстардың ең төменгі нормативтік лимиті бойынша қабылданады.

      Жобалаудың әрбір кезеңінің құндық көрсеткіштері жергілікті қорытындылар бойынша аяқталу кезеңіндегі құрылыс бойынша шығындар жиынтығында ескеріледі.

      Жиынтық сараптама қорытындысын беру кезінде, жергілікті қорытынды шеңберінде жергілікті және объектілік сметалар бойынша барлық құндық көрсеткіштер қосылады және түзетуге жатпайды. Бұл ретте, Жиынтық сметалық есептің "Инжинирингтік көрсетілетін қызметтер" деген III бөлімінің шығындары Нормативтік құжаттың 5-қосымшасына сәйкес қайта есептеледі.

      67. Жеке жоспарға сәйкес келмейтін ЖСҚ сараптамаға ұсынылған жағдайда, сараптама ұйымы ЖСҚ-ны қарамастан қайтарады.

      ЖСҚ түзетілуге және мынадай:

      ЖСҚ-ны сараптамаға ұсыну мерзімдері мен көлемдері бұзылған;

      кезеңдердің бірінде теріс қорытынды берілген жағдайларда түзетіліп қайта бекітілген жаңа Жеке жоспарға сәйкес қайта (жаңа) сараптамаға ұсынылуға жатады.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:

      "3-1-тарау. Түркістан облысының Түркістан қаласында кезең-кезеңімен жобалау және салу көзделетін объектілер мен кешендер бойынша сараптамалық сүйемелдеу режимінде жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыру тәртібі.

      10-параграф. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу тәртібі.

      69-1. Түркістан облысының Түркістан қаласында объектілер мен кешендер бойынша жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына ведомстводан тыс кешенді сараптама сараптамалық сүйемелдеу режимінде осы жобаны әзірлеудің тиісті кезеңдері бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

      69-2. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сараптамалық сүйемелдеу режимінде жобалардың ведомстводан тыс кешенді сараптамасын мемлекеттік сараптама ұйымы әрбір кезең бойынша жеке-жеке жүргізеді.

      Әрбір кезеңге сараптаманы аяқтайтын кезеңді қоспағанда, жобаның тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша жергілікті қорытынды беріледі.

      Қорытынды кезеңде құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының жиынтық қорытындысы беріледі.

      Сараптама жүргізу кезеңдерінің саны, аяқтау кезеңін қоса алғанда төрттен аспауы тиіс.

      69-3. Сараптамалық сүйемелдеу режимі:

      1) құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздемелер;

      2) қолданыстағы объектілерді өзгерту жобалары;

      3) түзетілген ЖСҚ;

      4) аумақты абаттандыру объектілері;

      5) бірыңғай кешен ретінде әзірленетін объектілерді қоспағанда, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның желілік объектілерінің жобалары бойынша жүргізілетін ведомстводан тыс кешенді сараптамаға қолданылмайды.

      69-4. Құпия деген белгісі немесе "ҚБПҮ" деген белгісі бар құрылыс жобалары бойынша осы Қағидалардың 17, 18, 22, 23, 55-2, 55-12, 70, 79, 81, 82-тармақтарына сәйкес сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізіледі.

      69-5. Ведомстводан тыс кешенді сараптамаға ұсынылатын бастапқы-рұқсат беру құжаттарының жинақтылығы осы Қағидаларға 5-қосымшада көрсетілген.

      Ұсынылған құрылыс жобасының және бастапқы құжаттардың жинақтылығы мен құрамы мемлекеттік сараптама ұйымы көрсетілген материалдарды сараптама ұйымында тіркеген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде сәйкестікке тексеріледі.

      Шаруашылық қызметінің І санаттағы объектісі бойынша ұсынылған құрылыс жобасының және бастапқы құжаттардың жиынтығы мен құрамын тексеруді мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асырады.

      69-6. Сараптамалық сүйемелдеуді жүргізуге арналған шартқа міндетті қосымша тараптармен келісілген кесте болып табылады, онда міндетті түрде мыналар көрсетіледі:

      тапсырыс берушінің жобалау құжаттамасының кешендерін кезең-кезеңмен ұсыну күні;

      жергілікті (кезеңдік) сараптамалық қорытындылардың берілген күні;

      жобалау-сметалық құжаттама материалдарының қорытынды жиынтығын ұсыну күні;

      жиынтық сараптама қорытындысының берілген күні.

      Кестені жасау кезінде тапсырыс беруші алдыңғы кезеңде сараптамалық жұмыстары басталған күннен бастап 25 (жиырма бес) жұмыс күнінен кешіктірмей келесі кезеңге жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсынатынын ескеру қажет.

      69-7. Сараптамаға жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы Шартта көрсетілген мерзімнен кеш ұсынылған жағдайда, Шарт тапсырыс берушінің келісімі бойынша түзетіледі.

      69-8. Әрбір кезеңдегі сметалық құн объектілік сметалық есептерді, кезең құрылысының сметалық есептік құнын, сондай-ақ осы кезеңдегі жұмыстар мен шығындарға арналған жиынтық сметалық есепті жасай отырып, жергілікті сметалық есептеулер (жергілікті сметалар) бойынша анықталады және жергілікті сараптамалық қорытындыларда көрсетіледі.

      Жергілікті сараптамалық қорытынды беру кезінде жиынтық сметалық есепте Жиынтық сметалық есептің "Инжинирингтік көрсетілетін қызметтер" деген III бөлімінің шығындары Нормативтік құжаттың 5-қосымшасына сәйкес белгіленеді, шығыстардың ең төменгі нормативтік лимиті бойынша қабылданады.

      Жергілікті қорытындылар бойынша жобалаудың әрбір кезеңінің құндық көрсеткіштері қорытынды кезеңдегі құрылыс бойынша шығындар жиынтығында ескеріледі.

      Жиынтық сараптамалық қорытынды беру кезінде жергілікті және объектілік сметалар бойынша барлық құндық көрсеткіштер жергілікті қорытынды шеңберінде жинақталады және түзетуге жатпайды. Бұл ретте, Нормативтік құжаттың 5-қосымшасына сәйкес Жиынтық сметалық есептің "Инжинирингтік көрсетілетін қызметтер" деген III бөлімінің шығындары қайта есептеледі.

      69-9. ЖСҚ-ны кезең-кезеңмен әзірлеуге сараптама жүргізу мемлекеттік сараптама ұйымымен жасалатын шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      Әрбір кезең бойынша сараптама жүргізудің ұзақтығы шартпен белгіленеді және тиісті кезең бойынша сараптама жұмыстары басталған күннен бастап:

      1) Экологиялық кодекстің 40-бабында келтірілген объектілерді сыныптауға сәйкес І санаттағы объектілерді салу жобалары бойынша 45 (қырық бес) жұмыс күні;

      2) жауапкершілігі І және ІІ деңгейдегі технологиялық немесе техникалық жағынан күрделі объектілер болып табылатын объектілер құрылысының жобалары бойынша 30 (отыз) жұмыс күнінен;

      3) жауапкершілігі ІІ деңгейдегі бір мезгілде технологиялық немесе техникалық жағынан күрделі емес объектілер болып табылатын объектілер құрылысының жобалары бойынша 20 (жиырма) жұмыс күнінен;

      4) жауапкершілігі ІІІ деңгейдегі бір мезгілде технологиялық немесе техникалық жағынан күрделі емес объектілер болып табылатын объектілер құрылысының жобалары бойынша 10 (он) жұмыс күнінен аспайды.

      69-10. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптаманың рұқсат етілген шекті ұзақтығы 45 (қырық бес) жұмыс күні болған кезде:

      1) 35 (отыз бес) жұмыс күні графикалық материалдарды, конструктивтік, инженерлік және сметалық есептерді қоса алғанда, барлық бөлімдер мен бөліктер бойынша, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігі, экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік бөлігінде жобаның бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптамалық қорытындылар әзірлей отырып, жобалау шешімдерінің барлық бөлімдері мен бөліктері бойынша қатар (бір мезгілде) қарау үшін бөлінеді.;

      2) қосарлас үшін 5 (бес) жұмыс күні:

      жиынтық сметалық құжаттаманы қарауды аяқтау;

      сараптамалық қорытындыны дайындау мен ресімдеуді аяқтау;

      3) тиісті кезеңде ведомстводан тыс кешенді сараптаманы толық аяқтау үшін 5 (бес) жұмыс күні.

      69-11. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптаманың рұқсат етілген шекті ұзақтығы 30 (отыз) жұмыс күні болған кезде:

      1) графикалық материалдарды, конструкциялық, инженерлік және сметалық есептерді, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігі бөлігінде жобаның бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама қорытындыларын дайындай отырып, жобалау шешімдерінің экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық бөлігін қоса алғанда, барлық бөлімдері мен бөліктерін қатар қарау үшін 20 (жиырма) жұмыс күні беріледі;

      2) 5 (бес) жұмыс күні бір мезгілде:

      жиынтық сметалық құжаттаманы қарауды аяқтауға;

      жиынтық сараптамалық қорытындыны дайындау мен ресімдеуді аяқтауға;

      сараптамалық қорытындыны дайындау мен ресімдеуді аяқтауға;

      3) 5 (бес) жұмыс күні ведомстводан тыс кешенді сараптаманы тиісті кезеңде толық аяқтауға бөлінеді.

      69-12. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптаманың шекті ұзақтығы 20 (жиырма) жұмыс күні болған кезде:

      1) графикалық материалдарды, конструкциялық, инженерлік және сметалық есептерді, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігі бөлігінде жобаның бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама қорытындыларын дайындай отырып, жобалау шешімдерінің экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық бөлігін қоса алғанда, ЖСҚ-ның барлық бөлімдері мен бөліктерін қарау үшін 12 (он екі) жұмыс күні беріледі;

      2) 5 (бес) жұмыс күні бір мезгілде:

      жиынтық сметалық құжаттаманы қарауды аяқтауға;

      жиынтық сараптамалық қорытындыны дайындау мен ресімдеуді аяқтауға;

      сараптамалық қорытындыны дайындау мен ресімдеуді аяқтау;

      3) 3 (үш) жұмыс күні ведомстводан тыс кешенді сараптаманы толық аяқтау және қабылдау актісін ресімдеу үшін бөлінеді.

      69-13. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптаманың шекті ұзақтығы 10 (он) жұмыс күні болған кезде:

      1) 5 (бес) жұмыс күні жобаның бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптамалық қорытынды дайындай отырып, барлық бөлімдер мен бөліктер бойынша ЖСҚ-ны қарауға;

      2) 2 (екі) жұмыс күні жиынтық сметалық құжаттаманы қарауға және жиынтық сараптамалық қорытынды ресімдеуге;

      3) 3 (үш) жұмыс күні ведомстводан тыс кешенді сараптаманы толық аяқтауға және шартта көзделген құжаттарды беру және қабылдау актісін ресімдеуге бөлінеді.

      69-14. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу барысында тапсырыс берушіге:

      сараптаманың ұзақтығы 45 (қырық бес) жұмыс күнінен аспаған кезде шарт күшіне енген және ескертулер берілген күннен бастап Тапсырыс беруші 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды жойған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен;

      сараптаманың ұзақтығы 30 (отыз) жұмыс күнінен аспаған кезде шарт күшіне енген және ескертулер берілген күннен бастап Тапсырыс беруші 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды жойған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен;

      сараптаманың ұзақтығы 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспаған кезде шарт күшіне енген және ескертулер берілген күннен бастап Тапсырыс беруші 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды жойған күннен бастап 9 (тоғыз) жұмыс күнінен;

      сараптаманың ұзақтығы 10 (он) жұмыс күнінен аспаған кезде шарт күшіне енген және ескертулер берілген күннен бастап Тапсырыс беруші 1 (бір) жұмыс күннен аспайтын мерзімде 4 (төрт) жұмыс күнінен кешіктермей сарапшылар тапсырыс берушіге сарапшылардың дәлелді ескертулерін береді.

      Сарапшылардың дәлелді ескертулері белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайларда, теріс жиынтық қорытынды жасалады.

      69-15. Қабылданған жобалау шешімдері толық сәйкес келмеген және осыған байланысты барлық жобалау құжаттамасын қосымша кешенді қарау қажеттілігі туындаған жағдайларда, кезеңнің жалпы ұзақтығын сараптаманы орындаушы не тапсырыс беруші сараптама орындаушысының келісімі бойынша 5 (бес) жұмыс күніне ұзартуы мүмкін.

      69-16. Әрбір кезеңде (соңғы кезеңді қоспағанда) жобалау құжаттамасының жиынтығы бойынша жүзеге асырылған мемлекеттік сараптаманың жергілікті оң қорытындылары жобаның осы бөлігін тапсырыс берушінің аралық бекітуі үшін негіз болып табылады.

      69-17. Ведомстводан тыс кешенді сараптама шартын бұзу осы Қағидалардың 39, 40, 41, 41-1-тармақтарына сәйкес ресімделеді.

      69-18. Егер шарттың қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату бұған дейін қабылданған жобалау шешімдерінің немесе сараптама мақұлдаған жобалау шешімдерінен немесе материалдардан (конструкциялар, бұйымдар, құрылғылар, жабдықтар) ауытқулары бар нақты орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының негізделген өзгерістерімен байланысты болса, онда сараптамалық сүйемелдеудің бұрын берілген жергілікті қорытындыларын сараптама орындаушысы жояды (қайтарып алады), ал бұл туралы ақпарат осы жоба бойынша барлық қатысушылардың, сондай-ақ жобалау ұйымы мен жобаланып отырған объектінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдарының назарына жеткізіледі.

      11-параграф. Кешенді ведомстводан тыс сараптама құрамындағы жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптама және экологиялық сараптама жүргізу, сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру ерекшеліктері

      69-19. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезінде жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптама мен экологиялық сараптама барлық кезеңдерде жүргізіледі, ал эмиссияларға рұқсаттар ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жиынтық қорытындысымен соңғы кезеңде беріледі.

      69-20. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу процесінде қаралып отырған құрылыс жобасы бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттік сараптама ұйымына:

      сараптама ұзақтығы 45 (қырық бес) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен;

      сараптаманың ұзақтығы 30 (отыз) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 14 (он төрт) жұмыс күнінен;

      сараптаманың ұзақтығы 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнінен;

      сараптаманың ұзақтығы 10 (он) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей дәлелді ескертулер жібереді.

      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның дәлелді ескертулері ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылардың ескертулерімен бірге тапсырыс берушіге жіберіледі және осы Қағидалардың 69-14-тармағында көрсетілген мерзімде жоюға жатады.

      Дәлелді ескертулерді белгіленген мерзімде жоймаған жағдайда, мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы жасалады.

      69-21. Жүргізілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік сараптама ұйымына:

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 45 (қырық бес) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 35 (отыз бесінші) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 30 (отыз) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 25 (жиырма бес) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 16 (он алты) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 10 (он) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей мерзімде ЖСҚ бойынша – мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуға арнаған өтінімнің материалдары бойынша – қоршаған ортаға эмиссияға тиісті рұқсатты және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі келісілген іс-шаралар жоспарын береді.

      69-22. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезеңінде мемлекеттік сараптама ұйымы шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша ақпараттық жүйенің көмегімен қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдарға қоршаған ортаға әсерді бақылау материалдарын және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуға арналған өтінім жібереді.

      69-23. Мемлекеттік сараптама ұйымы осы Қағидалардың 69-22-тармағында көрсетілген құжаттаманы:

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 45 (қырық бес) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 35 (отыз бес) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 30 (отыз) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 25 (жиырма бес) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 16 (он алты) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 10 (он) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде береді.

      69-24. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы орган сараптамалық сүйемелдеу режимінде ведомстводан тыс кешенді сараптаманың ұзақтығына қарамастан, құжаттаманы алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде мемлекеттік сараптама ұйымына ақпараттық жүйе арқылы қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты жолдайды.

      69-25. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы орган берген қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат тапсырыс берушіге сараптама ұйымымен келісілген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарымен және ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысымен бірге Портал арқылы беріледі.";

      73-1-тармақты мынадай мазмұнымен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын бұзу анықталған кезде мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынан айыруды (қайтаруды) тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 51-бабы 7-тармағына сәйкес сот тәртібімен жүзеге асырады, бұл ретте жалпы ведомтсводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысы қайтарып алынады.";

      2-қосымшада:

      1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат (ЖСҚ үшін);

      жергілікті атқарушы органдармен алдын ала келісу (ТЭН үшін);";

      1-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) аумақты инженерлік даярлаудың, абаттандырудың және көгалдандырудың келісілген шарттарын қоса алғанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органның (республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың) сәулет-жоспарлау тапсырмасы (ЖСҚ үшін);";

      5-тармағы мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:

      "8) негізгі құрылыс материалдары, бұйымдары, конструкциялары мен жабдықтары қажеттілігінің жиынтық ведомосі,

      қазақстандық қамтуды ескере отырып:

      Порталда электрондық-цифрлық нысанда, Портал арқылы ұсынылатын ЖСҚ құрамында;

      ЖСҚ құрамында құпиялылық белгісі бар немесе ҚБП белгісі бар қағаз тасымалдағышта ұсынады.";

      3-қосымшада:

      3-тармағы мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:

      "8) негізгі құрылыс материалдары, бұйымдары, конструкциялары мен жабдықтары қажеттілігінің жиынтық ведомосі,

      қазақстандық қамтуды ескере отырып:

      Порталда электрондық-цифрлық нысанда, Портал арқылы ұсынылатын ЖСҚ құрамында;

      ЖСҚ құрамында құпиялылық белгісі бар немесе ҚБП белгісі бар қағаз тасымалдағышта ұсынады.";

      4-қосымшада:

      3-тармағы мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:

      "8) негізгі құрылыс материалдары, бұйымдары, конструкциялары мен жабдықтары қажеттілігінің жиынтық ведомосі,

      қазақстандық қамтуды ескере отырып:

      порталда электрондық-цифрлық форматта, Портал арқылы ұсынылатын ЖСҚ құрамында;

      ЖСҚ құрамында құпиялылық белгісі бар немесе ҚБП белгісі бар қағаз тасымалдағышта ұсынады.";

      5-қосымшаның тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететін жекелеген объектілерді салуға арналған жобалау-сметалық құжаттамасына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға және сараптамалық сүйемелдеу режимінде жүргізілетін жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сараптамаға ұсынылатын бастапқы-рұқсат ету құжаттарының жинақтылығы".

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
Р. Скляр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрлігі

      2019 жылғы "___" ______________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады