Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушылары арасында жер учаскелерін бөлу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 15 қазандағы № 775 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 16 қазанда № 19479 болып тіркелді.

      "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушылары арасында жер учаскелерін бөлу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Атамкулов

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2019 жылғы 15 қазандағы
№ 775 бұйрығымен
бекітілген

Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушылары арасында жер учаскелерін бөлу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 28.04.2023 № 306 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушылары арасында жер учаскелерін бөлу қағидалары (бұдан әрі-Қағидалар) "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 24) тармақшасына сәйкес әзірленді және арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушылары арасында жер учаскелерін бөлу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:

      1) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы – арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) және "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын немесе айқындалатын заңды тұлға;

      2) арнайы экономикалық аймаққа қатысушы – арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылардың бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға;

      3) бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарт – бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын бірнеше тұлға мен арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арасында жасалатын, арнайы экономикалық аумақта қызметті жүзеге асыру шарттарын, тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін шарт;

      4) қызметтің бейінді емес түрлерін жүзеге асыратын тұлға – бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын және осындай қызметті арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асыратын адамдардың бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлға;

      5) индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы – индустриялық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін заңға сәйкес құрылатын немесе айқындалатын заңды тұлға;

      6) индустриялық аймақтың қатысушысы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен индустриялық аймақтың аумағында кәсіпкерлік қызмет объектілерін орналастыруды және пайдалануды жүзеге асыратын, олармен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасқан дара кәсіпкер, заңды тұлға;

      7) жоба – әлеуетті қатысушының, өтініш берушінің, арнайы экономикалық аймаққа қатысушының немесе қызметтің бейінді емес түрлерін жүзеге асыратын адамның қызметтің басым немесе бейінді емес түрлерін жүзеге асыруы үшін, сондай-ақ әлеуетті қатысушының, өтініш берушінің немесе индустриялық аймаққа қатысушының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы үшін қазіргі заманғы жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістер мен көрсетілетін қызметтерді құруды көздейтін іс-шаралар кешені;

      8) қызметті жүзеге асыру туралы шарт – арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушысы немесе бірнеше қатысушысы мен арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы арасында жасалатын, арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың аумағында және (немесе) олардың құқықтық режимінде қызметті жүзеге асыру шарттарын, тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін шарт;

      9) қызметтің бейінді емес түрлері – өңдеуші өнеркәсіп салаларына жататын, шикізатты, материалдарды, заттарды, жаңа өнімге арналған компоненттерді өңдеумен байланысты қызметтің басым түрлерінің тізбесіне кірмейтін қызмет түрлері.

2-тарау. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушылары арасында жер учаскелерін бөлу тәртібі

      3. Қызметті жүзеге асыру туралы жасалған шарттың немесе бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттың негізінде арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық немесе индустриялық аймаққа қатысушының немесе оларда айқындалған кезеңдерге сәйкес бейінді емес қызмет түрін жүзеге асыратын тұлғаның жобасын іске асыруға көзделген жер учаскесінің бір бөлігін резервке қоюға міндетті.

      Бұл ретте, осылайша резервке қойылған жер учаскелерін арнайы экономикалық немесе индустриялық аймаққа қатысушының немесе осындай қатысушы немесе тұлға жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жөніндегі міндеттемелерді орындамаған жағдайларды қоспағанда, аталған шарт жасалған қызметтің бейінді емес түрін жүзеге асыратын адамның келісімінсіз өзге тұлғаларға беруге немесе басқарушы компания өзге де жолмен иеліктен шығаруға болмайды.

      4. Резервке қойылатын жер учаскесінің ауданы арнайы экономикалық немесе индустриялық аймаққа қатысушының немесе қызметтің бейінді емес түрін жүзеге асыратын тұлғаның жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде көрсетілген алаңнан аспауға тиіс.

      5. Арнайы экономикалық аймаққа қатысушының немесе қызметтің бейінді емес түрін жүзеге асыратын адамның қызметтің басым немесе бейінді емес түрлерін жүзеге асыруға, сондай-ақ индустриялық аймаққа қатысушының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы үшін арналмаған жер учаскесін беруге жол берілмейді.

      6. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ құрылатын мемлекет меншігіндегі жер учаскелері арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ құрылатын, мемлекет меншігіндегі жер учаскелерімен қайталама жер пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарының негізінде қайталама жер пайдалану (қосалқы жалдау) құқығымен беріледі.

      7. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелері арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ құрылатын, жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша қайталама пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарының негізінде уақытша қайталама пайдалану (қосалқы жалдау) құқығымен беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады