"Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2013 жылғы 8 тамыздағы № 324 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі № 391 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 2 қыркүйекте № 19324 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 25 сәуірдегі № 86 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 25.04.2024 № 86 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2013 жылғы 8 тамыздағы № 324 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8676 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 220 (28159) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесінде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Көтермелеу білім және ғылым жүйесі, білім және ғылым саласындағы басқа да ұйымдар қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің (бұдан әрі – студенттер) әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметін ынталандыру нысаны болып табылады.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Студенттерді өздері жүзеге асырған әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметі үшін ынталандыру мақсатында әлеуметтік студенттік кредит (бұдан әрі – Кредит) түрінде көтермелеу белгіленеді.

      Кредит студентке жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы белгілеген кейбір академиялық кредиттердің есепке алынуына және Көтермелеуде көзделген шарттармен республикалық бюджет қаражаты есебінен материалдық көтермелеу алуға мүмкіндік береді.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, республикалық білім беру ұйымдары, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдар Министрлікке марапаттау материалдарын ұсынады.";

      мынадай мазмұндағы 6-тараумен толықтырылсын:

      "6-тарау. Кредиттерді беру және сүйемелдеу тәртібі, шарттары

      27. Кредиттер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүддесінде әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметті жүзеге асыратын студенттерге қызметтің мынадай түрлері бойынша беріледі:

      1) инклюзивті білім беру;

      2) репетиторлық (қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық);

      3) девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмаған балалармен жұмыс;

      4) аула және спорт клубтарын ұйымдастыру;

      5) балалармен, қарт адамдармен және мүгедектермен әлеуметтік жұмыс.

      Қоғамдық пайдалы қызмет балалар үйлерінде, арнайы мектептерде, медициналық-әлеуметтік мекемелерде, жастарға қызмет көрсету орталықтарында, оқушылар сарайларында, қарттарға арналған интернат- үйлерінде, емханаларда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, мектептерде, колледждер мен басқа ұйымдарда жүзеге асырылады.

      28. Студенттерге Кредиттің мынадай түрлері:

      1) 20 000 теңге алуға, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы белгілеген екі академиялық кредиттің есепке алынуына мүмкіндік беретін әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметтің 20 сағатына ваучер;

      2) 50 000 теңге алуға, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы белгілеген бес академиялық кредиттің есепке алынуына мүмкіндік беретін әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметтің 50 сағатына ваучер беріледі.

      Студентке әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметтің 20 және (немесе) 50 сағатына ваучер беру қаржы жылының ішінде бір реттен артық емес жүргізіледі.

      29. Кредитті ұйымдастыру жөніндегі оператор Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіпте әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметке қатысушылар арасында тиісті шарт жасасатын "Қаржы орталығы" акционерлік қоғамы болып табылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Ә.Ж. Тойбаев) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны күнтізбелік он күн ішінде электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Ф.Н. Жақыповаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Аймагамбетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады