"Орталық депозитарийдiң қызметiн жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 307 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 26 шілдедегі № 125 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 31 шілдеде № 19128 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Орталық депозитарийдің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 307 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17920 болып тіркелген, 2018 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Орталық депозитарийдің қызметін жүзеге асыру қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Акционерлік қоғамдар туралы заң) 25-1-бабына сәйкес іске асырылған операцияның нәтижелері бойынша ақша төлеуді жүзеге асыру үшін акционерлердің тізімі орталық депозитарий қағидаларының жинағына сәйкес жасалады.

      Орталық депозитарий осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді Акционерлік қоғамдар туралы заңның 25-1-бабының 1-тармағында көрсетілген тұлға (бұдан әрі – ірі акционер) өтініш берген акционерлік қоғамға (бұдан әрі – қоғам) акционерлердің өздеріне тиесілі қоғамның акцияларын ірі акционердің талап етуі бойынша Акционерлік қоғамдар туралы заңның 25-1-бабына сәйкес сату мәмілесін жүзеге асырғанға дейін ұсынады.";

      мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:

      "12-1. Орталық депозитарий бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауданы ұйымдастыру қызметі шеңберінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) биржадан тыс бағалы қағаздар нарығының ықпалдасқан ақпараттық жүйесін пайдалану және қолдау;

      2) өзінің клиенттеріне биржадан тыс бағалы қағаздар нарығының ықпалдасқан ақпараттық жүйесіне кіруге рұқсат беру;

      3) ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелер жасау үшін орталық депозитарий клиенттерінің арасында бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарына баға белгілеумен алмасуды ұйымдастыру;

      4) орталық депозитарий клиенттерінің арасында бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелер жасау туралы хабарламалармен алмасуды ұйымдастыру;

      5) Бағалы қағаздар нарығы туралы заңда көзделген өзге де функциялар.

      Орталық депозитарийдің бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауданы ұйымдастыру қызметін жүзеге асыру тәртібі орталық депозитарий қағидаларының жинағында белгіленеді.";

      16-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Орталық депозитарий номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде мынадай заңды тұлғаларға жеке шоттар ашады:

      1) уәкілетті органның бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясына ие;

      2) уәкілетті органның бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясына ие;

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;

      4) уәкілетті органның бағалы қағаздар нарығында дилерлік қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясына ие;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиясыз дилерлік қызметті жүзеге асыратын;

      6) шетелдік депозитарийлер мен кастодиандар;

      7) шетелдік есеп айырысу ұйымдары;

      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес айқындалған мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор;

      9) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуді жүзеге асыратын ұйым.";

      18-тармақтың 4) және 5) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) депонент клиентінің атына ашылатын және депоненттің белгілі бір клиентіне тиесілі қаржы құралдарын есепке алуға арналған ұстаушының қосалқы шоты.

      Қағидалардың 16-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның жеке шотында ашылатын ұстаушының қосалқы шоты осы заңды тұлғаның клиентіне клиенттің аты көрсетіле отырып не ондайсыз (осы шоттың заңды тұлғаның клиентіне тиесілілігі туралы белгімен) оның өтініші негізінде ашылады;

      5) номиналды ұстаушының атына ашылатын және номиналды ұстауға берілген қаржы құралдарын есепке алуға арналған номиналды ұстаушының қосалқы шоты.

      Номиналды ұстаушының қосалқы шоты:

      шетелдік депозитарийге немесе шетелдік кастодианға олардың клиенттеріне тиесілі қаржы құралдарын есепке алуға арналған олардың жеке шотында;

      депоненттің, оның ішінде "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуді жүзеге асыратын ұйымның клиенті болып табылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент номиналды ұстаушысына ашылады;

      басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған қаржы құралдарын есепке алу үшін кастодианның клиенті болып табылатын;

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында қызмет істейтін қор биржасында айналыстағы қаржы құралдарын есепке алу үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуді жүзеге асыратын ұйымның клиенті болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті - номиналды ұстаушысына ашылады;";

      20-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қағидалардың 18-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жасырын жеке шоттарды және қосалқы шоттарды, сондай-ақ ойдан шығарылған аттарға жеке шоттарды және қосалқы шоттарды ашуға жол берілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:

      "3-1-тарау. Талап етілмеген ақшаны орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде есепке алу тәртібі

      40-1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде акционердің өзекті деректемелері туралы мәліметтер болмаған жағдайда, ірі акционердің қалған акционерлерден сатып алған қоғамның дауыс беретін акцияларына ақы төлеуге арналған ақша орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа аударылады.

      Қоғамда немесе бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде акционердің өзекті деректемелері туралы мәліметтер болмаған жағдайда, қоғамның жай акциялары бойынша дивиденд төлеу акционерлердің жалпы жиналысы қоғамның жай акциялары бойынша дивиденд төлеу туралы шешім қабылдаған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кеш емес мерзімде орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа жүзеге асырылады.

      Қоғамда немесе бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде акционердің өзекті деректемелері туралы мәліметтер болмаған жағдайда, қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивиденд төлеу дивиденд алу құқығы бар акционерлердің тізімі жасалған күннен кейін тоқсан күннен кеш емес мерзімде орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа жүзеге асырылады.

      40-2. Акционерлік қоғамдар туралы заңның 25-1-бабына сәйкес ірі акционер қалған акционерлерден сатып алған қоғамның дауыс беретін акцияларына ақы төлеуге арналған ақшаны және қоғамда және (немесе) бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде олар туралы өзекті мәліметтер жоқ акционерлерге дивиденд төлеуге арналған ақшаны есепке алу орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде әрбір тұлға бойынша жеке-жеке жүзеге асырылады.

      40-3. Акционерлік қоғамдар туралы заңның 25-1-бабына сәйкес ірі акционер өзекті деректемелері жоқ қалған акционерлерден сатып алған қоғамның дауыс беретін акцияларына ақы төлеу үшін осы тұлға бірмезгілде орталық депозитарийге қоғамның акцияларын сатып алу бұйрығын береді және орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа қажетті ақша сомасын аударады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген бұйрыққа акционерлердің өздеріне тиесілі дауыс беретін акцияларды Акционерлік қоғамдар туралы заңның 25-1-бабының 4-тармағына сәйкес айқындалған ірі акционерге сату бағасын растайтын құжат қоса беріледі.

      40-4. Өзекті деректемелері туралы мәліметтер жоқ акционерлердің өздеріне тиесілі қоғамның дауыс беретін акцияларын ірі акционердің талап етуі бойынша Акционерлік қоғамдар туралы заңның 25-1-бабына сәйкес сату мәмілесін тіркеуді жүзеге асырғанға дейін орталық депозитарий орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа аударылған ақша сомасын ірі акционердің тиісті бұйрығындағы ақпаратпен салыстырып тексереді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген соманың алшақтығы анықталған кезде ірі акционер орталық депозитарийден осы алшақтық туралы хабарламаны алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде бұйрыққа қажетті түзету енгізеді не орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа жетпей тұрған ақша сомасын аударады.

      Егер Акционерлік қоғамдар туралы заңның 25-1-бабына сәйкес ірі акционер қалған акционерлерден сатып алған қоғамның дауыс беретін акцияларына ақы төлеуге арналған ақшаның сомасы талап етілетін сомадан артық болса, онда осындай айырмашылық ірі акционерге оның банктік шотына қайтарылады.

      40-5. Орталық депозитарий эмитентке төлем агентінің қызметін көрсетпейтін жағдайда, эмитент Қағидалардың 40-1-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген мерзім ішінде орталық депозитарийге орталық депозитарийдің ішкі құжатымен бекітілген нысанға сәйкес қоғамда немесе бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде өзекті деректемелері туралы мәліметтердің болмауына байланысты дивиденд төленбеген акционерлер туралы мәліметтерді жібереді, сондай-ақ қоғамда және (немесе) бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде олардың өзекті деректемелері туралы мәліметтер жоқ акционерлерге дивиденд төлеуге арналған ақшаны орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа аударады.

      Орталық депозитарий эмитенттен алған дивиденд төленбеген акционерлер туралы мәліметтерді орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіндегі ақпаратпен салыстырып тексереді, сондай-ақ эмитенттен орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа түскен ақша сомасын осы эмитенттің ұсынған мәліметтерінде көрсетілген ақша сомасымен салыстырып тексереді.

      Осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес орталық депозитарий жүргізген салыстырып тексеру қорытындысы бойынша алшақтықтар болмаған кезде орталық депозитарий эмитенттің төлем тапсырмасын қабылдайды, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіне тиісті мәліметтерді енгізеді және бірмезгілде эмитентке осы операциялардың орындалғаны туралы есепті жібереді.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген соманың алшақтығы анықталған жағдайда осы ақпарат түзету шараларын қабылдау үшін эмитентке хабарланады.

      40-6. Орталық депозитарий эмитентке төлем агентінің қызметін көрсететін жағдайда, қоғамда және (немесе) бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде олардың өзекті деректемелері туралы мәліметтер жоқ акционерлерге дивиденд төлеуге арналған ақшаны орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа аудару операциясы "Төлем агентінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 2 желтоқсандағы № 409 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2632 болып тіркелген) және орталық депозитарий қағидаларының жинағына сәйкес жүзеге асырылады.

      Орталық депозитарий қоғамда және (немесе) бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде олардың өзекті деректемелері туралы мәліметтер жоқ акционерлерге дивиденд төлеуге арналған ақшаны орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа аударады, сондай-ақ орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіне тиісті мәліметтерді енгізеді және бірмезгілде эмитентке осы операциялардың орындалғаны туралы есепті жібереді.

      40-7. Эмитент 2019 жылғы 1 шілдеде төленбеген дивидендтер болған кезде орталық депозитарийге орталық депозитарийдің ішкі құжатымен бекітілген нысанға сәйкес қоғамда немесе бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде олардың өзекті деректемелері туралы мәліметтердің болмауына байланысты дивиденд төленбеген акционерлер туралы мәліметтерді жібереді, сондай-ақ қоғамда немесе бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде олардың өзекті деректемелері туралы мәліметтер жоқ акционерлерге дивиденд төлеуге арналған ақшаны орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа аударады.

      Орталық депозитарий эмитенттен алған дивиденд төленбеген акционерлер туралы мәліметтерді орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіндегі ақпаратпен (бар болса) салыстырып тексереді, сондай-ақ эмитенттен орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотқа түскен ақша сомасын осы эмитенттің ұсынған мәліметтерінде көрсетілген ақша сомасымен салыстырып тексереді.

      Осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес орталық депозитарий жүргізген салыстырып тексеру қорытындысы бойынша алшақтықтар болмаған кезде орталық депозитарий эмитенттің төлем тапсырмасын қабылдайды, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіне тиісті мәліметтерді енгізеді және бірмезгілде эмитентке осы операциялардың орындалғаны туралы есепті жібереді.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген соманың алшақтығы анықталған жағдайда осы ақпарат түзету шараларын қабылдау үшін эмитентке хабарланады.

      40-8. Қоғамда немесе бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде олардың өзекті деректемелері туралы мәліметтердің болмауына байланысты дивиденд төленбеген тұлғаның деректемелері туралы мәліметтерді орталық депозитарий тұлғаның өзінің және (немесе) осы тұлға акционері болып табылатын қоғамның өтініші негізінде өтінішті алған күннен кейінгі операциялық күннен кешіктірмей өзекті етеді.

      Қоғамда немесе бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде олардың өзекті деректемелері туралы мәліметтердің болмауына байланысты дивиденд төленбеген тұлғаның деректемелері өзекті етілген соң осы тұлғаға тиесілі дивидендті орталық депозитарий оның банк шотына деректемелер өзекті етілген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде аударады.

      Орталық депозитарий осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген операция жүзеге асырылған соң орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шот бойынша тиісті жазбалар енгізеді, сондай-ақ осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаға және (немесе) осы тұлға акционері болып табылатын қоғамға жүргізілген операция туралы есепті орталық депозитарийдің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жібереді.

      40-9. Акционерлік қоғамдар туралы заңның 25-1-бабына сәйкес өзінен ірі акционер қоғамның акцияларын сатып алған тұлға орталық депозитарийдің ішкі құжатында көзделген тәртіппен өзіне тиесілі ақшаны төлеу үшін орталық депозитарийге кез келген уақытта өтініш береді.

      40-10. Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотында жинақталған ақша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған орталық депозитарийдің корреспонденттік шотында сақталады.

      40-11. Орталық депозитарий орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған талап етілмеген ақшаны есепке алуға арналған шотында есепке алынатын ақшаның сақталуы үшін өзінің мүлкімен жауап береді.".

      2. Банктік емес ұйымдарды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е.А. Біртановқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады