"Тауарларды сәйкестендірудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 374 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 28 маусымдағы № 657 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 2 шілдеде № 18955 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тауарларды сәйкестендірудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 374 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 16678 болып тіркелген, 2018 жылғы 12 сәуірде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 427-бабының 2, 3 және 4-тармақтарына және "Автомобиль көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 45-бабы 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақтың 1) тармақшасы мындай редакцияда жазылсын:

      "1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік кірістер органдары пайдаланатын сәйкестендіру құралдарын қолдану (пайдалану) қағидалары және дайындау бойынша оларға қойылатын талаптар;";

      көрсетілген бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес бекітілген Мемлекеттік кірістер органдары пайдаланатын сәйкестендіру құралдарын қолдану қағидаларында және дайындау бойынша оларға қойылатын талаптарда:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік кірістер органдары пайдаланатын сәйкестендіру құралдарын қолдану (пайдалану) қағидалары және дайындау бойынша оларға қойылатын талаптар";

      1-тармақ мындай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттік кірістер органдары пайдаланатын сәйкестендіру құраладарын қолдану (пайдалану) қағидалары және дайындау бойынша оларға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) 2017 жылғы 26 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 427-бабы 2-тармағына және "Автомобиль көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 45-бабы 5-тармағына сәйкес әзірленген және мемлекеттік кірістер органдары пайдаланатын сәйкестендіру құралдарын қолдану (пайдалану) және дайындау бойынша оларға қойылатын талаптарды айқындайды.";

      2-тармақтың 1) тармақшасының төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "электрондық ТПҚ (бұдан әрі – ЭТПҚ) – (GPS) спутниктік навигация технологиясы негізінде жұмыс істейтін, санкцияланбаған қол жеткізуге кедергі болатын және өзінің құрамында электрондық пломбалау элементі бар, қызметтік және сәйкестендіру ақпаратын сақтауға, өңдеуге және беруге, сондай-ақ ахуал дабылын қашықтан немесе ЭТПҚ оқу құралдары арқылы беруге мүмкіндік беретін сәйкестендіру құралы (пломба). ЭТПҚ өткізілетін жүктің тұтастығын және көлік құралының қозғалыс маршрутын бақылауды қамтамасыз ету үшін арналған;";

      2-тараудың тақырыбы мындай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Мемлекеттік кірістер органдарының сәйкестендіру құралдарын қолдану (пайдалану) тәртібі";

      3 және 4-тармақтар мындай редакцияда жазылсын:

      "3. Көлік құралдарының жүк бөліктерін және тауарларды сақтауды қамтамасыз ету, көліктің және жүктің, ғимараттың, үй-жайлардың әр түріне санкцияланбаған қол жеткізуді болдырмау үшін, сондай-ақ тауарға ілеспе және көліктік құжаттарды санкцияланбаған қол жеткізуден қорғау үшін сәйкестендіру құралдары қолданылады.

      Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткеннен кейін Қазақстан Республикасының аумағындағы межелі пункттен жүктерді халықаралық тасымалдауды жүзеге асырған жағдайларда, кедендік бақылау мақсатында тәуекелді басқару жүйесінің негізінде сәйкестендірудің электрондық құралдары қолданылады (пайдаланылады).

      4. Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары кедендік бақылаудағы тауарларды тасмалдаған кезде жүк бөліктерін жабатын түйіндеріне сәйкестендіру құралдарын салады. Сәйкестендіру құралдары кедендік бақылау кезінде орнатылады.";

      Қағидаларға қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышы мындай редакцияда жазылсын:

  "Мемлекеттік кірістер
органдары пайдаланатын
құралдарды қолдану (пайдалану)
қағидасына және сәйкестендіру
тәсілдеріне және дайындау
бойынша оларға қойылатын
талаптарға қосымша".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қаржы министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады