"Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 25 шілдедегі № 546 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 31 шілдеде № 19150 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығына (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген, 2015 жылғы 21 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Өндірістік және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жағынан күрделілігін айқындау тәртібі";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Техникалық жағынан күрделі объектілерге (кешендерге) осы Қағидалардың 9-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген объектілерді қоспағанда, жауапкершілігі бірінші (күшейтілген) және екінші (қалыпты) деңгейге жататын барлық ғимараттар мен құрылыстар жатады.

      Өндірістік мақсаттағы техникалық жағынан күрделі объектілерге "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 70 және 71-баптарында белгіленген белгілері бар және "Қауіпті өндірістік объектілерді сәйкестендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 353 бұйрығына (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10310 болып тіркелген) (бұдан әрі – №353 бұйрық) сәйкес, солай деп сәйкестендірілетін қауіпті өндірістік объектілер де жатады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Жаңа объектілерді және (немесе) қолданыстағы объектілерді өзгертуді (реконструкциялауды, кеңейтуді, жаңғыртуды, техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыруды, қалпына келтіруді, күрделі жөндеуді) қоса алғанда, жобаланған объектінің жауапкершілік деңгейін төменде көрсетілген параметрлер бойынша тапсырыс беруші айқындайды:

      1) жауапкершілігі I (жоғары) деңгейдегі объектілер:

      өнеркәсіп объектілері, өндірістік ғимараттар, құрылыстар:

      осы Қағидаларда көрсетілмеген, "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 70 және 71-баптарында белгіленген белгілері бар және № 353 Бұйрығына сәйкес, солай деп сәйкестендірілетін қауіпті өндірістік объектілер;

      атом энергиясын пайдаланатын объектілер (оның ішінде ядролық қондырғылар, ядролық материалдарды және радиоактивті заттарды, қалдықтарды сақтау пункттері);

      қуаты 150 МВт (Мега Ватт) және одан жоғары жылу-энергетикалық ғимараттар мен құрылыстар;

      домна пештерінің орталық тораптары, биіктігі 100 м (метр) және одан астам түтін мұржалары;

      аралығы 100 м (метр) және одан астам, биіктігі 50 м (метр) және одан биік және (немесе) жүк көтергіштігі 32 тонна және одан астам крандары бар өндірістік ғимараттар мен құрылыстар;

      өзге құрылыстар:

      сыйымдылығы 10 000 м3 (текше метр) және одан астам мұнай, мұнай өнімдері, сұйытылған газ резервуарлары;

      I және II сыныпты гидротехникалық құрылыстар;

      жобалау жөніндегі мемлекеттік нормативтерге сәйкес белгіленетін, I, II және III санаттағы жерасты мұнай, мұнай өнімдері және газ қоймалары;

      қысымы 1,2 МПа (Мега Паскаль) жоғары газ тарату желілерінің объектілері;

      I және II сыныпты магистральдық мұнай құбырлары және мұнай өнімдері құбырлары;

      топтық су тартқыштарды қоса алғанда, магистральдық сумен жабдықтау, су бұру желілері және шартты (ішкі) диаметрі 500 мм (миллиметр) және одан жоғары кәріздік коллекторлар және олардағы құрылыстар, су құбыры және кәріздік тазарту құрылыстары (СТҚ және КТҚ);

      өнімділігі тәулігіне 10 000 м3 (тәулігіне текше метр) және одан астам сорғы станциялары мен су тарту құрылыстары;

      диаметрі 800 мм (миллиметр) және одан жоғары магистральдық және тарату (орамішілік) жылумен жабдықтау желілері және олардағы құрылыстар;

      биіктігі 100 м (метр) және одан биік теледидар мұнаралары және антенналық-мачталық байланыс құрылыстары;

      кернеуі 220 кВ (кило Вольт) астам электр беру желілері және өзге де электр-желілік шаруашылық объектілері;

      Iа автомобиль жолдары (әрбір бағытта қозғалыс жолағының саны 3 және одан астам) және олардағы құрылыстар;

      елді мекендер шегіндегі магистральдық жүрдек қозғалыс жолдары, жалпықалалық маңызы бар магистральдық үздiксіз қозғалыс көшелері және олардағы құрылыстар;

      бірыңғай кешен ретінде салынатын магистральдық теміржолдар;

      барлық санаттардағы жолдарда ұзындығы 100 м (метр) және одан астам көпір құрылыстары;

      теміржол және автомобиль жолдары тоннельдері;

      метрополитендер;

      әуежайлар, ұшу-қону жолақтары және өзге де авиациялық инфрақұрылым объектілері;

      спорт және серуендеу кемелеріне қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған порттарды қоспағанда, өзен және теңіз порттары;

      ғарыш айлақтарын қоса алғанда, ғарыш инфрақұрылымы объектілері; ұшыру кешендері және тасымалдағыш зымырандарды іске қосу қондырғылары; ғарыш аппараттарын басқаратын жерүсті кешендері; команда беру-өлшеу кешендері; ақпаратты қабылдауға, сақтауға, өңдеуге және таратуға арналған жерүсті нысаналы кешендер; ғарышты зерттеудің ғылыми-экспериментальдық базасы; антенналық кешендер; обсерваториялар; тәжірибелік өндірістер; ғарыш аппараттарын, тасымалдағыш зымырандарды және олардың құрам бөліктерін жинау, монтаждау, сынау жөніндегі кәсіпорындар; объектілердің қауіпсіздігі мен инженерлік-техникалық беріктігін қамтамасыз етуге байланысты ғимараттар мен құрылыстар;

      азаматтық қорғаныс объектілері;

      көлемі жылына 100 мың және одан астам тонна қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары;

      қауіптілігі I, II және III сыныпты уытты өнеркәсіп қалдықтарын залалсыздандыру және көму жөніндегі полигондар;

      тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілер:

      арнайы жасанды микроклимат құрылғыларын талап ететін және (немесе) арнайы күзет немесе террорға қарсы іс-шараларды талап ететін әкімшілік республикалық басқару органдарының ғимараттары, республикалық маңызы бар мұражайлардың, мемлекеттік мұрағаттардың ғимараттары, ұлттық және мәдени құндылықтарды сақтау қоймалары және қалалар мен елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етуге байланысты объектілер;

      геологиялық жағдай қалыпты аудандар үшін биіктігі 25 қабаттан және одан жоғары тұрғын үй және көпфункционалды ғимараттар;

      геологиялық жағдай қалыпты аудандар үшін биіктігі 25 қабаттан және одан жоғары әкімшілік-тұрмыстық, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар;

      құрылыс салған кезде арнайы техникалық шешімдерді және іс-шараларды талап ететін, сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан астам балл) аудандар үшін немесе өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық және геотехникалық) жағдайдағы биіктігі 12 қабаттан асатын (үстіңгі техникалық қабатты және шатырастын ескермегенде) тұрғын үй және көпфункционалды ғимараттар;

      құрылыс салған кезде арнайы техникалық шешімдерді және іс-шараларды талап ететін, сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан астам балл) аудандар үшін немесе өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық және геотехникалық) жағдайдағы биіктігі 12 қабаттан асатын (үстіңгі техникалық қабатты және шатырастын ескермегенде) әкімшілік-тұрмыстық, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар;

      ауысымда 480-нен артық адам қабылдайтын стационары жоқ денсаулық сақтау объектілері;

      травматологиялық және хирургиялық бөлімдері, сондай-ақ 50-ден астам төсек орынға арналған стационарлары бар аурухана ғимараттары;

      бір мезгілде (сыйымдылығы) 500-ден астам адам бара алатын спорттық-ойын-сауық, жабық ғибадат ғимараттары немесе ашық құрылыстар;

      бір мезгілде (сыйымдылығы) 1200-ден астам адам бара алатын сауда-ойын-сауық объектілері;

      200 және одан да көп жұмыс орны бар тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының ғимараттары;

      сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан астам балл) аудандар үшін өрт сөндіру депосы кешендері;

      жобалау құжаттамасында мынадай сипаттамалардың кемінде біреуі:

      тұрғын үй және көп функционалды ғимараттар қоспағанда, биіктігі 50 м (метр) астам;

      өндіріс объектілерін қоспағанда аралығы 50 м (метр) астам;

      15 м (метр) асатын консольдің болуы көзделген конструктивті шешімдері және (немесе) конструкциялары бірегей құрылыс объектілері;

      жердің жоспарлау белгісінен 10 м (метр) астам төмен жерасты бөлігін немесе жерасты қабатының санын екіден астам тереңдету;

      оларға қатысты физикалық және геометриялық желілік емес қасиеттері ескеріле отырып, стандартты емес есептеу әдістері қолданылатын немесе жобалауға және құрылыс салуға арналған арнайы техникалық шарттар әзірлеу талап етілетін конструкциялар мен конструкциялық жүйелердің болуы;

      тергеу изоляторларын, түзеу колонияларын, түрмелерді қоса алғанда, инфрақұрылым объектілері (медициналық қызмет көрсету объектілері, өндірістік кешендері және басқа да объектілері) бар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің объектілері;

      2) жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілер:

      өнеркәсіп объектілері, өндірістік ғимараттар, құрылыстар:

      өрт, жарылыс, газ, химиялық агрессивті, улы және уытты заттар бойынша қауіпті емес өндірістік-шаруашылық құрылыстарын (биіктігі 2 қабаттан жоғары және алаңы 2000 шаршы метрден жоғары қоймалар және тауарлар мен материалдарды сақтау үшін ерекше жағдайларды, сондай-ақ өзге де жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін, сақтау қоймалары) қоса алғанда, жалпы аралығы 12 метрден (қоса алғанда) 100 метрге дейінгі, биіктігі 12 метрден (қоса алғанда) 100 метрге дейінгі және (немесе) жүк көтергіштігі 5 тоннадан (қоса алғанда) 32 тоннаға дейінгі крандары бар өндіріс объектілері (машина жасау, көлік, құрастыру, өңдеу, жеңіл және басқа да өнеркәсіп салаларының объектілері);

      қуаты 150 МВт (Мега Ватт) дейінгі жылу-энергетика ғимараттары мен құрылыстары;

      кернеуі 35 кВ (кило Вольт) дейінгі (қоса алғанда) электр желілері бар қуаты 100 Мвт (Мега Ватт) кем (қоса алғанда) күн электр станцияларын қоспағанда, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері;

      элеваторлар;

      сақтау көлемі 500 т (тонна) (қоса алғанда) астам астық қоймалары;

      сүт, ет өнімдерін өндіру бойынша мал басының саны 200-ден (қоса алғанда) астам мал шаруашылығы кешендері мен фермалар, асыл тұқымды мал өсіру шаруашылықтары, бордақылау алаңдары;

      мал басы саны жылына 6 млн. бастан (жылына млн. бас) (қоса алғанда) асатын құс фермалары мен кешендері;

      алаңы 10 000 м2 (шаршы метр) астам (қоса алғанда) жылыжай кешендері;

      көлемі 5 т/сағ. (сағатына тонна) (қоса алғанда) астам құрама жем заводтары мен цехтар;

      ауысымына 10 тоннадан астам (бір ауысымда тонна) (қоса алғанда) мал сою және сою өнімдерін алғашқы өңдеу;

      ауысымына 10 тоннадан астам (бір ауысымда тонна) (қоса алғанда) өндірістік қуаттылығына байланысты сүт қабылдау және дайындау пункттері станциялары;

      домна пештерінің орталық тораптары, биіктігі 100 м (метр) дейінгі түтін мұржалары;

      өзге құрылыстар:

      сыйымдылығы 10 000 м3 (текше метр) дейінгі мұнай, мұнай өнімдері, сұйытылған газ резервуарлары;

      III және IV сыныпты гидротехникалық құрылыстар;

      жобалау жөніндегі мемлекеттік нормативтерге сәйкес белгіленетін мұнайдың, мұнай өнімдерінің және газдың IIIб және IIIв санатындағы жерасты қоймалары;

      III және IV сыныпты магистральдық мұнай құбырлары және мұнай өнімдері құбырлары;

      қысымы 1,2 МПа (МегаПаскаль) дейінгі (қоса алғанда) өндірістік мақсаттағы газ тарату жүйелерінің объектілері;

      қысымы 0,3 МПа-дан (МегаПаскаль) 1,2 МПа (Мега Паскаль) дейінгі (қоса алғанда) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы газ тарату жүйелерінің объектілері;

      топтық су тартқыштарды қоса алғанда, магистральдық сумен жабдықтау, су бұру желілері және шартты (ішкі) диаметрі 500 мм (миллиметр) дейінгі кәріздік коллекторлар және олардағы құрылыстар, су құбыры және кәріздік тазарту құрылыстары (СТҚ және КТҚ);

      өнімділігі тәуілігіне 500 м3 (текше метрден) 10 000 м3 (текше метрге) дейін (тәуілігіне текше метр) сорғы станциялары мен су тарту құрылыстары;

      траншеясыз әдіспен орындау кезінде шартты (ішкі) диаметрі 500 мм (миллиметр) және жоғары топтық су құбырлары мен су жинау құрылыстары;

      шартты (ішкі) диаметрі 350 мм (миллиметр) бастап (қоса алғанда) 800 мм (миллиметр) дейінгі магистральдық және тарату (орамішілік) жылумен жабдықтау желілері және олардағы құрылыстар;

      тұрғындар саны 500 адамнан жоғары (қоса алғанда) жеке тұрғын үй кешендеріне арналған жұмыс қысымы 1 МПа (Мега Паскаль) және одан жоғары, шартты (ішкі) диаметрі 300 мм (миллиметр) жоғары сыртқы сумен жабдықтау желілері және олардағы құрылыстар, оның ішінде тарту (орамішілік, көшелік) алаңішілік сумен жабдықтау желілері, орамішілік су бұру желілері, үйішілік сумен жабдықтау және су бұру желілері, су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстары;

      магистральдық байланыс желілерінің желілік-кабельдік құрылыстары, биіктігі 100 м (метр) дейінгі телевизиялық мұнаралары және антенналық-мачталық байланыс құрылыстары;

      кернеуі 35 кВ бастап 220 кВ (кило Вольт) дейінгі (қоса алғанда) электр беру желілері және өзге де электр-желілік шаруашылық объектілері;

      Iа (әрбір бағытта қозғалыс жолағының саны 3 кем), Iб, II, III санаттарындағы автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар;

      9-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген қалалық және ауылдық елді мекендердегі көшелер мен жолдар, өнеркәсіп кәсіпорындарының ішкі және сыртқы автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар (көпір құрылыстарын қоспағанда);

      жекелеген жобалар бойынша іске асырылатын магистральдық теміржол желілерінің объектілері, сондай-ақ кіреберіс және станциялық жолдар;

      барлық санаттардағы жолдарда ұзындығы 100 м (метр) дейінгі көпір құрылыстары;

      көлемі жылына 100 мың тоннаға дейінгі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары;

      қауіптілігі IV сыныпты утты өнеркәсіп қалдықтарын залалсыздандыру және көму полигондары;

      тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілер:

      геологиялық жағдайлары қалыпты аудандар үшін биіктігі 6 қабаттан 25 қабатқа дейінгі тұрғын үй және көпфункционалды ғимараттар;

      геологиялық жағдайлары қалыпты аудандар үшін биіктігі 3 қабаттан 25 қабатқа дейінгі әкімшілік-тұрмыстық, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар;

      сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан астам балл) немесе құрылыс салған кезде арнайы техникалық шешімдерді және іс-шараларды талап ететін өзге де геологиялық (гидрогеологиялық және геотехникалық) жағдайлары ерекше аудандардағы биіктігі 6 қабаттан 12 қабатқа дейінгі тұрғын үй және көпфункционалды ғимараттар;

      сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан астам балл) немесе құрылыс салған кезде арнайы техникалық шешімдерді және іс-шараларды талап ететін өзге де геологиялық (гидрогеологиялық және геотехникалық) жағдайлары ерекше аудандардағы биіктігі 12 қабатқа дейінгі әкімшілік-тұрмыстық, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар;

      бір мезгілде (сыйымдылығы) 150-ден 500-ге дейін адам (қоса алғанда) бара алатын спорттық-ойын-сауық, жабық ғибадат ғимараттары немесе ашық құрылыстар;

      бір мезгілде (сыйымдылығы) 800-ден 1200-ге дейін адам (қоса алғанда) бара алатын сауда-ойын-сауық объектілері;

      сыйымдылығы 50 орыннан асатын қонақ үй кешендері (мотельдер, туристік базалар);

      мектепке дейінгі балалар мекемелерінің ғимараттары;

      оқушылар саны 600 астам орта мектеп (гимназиялар, лицейлер) ғимараттары (қоса алғанда);

      сыйымдылығы 50 баладан асатын мектеп-интернаттарының жатын корпустарының, балаларға арналған демалу лагерлерінің ғимараттары;

      ауысымына 50-ден 480-ге дейін адам (қоса алғанда) қабылдайтын стационары жоқ денсаулық сақтау объектілері;

      50-ден 200-ге дейін жұмыс орны бар тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының ғимараттары;

      геологиялық жағдайлары қалыпты аудандар үшін өрт сөндіру депосы кешендері;

      бір мезгілде 10 бірліктен астам көлік құралдарына қызмет көрсететін автосервис пункттері (шеберханалар), сондай-ақ жер үстіндегі биіктігі 5 қабаттан асатын, жер астындағы биіктігі 2 қабаттан асатын жерүсті немесе жерасты гараж-тұрақтар;

      травматологиялық және хирургиялық бөлімдері бар ауруханалардың ғимараттары, сондай-ақ 50 және одан кем төсек орынға арналған стационарлар;

      3) техникалық жағынан күрделілерге жатпайтын жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілер:

      өрт, жарылыс, газ, химиялық агрессивті, улы және уытты заттар бойынша қауіпті емес өндірістік-шаруашылық құрылыстарын (биіктігі 2 қабаттан кем (қоса алғанда) және алаңы 2000 шаршы метрден кем (қоса алғанда) қоймалар, тауарлар мен материалдарды сақтау үшін ерекше жағдайларды, сондай-ақ өзге де жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін) қоса алғанда, жалпы аралығы 12 метрден кем, биіктігі 12 метрден кем және (немесе) жүк көтергіштігі 5 тоннаға дейінгі крандары бар өндірістік объектілер (машина жасау, көлік, құрастыру, өңдеу, жеңіл және басқа өнеркәсіп салаларының объектілері);

      тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілер:

      геологиялық (гидрогеологиялық және инженерлі) және сейсмикалық жағдайларға қарамастан, жер үстіндегі биіктігі 5 қабаттан аспайтын (қоса алғанда) (үстіңгі техникалық қабатты қоспағанда) тұрғын үйлер;

      жер үстіндегі биіктігі 2 қабаттан аспайтын (үстіңгі техникалық қабатты қоспағанда) геологиялық жағдайлары қалыпты аудандарға арналған әкімшілік-тұрмыстық, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар;

      жоғары және орта арнайы оқу орындарының ғимараттары;

      сыйымдылығы кемінде 600 оқушы жалпы білім беру мектептерінің (гимназиялар, лицейлер) ғимараттары;

      бір мезгілде 10 бірліктен аспайтын (қоса алғанда) көлік құралдарына қызмет көрсететін автосервис пункттері (шеберханалар), сондай-ақ жер үстіндегі биіктігі 5 қабаттан аспайтын (қоса алғанда), жер астындағы биіктігі 2 қабаттан аспайтын (қоса алғанда) жерүсті немесе жерасты гараждар-тұрақтары;

      вахталық кенттердің 3 жерүсті қабатынан аспайтын тұрғын ғимараттары мен әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық объектілер;

      өзге құрылыстар:

      IV және V санаттағы автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар;

      кернеуі 35 кВ (кило Вольт) дейін (қоса алғанда) электр беру желілері мен өзге де электр желілік шаруашылық объектілері;

      кернеуі 35 кВ (кило Вольт) дейін (қоса алғанда) электр желілері бар қуаты 100 МВт (Мега Ватт) кем күн энергиясы пайдалану бойынша объектілер;

      тұрғындар саны 500 адамнан аспайтын жеке тұрғын үй кешендеріне арналған жұмыс қысымы 1 МПа (Мега Паскаль) кем, шартты (ішкі) диаметрі 300 мм (миллиметр) кем (қоса алғанда) сыртқы сумен жабдықтау желілері және олардағы құрылыстар, оның ішінде тарту (орамішілік, көшелік) алаңішілік сумен жабдықтау желілері, орамішілік су бұру желілері, үйішілік сумен жабдықтау және су бұру желілері;

      траншеясыз тәсілмен орындау кезіндегі шартты (ішкі) диаметрі 500 мм (миллиметр) дейінгі топтық су құбырлары мен кәріз коллекторлары;

      өнімділігі тәулігіне 500 м3 дейін (тәуілігіне текше метр) (қоса алғанда) сорғы станциялары мен су тарту құрылыстары;

      шартты (ішкі) диаметрі 350 мм (миллиметр) дейінгі сыртқы жылумен жабдықтау желілері және олардағы құрылыстар;

      байланыс желісінің аймақтық және жергілікті желілерінің желілік-кабельдік құрылыстары;

      шаруашылық-тұрмыстық және техникалық сумен жабдықтау үшін су жинау ұңғымаларын мен құрылыстарын жайластыру;

      0,005 МПа (МегаПаскаль) бастап 0,3 МПа (Мега Паскаль) дейінгі (қоса алғанда) қысыммен тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы газ тарату жүйелерінің объектілері;

      сүт, ет өнімдерін өндіру бойынша мал шаруашылығы кешендері мал басының саны 200 басқа дейінгі мал шаруашылығы фермалары, асыл тұқымды мал өсіру шаруашылықтары, бордақылау алаңдары;

      мал басы саны жылына 6 млн. басқа (жылына миллион бас) дейінгі құс фермалары мен кешендері;

      алаңы 10 000 м2 (шаршы метр) дейінгі жылыжай кешендері;

      көлемі 5 т/сағ-қа (сағатына тонна) дейінгі құрама жем зауыттары мен цехтар;

      сақтау көлемі кемінде 500 т (тонна) астық қоймасы;

      ауысымына 10 тоннаға дейінгі (бір ауысымда тонна) мал сою және сою өнімдерін алғашқы өңдеу;

      ауысымына 10 тоннаға дейінгі (бір ауысымда тонна) өндірістік қуаттылығына байланысты сүт қабылдау және дайындау пункттері станциялары;

      жайылымдарды суландыру жүйесі;

      бір мезгілде (сыйымдылығы) 150-ге дейін адам (қоса алғанда) бара алатын спорттық-ойын-сауық, жабық ғибадат ғимараттары немесе ашық құрылыстар;

      бір мезгілде (сыйымдылығы) 800-ге дейін адам (қоса алғанда) бара алатын сауда-ойын-сауық объектілері;

      сыйымдылығы 50 орынға дейінгі қоса алғанда қонақ үй кешендері (мотельдер, туристік базалар);

      ауысымына 50-ге дейін адам (қоса алғанда) қабылдайтын стационары жоқ денсаулық сақтау объектілері;

      50-ге дейін (қоса алғанда) жұмыс орны бар тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының ғимараттары;

      сыйымдылығы 50 балаға дейін (қоса алғанда) мектеп-интернаттарының, балалар демалыс лагерьлерінің демалу корпустарының ғимараттары;

      4) жауапкершілігі III (төмендетілген) деңгейдегі объектілер:

      алаңішілік байланыс желілері;

      жеке үй жанындағы учаскелердің аумақтарындағы шаруашылық-тұрмыстық жапсарлас құрылыстар және қолданыстағы инженерлік желілерді өзгертуді талап етпейтін абаттандыру;

      контейнерлерден және блоктардан жасалған көшпелі кешендер, сондай-ақ сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары үшін, құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған бір қабатты ғимараттар (құрылыстар);

      уақытша, маусымдық және қосалқы мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар (жылыжайлар, парниктер, павильондар, биіктігі 2 қабатқа дейінгі және ауданы 2000 шаршы метрге дейінгі қоймалар (қоса алғанда), байланыс, жарықтандыру тіректері, қоршаулар және сол сияқты құрылыстар);

      әкімшілік-тұрмыстық және өндірістік ғимараттардың ішіндегі автоматты күзет-өрт дабылы және тарту-шығару желдеткіш жүйелері;

      аулалық үлгідегі тұрғын үйлерді сумен жабдықтау және су бұру желілері;

      қысымы 0,005 МПа (Мега Паскаль) дейінгі (қоса алғанда) газ тарату желілері, оның ішінде тұрмыстық газбен жабдықтаудың алаңішілік желілері мен үйішілік жүйелері, көп қабатты және аз қабатты тұрғын үйлерді (жеке үйлерді қоса алғанда) газдандыру.".

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызу тәртібі";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Өндірістік мақсаттағы объектілерді, сондай-ақ өзге де өнеркәсіптік кәсіпорындар мен кешендерді технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың негізгі критерийлері жобаланған кәсіпорындарда және өнеркәсіптік кешендерде бір немесе бірнеше мынадай белгілердің болуы болып табылады:

      1) қауіпті техникалық құрылғылармен жабдықталатын немесе "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген қауіпті өндірістік объектілердің өзге де белгілері бар өнеркәсіптің әртүрлі саласының объектілері;

      2) атом энергиясын пайдаланатын объектілер (оның ішінде ядролық қондырғылар, ядролық материалдарды және радиоактивті заттарды сақтау пункттері, қоймалар);

      3) қуаты 150 МВт (Мега Ватт) және жоғары жылу-энергетикалық объектілер;

      4) домен пештерінің орталық тораптары;

      5) биіктігі 100 және оданда жоғары метрлік әртүрлі мақсаттағы кәсіпорындар мен мұнаралық (мачталық) құрылыстардың түтін құбырлары;

      6) аралығы 100 м (метр) және одан көп, биіктігі 50 м (метр) және (немесе) одан биік өндірістік ғимараттар мен құрылыстар;

      7) сыйымдылығы 10 000 м3 (текше метр) және одан көп мұнай, мұнай өнімдері, сұйытылған газ резервуарлары;

      8) мұнайдың, мұнай өнімдерінің және газдың жобалау және құрылыс салу саласындағы мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттарға сәйкес белгіленетін, I, II, IIIа, IIIб және III санаттағы жерасты қоймалары;

      9) I және II сыныптағы кешенді су шаруашылығы мақсатындағы каналдарды қоса алғанда, I, II, III және IV сыныптағы негізгі гидротехникалық құрылыстар және олардағы құрылыстар;

      10) кернеуі 35 кВ (кило Вольт) дейінгі (қоса алғанда) электр желілері бар қуаты 100 Мвт (Мега Ватт) кем (қоса алғанда) күн электр станцияларын қоспағанда, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша объектілері.".

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Жеке тапсырыс бойынша жобаланған инженерлік инфрақұрылымдардың технологиялық жағынан күрделі объектілеріне:

      1) газдың немесе мұнай өнімдерінің I, II, III және IV сыныпты магистральдық құбырлары;

      2) қысымы 1,2 МПа (Мега Паскаль) астам табиғи газды немесе қысымы 1,6 МПа (Мега Паскаль) астам сұйытылған көмірсутекті газды сақтау үшін пайдаланылатын газ тарату жүйелерінің құрылыстары;

      3) шартты (ішкі) диаметрі 500 мм (миллиметр) астам кәріздік коллекторларды қоса алғанда, магистральдық сумен жабдықтау (топтық су тартқыштарды қоса алғанда) және су бұру желілері және олардағы қосалқы құрылыстар;

      4) өнімділігі 10 000 т/м3 (тәуілігіне текше метр) астам су құбырлары, кәріздік тазарту құрылыстары және бас тоғандар, өнімділігіне қарамастан өнеркәсіптік ағынды суларды тазарту құрылыстары, әрекет ету сенімділігі 1-ші санаттағы су құбырлары және сорғы станциялары;

      5) шартты (ішкі) диаметрі 500 мм (миллиметр) астам магистральдық және тарату (орамішілік) жылумен жабдықтау желілері және олардағы қосалқы құрылыстар;

      6) кернеуі 110 кВ (кило Вольт) астам әуе және кабельдік электр беру желілері және өзге де электр-желілік шаруашылық объектілері жатады.".

      14-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) елді мекендері сумен жабдықтау және су бұру схемаларына сәйкес құбырдың шартты (ішкі) диаметрі 500 мм (миллиметр) дейінгі орамішілік су құбыры және кәріз желілерін қоса алғанда;";

      4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызу тәртібі";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы технологиялық жағынан күрделі объектілерге осы Қағидалардың 18-тармағына енгізілмеген объектілер де жатады, бірақ олардың берілген параметрлері осы Қағидалардың 20-тармағында белгіленген критерийлерден жоғары болып табылады.".

      2 Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады