"Қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен, шартты тұтынушылармен және басым шартты тұтынушылармен жасалатын шарттарының үлгілік нысандарын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 желтоқсандағы № 480 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 295 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 3 қыркүйекте № 19332 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен, шартты тұтынушылармен және басым шартты тұтынушылармен жасалатын шарттарының үлгілік нысандарын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 желтоқсандағы № 480 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16241 тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2018 жылдың 23 қаңтарында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымнан электр энергиясын аукциондық бағалар бойынша сатып алу үлгілік шартында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы шартта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аукциондық баға - аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша айқындалған және тиісті шекті аукциондық баға деңгейінен аспайтын, ЖЭК пайдалану объектісі өндіретін электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығының сатып алуына арналған баға;

      2) беру нүктесі - ЖЭК пайдалану объектісін энергия беруші ұйымның электр желілеріне қосу нүктесі;

      3) берілетін ай - тиісті айдың бірінші күні сағат 00.00-де басталатын және тиісті айдың соңғы күні сағат 24.00-де аяқталатын ЖЭК-ті пайдалану объектілерінен берілетін электр энергиясын іс жүзінде беретін күнтізбелік ай, оның нәтижелері бойынша берілетін электр энергиясының сатып алу-сату көлемінің түпкілікті есебі жүргізіледі;

      4) берілетін электр энергиясы - беру нүктесіне берілген, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары мен талаптарына сәйкес келетін, ЖЭК пайдалану объектісі өндірген барлық электр энергиясы;

      5) жұмыс күні - Сатып алушы үшін жұмыс күні болып табылатын күн;

      6) жүйелік оператор - орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмысты қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме нарығы субъектілерінен қосалқы қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша жеткізуді, оған техникалық қызмет көрсетуді және пайдалану дайындығында ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;

      7) жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы (бұдан әрі - ЖО ҰДО) - электр энергиясын теңгерімдеу мен оның сапасын қамтамасыз етуді қоса алғанда, Қазақстанның БЭЖ жедел басқаруға және оның жұмысының сенімділігіне жауапты, Жүйелік оператордың құрылымына кіретін бөлімше;

      8) ЖЭК пайдалану объектісін коммерциялық пайдалану басталған күн - электр энергиясы энергия беруші ұйымның электр желілеріне берілетін, Сатушының ЖЭК пайдалану объектісінің электр қондырғыларын кешенді сынау басталған күн;

      9) коммерциялық есепке алу аспабы - электр қуатын, электр немесе жылу энергиясын коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;

      10) қаржы ұйымы - қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      11) Шарт - Сатушы мен Сатып алушының арасында жасалған осы электр энергиясын сатып алу шарты;

      12) электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі - ЭКЕАЖ) - электр энергиясын есепке алу деректерін өлшеуге, жинауға, өңдеуге, сақтауға және жіберуге арналған өлшеу құралдары мен аппараттық-бағдарламалық кешендер жиынтығы.

      Шартта пайдаланылған өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының ЖЭК-ті пайдалануды қолдау және электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      2. Шартқа сәйкес Сатушының ЖЭК пайдалану объектісінде өндірілген және беру нүктесіне берілген электр энергиясының барлық көлемін Сатушы сатады, ал Сатып алушы сатып алады. Сатушы электр энергиясын мынадай ЖЭК пайдалану объектісінде өндіретін болады:

      1) атауы - __________ ;

      2) ЖЭК пайдалану объектісінің түрі (пайдаланылатын ЖЭК түріне байланысты) - _________ (күн электр станциялары үшін қосымша фотоэлектрлік модуль типі мен қолданылатын кремнийдің өндіруші-елі көрсетіледі);

      3) ЖЭК пайдалану объектісі орналасатын жер учаскесі(лері) - кадастрлық нөмірі: - _________, жер учаскесінің жалпы ауданы - __________ гектар;

      4) негізгі генерациялайтын жабдықтың (күн электр станциялары үшін - тұрақты токтың фотоэлектрлік модульдері, жел электр станциялары, гидро электр станциялары және биоэлектр станциялары үшін - ауыспалы токтың электр энергия генераторлары) номиналды (паспорттық деректерде көрсетілген) қуаттарының жиынтығы ретінде айқындалатын, негізгі генерациялайтын жабдықтың паспорттық деректерін негізге ала отырып, ЖЭК пайдалану объектісінің генерациялайтын жабдығының белгіленген жиынтық қуаты _____ (МВт);

      5) ЖЭК пайдалану объектісінің белгіленген қуатын пайдаланудың болжамдық коэффициенті ___;

      6) электр желісіне қосылу нүктесі - _____________________________.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Коммерциялық есепке алу аспаптары болмаған немесе беру нүктесінде орнатылған коммерциялық есепке алу аспаптары жарамсыз болған кезеңде ЖЭК пайдалану объектісі өндірген және энергия беруші ұйымның желісіне берілген электр энергиясына Сатып алушы ақы төлемейді және Тараптардың өзара есеп айырысулары кезінде ескерілмейді. Бұл ретте Сатушының коммерциялық есепке алу аспаптарының болмауы немесе олардың жарамсыз болуы фактілері мен кезеңі желілеріне ЖЭК пайдалану объектісі қосылған энергия беруші ұйымның тиісті актісімен расталуға тиіс.";

      11, 12 және 13-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Сатушы:

      1) ай сайын, беру айынан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей беру айында электр энергиясын өндірудің, энергия беруші ұйымның желісіне жіберудің іс жүзіндегі тәулік сайынғы көлемі туралы ақпаратты Сатып алушыға беруге;

      2) ай сайын беру айынан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей Сатып алушыға электр энергиясының электр желілеріне берілген іс жүзіндегі көлемі үшін шот-фактураны және салыстырып-тексеру актісін ұсынуға;

      3) жыл сайын 1 - 31 қаңтар аралығындағы кезеңде өткен қаржы жылына өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеруді жүргізуге;

      4) ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына, беру айы басталғанға дейін күнтізбелік он күн бұрын электр энергиясын шығарудың, оны желілерге жіберудің болжамды көлемі туралы ақпаратты беруге;

      5) жыл сайын бірінші қарашаға қарай айларға бөле отырып, электр энергиясын шығарудың, желілерге жіберудің алдағы жылға арналған болжамды көлемдері туралы ақпаратты жолдауға;

      6) егер өз бастамасы бойынша Шартты бұзса, ол болжамды бұзу күніне дейін бір ай бұрын Сатып алушыны жазбаша хабардар етуге;

      7) өз атауының, заңды мекенжайының, нақты орналасқан жерінің және шарттың талаптарын орындау үшін қажетті өзге де деректемелердің өзгергені туралы Сатып алушыны дереу хабардар етуге;

      8) ЖЭК пайдалану объектісінің коммерциялық пайдаланылуына дейін өзінің ЖЭК пайдалану объектісінде ЭКЕАЖ-нің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті. ЭКЕАЖ-нің Жүйелік оператордың өңірлік диспетчерлік орталықтарына деректерді қашықтан беру мүмкіндігі болуға тиіс;

      9) электр энергиясын коммерциялық есепке алу схемасын қабылдау актісіне қол қойылған күннен бастап және ЖЭК-ті пайдалану объектісін кешендік сынау басталғанға дейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Қаржы-есеп айырысу орталығына оған қатысты осы сатып алу шарты жасалған ЖЭК пайдалану объектісі үшін Өтініш беруші мен энергия беруші ұйым арасында қол қойылған, ЖЭК-ті пайдалану объектісінде коммерциялық және техникалық есепке алу аспаптарын орналастыру схемасын қамтитын, электр энергиясын коммерциялық есепке алу схемасын қабылдау актісінің көшірмесін ұсынуға;

      10) ЖЭК пайдалану объектісінің энергия қондырғылары пайдалануға кезең-кезеңмен енгізілген жағдайда, ЖЭК пайдалану объектісінің энергия қондырғыларын кешенді сынаудың аралық актісінің көшірмесін оған қол қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде, бірақ кешендік сынау өткізілген беру айы аяқталғанға дейін кешіктірмей ұсынуға;

      11) кешендік сынауды өткізу басталар алдында 10 (он) күнтізбелік күн ішінде жүйелік оператормен келісілген кешендік сынаулар бағдарламасының көшірмесін және ЭКЕАЖ-ні пайдалануға енгізу актісінің көшірмесін ұсынуға;

      12) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес электр энергиясы өндірісінің тәуліктік графиктерінің сақталуын қамтамасыз етуге;

      13) Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 691 бұйрығымен бекітілген Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы көрсетілетін қызметтер нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 28 желтоқсанда № 12562 тіркелген) 46-тармағына сәйкес электр энергиясын өндіру-тұтынудың жүйелік операторы бекіткен тәуліктік графикке түзетулерді уақтылы енгізуге;

      14) егер ЖЭК пайдалану объектісінің белгіленген қуаты кемінде бір мегаватт болған жағдайда, электр энергетикасы саласындағы Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес ЖЭК пайдалану объектісінің генерациялайтын қондырғыларының жүйелік оператор белгілеген жұмыс режимдерін сақтауға;

      15) ЖЭК пайдалану объектісі мен электр желілеріне ЖЭК пайдалану объектісі қосылған энергия беруші ұйым арасында қол қойылған электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алу актісінің көшірмесін - беру айынан кейінгі айдың жетінші күнінен кешіктірмей беруге;

      16) күн электр станциялары үшін сатып алу шартына қол қойған күннен бастап 12 (он екі) ай ішінде, жел және биогазды электр станциясы үшін сатып алу шартына қол қойған күннен бастап 18 (он сегіз) ай ішінде, гидро электр станциялары үшін сатып алу шартына қол қойған күннен бастап 24 (жиырма төрт) ай ішінде: оған қатысты сатып алу шарты жасалған ЖЭК пайдалану объектісінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберілген хабарламаның көшірмесін қаржы-есеп айырысу орталығына ұсынуға;

      17) күн электр станциялары үшін шартқа қол қойылған күннен бастап 24 (жиырма төрт) ай ішінде, жел және биогаз электр станциялары үшін шартқа қол қойылған күннен бастап 36 (отыз алты) ай ішінде, гидроэлектр станциялары үшін шартқа қол қойылған күннен бастап 48 (қырық сегіз) ай ішінде - Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес оған қатысты шарт жасалған ЖЭК пайдалану объектісін пайдалануға қабылдау актісінің көшірмесін қаржы-есеп айырысу орталығына ұсынуға міндетті.

      Бұл ретте, егер осы тармақшаның бірінші бөлігімен көзделген мерзімі аяқталуына, ЖЭК объектісінің құрылысы бойынша жалпы жұмыс көлемінен 70% кем емес көлемде ЖЭК объектісі бойынша құрылыс-монтаждау жұмысын орындау туралы Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес техникалық қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті ұйымнан (тұлғадан) растау ұсынылған жағдайында, көрсетілген мерзімдер күнтізбелік 1 (бір) жылға ұзартылады;

      18) оған қатысты Шарт жасалған ЖЭК пайдалану объектілері үшін энергия беруші ұйым мен Сатушы арасында қол қойылған тараптардың теңгерімдік тиесілігі мен пайдалану жауапкершілігін ажырату актісінің көшірмесін - тараптардың теңгерімдік тиесілігі мен пайдалану жауапкершілігін ажырату актісіне қол қойылған күннен бастап және ЖЭК пайдалану объектілерін кешенді сынаудан өткізу басталғанға дейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Қаржы-есеп айырысу орталығына ұсынуға;

      19) оған қатысты Шарт жасалған ЖЭК пайдалану объектілері үшін энергия беруші ұйым мен Сатушы арасында қол қойылған, ЖЭК пайдалану бойынша объектілердегі коммерциялық және техникалық есепке алу аспаптарын орналастыру схемасын қамтитын, электр энергиясын коммерциялық есепке алу схемасын қабылдау актісінің көшірмесін - электр энергиясын коммерциялық есепке алу схемасын қабылдау актісіне қол қойған күннен бастап және ЖЭК пайдалану объектілерін кешенді сынаудан өткізу басталғанға дейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Қаржы-есеп айырысу орталығына ұсынуға;

      20) Қаржы-есеп айырысу орталығының сұранысы бойынша ЖЭК пайдалану объектісі құрылысының барысы туралы ақпарат жолдауға;

      21) Қағидалардың 95-101-тармақтарында қойылатын талаптарға сәйкес осы Шартқа қол қойған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде ____________ мөлшерінде Шарт талаптарының орындалуын қаржылық қамтамасыз етуді Сатып алушыға ұсынуға;

      22) ЖЭК пайдалану объектісінің құрылысына алынған шетелдік валютадағы кредиттік міндеттемелер бар болуы туралы ақпаратты жыл сайын бірінші қазанға қарай беруге;

      23) Сатушының бірігуі, банкрот болуы немесе таратылуы туралы Сатып алушыны дереу хабардар етуге;

      24) ЖЭК пайдалану объектісін жаңа генерациялау (бұған дейін пайдаланылмаған) қондырғыларын пайдаланып салуға;

      25) Қаржы-есеп айырысу орталығының сұранысы бойынша электр энергиясын өндіру үшін ЖЭК пайдалану объектісінде пайдаланылатын ЖЭК бастапқы ресурсының негізгі сипаттамалары туралы ақпаратты беруге міндетті.

      12. Сатып алушы:

      1) Сатушыдан орындалған жұмыстар актісін алған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде оған қол қоюға немесе егер ол Сатушының электр энергиясының берілген көлемі туралы деректерімен келіспесе, сол мерзімде Сатушыға бас тартудың негізділігін растайтын құжаттарды міндетті түрде қоса бере отырып, өзінің жазбаша дәлелді бас тартуын жіберуге;

      2) тұтынушылар үшін белгіленген төлем мерзімі өткен соң он бес жұмыс күні ішінде тиісті көлемдерді салыстырып-тексеру актісінде көрсетілген электр энергиясының беру айында берілген барлық көлемі үшін Сатушыға ақы төлеуге;

      3) жыл сайын 1-31 қаңтар аралығындағы кезеңде өткен қаржы жылына өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеруді жүргізуге;

      4) өз атауының, заңды мекенжайының, нақты орналасқан жерінің және шарттың талаптарын орындау үшін қажетті өзге де деректемелердің өзгергені туралы Сатушыны дереу хабардар етуге;

      5) Шарттың 11-тармағы 17) тармақшасының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде ЖЭК пайдалану объектісін іске қосқан жағдайда жазбаша өтінішті берген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Шарт талаптарының орындалуын қаржылық қамтамасыз ету сомасын немесе оның бөліктерін қайтаруға;

      6) Сатып алушының бірігуі, банкрот болуы немесе таратылуы туралы Сатушыны дереу хабардар етуге міндетті.

      13. Сатушы:

      1) Сатып алушыдан Шарттың талаптарын орындауды талап етуге;

      2) Шартта көрсетілген ЖЭК пайдалану объектісінің генерациялайтын жабдығының белгіленген жиынтық қуатын ұлғайтпау шартымен ЖЭК пайдалану объектісіне ағымдағы немесе күрделі жөндеуді, оның ішінде негізгі генерациялайтын жабдықты ауыстыра отырып жүзеге асыруға;

      3) Сатып алушыны талаптарды басқаға беру туралы тиісті шарт жасасқанға дейін хабардар ете отырып, Шарттан туындайтын өзінің қолда бар және болашақтағы құқықтары мен талаптарын Сатып алушыға беруге құқылы. Бұл ретте, осы тармақшада көзделген құқықтар мен талаптарды беру Уәкілетті орган осы Шарт бойынша құқықтар мен талаптарды қабылдайтын Тараптың Шарттың 11-тармағының 21) тармақшасына сәйкес қаржылық қамтамасыз етуді ұсына отырып, сондай-ақ Сатып алушы, Сатушы және осы Шарт бойынша құқықтар мен талаптарды қабылдайтын Тарап арасында тиісті келісім жасай отырып, ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне тиісті өзгерістерді енгізгеннен кейін жүзеге асырады;

      4) ЖЭК пайдалану объектісі үшінші тұлғаға иеліктен шығарылған жағдайда, осы Шарт бойынша өз құқықтары мен міндеттерін нақ осы тұлғаға толықтай беруге құқылы. Мұндай жағдайда, осы Шарт бойынша құқықтар мен міндеттер ЖЭК пайдалану объектісіне арналған құқықтармен бір мезгілде үшінші тұлғаға өтеді.";

      15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Егер Сатушы Шарттың 11-тармағының 16) тармақшасына сәйкес ЖЭК пайдалану объектісінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы хабарламаның көшірмесін ұсыну мерзімдерін 6 айдан асырып бұзса, онда Сатып алушы Қағидалардың 98-тармағында белгіленген тәртіпте Шарт талаптарының орындалуын қаржылық қамтамасыз ету сомасының 30%-ын ұстап қалады және ол туралы Сатушыға жазбаша хабарлайды.

      16. Егер Сатушы Шарттың 11-тармағы 17) тармақшасының бірінші бөлігіне сәйкес ЖЭК пайдалану объектісін пайдалануға қабылдау актісінің көшірмесін ұсыну бойынша мерзімді бұзса, Сатып алушы Шарттың талаптарын орындауды қаржылық қамтамасыз ету сомасының 100% көлемінде ұстайды және ол туралы Сатушыны жазбаша хабардар етеді. Бұл ретте осы Шарттың 15-тармағына сәйкес Шарттың талаптарын орындауды қаржылық қамтамасыз ету сомасының бөлігін ұстаған жағдайда, Шарттың талаптарын орындауды қаржылық қамтамасыз етудің 70% көлемінде ұстайды.";

      мынадай мазмұндағы 19-1-тармақпен толықтырылсын:

      "19-1. Сатып алушы белгіленген қуатты пайдалану коэффициентінің нақты мәнінің болжамнан ауытқуы үшін, сондай-ақ электр энергиясын диспетчерлендіруге, беруге және бөлуге байланысты үшінші тұлғалардың іс-әрекеттері үшін жауапкершілікте болмайды.";

      мынадай мазмұндағы 6-1 тарауымен толықтырылсын:

      "6.1. ЖЭК пайдалану объектісін салу үшін Сатушы қаржы ұйымдарында қарыз тартқан жағдайда Тараптардың іс-әрекеттері.

      23-1. Егер Сатушы осы Шарт бойынша ақша түсімдерін кепілге қою арқылы ЖЭК пайдалану объектісінің құрылысын салуға қаржы ұйымдарында қаржыландыруды тартқан жағдайда, Сатушы осы хабарламаның қолдану мерзімін көрсете отырып, ақша түсімдерін кепілге қою туралы тиісті хабарламаны Сатып алушыға жібереді.

      23-2. Сатушының Сатып алушыға ақша түсімдерін кепілге қою туралы хабарламаны беруі, осы шартқа қатысты Сатып алушының мынадай іс-әрекеттерді жүзеге асыруына Сатушының қайтарып алынбайтын және сөзсіз келісімін білдіреді:

      1) Сатып алушының қаржы ұйымының пайдасына одан тиісті талапты алған кезде Сатушыға тиесілі төлемдерді (ай сайынғы төлемдер шегінде) жүзеге асыруы. Қаржы ұйымының пайдасына жасалған әрбір төлем Сатып алушының осы шарт бойынша Сатушы алдындағы ақшалай міндеттемесін тиісінше орындауы болып есептеледі.

      2) Сатып алушыға бұндай ауыстыру қажеттігі туралы қаржы ұйымынан талап түскен кезде Сатушыны ауыстыруды жүзеге асыру. Қаржы ұйымының талап етуі бойынша Сатушыны ауыстыру уәкілетті орган Заңның 6-бабының 10-3) тармақшасына сәйкес Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне тиісті өзгерістер енгізгеннен кейін жүзеге асырылады.

      3) Сатып алушының шарттың қолданылуын тоқтатуға немесе тоқтата тұруға әкеп соғуы мүмкін Сатушының осы шарт бойынша Сатып алушы алдындағы міндеттемелерін орындамау жағдайлары туралы қаржы ұйымына ақпарат береді.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Осы Шартты жасауға, оның жарамдылығына, орындалуына, өзгертілуіне, тоқтатыла тұруына және бұзылуына байланысты, сондай-ақ өзгеше жолмен осы Шартқа байланысты басқа даулар, талапкер Қағидалардың 104-1-тармағына сәйкес "Астана" халықаралық қаржы орталығының Халықаралық төрелік орталығында дауларды қарау туралы шешім қабылдаған жағдайларды қоспағанда, Сатып алушының орналасқан жері бойынша мемлекеттік соттың қарауына жатады.";

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Шарт және онда көрсетілген аукциондық баға шығарылған электр энергиясы энергия беруші ұйымның электр желісіне берілген ЖЭК пайдалану объектісінің электр қондырғыларын кешенді сынау басталған күннен бастап он бес жыл өткен соң немесе қайсысы бұрын басталғанына байланысты, Шарттың 11-тармағы 17) тармақшасының бірінші бөлігінде көзделген мерзім аяқталғаннан кейін келесі күні өз қолданысын тоқтатады.";

      30-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Сатушының Шарттың 11-тармағы 17) тармақшасында көзделген ЖЭК пайдалану объектісін пайдалануға беру мерзімін бұзуы;";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Шарт Нұр-Сұлтан қаласында жасалды, оған екі Тарапта қол қойды және Сатып алушы оны 20__ жылғы "_____"_________ № _____ жасалған шарттар тізіліміне тіркеді.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын шартты тұтынушыларға сатуы үлгілік шартында:

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Осы Шарт Нұр-Сұлтан қаласында жасалды, оған екі Тарапта қол қойды және Сатушы оны 20 __ жылғы "__"_________№ _____ жасалған шарттар тізіліміне тіркеді.".

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын басым шартты тұтынушыларға сатуы үлгілік шартында:

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Осы Шарт Нұр-Сұлтан қаласында жасалды және Сатып алушы оны 20__ жылғы "_____"_________ № _____ жасалған шарттар тізіліміне тіркеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр К. Бозумбаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады