Орындаушыларға және фонограммалар шығарушыларға берілетін сыйақының ең төменгі ставкаларын қолдану жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 461 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 18 қыркүйекте № 19387 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 23 маусымдағы № 407 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Әділет министрінің 23.06.2023 № 407 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Орындаушыларға және фонограммалар шығарушыларға берілетін сыйақының ең төменгі ставкаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 қарашадағы № 1373 қаулысының 1-1 тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Орындаушыларға және фонограммалар шығарушыларға берілетін сыйақының ең төменгі ставкаларын қолдану жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр М. Бекетаев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2019 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 461 бұйрығымен
бекітілген

Орындаушыларға және фонограммалар шығарушыларға берілетін сыйақының ең төменгі ставкаларын қолдану жөніндегі нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық "Орындаушыларға және фонограммалар шығарушыларға берілетін сыйақының ең төменгі ставкаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 қарашадағы № 1373 қаулысында (бұдан әрі – Үкімет қаулысы) көзделген орындаулар мен фонограммаларды пайдалану түрлері үшін орындаушылар мен фонограммаларды шығарушыларға сыйақының ең төменгі ставкаларын қолдануды нақтылайды.

      2. Тараптар сыйақы мөлшерін, оны төлеудің тәртібі мен мерзімдерін пайдаланушы орындаушылармен, фонограммаларды жасаушылармен, құқық иеленушілермен не мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен жасасатын лицензиялық шартта белгілейді.

      3. Сыйақыны төлеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген осындай сыйақыны төлеу күні қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің мөлшері пайдаланылады.

      4. Осы Нұсқаулықта пайдаланылатын ұғымдар "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мәндерде қолданылады.

      5. Қазақстан Республикасының аумағында орындаушылықтар мен фонограммаларды пайдаланғаны үшін орындаушылар мен фонограммаларды шығарушыларға сыйақы көпшілік алдында орындау, көрсету, жалпы жұрттың назарына хабарлау және жеткізу, пайда табу мақсатында қайта шығару (тираждау) және (немесе) тарату, орындаушының және фонограмма жасаушының келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығару үшін есептеледі.

2-тарау. Орындаушылықтар мен фонограммаларды көпшілік алдында орындау, көрсету, хабарлау және жалпы жұрттың назарына жеткізу жолымен пайдаланғаны үшін орындаушылар мен фонограммалар шығарушыларға берілетін сыйақы ставкаларын қолдану

      6. Егер мәдени-ойын-сауық орталығының, спорттық-сауықтыру орталығының, сауда үйінің аумағында кафелер, барлар, мейрамханалар, өзге де қоғамдық тамақтану объектілері, дүкендер, сауда базарлары және сауда мақсатына арналған өзге де орындар, конькимен, роликтермен жаппай сырғанау орындары, театрлар, кинозалдар, фильмдерді көрсетуге арналған өзге де орындар, көпшілік алдында орындау, көрсету, жалпы жұрттың назарына хабарлау немесе жеткізу жолымен орындаушылықтар мен фонограммаларды өз бетінше пайдаланатын мәдени-демалыс ұйымдары (мәдениет және демалыс саябақтары, мәдениет үйлері мен сарайлары, аквапарктер) орналасқан жағдайда, сыйақы төлеу ауыртпалығы осы пайдаланушыларға жүктеледі.

      7. Егер орындау немесе фонограмма мәдени сауықтыру орталығының, спорттық-сауықтыру орталығының, дүкендер, сауда базары және сауда мақсатына арналған өзге де орындар орналасқан, сауда үйі, орындау мен фонограммаларды көпшілік орындау, көрсету, жалпы жұрттын назарына хабарлау немесе жеткізу арқылы өз бетінше пайдаланбайтын дәмханалар, барлар, мейрамханалар, өзге де қоғамдық тамақтандыру объектілері, конькимен, роликтермен жаппай сырғанау орындары, театрлар, кинозалдар, фильмдерді көрсетуге арналған өзге де орындар, мәдени-демалыс ұйымдарының (мәдениет және демалыс саябақтары, мәдениет үйлері мен сарайлары, аквапарктер) барлық аумағында көпшілік орындалған, көрсетілген, жалпы жұрттын назарына хабарланған немесе жеткізілген жағдайда, онда сыйақы төлеуді мәдени-сауықтыру орталығының, спорттық-сауықтыру орталығының, сауда үйінің иесі жүргізеді.

      8. Орындаушылық және фонограммаларды көпшілік алдында орындау, қонақ үйлерде, санаторийлерде, демалыс үйлерінде және пансионаттарда көрсету жолымен пайдаланғаны үшін ай сайын төленетін сыйақы мөлшері техникалық құралдардың санын белгіленген сыйақы ставкасына көбейту нәтижесінде алынған сыйақының он екіден бір бөлігін құрайды.

3-тарау. Осындай қайта шығаруға пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді импорттаушы тұлғалар төлеуге жататын фонограммаларды орындаушының және фонограмма жасаушының келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығару үшін сыйақы ставкаларын қолдану

      9. Осындай қайта шығару үшін пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді импорттаушы тұлғалар төлеуге жататын фонограммаларды орындаушының және фонограмма жасаушының келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығару үшін сыйақы төлеуге арналған қаражат мөлшері импорттаушы әкелетін тиісті жабдықтар мен материалдық жеткізгіштер бірлігінің кедендік құнына пайыздық қатынаста белгіленеді.

      10. Осындай қайта шығару үшін пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді импорттаушы тұлғалар төлеуге жататын орындаушының және фонограмма жасаушының келісімінсіз жеке мақсатта фонограммаларды қайта шығару үшін сыйақыны төлеу үшін қаражаттың төленуі импорттаушының мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен жасасқан шарты негізінде жүзеге асырылады.

      11. Осындай қайта шығару үшін пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді импорттаушы тұлғалар төлеуге жататын орындаушының және фонограмма жасаушының келісімінсіз жеке мақсатта фонограммаларды қайта шығару үшін сыйақы төлеу үшін қаражатты төлеуді жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді импорттаушылар әрбір есепті кезеңнің қорытындылары бойынша жүзеге асырады. Егер мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен жабдықты және материалдық жеткізгіштерді импорттаушылармен жасалған сыйақы төлеу үшін қаражат төлеу туралы шартта өзгеше көзделмесе, бір айдан бір тоқсанға дейінгі кезең есепті кезең деп ұғынылады.

      12. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым импорттаушылардың, жабдықтар мен материалдық тасығыштарды дайындаушылардың және сыйақы төлеу үшін жиналған қаражат сомасының есебін жүргізеді.

      13. Сыйақы төлеуге арналған қаражат сомасын есептеуді жабдықтар мен материалдық тасығыштарды импорттаушылар дербес жүзеге асырады. Есепті кезең үшін төленуге жататын сыйақыны төлеуге арналған қаражат сомасы жабдықтар мен материалдық тасығыштар бірлігінің кедендік құнын жабдықтар мен материалдық тасығыштарға сыйақы төлеуге арналған қаражат мөлшеріне, сондай-ақ импортталатын жабдықтар және (немесе) материалдық тасығыштар бірліктерінің санына көбейту арқылы есептеледі.

4-тарау. Мұндай қайта шығаруға пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындайтын тұлғалар төлеуге жататын орындаушының және фонограмма жасаушының келісімінсіз жеке мақсатта фонограммаларды қайта шығарғаны үшін сыйақы ставкаларын қолдану

      14. Осындай қайта шығару үшін пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындайтын адамдар төлеуге жататын орындаушының және фонограмма жасаушының келісімінсіз фонограммаларды жеке мақсатта қайта шығарғаны үшін сыйақы төлеуге арналған қаражат мөлшері жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындаушылардың өткізу бағасына пайыздық қатынаста белгіленеді.

      15. Осындай қайта шығару үшін пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындайтын адамдар төлеуге жататын орындаушының және фонограмма жасаушының келісімінсіз жеке мақсатта фонограммаларды қайта шығару үшін сыйақы төлеу үшін қаражат төлеу жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындаушы мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен жасасқан шарт негізінде жүзеге асырылады.

      16. Осындай қайта шығару үшін пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындайтын адамдар төлеуге жататын орындаушының және фонограмма жасаушының келісімінсіз жеке мақсатта фонограммаларды қайта шығару үшін сыйақы төлеу үшін қаражатты төлеуді жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындаушылар әрбір есепті кезеңнің қорытындылары бойынша жүзеге асырады. Егер мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен жабдық пен материалдық жеткізгіштерді дайындаушы жасаған сыйақы төлеу үшін қаражат төлеу туралы шартта өзгеше көзделмесе, бір айдан бір тоқсанға дейінгі кезең есепті кезең деп ұғынылады.

      17. Сыйақы төлеуге арналған қаражат сомасын есептеуді жабдықтар мен материалдық тасығыштарды дайындаушы дербес жүзеге асырады. Есепті кезең үшін төленуге жататын сыйақыны төлеуге арналған қаражат сомасы жабдықтар мен материалдық жеткізгіштер бірлігін өткізу бағасын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштер үшін мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым белгілеген сыйақы төлеуге арналған қаражат мөлшеріне, сондай-ақ есепті кезең ішінде сатылған жабдықтар мен материалдық жеткізгіштер бірліктерінің санына көбейту арқылы есептеледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 19.12.2022 № 1033 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады