Қазақстан Республикасында автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 12 қыркүйектегі № 159 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 18 қыркүйекте № 19391 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 14) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.02.2022 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Қазақстан Республикасында автомобильдiк инкассаторлық тасымалды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 20 сәуірдегі № 110 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1549 болып тіркелген);

      2) "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына қолма-қол ақша айналысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 265 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18173 болып тіркелген, 2019 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қолма-қол ақша айналысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін кейбір қаулыларының тізбесі 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қолма-қол ақша айналысы департаменті (Қажмұратов Ж.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті - Ұлттық Банктің баспасөз қызметі (Адамбаева Ә.Р.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ғалиеваға жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 12 қыркүйектегі
№ 159 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасында автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасында автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Ұлттық почта операторының (бұдан әрі – банктер), банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғалардың (бұдан әрі – инкассаторлық ұйымдар) Қазақстан Республикасында автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды (бұдан әрі – автомобильмен инкассаторлық тасымалдау) ұйымдастыру тәртібін нақтылайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.02.2022 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Нұсқаулықта мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бағыты және кестесі - инкассация қызметінің басшысы немесе кезекші инкассатор клиентпен келісім бойынша белгілеген инкассация қызметінің қызметкерлері бригадасының бағыт алған жолы және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау уақыты;

      2) жүргізуші-инкассатор - көлік құралын басқаруды жүзеге асыратын инкассация қызметінің қызметкері;

      3) алып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.02.2022 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4) жол парағы - жүргізуші-инкассатордың (жүргізушінің) және көлік құралының жұмысын есепке алу мен бақылауды жүргізуге арналған құжат;

      5) инкассация қызметі – банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, инкассаторлық ұйымның, Ұлттық Банкінің банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды қабылдауды, жинауды, жеткізуді, тасымалдауды, сақтауды және тапсыруды, сондай-ақ банкноттары, монеталары және құндылықтары бар клиентке ілесіп жүруді жүзеге асыратын бөлімшесі;

      6) кезекші инкассатор - көлік құралының қызметін ұйымдастыруға және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау үшін оны бағытқа шығаруға жауапты инкассация қызметінің қызметкері;

      7) көлік құралдары - банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды тасымалдауға арналған арнайы көлік құралдары;

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.02.2022 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Банктердің, инкассаторлық ұйымдарының автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды жүзеге асыруы

      3. Автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды инкассация қызметі басшысының немесе кезекші инкассатордың тапсырмасы бойынша инкассация қызметі қызметкерлерінің бригадасы жүзеге асырады.

      Инкассация қызметі қызметкерлерінің бригадасы көлік құралының банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бағыты және кестесі бойынша қозғалысын қандай да болсын ауытқуларсыз қамтамасыз етеді. Банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша тапсырманы орындауға байланысты емес адамдарды тасымалдау жүзеге асырылмайды.

      Банктердің, инкассаторлық ұйымдардың көлік құралдарын банкноттар, монеталар және құндылықтар болып табылмайтын жүктерді тасымалдау үшін пайдалануына, сондай-ақ салонда газбен жабдықтаудың болуына немесе орнатылуына рұқсат етілмейді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.02.2022 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Автомобильмен инкассаторлық тасымалдау үшін жабық шанағы бар, сондай-ақ банкноттардың, монеталардың және құндылықтардың сақталуын және инкассация қызметі қызметкерлерінің және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды алып жүретін адамдардың (кассир, бухгалтер) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құралдармен (қару атуға арналған тесіктермен, брондалған жеке бөліктермен немесе арнайы брондалған шанақтармен және басқа қорғаныш құралдарымен), радиостанциялармен не инкассация қызметінің басшысымен немесе кезекші инкассатормен ақпарат алмасу үшін өзге байланыс құрылғыларымен жабдықталған көлік құралдары пайдаланылады.

      Салмағы 10 (он) тоннадан асатын банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау кезінде жүк көтерімділігі 10 (он) тоннадан асатын, жабық шанағы бар көлік құралдарын пайдалануға рұқсат етіледі.

      Көлік құралдарын сейфтермен және металл шкафтармен қосымша жабдықтауға рұқсат етіледі.

      Арнайы бояулармен жабдықталған арнайы контейнерлерді қолдана отырып банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау кезінде жабық шанағы бар көлік құралдары пайдаланылады. Көлік құралы салонының инкассация қызметінің қызметкерлері және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды алып жүретін адамдар орналасқан бөлігі олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құралдарымен, сондай-ақ радиостанциялармен не инкассация қызметінің басшысымен немесе кезекші инкассатормен ақпарат алмасу үшін өзге байланыс құрылғыларымен жабдықталған.

      5. Көлік құралдары Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталады және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялады.

      6. Банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бағыты және кестесі бойынша көлікпен 1 (бір) ай мерзімге шығу Нұсқаулыққа 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жол парағының негізінде жүзеге асырылады, оған инкассация қызметінің басшысы немесе кезекші инкассатор қол қояды.

      7. Инкассация қызметінің қызметкерлері бригадасының банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бағыты және кестесі бойынша әрбір шығу алдында инкассация қызметінің басшысы немесе кезекші инкассатор:

      1) көлік құралының автомобильмен инкассаторлық тасымалдауға дайындығын тексереді (техникалық жарамдылығын, қосалқы бөлшектермен жабдықталуын, жанар-жағар материалдардың құйылғанын, байланыс құралдарының, өрт сөндіру құралдарының жұмысын);

      2) жүргізуші-инкассаторда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының (бұдан әрі - Жол жүрісі қағидалары) 2-бөлімі 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген құжаттардың болуын тексерді;

      3) Нұсқаулықтың 6-тармағында көрсетілген жол парағын береді.

      8. Инкассация қызметі қызметкерінің банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бағытты және кестесі бойынша шығуы мынадай:

      1) экипировканың, жеке қорғаныс құралдарының, оның ішінде брондалған жилеттер, каскалар (шлемдер), сондай-ақ қызметтік қару-жарақтың болмауы;

      2) инкассатор-жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығының болмауы жағдайларында жүзеге асырылмайды.

      9. Тапсырманы аяқтағаннан кейін инкассатор - жүргізуші жол парағын инкассация қызметінің басшысына немесе кезекші инкассаторға тапсырады.

      Жол парағын беру және тапсыру Нұсқаулыққа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жол парағын қабылдау және тапсыруды есепке алу журналында көрсетіледі.

      Қолданыс мерзімі аяқталғаннан кейін жол парақтары жеке папкаға тігіледі және кемінде 1 (бір) жыл инкассация қызметінде сақталады, мерзімі аяқталғаннан кейін жойылады.

      10. Банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операциялар арнайы жөнелтілімдерді тасымалдау және жеткізумен қатар жүрген кезде Ұлттық пошта операторының көлік құралдарын пайдалануға рұқсат етіледі.

      11. Ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша көлік құралын тоқтату "Жол қозғалысы туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ішкі істер органдары қызметкерлерінің талабы бойынша көлік құралы тоқтатылған және құжаттар талап етілген жағдайда көлік құралын жүргізуші-инкассатор көлік құралынан шықпай жол парағы мен жүргізуші куәлігін ұсынады.

      Инкассация қызметінің қызметкерлері бригадасының жетекшісі инкассация қызметінің басшысына немесе кезекші инкассаторға кез келген қолжетімді байланыс құралын қолдана отырып, көлік құралының тоқтатылғаны және тоқтату орны туралы, сондай-ақ көлік құралынан анықталған ақау, көлік құралының қатысуымен жол-көлік оқиғасы туралы және штаттан тыс оқиғаның орын алғаны туралы өзге ақпаратты дереу хабарлайды.

3-тарау. Ұлттық Банктің автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды ұйымдастыру ерекшеліктері

      Ескерту. 3-тарау алып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.02.2022 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

4-тарау. Автомобильмен инкассаторлық тасымалдау кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлерімен өзара іс-қимыл

      16. Қазақстан Республикасы Ішкі істер органының қызметкерлері автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды жүзеге асыратын инкассация қызметінің инкассаторлары инкассация қызметінің қызметкерлеріне және (немесе) тасымалданатын банкноттарға, монеталарға және құндылықтарға қылмыстық қол сұғушылық туралы өтінішпен хабарласқан жағдайда құқық бұзушылықты жою және құқық бұзушыларды ұстау, оқиға болған жерді күзету, сондай-ақ болған оқиға жөнінде жақын маңдағы ішкі істер органына хабарлау бойынша көмек көрсетеді.

      17. Автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды ары қарай жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдайға әкелген көлік құралының жарамсыздығы анықталған жағдайда, сондай-ақ көлік құралының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған жағдайда Қазақстан Республикасы Ішкі істер органының қызметкері болған оқиға жөнінде жақын маңдағы ішкі істер органына хабарлайды және инкассация қызметі қызметкерлерінің бригадасына тасымалданатын банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды сақтауды қамтамасыз етуге көмек көрсетеді.

  Қазақстан Республикасында
автомобильмен инкассаторлық
тасымалдауды ұйымдастыру
жөніндегі нұсқаулыққа
1-қосымша



  Артқы жағы

Күні (жжжж.кк.аа)

Жүргізуші-инкассаторлар

Ауысым басталуы

Көлік құралын және жүргізушіні тексердім, шығуға рұқсат етемін (инкассация қызметі басшысының немесе кезекшісінің қолы)

Бірінші ауысым

Екінші ауысым

Бірінші ауысым

Екінші ауысым

аты-жөні

аты-жөні

Шығу уақыты

Шығу уақыты

1

2

3

4

5

6







      кестенің жалғасы

Маршрут №

Ауысымның аяқталуы (нақты)

Ауысым аяқталғаннан кейінгі жүрісі (километрмен)

Бірінші ауысым

Екінші ауысым

Бірінші ауысым

Екінші ауысым

Бірінші ауысым

Екінші ауысым

Кіру уақыты

Кіру уақыты

Ауысымдағы жүріс (километрмен)

Жүгіріс жиынтығы (километрмен)

Ауысыдағы жүріс (километрмен)

Жүгіріс жиынтығы (километрмен)

7

8

9

10

11

12

13

14









  Қазақстан Республикасында
автомобильмен инкассаторлық
тасымалдауды ұйымдастыру
жөніндегі нұсқаулыққа
2-қосымша

      Жол парағын қабылдауды және тапсыруды есепке алу журналы

      __________________________________________________________

      (банк филиалының, инкассаторлық ұйымның атауы)

      __________________________________________________________

      (инкассация қызметінің атауы)

      _________________________ басталды

      _________________________ аяқталды

      __________________________________________________________

      (банк филиалының, инкассаторлық ұйымның атауы)

Жол парағын қабылдау күні (жжжж.кк.аа)

Жол парағын алған адамның лауазымы, аты-жөні

Жол парағын алған адамның қолы

Жол парағын тапсыру күні (жжжж.кк.аа)

Жол парағын тапсырған адамның лауазымы, аты-жөні

Жол парағын тапсырған адамның қолы

Штаттан тыс жағдай туындауы туралы белгі

1

2

3

4

5

6

7

8

      Растау жазбасы

      Осы журналда

      ______________________________ парақ тігілді, нөмірленді

      (толық жазу)

      Банк филиалының,

      инкассаторлық

      ұйымның басшысы ______________________ _____________

      (тегі, аты, әкесінің аты      (қолы)

      (ол бар болса)

      Инкассация

      қызметінің басшысы ______________________ _____________

      (тегі, аты, әкесінің аты      (қолы)

      (ол бар болса)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады